Күз кереметі!

  • Жүктеулер: 1
  • Көрсетілім: 656
  • Сыныптан тыс жұмыс
  • 18/Апр/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 18673


Тақырыбы: Күз кереметі.
Сабақтың мақсаты:
1. Күз мезгілінің ерекшеліктерімен таныстыру, жақсы көңіл-күй қалыптастыру.
2. Тренинг арқылы балаларды шапшаңдыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа тәрбиелеу.
3. Оқушының ой-өрісін кеңейту, сипап сезу, дәм сезу мүшелерін дамыту.
Көрнекі құралдар: күзгі жапырақтар, жемістер, көкөністер, күзгі көрініс, ойындар.
Сабақтың түрі: тренинг.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ.Шаттық шеңбері.
- Балалар, бізде бүгін ерекше күн.
- Бізді көруге қонақтар келіпті. Келген қонақтарға сәлемімізді жолдайық:
Күннің көзі ашылды,
Көкке шуақ шашылды.
Құтты қонақ келіпті,
Төрімізге еніпті.
Ал қанекей бәріміз!
Сәлем дейік үлкенге
Сәлеметсіздер ме Апайлар!!!
- Енді, мына бөлмемізге қараңдаршы? Жылдың қай мезгілін суреттеп тұр.
-Күз мезгілін.
-Оны қалай білдіңдер?
-Шашылған жапырақтардан
-Олай болса бәрің бері келіңдер. Шашылған жапырақтарды жинаймыз. (оқушылар тақтаға шығып шашылған жапырақтарды жинайды).
-Қолдарыңдағы жапырақтарға қараңдаршы. Бұл даладағы жапырақтардан өзгеше сияқты. Солай ма?
-Бұл жапырақтарда әріп пен сан жазылыпты.
-Олай болса сол жапырақтарды сандардың ретімен орналастырайықшы. 1-ші қандай сан тұрады?
-1 саны кімнің қолында? Енді сендер қолдарыңдағы жапырақтарды сан ретіне қарай маған беріп тұрыңдар. Мен ретімен іліп тұрамын. (оқушылар 1-ден 11-ге дейінгі сандарды ретімен береді)
-Балалар, сендер сандарды ретімен дұрыс қойдыңдар. Енді жапырақтардың әріп жағын ашайық не шығады екен?
-Қане, бәріміз бірге дауыстап оқиықшы, қандай сөйлем шықты?
-Бүгінгі сабақтың тақырыбы «Күз кереметі» деп аталады екен.

Тәрбиеші:
-Күздің қандай ерекшеліктерін білесіңдер?
-Осы күз мезгіліндегі ауа-райы қандай болады?
-Күз мезгілінде жаңбыр жауып, күн суытады, жапырақтар сарғайып жерге түседі, бау-бақшадағы өнімдерді түгел жинап аламыз, құстар жылы жаққа ұшып кетеді.
1. «Мені тыңда»
Мақсаты: есту арқылы дыбысты ажырата білу, ауа-райы құбылысын сезіну.
1. Ауа-райы құбылыстарының дыбыстарын тыңдату. Ненің дыбысы екенін айту.
2. Ауа-райы құбылыстарын қимылмен көрсету.
Жаңбыр жауды (аяқпен тарсылдатады)
Жел соқты (балалар алақандарымен беттеріне желпіп тұрады)
Күн суытты (үстерін уқалайды)
Жапырақтар жерге түсті (алақандарын соғады)
2.Жаңбыр тамшылары: «Шешуін тап»
- Күзде не жиі жауады?
- Жаңбыр.
- Дұрыс. Ендеше мына тамшылардағы тапсырмаларды орындайық.
-Мен қазір сендерге жемістер мен көкөністер жайында жұмбақтар жасырамын. Шешуін дұрыс тапсаңдар сол затты сыйлыққа беремін.
1.Бойын жерге жасырған,
Бұрымы бар жасылдан.
(сәбіз)
2.Қырық қабат орамалға,
Оранады ол бала.
(орамжапырақ)
3.Сыртым қызыл өзім-ақ денем доптай,
Шешіндірсең жылатам ұрмай - соқпай.
(пияз)
4. Сырты жасыл қатты,
Іші қызыл тәтті.
(қарбыз)
5. Ағайынды бәрі:
Шықса-көк, түссе-сары.
(жапырақ)
6.Үстіне тігіп көк шатыр,
Астында қызғылт дәу жатыр.
(қызылша)

7.Іші толған шәрбат
Дәмі қандай әйбат
Үзесің бірден жүзін
Оның аты-...(жүзім)

8.Дөп-дөңгелек сары
Ішінде бар дәні
Қызығасың көріп
Оның аты-...(өрік)

9.Жапырақты тасалап
Өсетін жері бақша-бақ
Күрең қызыл шіркін ай
Оның аты-...(құлпынай)

10.Бір сабақта көп түйме
Жей алмайсың көк күйде
Санап қара қанша
Оның аты-...(шие)

-Жұмбақты өте жақсы шештіңдер. Жарайсыңдар!
3. «Салат» ойыны.
Мақсаты: оқушылардың топқа біріктіру.
- Балалар, жемістерден, көкөністерден салат жасап жейсіңдер ме?
- Ендеше музыкалық әуен ойнағанда бөлменің ішінде араласып жүреміз. Ал тоқтағанда үш топқа үшеуден,төртеуден бірігеміз.
Ойын: «Дәміне қарай тап!»
Ендеше осы жемістер мен көкөністердің дәмін татып көрейік.
Шарты: балалар көздерін жұмып тұрып дәм арқылы қандай жеміс немесе көкөніс екенін табу керек.
Сергіту сәті.
- Ал балалар сәл сергіп алайық.
Тербеледі ағаштар,
Алдымнан самал еседі
Кіп-кішкене ағаштар
Біп-биік боп өседі
Ағаштар тербеледі (екі қолды созып оңға, солға тербелу)
Қаттырақ тербеледі (екі қолды жоғары созған калпы қаттырақ оңға, солға тербелу)
Кіп-кішкентай ағаштар (аяқтарын бүгіп, төмен отыру)
Үлкен болып өседі (қолды кең жаяды)
Биік болып өседі (қолды биікке (жоғары) көтереді)
4. «Күзгі бақ»
- Балалар, қазір біз күзгі бақтағы жемістер мен көкөністерді жинауға барамыз. Ол үшін біз екі топқа бөлінеміз. «Алтын күз» және «Жомарт күз» болады. «Алтын күз» себетке жемістерді жинайды, ал «Жомарт күз» көкөністерді жинайды.
5. Лездеме.
 Қазір жылдың қай мезгілі? (күз)
 Күз айларын ата (қыркүйек, қазан,қараша).
 Күзде жиі жауатын жауын-шашын (жаңбыр).
 Күзде құстар қайда ұшып кетеді? (жылы жаққа)
 Сабақ қай жыл мезгілінде басталады? (күз)
6. Қорытынды.
Оқушыларға сары, қызғылт-сары, қоңыр түсті жапырақтарды үйлестіремін. Оқушылар ұнаған түстерін таңдайды (таңдаған түстері олардың сабақтан алған әсерлерін білдіреді).
-Балалар, жапырақтарыңды жоғары көтеріп келген қонақтарымызға «Сау болыңыздар!» дейміз. Тәрбие.орг сайтынан Күз кереметі! Сыныптан тыс жұмыс материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Үмбетова Қымбат Болатқызы

БҚО Орал қаласы, Облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаты Тәрбиеші

Пікірлер: 0

avatar