«Бір ғасырдың асылы » әдеби-сазды кештің сценарийі

  • Жүктеулер: 6
  • Көрсетілім: 450
  • Сыныптан тыс жұмыс
  • 07/Фев/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 21570


«Тұран» мектеп-лицейінің қазақ тілі кафедрасы
2016-2017 оқу жылы
Алматы қаласы

Қасым Аманжоловың 105 жылдық мерейтойына арналған «Бір ғасырдың асылы» атты әдеби-сазды кеш

«Бір ғасырдың асылы » әдеби-сазды кештің сценарийі
Әттең, жоқ қой қанатым,
Жерім көп ұшып баратын.
Борышым көп беретін,
Сыбағам көп алатын.

1. Қ. Аманжолов туралы слайд көрсетіледі.
2. Видео көрініс. «Дүниеге келер әлі талай Қасым...»
3. Қасым Аманжолов (Жанияс) «Өзге емес өзім жайымда...»
Өзге емес , өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында.
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,
Тербетіп, тулатып бір қозғайын да...

Аманжол - Рахымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын.
Біреуге жұртта қалған жасығымын,
Біреуге аспандағы асылымын.

Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,
Көрінер көлеңкесі келбетімде,
Қай жерде үзіледі қайран сапар,
Түйін боп өмірімнің бір шетінде.

Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп,
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.

Барым да, бақытым да осы өлеңім,
Жақыным , жүрегімнің досы өлеңім.
Өмірге келгенім жоқ бостан – босқа,
Мен қайтып , босқа жасап , босқа өлемін.
Қасым сахнаға жақын келеді. Қасым:
Жаниас - Өмірім де, өнерім де өлеңім... Ешкім де мәңгілік емес. Бәріміз де қонақпыз... Осы жасқа келгенде өлең арқылы болашаққа сыр шерткім келді...
Өлең жазып отырып, бүкіл өмірім көз алдымнан өтті... Оқыған, өскен-өнген қалалар... пауза Үлкен өмірді Семейде бастадым. Ахметжан ағам мені бастауыш сынып оқушыларына арналған интернатқа берді. Содан соң сол қалада мал дәрігерлерін дайындайтын техникумда оқыдым. Еееее, ол да бір қызық жылдар. Алғашқы өлеңдерім осы Семейде жарық көрді.

Насимов Аман,8б
Өмірге ендім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетті ептеп,
Қабағын жаба түксиген.
Өмірден үміт жоқ өзге,
Даланың тердім тезегін.
Әкем боп таптың сол кезде,
Қайран да менің өз елім.
Ленинград
Жаниас 31 жылы Ленинградқа орман шаруашылығы институына түстім. Бұл тарихи қала - менің өмірімнің шуақты сәттерін есіме салады. Ленинградты көрген де арманда , көрмеген де арманда. Бірақ денсаулығым сыр беріп, елге қайттым.
Орал
Оралым, шықтың алдымнан,
Оралым, менің Оралым...
Оралды, басқа да еліміздің табиғаты тамаша жерлерін сипаттаған өлеңдерім, отаншылдық сезіміммен өріліп жататын...
Сонымен қатар бұл қала азамат, ақын болып қалыптасуыма үлкен әсер етті... Алғашқы махаббат, жастық жырларым да осы жерде жазылды.

Кажимуратов Расул,10а
«Жайық» өлеңі -
Жарқын жүзбен жайраңдап
Жатырсың ағып, Жайығым,
Жағаңда ойнап, сайраңдап
Ескенмін заман қайығын.

Сырғып аққан сынаптай
Сабырлы өзен, салқын су,
Толқыныңды құшақтай
Келіп қонды бір аққу.

Қанаттанып жағаңда
Еді-ау бір кез ол ұшқан,
Сол бір аққу мен едім,
Келіп тұрмын алыстан.

Есіңде ме, Жайығым,
Қалмадың ба жатырқап?
Жамылып кеш сағымын
Келмеуші ме ем ән шырқап...

Ойын, күлкі әзілмен
Бойыңда өткен талай күн...
Жайық, саған қазір де
Риза бола қараймын.

Лукаш С., 8 «Б»
Сақыпжамал
Сақыпжамал! Бір өзіңде
Екі әйелдің аты бар.
Күн боп көзің күлгеніңде,
Қабағыңнан ай туар.

Сол кез саған қарай берем
Көрмегендей мен бұрын.
Жанның сырын жатқан терең
Оқи берем жасырын.

Сақыпжамал! Атың қандай!
«Сәпен» дейміз қысқартып.
Жар бола гөр айтылғандай,
Сенен қайсы қыз артық?!

Махаббаттан талай жастың
Жүректері күюлі.
Мүмкін жөндеп сүйе алмаспын,
Өзің үйрет сүюді.

«Сенен артық жан табам» деп
Ойлайтын жан мен емес.
Қате бассам, кетсем желдеп,
Өзің сотта, өзің кеш.

Агатаев А.,11а
Фатимаға жазған хаттан

Шұбар тауға шарықтап
Жетші жылдам, өлеңім.
Аққудайын аруға
Айтшы ақынның сәлемін.

Сәлем жеткіз сұлуға
Алатаудың баурынан.
Жас ақынның лепірген
Жүрегінен, жанынан.

Сен оған айт: «Жас ақын
Болған саған құмар» де.
«Сырын айтпай жас жүрек,
Қайтып қана шыдар» де.

«Соққан сайын жүрегі
Саған қарай талпынар.
Басқан сайын адымы
Саған арнап басылар»

Айт осыны аруға,
Аймалашы жүрегін.
Ғашық болған жас жанның
Бермес пе екен тілегін!

Мұздай болса жүрегі,
Жылытып көр от болып.
Сырласып көр жанымен
Түн ұйқысын төрт бөліп.

Ұялап ал жанына,
Ала берші тынышын.
Оралып ақ мойнына,
Тілінен сүй мен үшін.

Тысқа шықса, бірге шық,
Үйге кірсе, бірге кір.
Жүрегінің сырын ұқ,
Махаббатын маған бұр.

Утеулиев Г., 10а
СҮЙДІМ ДЕДІҢ
Сүйдім дедің, білегіңнен ұстадым,
Бірақ сені сүй деп зорлап қыспадым.
Адамшылық жүрегіңмен, еркіңмен
«Сүйдім» деп, сен білемісің құшқаның?

Сүйдім дедің, қара көзің жаудырап,
Сүйдім дедің, ақша жүзің балбырап.
Сүйдім дедің, ауызыңнан бердің бал,
Сүйдім дедің, ақ төсіңде аймалап.

Сүйдім дедің, жер еркесі жел білді,
Қошеметтеп көкте жұлдыз, ай күлді.
Табиғаттың құшағында серттескен,
Қайтып қана ұмытарсың сол түнді...

Сүйдім дедің... сүйдім дедім... ып-ырас...
Бір өзіңе ауғаны хақ ықылас.
Өлтірсең де бал орнына у беріп,
Сүйдің... сүйдім... мәңгілікке ұмытылмас.

Би «Жас даурен» 8а

Жаниас 1935 жылы Оралда театр трупасын ұйымдастырдық. Өзім жетекшісімін. Кішкентай трупамыз көп уақыт өтпей театр болып құрылды. Осы кезде болар менің ақындығыммен қатар әншілігім, әртістігімнің танылғаны.
Ән « Жыр жасамын жүрегімнен» Сисенова Т., Ахметова А.,11 а
Аудармалары

Жаниас Шығармашылығымның өрлеу жылдары Алматыда газетте, Жазушылар Одағында жұмыс істеп жүрген кезге сәйкес келеді. Осы кезде оқыған шетел әдебиеті, орыс әдебиетіндегі шығармаларымды қазақ тіліне аудару сүйікті ісіме айналды.
СәлімовАлтай.,10а
Қысқы кеш
А. С. Пушкин
Кешкі боран көкті бүркеп,
Қарды үйіріп, соқты үдей,
Жас баладай өксиді кеп,
Кейде ұлып бөрідей.
Тозған лашық қамысындай
Суылдайды кей уақыт,
Түн қатқан бір жолаушыдай,
Қағады әйнек бей уақыт.
Әрі мұңлы, әрі күңгірт
Баспанамыз кеш құрым,
Алдында әйнек болып жым-жырт
Неге отырсың кемпірім?
Кешкі боран көкті бүркеп,
Қарды үйіріп, соқты үдей,
Жас баладай өксиді кеп,
Кейде ұлып бөрідей.
Кел ішелік осындайда
Жарлы жастық серігім,
Ішелікші, ыдыс қайда?
Бір тарқасын шер бүгін.
Ұлы Отан соғысы
Слайд 1941-195 ж.ж. видеокөрініс

