"Бәрі де махаббаттан басталады"

  • Жүктеулер: 1
  • Көрсетілім: 330
  • Сыныптан тыс жұмыс
  • 18/Янв/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 21094


Мәнерлеп оқу сайысы
Өзін өзі тану апталығы
(5-7 сынып аралығы)
Тақырыбы: «Бәрі де махаббаттан басталады»
Мақсаты: Оқушыларға махаббат, сүйіспеншілік ұғымдарының құндылық ретінде мәнін ашу. «Махаббат» құндылығы туралы түсініктерін кеңейту. Адам бойындағы махаббат сезімін құрмет тұтуға баулу.
Көрнекіліктер: слайд, шар, гүлдер, нақыл сөздер, музыка
Мәнерлеп оқу сайысының барысы:
Жүргізуші: (Шаукерова Анаргүл Амангелдіқызы)
Құрметті оқушылар, ұстаздар! Бүгінгі сайысты бастамас бұрын сіздерге бейнесурет жасырмақпын. Сіздер осы бейнесуреттің шешуші сөзін табыңыздар.
Бейнесурет
Бейнесуреттің шешуші сөзі: «Махаббат»
Жүргізуші:
Сонымен құрметті көрермендер, бүгінгі мәнерлеп оқу сайысымыздың тақырыбы: «Бәрі де махаббаттан басталады» деп аталады. Бүгінгі сайыста өз бақтарын сынамақшы болып келіп отырған 5,6,7 сынып оқушыларын ортаға шақырамыз:
5 сынып
Әділбекова Зарема
Нәби Асыл
Сынып жетекшісі: Байғожина Гүлжайнар Өмірбайқызы
6 сынып
Нұрғали Арайлым
Ермекова Мөлдір
Сынып жетекшісі: Жакупбекова Шамшия Тастынбайқызы
7 «а» сынып
Әділбекова Перуза
Абдазова Аялакүнайым
Сынып жетекшісі: Шаяхметова Дана Сейдахқызы
7 «ә»сынып
Тұрсынова Мадина
Нұртазина Айымгүл
Сынып жетекшісі: Мейрамова Гүлнұр Ерсайынқызы
Сайысты бастамас бұрын сайыскерлерімізді шаттық шеңберге тұруларыңызды сұраймын. Сайыстың басында барлық сайыскерлер бір- біріне жақсы тілектер айтады.
Жүргізуші:
«Адамзатты аялаған ақ арман,
Барлық ғалам махаббаттан жаралған.
Өмір-өзен сан тарапқа ақса да,
Жақсылықтан шуақ алып, нәр алған.
Махаббаттың тоймай ішіп дәміне,
Адамзаттың талмай айтар әні ме?
Өзіңді де, өзгені алсаң,
Жете аларсың махаббаттың мәніне» – дей отырып,
«Бәрі де махаббаттын басталады…» атты мәнерлеп оқу сайысына хош келдіңіздер!
Қазылар орнықтырар әділдікті,
Кімдердің жауаптары кәдік шықты,
Біліммен тапқырлықтың жарысында,
Жеңіске жетер дейміз нағыз мықты
Сайыскерлерімізді әділ бағалайтын әділ- қазылар алқасымен таныстырайық.
1. Жиентаев Жанат Сүлейменұлы – оқу ісі жөніндегі орынбасары
2. Бекшенова Баян Жұматайқызы- тәрбие жөніндегі орынбасары
3. Бакеева Мөлдір Туғанбайқызы - өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі
Сайыскерлерімізді 5 балдық жүйе бойынша бағалайсыздар. Әділ- қазылар алқасы өз ұпайларын көрсетіп, көмекшіміз ұпайлардың санын қосып жазып отырады.
Әділ- қазылар алқасымен таныстық, енді сайыс кезеңдеріне көшейік
Сайыс кезеңдері:
1. Таныстыру: (қатысушы өзін таныстырады, немесе оны басқа бала таныстырады)
2. Үй тапсырмасын тексеру: ( Тақырыпқа сәйкес өлең шығару, өлең көлемі 8 жолдан кем болмауы керек)
3. Өлеңді мәнерлеп, жатқа оқу
4. «Өнерлі өрге жүзеді» (оқушының өнерін тамашалау)
5. Берілген жағдаяттарды талдау
6. Мәтіннің үзіндісі бойынша сурет салу (салған жұмысын қорғау, түсіндіру)
Жүргізуші:
«Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаева айтқандай: «Мен шын көңілден Махаббат дегеніміз қасиетті құбылыс деп санаймын. Оның әрбір көрінісі – жұбайлық, ата-аналық, балалар махаббаты, қоршаған әлемге деген құштарлық бізді одан әрі ізгілікке бастап, жетілдіре түседі.»
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланың жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және сүй, хақ жолы деп әділетті », -
деп Абай атамыз жырлығындай, махаббат – өзін-өзі, өзгелерді тануға жетелейді.
Сахнаға 9 «ә» сынып оқушысы Қожахметова Айжанның орындауында
« » әнін қабыл алыңыздар
Сонымен сайысымыздың бірінші кезеңі «Таныстыру»
Әділ- қазылар алқасына сөз берейік. Таныстыру кезеңін қорытындылаймыз.
Жүргізуші:
Махаббат әрбір адамның әлемдегі, қоғамдағы, отбасындағы орнын белгілеуге, өзін-өзі, ақиқат мәнді, жаратылыс сырын тануға мүмкіндік беретін маңызды таным түйсігі. Мысалы, адам мен Құдай, ер мен әйел, ұстаз бен шәкірт, ата-ана мен бала, туыс араларындағы махаббат. Өз кезендегі адам мен Алла арасындағы махаббат – имандылықтың, ер мен әйел махаббаты – отбасының, ұстаз бен шәкірт махаббаты – білімнің, ата-ана мен бала, туысқандар арасындағы махаббат – елдіктің, т.б. қастерлі құндылықтардың кепілі әрі бастауы. Сонымен қатар, адамның Отанына, туған жеріне, халқына деген сүйіспеншілік сезімі де махабаттың бір көрінісі.
Сайысымыздың екінші кезеңі « Үй тапсырмасын тексеру»
Сіздерге тақырыпқа сәйкес өлең шығару керек еді, өлең көлемі 8 жолдан кем болмауы керек. Сол өлеңдеріңіздің бір данасын әділ- қазылар алқасына апарып беріңіздер, кейін көрермендерді сол өлең жолдарымен таныстыру керек.
Әділ- қазылар алқасына сөз берейік. Үй тапсырмасын тексеру кезеңін қорытындылаймыз.
Жүргізуші:
«Жер бетіндегі ең әдемі сөз – Ана. Адам алғашқы сөзін де осыдан бастайды. Жер бетіндегі тілдердің бәрінде де осы сөз ерекше қастерлі. Ананың қолы ең қасиетті, аялы қол, ол нені болса да атқара алады. Ананың жүрегі ең сенімді және сезімтал жүрек, оның сүйіспеншілігі ешқашан сөнбейді, оның көзінен еш уақытта еш нәрсе қалтарыс қалмайды. Сенің анаңа деген сүйіспеншілігің неғұрлым зор болса, өмірің де соғұрлым шексіз қуанышқа, шалқар нұрға бөлінеді.»
Әкенің отбасындағы орны алтыннан да қымбат, оны ешқандай бағалы затпен өлшеуге келмейді. Әке – басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. әке жолы – ізгіліктің іздері, көңілге нүр құйып, жанына шаттық сыйлайды. Ендеше, әке тілегін, әке үмітін ақтау – әрбір баланың қасиетті міндеті. Әкеміз – асқар тауымыз, ендеше, асқар тауымыздың еңсесі биік болсын дейміз.
Сайысымыздың үшінші кезеңі «Өлеңді мәнерлеп, жатқа оқу»
Әділ- қазылар алқасына сөз берейік. «Өлеңді мәнерлеп, жатқа оқу» кезеңін қорытындылаймыз.
Жүргізуші:
« Мен оның түнін сүйемін, күннің сүйем,
Ағында өзен, асқар тау, күннің сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдыретті үнін сүйем.
Отан! Отан!
Бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем », -
деп Мұқағали ақын жырлағандай, Отан – ол біздің кіндік қанымыз тамған жер, Отаның шексіз көрген әр адам ол үшін ерлікке де барады. Ендеше Отанымызға деген махаббатымыз ыстық әрі берік.

