Алтын алма, алғыс ал!

  • Жүктеулер: 7
  • Көрсетілім: 86
  • Сыныптан тыс жұмыс
  • 09/Ноя/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23295


«Алтын алма, алғыс ал!»
алғыс айту,бата беру сайысы
Мақсаты:
1. Оқушыларды үлкендермен амандасуға,бір-бірімен сәлемдесуге,бір-біріне ізет,сый-құрмет көрсете білуге үйрету
2. Оқушылардың алғыс айту,тілек білдіру жайлы алған білімдерін толықтыру.
Тақырыпқа байланысты жүйелі түрде іздену, тың материалдар жинау арқылы оқушылардың ойын дамытып, белсенділігі мен қызығушылығын арттыру.
3. Батаны өмірде қолдана білуге,бата беріп үйренуге баулу, имандылыққа,салт-дәстүрді дәріптеуге тәрбиелеу.Бата сөзінің шығу тарихына зер салу,Бата түрлерін ажырата білу , Адам өміріне батаның тигізер пайдасын түсіндіру.Бала тәрбиесіндегі батаның атқарар маңызына баға беру.Бата сөздерінің сырын ашу, оның тәрбиелік мәнін түсіндіру.

Алдыменен сәлем беру салтымыз,
Сәлемменен сөз бастаған халқымыз.
Ашық аспан,күн нұрына малынып,
Аман-есен жүрейікші жалпымыз.
Армысыздар бүгінгі шарамызға жиылған барша әлеумет!
Бүгін бізде елімізде өзіндік орны бар екінші мәрте тойланғалы отырған өте керемет мереке.
Яғни, ашып айтар болсақ 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні
1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын.
Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні.
Алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні.
Алғыс айту күнін мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудың мән-мәтінінде қазақстандық құндылықтарды бейнелейді.
Бұрынғы ата-бабаларымыз сәлемдесу,алғыс айту,тілек білдіру,бата беру деген дәстүрді тәрбиенің қайнар көзі деп танып, оған үлкен мән берген. Ал қазіргі кезде кейбір сол жақсы дәстүрлердің қадір-қасиеті жете бағаланбай жүр. Оның үлкен тәрбие құралы екені де ескерілмей барады. Сондықтан,елбасымыз сол дәстүрді қайта жаңғырту мақсатында елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдаған болатын. Сол бағдарламада және Елбасымыздың Жолдауында халқымыздың мәдени құндылықтары мен дәстүрлерін дамыту көзделген. Бүгін соған өз үлесімізді қосып,1 наурыз-Алғыс айту күніне орай мектеп-интернатының 1-9 сыныптар аралығында «Батамен ел көгерер,Жаңбырмен жер көгерер» атты сайыс өткізгелі отырмыз.


Мәнге толы қазағымның ғұмыры,
Сан асылдың ашылып тұр тұғыры.
Кеше ғана керексіз ғып тастаған,
Ғажап екен әдеті мен ғұрыпы.
Әнге толы қазағымның тірлігі.
Кіріп тұрса ынтымақ пен бірлігі.
Әр жүректе бүршік жарып гүлдейді
Сезіміңді сергітетін жыр гүлі.

Иә,алғыс-адамның адамға жасаған жақсылығы,көмегі,көңілі үшін ризашылығын білдіруі ғана емес,сондай-ақ оның ойы мен әрекетіне,жасаған істеріне жоғары баға беруі.
Алғыс -жақсылық пен игі ықыластың,ақ тілектің айғағы.
Халқымыздың «Алтын алма,алғыс ал», «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Баталы ер- арымас,батасыз ер -жарымас»деген даналығы тағы бар. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген.
Олай болса бүгінгі шарамызды бастауға рұхсат етіңіздер.
Сайысымыздың шарттары:

1.«Сәлем - сөздің анасы» сәлемдесу.Сәлемдесу туралы не білеміз?
(Өлең оқу,көрініс қою арқылы жеткізуге де болады).

2.«Жақсы сөз - жан азығы» алғыс айту, тілек білдіру көрмесі. Алғыс пен тілекті сурет салу арқылы да білдіруге болады. (Ата-анаға,досқа,ұстазға,табиғатқа т.б)

3. «Бата - жақсылыққа жол ашады» бата беру сайысы.Кез-келген тақырыпта бата айту.
(Әр қатысушы өзі айтқан батасының тақырыбы бойынша сипаттама береді.Мыс:Рамазан айы батасы,ол қандай жағдайда беріледі,жалпы бата деген не?)


4.«Ақ бата-асыл мұра» аталар өсиеті. Ел аузында сақталып келе жатқан Алты алаштың ардақтысы болған би-шешендеріміз бен ақын-жазушыларымыздың берген баталарынан бір бата айту.
Әділ-қазылар алқасымен таныс болыңыздар:
1.
2.
3.

Сайысымыз оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып,үш жас санаты арқылы өтеді.
1. Бастауыш сыныптар бойынша яғни 1-4 сыныптар бойынша
2. 5-6 сыныптар бойынша
3. 7-9 сыныптар бойынша

Сайыс, сайыс көңіл шіркін тасысын
Сайыс сайын жанкүйерлер қол ұрсын
Өнерлерін аямайтын біздерден
Сайыскерлер ортамызға кеп енсін – деп сайысымызды бастаймыз
.

1.«Сәлем - сөздің анасы» сәлемдесу.Сәлемдесу туралы не білеміз?
Ассалаумағалейкум деп, дидар нәсіп еткенде,
Қол алысып,көңілденбес жоқ пенде.
Күн нұрындай сәлеміне адамның,
Бұл дүниенің ғанибеті жеткен бе?
Сәлемдесу – адамдар арасындағы қарым-қатынасты жал¬ғастырар ең басты тілдік құрал. «Сәлем – сөздің анасы» деп қазақ бекер айтпаған.
Сәлем беру де, сәлемді ілтипатпен алу да – Кісіліктің белгісі екені рас
Алланың әрбір күнін алғаш кездескен адамдар бір-бірлеріне сәлем берісумен бастап ары қарай қатынастарын жалғастырады. Сол алғашқы салемдесуден-ақ адамдар арасындағы болашақ ізгіліктің ұрығы себіле бастайды.
Сәлем алу, сәлем беру туралы қасиетті Құран Кәрімде «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар. Шексіз Алла әр нәрседен есеп алушы», - дейді ("Ниса" сүресі, 86-аят).
Бүгін біз ата дәстүріміз, оның ішінде ең адамға керектісі сәлем беру, сәлем алу сияқты қасиетті сөздермен танысып, оның мән - мағынасын жете ұғынуға талпынатын боламыз.

2.«Жақсы сөз - жан азығы» алғыс айту, тілек білдіру көрмесі
Сіз,біз деген жақсы сөз,
Жылытады жүректі.
Қуаныш билеп жанды тез,
Оятады игі тілекті.
Біреуге біреу жақсылық,
Тілесе әркез жаны ашып.
Көңілді күнге ұласып,
Тұрмай ма жанға жарасып.
Сіз,біз деген жақсы сөз,
Жақсылықтың мейірі.
Бір-біріне болып кез,
Кең болсын адам пейілі.
Тілек айту – көпшілік алдына шығып сұхбат беріп, баяндама оқу емес, өз сезіміңізді жеткізу.Ықылас пен ризалық, жақсы тілек пен жарасымды алғыс-тәуелсіз еліміздің ұлттық құндылығы десек артық айтқандық емес.
Ғасырлар көшінде халықпен бірге жасасып, оның өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған бата мен тілек халық өмірінің айнасы.
Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Сондықтан той-томалақта, келелі жоралғыларда бір-біріне тілек тілеп, қадірлі қариядан бата алу ықылым заманнан дәстүрімізге айналып, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып келеді.

3.«Бата - жақсылыққа жол ашады» бата беру сайысы.Кез-келген тақырыпта бата айту.
Атадан бата құмартып,
Алдында тізе бүгер ед,
Ақсақалдың бабасы,
Ақсүңгі қолын жаяр ед.
Күңірентіп мына даланы,
Сілтілей көпті тындырып,
Дауысы жанға дауалы,
Әр сөзі айтқан бір мүлік,
Батасын баба берер ед.
Қазақ халқының ұлттық мәдени игіліктерінің ішінде, елдің рухани қазынасында бата сөздердің мән-мағынасы, қадір – қасиеті айрықша бағалы. Өйткені, қанымызға сіңісті, жанымызға жұғымды, ой-санымызға нұрлы шуақ сыйлап, сілкіндіріп серпілтетін, марқайтып қанаттандыратын осынау ақыл, нақыл сөздер – тәрбиенің бастау бұлағы.
«Батамен ер көгерер, жауынмен жер көгерер» деген сөз адамды iзгiлiкке, парасаттылыққа, мейiрiмдiлiкке баулиды. Ендеше бата да сол ұлы қасиеттерге бастаушы әрi тудырушы рухани мұра болып табылады.
Алғыс бата, наурыз батасы, жаңа ай батасы, ораза, айт батасы, той батасы, жас талапкерге бата.т.с.с.
Ұландарымыз еркін тақырыпта бата оқиды.
4.«Ақ бата-асыл мұра» аталар өсиеті.
Көп жасаған қария
Ақылы теңіз - дария.
Көп өнеге сөзі бар
Сөзі соқпақ, өзі нәр.
Ата салты - ардақты,
Әрбір сөзі - салмақты.
Сол сөздерді ұқпасаң,
Тістерсің бір күні бармақты.

Халық ақ батадан рухани қуат алады, ол жақсылыққа жол ашады деп сенеді. Сондықтан да қазақтар ежелден-ақ қадірлі қариялардан, атақты батыр, билерден, шашасына шаң жұқпайтын шешендер мен арқалы ақындардан бата алуға құштар болған.
Аталардың қасиетті өсиеті – ғасырлар бойы мысқалдап жиналып, ақыл елегінен өткізіліп тексерілген өмір тәжірибесінің, тарихи санасының даналық қорытындысы, адамгершіліктің ереже – қағидасы іспеттес.
Алты алаштың ардақтысы болған би-шешендеріміздің берген баталары ел аузында сақталып,халық мұрасына айналып, қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қалыптасты.

Қорытынды:
«Батамен ел көгерер,жаңбырменен жер көгерер» дейді дана халқымыз Ақ тілеудің белгісі бата.Халық оны ақ бата деп қастерлейді. Үлкен кісілер, елге сыйлы құрметті адамдар немесе кез - келген адам біреудің қайырымдылығы мен жақсылығы , ізгі қызметі үшін және дастарханға ризашылықпен де бата береді. Батаның тәрбиелік мәні зор. Ол ұлы қасиеттерге бастаушы, әрі тудырушы рухани мұра болып табылады. Бата көркем сөзбен, өлеңмен, тақпақпен, шешендік тілмен, әсермен қол жайып айтылады
айтпаған.. Сондықтан той-томалақта, келелі жоралғыларда бір-біріне тілек тілеп, қадірлі қариядан бата алу ықылым заманнан дәстүрімізге айналып, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып кетті. Қазақ бата арқылы ұрпағын адамгершілікке, имандылыққа, ақылдылық мен парасаттылыққа, шешендікке баулыған. Дуалы ауыз қариядан алған ақ бата адамға рух беріп, жігерлендіріп отырған.

Әдет –ғұрып,салт-дәстүрі қазақтың,
Жарасымды,үйлесімді ғажап шын.
Ұмыт болған дәстүрлерді сақтайық,
Насихаттап, жаңартудан қашпайық.

Қатысушылар салиқалы сөз саптап, үлкендерден көргенін үлгі етті. Балалар сүйінші хабарға, жолға шыққанда, ас қайырғанда айтылатын тілек түріндегі баталарды балалар жатқа айтты.
Оқушыларымыз әдептілікке, адамдармен қарым - қатынас жасай білуге баулып, бабалардан қалған ұлағатты ғибрат аларлық сөздерді ұғынып, халықтың салт - дәстүрімен танысып, өз халқының дәстүрін, салтын, мәдениетін, әдет - ғұрпын үйрете отырып, бойларына сіңірді.
Иә, бұл - қасиетті бата! Бұл - ата-бабаларымыздың үні! Ата-бабамыздың ұраны!
Біз өз ұрпағымызды білімді де тәрбиелі, өнегелі де ізетті, мейірімді әрі қайырымды етіп тәрбиелегіміз келсе, халықтық дәстүрге, оның ішінде сәлемдесу,ақ тілек пен ақ батаға ерекше мән беруіміз керек. Жас балаларға жақсылыққа жетудің жолы- үлкенді құрметтеу, солардың алғысы мен ақ батасын алу екенін түсіндіруіміз қажет. Өмір тәжірибесі көрсеткендей және жоғарыда келтірілген мысалдардан көргеніміздей, үлкеннің алғыс,батасын - алу әрбір адам үшін жақсылыққа жетудің өмірлік жолдамасы екенін балалардың санасына құя бергеніміз жөн.

Анам маған-үлкенді сыйла- деген,
Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.
Үлкендерден ауысқан кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем.

Баурап алар баурап алар бір-ақ ауыз сәлемі,
Ұрпағымыз әдепті де әдемі.
Дәстүрі боп қазағымның әлемі,
Ұлтымыздың сақталсын салт-әдебі.

Алғыс айту күні – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған мереке, бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Сондықтан да жас ұландар әрдайым жылы сөз, қайырымды іс, жақсы ой, кіршіксіз сезімдерімізді аямайық. «Рахмет» деген сөзді жиі айтайық. Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын жақсылық жасағысы келіп тұратынын есте сақтайық. Табиғатқа, барлық тіршілік иесіне, жақын адамдарға, достарымызға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтайық.
Мен осы сәтті пайдаланып, өз рахметімді айта кетейін.
Анаға-өмір сыйлағаны үшін,
Әкеге-қамқор болғаны үшін,
Далаға-гүлдері мен көк шалғыны үшін,
Сөзге-жанды жылытқаны үшін,
Күнге-шуағы мен назары үшін,
Жұлдызға-қараңғы түндегі жарығы үшін,
Досқа-құшағы мен иығы үшін,
Әжеге-ыстық алақаны үшін,
Суға-тіршілік көзі болғаны үшін,
Жерге-махаббаты мен бар болғаны үшін,
Отқа-жылулығы үшін,
Балалар,сіздерге рахмет-еліміздің арқа сүйер азаматы болып өсіп келе жатқан,
Сіздердің аттарыңыздан ұстаздарымызға рахмет-білім шыңына жетелеп жатқан
Бүгінгі іс-шарамызға қатысқан барлықтарыңызға рахмет!
Ақ тілектеріміз періштенің құлағына шалынып,бүгінгі бата тілектер ақ ниет болып қайтсын.Арман тілегіміз,адал ниетіміз,тірлігіміз бірлікте болсын! Тәрбие.орг сайтынан Алтын алма, алғыс ал! Сыныптан тыс жұмыс материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Жусупова Казгул Нурланбаевна

Қызылорда облысы Қызылорда қаласы №8 арнайы санаториялық мектеп - интернаты Тәлімгер

Пікірлер: 0

avatar