Қойылым. Жоғары сыныптар (Жанияс 11 «А», Асият 9 «А», Алтынай 9 «А», Несібелі 9 «А»
Көрініс. Музыкалық фон. Ауыл шеті.
Дариға жан-жағына қарап күтіп тұр.
Қасым (асыға жүгіре келеді): Әбден кетерде, бригадир, тағы да жұмыс тапсырып... Сонымен кешігіп қалдым. Ренжімеші!?.
Дариға: Қойшы... Одан да... Келгім келмеді десеңші.
Қасым: Жо Жоқ! Олай деме. Құстай ұштым саған қарай. (демін басып, отырады)Түнде, тағы да түсімде көрдім. Дәл өңімдегідей! Екеуіміз үйленіппіз. Екеуіміз үлкеен (созып айтады) қалада тұрады екенбіз. Білесің бе? Сен, екеуіміздің балаларымызды қарап, бес бөлмелі үйіміздің түтінін түтеп отыр екенсін. Ал мен, (тұрып, екі қолын созып) бүткіл елге танымал , айтулы ақын болыппын.
Дариға орнынан тұрып күледі.
Қасым: Неге күлесің?! Сенбейсің бе?! Рас айтамын. Тіпті... , сырғаңның сылдырын да анық естідім.
Дариға сырғаларын қолымен ұстап: Болды! (ары қарап, камзолынан кестелі орамал шығарады) Мынау саған. (Дариға кестелі орамалды сыйға тартады. Қасымның қолын алып береді. Ары қарап.) Кешіккенің үшін.
Қасым: Бұл.... Демек .... . Сен екеуіміз.....
Дариға: Оны әлі уақыт көрсетер.
Қасым: Неге уақытқа сілтей береміз? Өз өмірімізді өзіміз шеше алмаймыз ба?
Дариға: Күні ертең не боларын? Кім болжап біліпті?
Қасым: Бәрібір..... Сен менің, жарым боласын.
Фон поезд. Музыка.
Дариға: Қайда жүретін болдыңдар?
Қасым: Қайда баратынымыз өзімізге де беймәлім. Қиыр шығысқа деп естідік,
Дариға: Қорқамын, қорқамын.
Қасым: Қорқатын түкте жоқ. Әлі-ақ жеңіс тойымен екеуміздің үйлену тойымызды да бірге өткізетін боламыз. Менің бар бақытым, бар байлығым өзіңсін. Ал мен сені қалдырып барамын...

Массовка . Дауыс сырттан:
- Жолаушылар жолды босатамыз! (пауза) Тез, тез! По вагонам! - Жолаушылар жолды босатамыз!

Немере: Аман болыңыз ! Апа! Уайымдамаңыз! Амандықпен ораламыз! Сау болыңыз!
Әже: Амандықпен оралыңдар, балам! Жеңіспен оралыңдар!

Ата: Ал балам, аман есен барып, жеңіспен оралыңдар!
Немере: Уайымдамаңыз ата!

Әкесі: - Шырақтарым, Бір- біріңе қамқор болыңдар!
Қыздары: Әкетай, аман есен оралыңыз! Жеңіспен оралыңыз!

Күйеуі: Балаларға ие бол ! Хат жазып тұр! Балалар саған үлкен аманат!
Әйелі: Бізді ойлама! Өзің аман есен орал! Жеңіспен орал!

Дауыс: Уақыт болды! Шығарып салушар болды! вагондарға мініңдер. Тезірек, тезірек! Жүретін уақыт болды! Тезірек, тезірек!

Сағынған кезде , (қалтасынан орамалды шығарып) сен ұсынған орамал, демеу болар маған...
Дариға:
Айнымасқа серіктескен,
Айғағым бұл орамал.
Орамалға тілесең,
Жүрегімді орап ал.
Кіршіксіз ақ орамал.
Көз жасыммен жуғанмын.
Жаным сеніп, қабыл ал.
Бір сен үшін туғанмын.
Жаудан елін қорғауға,
Жарым кетіп барасын.
Бәлкім жарар орауға
Білегіңнің жарасын
Бәлкім осы орамал
Қызыл қанға боялар
Жанға тисе жат хабар,
Жаным шошып оянар.
Отан үшін , сен үшін
Тілеп ұшып барармын.
Аралармын тау ішін,
Сені іздеп табармын.
Қаның жұққан орамал
Сонда бізге ту болар.
Орамалда бір сыр бар.
Кейінгіге жыр болар.
Қасым: -Дариға хат жаз! Хат жазып тұр, Дариға!
Дариға: - Күтемін! Күтемін.

ҚОШТАСУ Мамитова Селина, 10 «А»
-
Қош бол, досым, жақыным!
Уақыт тығыз, сөз қысқа.
Кетіп бара жатырмын
Сұрапыл бір соғысқа.
Тепкісінде соғыстың
Дүние меңзеп жатқанда.
Ажал бейне фашист сұм
Қасқыр болып шапқанда.
Қоян емен, адаммын,
Қайтып бұғып жатармын!
«Жаны тәтті жаманның»,
Сыналар күні мақалдың.
Сыналар күні жігіттің,
Қош бол, досым, сөз қысқа!
Зіл боп ойым, мен кеттім
Сұрапыл бір соғысқа!

Арютов В. 8а
Үстімде сұр шинелім
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды қырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің.

Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қағып-соғып жығар ма
Оңайлықпен мені өлім.

Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Баяғы Қасым, бір Қасым,
Баяғы күйім, өлеңім.

Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Ұмытса да достарым,
Ұмытар ма мені елім.

Жаниас Үлкен зұлмат басталды. Бәріміз соғысқа аттандық. Бұл зұлматта мыңдаған, миллиондаған адамдар жақындарын жоғалтты. Солардың бірі мен болдым. Жан досым Жұмағалиден айырылдым...

Жасмин 9 «А»
Дүние қандай жап-жарық!
Осындай ма еді бұрын да?!
Байқамаппын аңғарып,
Ойдың тапшылығында.

Дүние қандай жап-жарық!
Көңілім неге жабырқау?
Көкірегіме дақ салып
Кетті ме соғыс япырм-ау?!

Дүние қандай жап-жарық!
Жырдың алтын бұлағы –
Жалт-жұлт етіп жатшы ағып,
Жарқылдайын мен-дағы.

Би. Саятова Алуа 9 «А», Пак Никита 10 «А» «Ақ Саулем»

Жаниас Соғыстан кейінгі тұңғыш жинағым «Дауылпаз» деп атадым. Себебі жырларым дауылға толы еді. Өлеңдерімнің еліміздің қаһарман батырларына арнаған арнауларым бір төбе болды.
Литвинова Ева, 10 «А»
Бауыржан

Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,
Теңселтіп темір топан дүние жүзін.
Бетіне туған жердің өшпестей ғып,
Ер жазды өз қанымен жүрген ізін.

Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін,
Атағы атын алып келді бұрын.
Үстінде туған елдің тұрды толқып,
«Бауыржан Момышұлы» деген бір үн.

Ақынның ақ сұңқардай жүрегі бар,
Алқындым бір көруге болып құмар.
Көктемде күркіреген күн дауысын
Жер естіп, желкілдеген гүл ынтызар.

Қан майдан қаталатып, шөлдегенде,
Кез болдым жалтылдаған екі көлге.
Көл емес көздері ғой Бауыржанның,
Елестеп мың көрінер бір көргенге.

Бойы бар бізден гөрі биігірек,
Тіп-тік боп абыройын тұрған тіреп.
Топ жара көрінсін деп екі иығы,
Туған ел жаратыпты оны ірірек.

Ойы бар бірде дауыл, бірде жалын,
Теңіздей тебіренткен терең жанын.
Алғандай бойға жиып бар қуатын,
Кешегі өзі кешкен уақиғаның.

Кейде ол көк семсерлі генералдай,
Кейде ол күй көңілді ақын жандай.
Өмірдің ол шеті мен бұл шетіне
Өресі өрен ойдың тартылғандай.

«Батырым – Бауыржаным» дейді халқым,
Алып ұш, ақын жүрек ердің даңқын.
Келешек келе жатыр көремін деп,
Тік басып туған жерде жүрген қалпын.

Ағамыз атағына асқар тау тең,
Жау келсе – жаубүйректей етер жәукем,
Емендей ерегісер сұрапылмен,
Басымен бұлтты жайпап біздің Баукең!

Қойылым
Бірінші көрініс
Түн іші. Шекара. Ұйқылы-ояу отырған жалғыз солдат.
Алдынан көлбелеңдеп ақ көйлек киген әдемі қыз өтеді.
Солдат: Дамир 6б Япыр-ау мынау сол қыз ғой. Бұл қыздың елесі мені неге мазалайды... Қор қызындай әдемілігін айтсаңшы... Өзін сахнада көрсең Жібек немесе Айман дерсің... Қиялға елтіп кетіппін ғой (күледі).
Ал сол кездегі кейпін көрсең, шошисың. Азып, тозып, өлуге шақ қалыпты. Көрер жарығы бар екен. Сол күні біз тауып алмасақ, өліп қалар ма еді. Кім біледі...
Бұл құпия қыз кім дейсіз ғой? Онда қыздың оқиғасын тыңдаңыз.
Екінші көрініс
Сахнаға әдемі қос бұрымын ұстап, күліп Ләзат шығады. Жанында 2-3 құрбысы бар. Ішінде Ләзат ерекше. Үшеуі сылқылдап күліп, сахнадан жүріп өтеді.
Бірінші қыз: Алтынай 9а
Кеше менің Бұлбұл жеңешем маған шашбау жасап берді. Сондай әдемі!
Екінші қыз: Азиза, 9а
Көрсетсеңші, неге шашыңа тақпадың?
Бірінші қыз: Көрімдіктеріңді дайындаңдар.
Ләзат: Асия,9а
Қара мұны, бір шашбау үшін бізден көрімдік алады.
Барлығы күледі.
Үшінші қыз: Тина,9а
Қыздар, түстен кейін гүл теруге барайықшы, қырдың гүлдерін сағындым. Көрімдігің гүлден болады...
Сахнадан екі жігіт пен кемпір мен шал қыздардың жолдарына қарап тұрады.
Бірінші жігіт: Димаш,8а
Ләзатжан, маған бір арман болдың ғой! Күндіз ойымнан, түнде ұйқымнан айырдым. Ләзат, маған тым болмаса бір рет қарашы!
Екінші жігіт:Эдгар ,8а
Қыздар, рұқсат етсеңдер, сендерге гүл терісейін, қыздар, қыздар. (Қыздар күліп кетіп қалады) Ләзат... Ләзат...
Шал қыздардың соңына аңқиып қарап тұрады.
Шал: Ильхам,8б
Анау Әбілдің қызы ма? Бой жетіп қалыпты-ау, қарғам. Жүзі жарқын екен.
Кемпірі: Адиля,8б
Ей, шал, қыздарға қараған неңді алған. Пайғамбар жасынан асып мұны қара! Бар да, атыңды ертте, шаруаға кіріс!
Шал есін жинап кетіп, шапшаң басып кетеді.
Кемпірі: Алжыған шал, қарай гөр өзін! (Ұрысып соңынан кетеді)
Үшінші көрініс
Сахнада әдемі үй. Көрпенің үстінде Жүсіп жатыр. Ой үстінде. Көрпе үстінде ары-бері аунайды.
Жүсіп: Кажимуратов, 10а
Ей, шақырыңдар, маған анау шабарманды.
Бір әйел жүгіріп кетеді. Жалшы шал келеді.
Шабарман, жалшы шал: Сабыр
Ассалаумалеейкум. Қолын кеудесіне қойып келеді.
Жүсіп:
Ей шал, анау Әбілдің үйіне барып, қызы Ләзатты маған айттыр. Менің екінші тоқалым болады. Алтынмен аптап, күміспен күптейді де. Менің әйелім болса, арманы жоқ шығар. (Тарқ-тарқ күледі) Жас иісті сағындық...
Шал басын изеп шығып кетеді.
Төртінші көрініс