Сайысымыздың төртінші кезеңі «Жағдаяттарды талдау»
Әділ- қазылар алқасына сөз берейік. «Жағдаяттарды талдау» кезеңін қорытындылаймыз.
Жүргізуші:
Адамдардың бір-біріне деген ең қымбат сезімдерінің бірі – достық. Ал адам бойындағы ең игі қасиеттердің бірі – достаса білу. Адамдар қарым-қатынасындағы аса бағалы құндылық – достық.
«Дос – егіз, дұшпан сегіз» – демекші, тұнып жатқан қасірет-мұңның тұңғиығына үңіліп, көзге көрінбейтінді «көре» алатын дос – нағыз дос.
«Досым барда биік қорған тұрғандай,
Түнің жарық, оңнан айын туғандай.
Дүниеде сенер досың болмаса,
Жатар Құдай қақ мандайдан ұрғандай»
Дос таба білу қандай қиын болса да, мәңгіге дос болып қалу, одан да қиын.
«Ат жақсы арғымақтан шабыс болса,
Жат жақсы ағайыннан, таныс болса.
Досын күліп, дұшпаның табалайды,
Аяғын бір нәрседен шалыс болса», - демекші,
әттең, қазір достықтың туы түсіп, қадірі қашқан заман болды. Сондықтан нағыз достықты бағалай отырып, «Досыңмен дос болғанға шаттан, дұшпанмен дос болғаннан сақтан » деген нақыл сөзді әрдайым есте сақтайық!
Міне сайысымыздың соңғы, бесінші кезеңіне де жетіп қалдық «Мәтіннің үзіндісі бойынша сурет салу (салған суретін қорғау, түсіндіру)
Әділ- қазылар алқасына сөз берейік. «Мәтіннің үзіндісі бойынша сурет салу» кезеңін қорытындылаймыз.
Жүргізуші:
Адам жүрегі махаббатқа, сүйіспеншілікке толы болса ғана: мейрімділік, адалдық, сияқты асыл қасиеттер байқалып тұрады. Махаббат сезімдеріне адал ғашықтарды есімізге түсіріп, атап өтейікші.
1. Ләйлі –Мәжнүн;
2. Қыз Жібек – Төлеген:
3. Баян сұлу – Қозы көрпеш;
4. Зылиқа –Жүсіп;
5. Еңлік – Кебек;
6. Мамыр – Қалқаман.
Ғашықтық сезімін Абайдан артық кім білген? Дана Абай сол ғашықтық туралы былай жырлаған екен:
«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,
Көзбен көр де іштей біл.
Сүйсе жастар қате емес,
Мейлі илан, мейлі күл.
Он тілге едік оңтайлы,
Қаріпсіз біліп сондайды.
Біліп-ақ, ұғып қоюшы ек,
Енді ішіме қонбайды.»- дегендей осы сайысымыздың жалпы қорытындысын жасап, жеңімпаздарды анықтайық.
Жүргізуші:
Махаббат барлық адамгершілік бастауы болғандықтан, шындығында, жүрегі махаббатқа толы адамның ақылы да таяз бола алмайды. Себебі, махаббат адамды, коршаған ортаны сүюге, танып-білмекке жетелейді.
Барлықтарыңыздың жүректеріңізде ұялаған махаббат сезімі оттай лаулап, өшпей, ізгіліктін бастауы болсын!
Жүректен жүрекке:
Сайыскерлерімізді ортаға шақырып өзін өзі тану сабағында айтылатын «Ризамын, ризамын» өлеңін бірге қосылып айтайық
Ән орындалады:

Осымен «Бәрі де махаббаттан басталады…» атты мәнерлеп оқу сайысы аяқталды. Назарларыңызға рахмет. Сау- саламатта болыңыздар! Тәрбие.орг сайтынан "Бәрі де махаббаттан басталады" Сыныптан тыс жұмыс материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Шаукерова Анаргүл Амангелдіқызы

СҚО Мамлют ауданы, Мамлют қаласы, Мамлют санаторлық орта мектеп- интернаты бастауыш сынып мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar