Маңғыстау - киелі түбек

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 157
  • Эссе
  • 03/Дек/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23434


«Отаным» деген жас жүрегімнен шыққан асыл сөзді мақтанышпен, асқақтықпен айта аламын. Ата-бабамыздың азаттық жолындағы ерен ерлігінің арқасында осынау арман еткен заманға тер төге, көп күш жұмсай жеткен елімді мақтаныш етемін. Жүрегіме ыстық сезім орнайтын мекенім – үш жүз алпыс екі әулие орнаған маңғаз Маңғыстауым. Маңғыстаудың табиғаты ерекше көрініс табады, әрбір аласа тауы, әрбір шатқалы, тіпті киелі жерде жатқан тасы да айрықша сұлу бейне сыйлайды. Тарихы терең, батырлары қажымас қайратты, елім десе сөздің майын тамызатын өзгеше ақын – жазушыларымыз осы қоныстың – алтын діңгегі. Қасиетті Маңғыстау жері туралы Елбасымыз, елдің ошағы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Маңғыстау тұр¬ғындарына көп адамдар өмірінде тым құ-рығында бір рет болып, көруді ар¬ман¬дайтындай жерде тұру бақыты бұйыр¬ған» дегені бар. Бұл сөз теңіз маңын паналаған жандарға майдай жақты деген сенімдемін. Шіркін, елімізді қызықтап, сәбидей білгім келеді, көргім келеді деп ақ ниетпен шет елден келушілердің сөзі осындай мақтаулармен толса ғой...
Маңғаз мекенімнің жерден жеті қоян тапқандай қуана, аса дәріптерлік орындарды атап кетсем, көріпкел әулиелерді растайтын Маңғыстаудың ғана емес, күллі Қазақстанның қасиетті орны – Бекет ата ескерткіші. Дініңіз, ұлтыңыз қандай және қай бағытта болса да, тек қана таза ниетпен барғаныңыз жөн. Барар жолда сізге сәлем берушілер көп болады: сайраған құстар, әр түрлі тау мекендеушілер, бауырымен жорғалаушы тасбақалар. Ал, туристтерге, дерлік, арналған жерлер қатарына Саура сайы, Шерқала тауы және Қарақия ойпаты енеді. Әрбір жер өз ерекше әсем тұстарымен таңғаларлық, ұмытылмас әсер қалдырады. Мысалға, Саура сайының жиі – жиі келуші оқушылар бұл жердің шатқал түбінде орналасқан суы жайлы айтады, теңізін көрсеңіз, бөлек жайт, белгілі бір аралдың төңірегінде жүргендейсің. Қарақияның айрықша атап кететін қыры - теңіз деңгейінен 132 м тереңдікте жатқан ойыс, керісінше Шерқала, өзі айтып тұрғандай, тау және оның екі жағы әрқилы болып келеді: бір жағы киіз үйді, екінші басқа қыры арыстан бейнесін сомдайды. Міне, қазағымның төрінде көз тоймас мекендерім осындай!
Рухани қазынаны байытқан сөз шеберлері қанша десеңші! Қазақ әдебиетін жоғары деңгейде ұстаған және ұстайтын, жастар, көпті көрген кәрілер мол, тіпті аузынан сүті кеппеген жас бүлдіршіндер өз үлесін қосып, жазушылар қатарын толықтырып жүр. Байырғы заманның жырлап кеткен қазақтың «Гомері» атанған Мұрын жырау, асқан кемеңгер, заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы, 15-16 жасында айтысқа түсіп, ақын атанған Сәттіғұл Жанғабылұлы, асқақ сөйлеген Ақтандар секілді жас ұрпақ көбеюде. Әбіш атамыздың туған өлкесіне арнаған сан – ғасырлы еңбектері жөнінде айтпай кету мүмкін емес. Кекілбайдың ұлы жазған шығармалары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланады. Оның «Үркер», «Елең – алаң», «Шыңырау», «Шандоз» атты романдары, повесттері бүкіл қазақ жүрегінде. Сүйіп оқитын мен де, Әбіш атамды мақтан тұтамын.
Туған өлкеме арналған қыруар өлең жолдары бар, соның бірі жас қаламгер Сайын Назарбекұлының «Маңғыстау» атты шығармасынан үзінді:

Көз суарар ну да жоқ есің кетіп ,
Мәуеде жоқ талмайтын несіп етіп .
Ғажап …қалай таңдаған әулиелер
Маңғыстауды мәңгілік бесік етіп ?
Болды ма екен нәрлілеу дәмі бөлек?
Әлде аққулар арманды әнін елеп?
Риза ма қу шөлді қорғады деп,
Батыр елді жатыр ма желеп-жебеп?

«Өз жерің – алтын бесігің» дей келе отбасымды қалай құрметтесем, кіндік тамған өлкемді солайша қадір тұтамын. Өз елімнің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қосамын деп ойлаймын. Адам баласының жүрегінде ең бірінші, ақ сүт берген туған анасына деген сезім орын алса, екінші, Отанға деген жалынды, ыстық сезім орын алады екен. Жас ұрпақтың бойына оны сіңіру, олардың қоршаған ортаға қарым-қатынасын, сол арқылы өмірге деген көзқарасын ояту, соған сай мінез-құлқын қалыптастыру – аға ұрпақтың міндеті. Шыбындай жаны бар бұлбұлдың өзі әдемі бау-бақшадан қашып, тастың түбінде өсіп тұрған тікенекке барып қонады. Не дегенмен өзінің мекені, өскен жері - сол болғаны. Мен де болашақ ұрпақтың бірі ретінде Маңғыстауымның одан сайын көркеюіне үлес қосамын, қолымнан құрттай көмек берсем де, шын ниетпен арнаймын. «Әркімнің өз жері – Мысыр шаһары» деген керемет сөзді ойға қоса отырып, аяқтағым келеді. Тәрбие.орг сайтынан Маңғыстау - киелі түбек Эссе материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Сабенова Ляззат

Ақтау қаласы, экономикалық лицей

Пікірлер: 0

avatar