Әбілдің үйі. Үстел басында Әбіл, әйелі, Жалшы шал отыр.
Шабарман, жалшы шал: Нияз Сабыр,9а
Әбеке, менің келген бүйімтайым осы. Жәкеңнің сәлемдемесін жеткізу. Қыз баланы құтты орнына қондыру ата-ананың міндеті ғой. Жәкеңдей адамға барса жаман ба, ааа? Ойланыңыз. Жегені алдында, жемегені артында болады.
Әбіл:Искаков А.,8а
Жә, тоқтатыңыз. (Қабағын түйеді). Қызымның көңіліне қаяу түскенін қаламаймын. Өз еркі біледі. Мәжбүрлеу менде жоқ. Қызымның қалауы біледі. Жүсіп мырзаға солай деңіз.
Сырттан Ләзат көріп, бетін басып, жүгіріп кетеді. Шал да басын изеп шығып кетеді.
Бесінші көрініс
Жүсіптің үйі.
Жалшы шал: Жәке, айтқаныңды Әбілге жеткіздім. Айтқан сәлеміңізді толық жеткіздім.
Жүсіп: Е, не дейді. Құдалыққа қашан барамыз? (Саспай аузына тамақ апарып, жайланып отырады.
Жалшы шал: Жәке, Әбіл «Қызымды мәжбүрлей алмаймын. Өз қалауы біледі. Еркінен тыс, күйеуге бермеймін» дейді.
Жүсіп қолындағы тамақты кейін қойып, ашуланып орнынан тұрады.
Жүсіп: Ана бейшара Әбіл солай менің бетімді қайтарып жатыр ма?! Қураған кедей құтырған екен! Қызын маған байға бергенге қуанбай ма? Көресін көрсетемін. Қызын тоқалдыққа алып осы үйдің күңі етемін! (Сөздерін сахнада ары-бері жүріп айтады)
Алтыншы көрініс
Әбілдің үйі
Ләзат: Әке ол шалға менен не керек? Өлсем де шықпаймын.
Әбіл: Балам, ол арам шалға мен де сені өлсем де бермеймін. Бірақ оның қолында билік бар. Қалағанына қолын жеткізіп үйренген бәле.
Ләзат: Әке, сонда ол шал мені алмай қоймайды дегіңіз келе ме. Жоооқ, мен оған әйел болмаймын. Бұған көнгенше өлгенім артық. Әке, бұл құдайдың не қылғаны. Неге мені былай жазалап жатыр.
Әбіл: Құлыным олай деме. (Барып құшақтайды)
Ләзат: Әке, бала күнімнен анамнан айырып, жетімдікті көрдім. Ендігі көрмегенім кәрі шалдың аяғын сипап, тоқал болу ма?
Әбіл: Қызым, қой енді. Көзіңнің жасын тый. Жаратушым, сенің де көз жасыңды көрер...
Қызын құшақтап сахнадан алып кетеді.
Жетінші көрініс.
Ләзат: Жоооқ, мен бұған төзе төзе алмаймын. Бұл қақпас мені алмай тынбас. Онымен күресуге әкемнің де, басқаның да қауқары жетпес. Кетуім керек. Тауды ассам атамекенге жетемін. Атамекен, атажұрт сыртқа теппес. Жүсіптің қатыны болып қорланғаннан арттық қорлы көрмеспін. Құдай мені көрсе, сол жақта бағымды ашар... (Сөйлеп жүріп, буынып, түйінеді.)
- Қош бол, туған ел! Балалығымды өткізген туған өлке. Қимаймын, қимаймын. Әттең, басқа амалым жоқ. Әкешім, кешір мені. Жөндеп батаңды алып, қоштаса да алмадым. Қош! Қош!
Қимай-қимай артына қарап, жылап сахнадан кетеді.
Жаниас - Бейбіт өмір басталды. Өзімнің туған елімді туған халқымды мақтан тұттым. Жүрегімді Отаныма деген шаттық сезім билеп, "елім бар, Қазақстан" деген өлеңімді жаздым.
Мирошниченко Н.,11 а
ҚАЗАҚСТАН
Елу жаста «Елім бар деп айта алмай»,
Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай.
Елім бар деп айтатын бір туды күн,
Елім бар деп шырқатайын мен бүгін.

