Үш тілді білу: бәсекеге қабілетті ұлт болудың бірінші сатысы

  • Жүктеулер: 18
  • Көрсетілім: 902
  • Эссе
  • 19/Июн/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 22960


Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын
жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар қазақ тілі –
мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлт – аралық қарым-қатынас тілі
және ағылшын тілі–жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі.

Қазақстанның білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер, яғни көптілді білім беру бағдарламасының жүзеге асырылуы білім саласының маманы ретінде мені де алаңдатады. Сондықтан, бұл мақаламды қоғамда қызу талқыланып жатқан «үш тұғырлы» тіл мәселесіне арнағым келді.

Үштұғырлы тіл – өмірлік қажеттіліктен туындаған идея. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті ұлт болуының бірінші сатысы – үш тілді қатар меңгеру. Үш тілді меңгеріп әлемнің кез-келген ортасында ортақ тіл табыса білетін жастарымызды оқыту негізі – мектепте қалануы тиіс. Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар қазақ тілі- мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлт-аралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі.

Біз үштілділіктен не күтеміз:

  • Мемлекеттік тілдің қажеттілігін арттырумен қатар, тілдік ортаны кеңейтеді
  • Еңбек нарығында, өмірлік қызметте тілдік кедергілерге ұшырамайды
  • Қабілетті балалардың танымдық сұранысын қанағаттандырады
  • Рухани-адамгершілік, ұлтаралық қатынастар мәдениетінің деңгейін жоғарылатады
  • Оқушылардың коммуникативтік және ақпараттық құзіреттілігін арттырады

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жылда олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпыұлттық прогреске жете алмайды» - деп атап көрсетілген. Ал, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев « Үштілді білім беру кезінде негізгі басымдық қазақ тіліне беріледі. Жаппай халықтың қазақ тілін меңгергенін көздейміз. Орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетінен бөлек Қазақстан тарихы да тек қазақша оқытылады. 2019 жылдан бастап химия, биология, физика және информатика пәндері жоғары сыныптарда ағылшын тілінде өтеді. Ал, орыс тілі, литература, дүниежүзі тарихы сияқты үш пән барлық мектептерде орысша жүргізіледі»- делінген. Осы орайда, білім саласы үнемі өзгерісті қажет ететін саланың бірі. Өйткені әлем өзгеруде, сондықтан заман ағымына ілесіп, жаңашылдықпен жаңарып отыруымыз негізді.

Әр қазақ өз ана тілін білуге міндетті және құрметтеуі тиіс. Ал, орыс тілін қоршаған орта үйретеді, қарым-қатынас арқылы іске асырады, ал ағылшын тілін мектеп үйретпесе, бала қайдан үйренбек?! Ағылшын тілін үйренгісі келетін баласына мектептен тыс ақылы оқытуға барлық ата-ананың қалтасы көтермейді.Мектепте ағылшын тілі сабағынан бөлек, жаратылыстану пәндерін де ағылшынша оқытса, баланың өмірге, әлемге деген көзқарасы өзгереді, білімі арта түседі. Сөздік қоры молаяды, ғылымның тілін меңгереді. Ақпараттарды қиналмай саралап, шет елде білім алу мүмкіндігіне ие болады. Тіпті шет елде оқымағанның өзінде де, шет елде демалу кезінде әлем мәдениетімен танысуға, қарым- қатынас жасауда қиналмайтын болады. Қай заманда болсын бірнеше тілді меңгеріп, сөйлей де жаза алатын азамат, бәсекеге қабілетті тұлғаға айналары сөзсіз.

Адамзат біліп тумайды, өсе келе үйренеді, өмірден сабақ алады, алдына мақсат қояды.Ал, үйренемін деген адамға қазіргі таңда барлық жағдай жасалған. Ақпарат ғасыры саналған қазіргі таңда ғаламтор жүйесіне қосылсаңыз болғаны, үйден шықпай-ақ тіл үйренуге қажетті ақпарат көздері: сөздіктер, электронды оқулықтар, тыңдалымдар, аудиокітаптарды пайдаланып ағылшын тілін үйренуге болады. Сонымен қатар білімін тексеріп отыруға арналған тест тапсырмалары, білім жетілдірушілерге арналған деңгейлік білім жетілдіру курстары, бейнесабақтар, онлайн курстар да баршылық. Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қосымша дайындалса тез үйреніп кете алатыны да сөзсіз.

«Жеті түрлі ілім біл, жеті жұрттың тілін біл»-демекші, өзге тілдің бәрін білетін, өз тілін құрметтейтін азамат болғанын барлық ата-ана қалайды. Балалардың мектеп бітіргенде үш тілде сайрап тұрғаны мектеп пен ата-ана үшін де , мемлекетіміз үшін де зор мәртебе. Үш тілде 11 жыл бойы білім алған оқушы үш тілде еркін сөйлеп, өзі қалаған әлемнің танымал оқу орындарынан білім алып, білікті маман атанып, елімізді көркейтуге өз үлесін қосса деген үлкен міндет тұрғандай.

Мен өз тілімді құрметтеймін және бағалаймын. Өз ана тілімде сөйлеу парызым. Орыс және ағылшын тілін және басқа да шет тілдерді меңгеру -өсіп-өркендеу. Үш тілді білу- бәсекеге қабілетті елдерге жетелеп, бәсекеге қабілетті ұлт болудың игі бастамасы.

«Заманың түлкі болса, тазы болып шал»,- дегендей заманның қарқынды дамуына ілесіп, жас ұрпақты – өз заманының білікті де білімді тұлғасы етіп оқыту мен тәрбиелеу – мұғалімдердің еншісінде. Ұстаздық жол - ізденіс пен жаңашылдықтың ұстаханасы. Қиын да қызықты ұстаздық жолда әр күн сайын еңбектеніп, жаңа нәрсені үйрене отырып, үйретуге, жаңашылдыққа ұмтылудамыз.

Ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фарабиден бір әмірші өз елінің болашағы туралы сұрағанда «Сен алдымен жастарыңды көрсет, сонда мемлекетіңнің болашағын барлау қиынға соқпайды»,-деген екен. Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды.

Көптілді тұлғаны қалыптастыру – көпұлтты еліміздің бірлігінің нышаны, өркениет көшінде бәсекеге қабілетті маман болу, ел болашағы үшін елімізбен бірге қарыштап, дамуымыз қажет.

Тәрбие.орг сайтынан Үш тілді білу: бәсекеге қабілетті ұлт болудың бірінші сатысы Эссе материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Сайлыбаева Құралай Мухаметжанқызы

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі «№ 7 орта мектеп» МКМ, Іле ауданы

Пікірлер: 0

avatar