Менің отаным , Туған жерге туың тік

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 2163
  • Эссе
  • 05/Июл/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 19272


Адам жақсылыққа қанша жанкештілікпен ұмтылғанымен, орайы үйлесіп, кезеңі жетіп, қиюы табылмаса, оның баянды бітімі дұрыс шықпайды. Ал бітімі бұлдыр, шала-шарпы жақсылықтан көрген опаңыз да ұзаққа бармайды, өйткені оның жайы қолдағы құм немесе сәскедегі сағым тәріздес.
Ауыл. Осы бір төрт әріптен құралған қасиетті сөз халқымызға танымал қаншама қаламгерлеріміздің ой бесігін тербеп, шығармаларына арқау болғаны анық. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені олар сол ауылдан шықты. Иә, бәріміз де сол ауылда дүниеге келіп, балалықтың бал дәмін сонда таттық. Балалық демекші, балауса бал шақта тек ойынға ғана алданып қоймай, далалықтың да дәмін жүрекке егіп, жас жанымызға рухани құндылықтардың қасиетін сіңіре бастадық. Ол қандай құндылық дейсіз ғой? Ұлттық өнеге-үрдіс, салт-дәстүр, әдет-ғұрып. Олар бұл рухани қазынаны бәзбіреулер секілді кітаптан ғана оқып, теориялық ұғымда қабылдап қана қойған жоқпыз. Күнделікті ауыл тіршілігінен көріп, көкірегімізге тоқыдық. Сол арқылы қазақ табиғаттың тылсым сырына үңіледі. Жауына да жақсылық тілеген текті елдің тәкаппарлығына, жүрек тербер сүбелі сөзіне сүйсінеді. Көкірегі қазына көнекөз қариялардың қазақы тәлімі қабілет-қарымын қанаттандырып, құлашты кең сермеуімізге сеп болды.
«Құдай көп көрмесін, асып-тасып кетті демесін, «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тілімен. Жылағанда жүрегім, күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен Түн түрілген», - деп ақын Ж. Молдағалиев кеше күнмен бірге күңіренген, түнмен бірге тұнжыраған қазақ бүгін еңсесін көтерді. Артына қарап тәубе дейді, алдына қарап белін бекем буады, жоғын іздейді. Жаңа мыңжылдықта, күні ертең ел тұтқасын ұстайтын ұрпағының Отанына адал, жұртына жұғымды болуына күш салады. Құнары мен құндылығы талайды тамсандырған «Тілден биік асқар жоқ, тілден басқа байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ»,- деп Ғ.Мүсірепов ана тілінің бодандықта ауған көшін түзеуге ұмтылғаны туралы ой толғайды.
Қазақ – ауылға кіндігімен байланған халық. Ауыл ұғымының ауқымы ғарыш кеңістігіндей шексіз. Әр қазақтың арқа сүйер асқары, салт-сана, дәстүрі, махаббаты, кіршіксіз пәк сезімі, арман - сағынышы, бәрі-бәрі осы ауылдан бастау алады. Қалалық болып кеткен қазақтың өзі оған бір соқпай тұра алмайды. Қазан-ошақтан шыққан түтіннің, күн қақтаған топырақтың, шалғын шөптің, көк жусанның иісін аңсайтыны сондықтан. Ісіміз оңға, ауылдарымыз алға бассын десек ауылды ұмытпауымыз керек.
Экономикасы жылдан жылға дамып, нарықтық қатынастарды тереңдете түскен Қазақстан соңғы жылдары Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруге бекем кірісіп отыр. Әрине, әлемге әмірін жүргізіп, келе жатқан қатал қауымдастыққа оның барша заңдылықтарын сақтай отырып кірігу және кірігіп қана қоймай, одан лайықты орын алу дегеніміз оңай шаруа емес. Өйткені ол ортада әлсіз мемлекеттерге экономикалық басқыншылық жасаудың жолдарын ежелден меңгерген, бес қаруы сақадай сай (кәсіпорындары технологиялық тұрғыдан әбден қаруланған деген мағынада) азулы елдер өмір сүреді. Олармен иық тіресіп, өз өнімдеріңді басқаларға саудалай аласың ба, жоқ әлде ешкімге өткізе алмай пұшайман күй кешесің бе? Бұл бір мәселе болса, екіншіден, Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болып кірген соң, оның жасайтын жеңілдіктерімен қатар қоятын талаптары да болады. Қазақстанға Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болып кірмес бұрын жаңа технологияларды игеру, кадрларды оқыту және басқа да шараларды ұйымдастыру арқылы кәсіпорындардың бәсекелестік қабілетін арттыру, қысқасын айтқанда, жан-жақты әзірлік жұмыстарын жүргізу қажет болады.
Ауылды көтеру, жандандыру бүгінгі таңда Елбасымыздан бастап көзі қарақты, жүрегінде сезімі бар азаматтардың бәрін де толғандыруда. Бүгінде елдің экономикалық жағдайы түзеліп, жылдан-жылға нығайып келеді. Ауылда жер алып, егін егіп, мал өсіріп жатқандар жеткілікті.
Ауылда жер негізгі табыс көзіне айналуы себепті, оны мейлінше аяусыз пайдалану басталды. Бір жағынан ол заңды да құбылыс, себебі күн көру керек. Басқа мәселелерді ойлауға шаруаның мұршасы жоқ. Сондықтан оған зиялы қауымның селқос бақылаушы болмай, жерді ұтымды пайдалану туралы құнды пікірлерін ортаға салуы парыз деп түсінеміз.
Ауыл туралы айту мен жазу қоғамдық санаға тікелей әсер ететін факторлардың бірі екені даусыз мәселе. Ауылдағы адамдардың тыныс-тіршілігі, өмірі, күнкөрісі бәрі-бәрі ауылдың зор болашағының кепілі. Ауыл – расында да біздің кіші - Отанымыз. Тәрбие.орг сайтынан Менің отаным , Туған жерге туың тік Эссе материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Бахытова Ғалия

Астана қаласы №2 мектеп-гимназиясы

Пікірлер: 0

avatar