Қойсын енді Қорқыт күйі сарнамай,
Атам Абай арманыңа бер тыным.
«Гүлжазира», «Жерұйықтан» кем бе екен,
Сен таппасың, біздер таптық жер тыңын.
Мынау дала біздер өскен кең мекен –
Қызыл тулы ел – Қазақстан дейтұғын!

Көкше, Баян, Қарқаралы, Алатау,
Тоңы – алтын, түгі – торқа жер мынау!

Қарағанды қара қазан қайнаған,
Елдігіме етер шүбә қандай жау.
Дүние байлық тұрған жайнап айналам,
Дүрсілдейді сонау Балқаш жағасы,
Баршы өзің, көңіл қойып тыңдашы!

Тұр ғой соғып туған дала жүрегі.
Кім қызықтап мақтан етпес бұл жерді,
Бақытыңа қуан қазақ баласы,
Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,
Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз;
Ел намысын ешбір жауға бермейміз,
Өмірді алға бастырамыз, өрлейміз!
Сертің осы азат жігіт, азат қыз!

Кемпір көрем көк өзендей күй төккен,
Шалды көрем жыр ұшырған көкіректен.
Қызымыз бар құралай көз, қара шаш,
Күлкісі – күн, сайрап кетсе – сандуғаш,
Жігітіміз барабар жас түлекпен.

Көк құрыштан құйылғандай бір елміз,
Әрі биік, әрі кеңбіз, тереңбіз.
Әніміз бар асқақ жалау сықылды,
Көтерілсе – тік көтерер жұртымды,
Біз дүниеге мәңгілікке келгенбіз.

Елу жаста елім бар деп айта алмай,
Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай.
Елім бар деп айтатын бір туды күн,
Елім бар деп шырқатамын мен бүгін,
Еркелеймін кең даламда баладай.

Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!

Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған,
Бұл далаға жылап келіп уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
Хор «Туған жер»

Жаниас Өмір бір қас-қағым... Балалық шақ, жастық дәурен ... көзді ашып жұмғанша өтті....
Кусаинов А.,11а
Сөзім жыр, лебізім – күй ерке едім,
Өз жерім, өз елімде еркеледім.
Өмірдің алтын сарай аспанына
Қиялым қақты қанат ерте менің.

Тоқтамас өмірімнің сағатындай,
Жүрегім енді қанша соғар тынбай.
Тыншыр ма ақтық рет бір таопынып,
Мерт болған балапанның қанатындай.

Бір күні от өмірім қалса өшіп,
Қайран ел, туған жерден кетпес көшіп.
Торқадай жамылып ап топырағын,
Жатармын өз жерімде бір төмпешік.

Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың!

1. Жаниас, 11а «Өзге емес өзім жайымда...»
2. Өмірге ендім еңбектеп
3. Кажимуратов Расул,,10а «Жайық» өлеңі –
4. Лукаш С., 8 «Б» Сақыпжамал
5. Кусаинов Ануар,11а Фатимаға жазған хаттан
6. Утеулиев Г., 10а СҮЙДІМ ДЕДІҢ

Би Жасмин,9а

Ән « Жыр жасамын жүрегімнен» Сисенова Т., Ахметова А.,11 а

7.Cәлімов .,10 а Қысқы кеш
8. ҚОШТАСУ Мамитова Селина, 10 «А
9. Арютов В. 8а Үстімде сұр шинелім
10. Жасмин 9 «А»Дүние қандай жап-жарық!

Би. Саятова Алуа 9 «А», Пак Никита 10 «А» «Ақ Саулем»

11. Литвинова Ева, 10 «А» Бауыржан
12. Перетятько А, 10 а ҚАЗАҚСТАН
Ән «Туған жер» хор
Сөзім жыр, лебізім – күй ерке едім, Тәрбие.орг сайтынан «Бір ғасырдың асылы » әдеби-сазды кештің сценарийі Сыныптан тыс жұмыс материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Ильбитаева Айнур Жанабаевна

«Тұран» мектеп-лицейінің қазақ тілі кафедрасы Алматы қаласы қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar