Рахмет саған, Әліппе!

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 554
  • Сыныптан тыс жұмыс
  • 22/Апр/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 18792


«Қарабұлақ орта мектеп-бақшасы» КММ

Ертеңгілік:



1 «Ә» сынып

Сынып жетекшісі: Гульнара Анвархановна

2015-2016 жыл

Рахмет саған, Әліппе!
( ертеңгілік)
Ертенгіліктің мақсаты: Оқушылардың білімдерін бекіту, олардың алған білім, білік дағдыларын көрсету; тілін дамыту, сөздік қорын молайту:ұқыптылыққа, жинақылыққа тәрбиелеу бүгінгі өтілетін шараның мақсатын көздеді.
Көрнекілігі: «Қош бол, сүйікті Әліппем!», «Әліппем - білім бастауы» сөздері жазылған плакаттар, суреттер, әріптер, сөздер.
Барысы: (Мызыка ойналып,оқушылар кіреді.)
Мұғалім: - Армысыздар, құрметті ата-аналар, ұстаздар, қонақтар! Бүгін сіздер 1 «Ә» сынып оқушыларының әзірлеген «Рахмет саған, Әліппе!» атты ертеңгілігін тамашалағалы отырсыздар. Ш тұңғыш рет қолдарына ұстап, бетін ашқан оқулығы - Әліппе. Бұл кітап бүкіл ғылым дүниесінің алғашқы соқпағы, білімге бастайтын алғашқы жолы. Әліппе 42 әріпті танытып, оқуға, жазуға үйретіп сауаттылықтарын арттырды. Сондай жағдайға жеткізген, сүйікті Әліппемен бүгін қоштасқалы отыр.
- Бала деген шіркін-ай балдай екен,
Тәттілігі жая мен жалдай екен.
Арып-ашып даладан келгеніңде,
Бал иісін таттырып алдайды екен, - деп Кенен атамыз айтқандай, кішкене бүлдіршіндердің бал тіліне кезек берейік.
.Армысыздар жас достар,
Армысыздар ата-ана.
Болашаққа жол бастар,
Балаң келді ортаға.
2.Білім деген ғажаптың,
Әліппесін меңгерген.
Болашағы қазақтың,
Басталады біздерден.
Мұғалім:- Балалар, мына сұраққа жауап беріңдерші
Іші толған әріпке,
Білімдегі жарық не?
Оқушылар: - Болашаққа жол ашқан,
Ол сүйікті Әліппе.
Мұғалім: - Олай болса, бәрімізге қымбатты дос «Әліппені» ортаға шақырайық.
Оқушылар:- Әліппе, әліппе, әліппе!
(Ортаға әліппе шығады.)
Әліппе:Таудай болса талабың,
Айтары көп әріптің.
Қуанышы баланың-
Қуанышы халықтың.
Жақсы білім көрімдік,
Болсын бізге халайық.
Не үйреніп, не білдік,
Қане ортаға салайық.
Сөзімізге құлақ салыңыз,
Бір серпіліп қалыңыз.
Әліппеге арналмақ,
Бүгінгі жыр әніміз.
Қолыма кітап тигеннен,
Таудай болып үйге енгем.
«Анашым» деген жазуды,
«Әліппеден» үйренгем.
Әріптің біліп қанығын,
Өмірдің көрдім анығын.
«Әке» деп те жазуды,
«Әліппеден» таныдым.
Білем байтақ даланы,
Білем үлкен қаланы.
«Әліппеде» бәрі тұр,
Білем жақсы баланы.
Әскерде жүр өз ағам,
Арнап жақсы сөз оған,
«Әліппеден» үйрендім,
Хатты өзім жаза алам.
Орындалып тілегім,
«Әліппеден» түледім.
Қызық-қызық енді мен,
Ертегі айта білемін.
Шеше аламын жұмбақты,
Ажыратам жан-жақты.
Білім беріп, «Әліппем»,
Жүрегіме шам жақты.
Қолымнан мен тастаман,
Артық көрем басқадан.
Барар жолды білімге,
«Әліппеден» бастағам.
7.Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріп те.
Оқимыз қазір ертекті,
Үйреткен оны Әліппе.
8.Бұрқыраған білімнің,
Қайнар көзін көріп пе ең?
Том-том қалың кітаптың,
Басы болар Әліппем.
9.Бар кітапқа бас болған,
Әліппе – ғылым анасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы.
10.Енді біз жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза боп саған жүреміз,
Сүйікті біздің Әліппе.
«Әліппе» деген - алтын жол,
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес, ауыр жол,
Тырысып бақ намысқа.
13. Әліппем менің, Әліппем,
Сені қолға алып мен.
Есігін аштым білімнің,
Ертеңгі сәуле жарықпен.
Хор: «Әліппе»
Мұғалім : Әріптерді қатар қойып,
Алфавитті құраған.
Оқу, білім өнерді,
Шамшыраққа балаған
Кім екен ол данышпан?
Бәрі: Ұлы Ыбырай атамыз,
Ұстаздардың ұстазы.
19. Ұстаздардың тұңғышы да,зоры да сен,
Халықтың кітап берген қолына сен.
Қазақтың қара түнек аспанынан,
Ақ жұлдыз ағып өткен жолың әсем.
20. Айтпайсың ба дәл қазіргі еліңе өкпе,
Болашақ етеді аңыз сені көпке.
«Ыбырай Алтынсарин» деген шақта,
Бар мектеп көтереді қолын көкке.
21.Данышпан даласына сеніп туған,
Өмірін халық үшін беріп туған.
Еліне еңбек еткен деген сөздің,
Алғашқы мағынасын сен ұқтырған.
Әліппе - Сендер екі тоқсан бойы көп еңбек еттік. 42 әріпті түгел жаттап алдыңдар . Оқуды, жазуды, санауды үйрендіңдер. Осының бәрін үйреткен кім?
Бәрі: Мектеп, мұғалім, әліппе, ата-ана.
Келгенімде алдыңа,
Қызыл арай гүл алып.
Жақын тарттың жаныңа,
Шәкіртім деп қуанып.
16.А-ны айтқанда дауысым дірілдейді,
Ұстазым көз алдымда күлімдейді.
Күн сайын әріптердің атын біліп,
Сөз оқимын айырып буынды енді.
17.Ең алғаш қолға алғанда Әліппені,
Қызығып қарай бердім әріптерді.
Мен үшін сыры жұмбақ бұл кітаптың,
Ұстазым маған кілтін алып берді.
6.Сипадың да басымнан,
Әліппені ұсындың.
Бақытымның осыдан,
Басталғанын түсіндім.
Әліппе: «Әліппе» оқуға
Үйреткен әр күні
Кім атын атай ғой?
Бәрі: Ол біздің
Мұғалім апай ғой.
Әліппе: Үйретіп санауды,
Көп еңбек сіңірген
Кім атын атай ғой?
Бәрі: Ол біздің
Мұғалім апай ғой.
Хор: « Мектебім.»
Мұғалім: Ал осымен әріптер,
Шежіресін бастайық
Басшысы әріптердің,
А-дан сөзді бастайық.
А – Атыраудың айдыны,
Алтай таудың айбыны.
Астанамыз - Астана,
Алматымыз - бас қала.
Б - Бейбітшілік бар адам жүрегінде,
Бейбітшілік бар адам тілегінде.
И - Иба, әдеп, ақыл-ой,
Имандылық басы ғой.
Иісі қазақ баласын,
Инабатты дейді ғой.
Ө - Өнер іздеген өсер,
Өсек іздеген өшер.
С - Сыйламаған аз досын,
Сыйлай алмас өз басын.
Е - Еріншектің ертеңі,
Елге таныс ертегі.
Т - Тәп-тәтті нан таба нан,
Таба алмай қалдым табадан.
М - Мен көп тердім мақтаны,
Марат мені мақтады.
Н - Нағашым өтінді Назардан,
«Науат әкел» деп базардан.
О - Орындықта отырып,
Оқулықты оқылық.
Р - «Р-рр» деп бір ит жолықты,
Раушан одан қорықты.
Ұ - Ұл атану ұрыншақ,
Ұят екен ұғынсақ.
Щ – «Щёткамен тазарт тісіңді»
Деп ағам маған бұйырды.
Ы – Ырысбек сүйер жұмысты
Ықыласпен жуды ыдысты
І – Ізбасар болар ініміз,
Ісінен оны біліңіз.
Х –Хат жолдады Ахмет
«Хакім саған рақмет!»
Д - Дәмежанға дәрігер,
Дәрі беріп әбігер.
У - Улы жыланды Уәлі,
Уақ тас алып қуады.
Мұғалім: - Балалар сендер әліппемен бірге қандай негізгі пәндерді оқыдыңдар?
Бәрі: Математика, Дүниетану, Ән, Бейнелеу.
12 – Бәріміз ән сабақта тамашамыз.
Үкілі бөрік киіп жарасамыз.
Апайға ән үйреткен риза болып,
Үйді-үйге өлең айтып тарасамыз.
13 – Шіркін сурет сабағы,
Жайлауды еске салады.
Мың құбылтып бояймын,
Туып өскен даланы.
14 - Әр сабағы мектептің,
Әдемі ғой біздерге.
Риза болып шығамыз,
Мұны үйреткен сіздерге.
Бәрі:– Рахмет сіздерге ұстаздар!
22.Есептеуге жүйрік болсаң жасыңнан,
Математикаға орын берсең басыңнан.
Барлық ғылым саған үйір болады,
Досың солар табылатын қасыңнан.
23.Қолға қалам алайық,
Қанша сан бар, жазайық.
Қарап тұрмай, сандарды,
Қайта-қайта санайық.
0 – Дөңгелекке ұқсайды,
Доп сияқты, ұшпайды.
Досым нөлді О дейді ,
Десем «бұл нөл», ұқпайды.
1 – Біздің үйде бір тауық,
Бір жұмыртқа жүр тауып.
Бір сиыр бар қорада,
Бәтес тәтем жүр сауып.
2 – Екі аяқпен жүремін ,
Екі көзбен көремін.
Екі қолым бар менің,
Екеу құлақ, білемін.
3 – Үйімде бар үш қалам,
Үшеуінде ұштағам.
Үш досымды салдым мен,
Үш балықты ұстаған.

4 – Төрт дөңгелек арбада,
Төрт аяқ бар малда да.
Тауыса алмай бидайды,
Төрт тышқан жүр қамбада.
5 – «Бестік» деген бағаны.
Бақыт күнде алады.
Бәрі жақсы көреді,
«Беске» оқыған баланы.
6 – «Алақай!»-дер келді күн,
Алтыдамын мен бүгін.
Алты жасқа келмекші,
Алғы аптада енді кім?
7 – Жеті саны киелі,
Жұрттың бәрі біледі.
Жеті жасқа жеткендер,
Жығылмай-ақ жүреді.
8 – Сен де, мен де баламыз
Сегіз санын саламыз.
Сегіз деген екі төрт,
Сегіз жаста ағамыз.
9 – Тоғыз жасқа келгенім
Тоғыз жылды көргенім.
Тоғыз жаста тәнті еткен,
Талабымды көр менің!
10 – Он жыл,он жас-он деген,
Он жас кіші он менен.
Онды жаза аламыз
Он – тұрған бір нөл менен.
11 – Біздер санай білеміз,
Білмегенге күлеміз.
Біреу, екеу, үш, төрт деп,
Бес, алты деп жүреміз.
Мұғалім: Біздің әліппені жақсы меңгеріп, сауатты оқып, жазуымызға ата-аналардың қосқан үлесі мол. Қане, бәріміз ата-аналарға рахмет айтайық.
Бәрі: Рахмет саған ата-ана!
Ән: «Ақ мамам»
Мұғалім: Әліппені оқып,білім алдыңдар. Көп нәрсені үйрендіңдер. Қазақстанның болашағы сендерсіңдер. Әр баланың қиял-арманы бар. Солар орындала берсін. (Ақырын музыка ойналып тұрады)
Мен есепші боламын.
Мен барлық жұмысшыларға, зейнеткерлерге дер кезінде, жеткілікті етіп айлық табыстарын беруді қарастырар едім.
Мен әкім боламын.
Барлық ауыл, қалалардағы балалар бақшасын тегін қылар едім.
Мен білім министрі боламын.
Мектептегі бастауыш сыныптарға компьютер әперген болар едім.
Мен дәрігер боламын.
Кез- келгн аурудың алдын алып, балалардың денсаулығына көп көңіл бөлер едім.
Мен мұғалім боламын.
Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге өз үлесімді қосар едім.
Мен полиция қызметкері боламын.
Еліме адал қызмет етемін.
Мен кәсіпкер боламын.
Ауылдағы ағайынды азық-түлікпен қамтамасыз етер едім.
Мен Біліммін.
Сендердің айтқандарыңның бәріне жан-жақты оқу, білім, мол тәжірибе қажет. Ендеше, осы әліппеден алған білімдеріңді болашақта толықтырып, армандарыңа жетіңдер.
15.Таныстырған 42 әріппен,
Қош бол, менің қасиетті Әліппем!
Сенің арқаң оқи, жаза білгенім,
Сауатты адам санатына кіргенім.
17.Біз енді Әліппемен қоштасамыз,
Жолына гүлмен қоса жыр шашамыз.
Білімнің бұлағынан сусындауға,
Көптеген кітаптармен достасамыз.
18.Әліппем,менің әліппем,
Өмірді келем танып мен.
Қайталап айтам 1000 рет
Өзіңе көп-көп рахмет
«Әліппемен» қош айтысып қаламыз,
Енді қолға басқа кітап аламыз.
Ата-ана қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне балаңыз.
Қош бол құтты «Әліппем!»
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.

Әліппе: Балалар, мен сендерге ризамын. Енді сендер ана тілін де жақсы оқитын болыңдар. Ал балалар, сендер кішкентай болсаңдар да мен үшін кіші емессіңдер. Мен сендерді кіші деп аямадым. Бар білімнің басы болғандықтан бойымдағы бар білімді сендер білсін деп сендерге қатал қарадым. Қазақта айтады «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деп. Енді осы білімдеріңді ары қарай жалғастырыңдар. Білім іздеу жолында ешқашан шаршамаңдар. «Білекті бірді,білімді мыңды жығар» деген. Мен сендерге сенемін. Қош сау болыңдар!
Бәрі:Қош сау болыңыз.
Біздердің өнер – білімдерімізді көріп , Әліппе риза болып кетті. Енді біз бұдан былай басқа оқулық оқитын боламыз. Ол ана тілі. Ортаға ана тілін шақырайық
Ана тілі: Туған елдің тілімін,
Ақылыммен танылам.
Түсіндірер бәріңе,
Ана тілі пәнімін.
Ана тілім-елдігім,
Ана тілім-ерлігім.
Ана тілім болмаса,
Бүтінділмес кемдігім.
Бүгіннен бастап сауатты балалар білімдеріңді әрі қарай мына менің арқамда дамытып, тереңдете түсесіңдер. Ана тілі біздің туған анамыз
Анамызды сыйлап , бағып қағамыз
Ана тілін бағаласақ қалай біз
Өзіміздің сондай болмақ бағамыз

Ана тілін арың бұл ,
Ұятын болып тұр бетте
Өзге тілдің бәрін біл
Өз тіліңді құрметте!
Ән: «Ана тілім»
Мұғалім: Әліппені бітірді балаларым,.
Әліппеден нәр алған даналарым.
Өзі жазып – оқитын халге жетті,
Құтты болсын қадамы балалардың!
Балалардың білімі құтты болсын,
Денсаулығы әрқашан мықты болсын.
Білімдерін әрі қарай дамытатын,
Ерінбейбін еңбекқор мықты
Дей отырып: Рақмет саған,Әліппе атты ертеңгілікті екінші бөлімін бастауға рұқсат етіңіздер!!!
.Концерттік бағдарлама
Құттықтау сөз кезегін мектебіміздің директоры : Мубаракова К.М
Келесі сөз кезегін ата – ана комитетіне берейік

1-жүргізуші:
Армысыздар, оқушылар, ұстаздар,
Білім іздеп, инемен құдық қазғандар.
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
Би биленіп, сіздер үшін ән де бүгін шырқалар.

2-жүргізуші:
Хош келіпсіз ақ пейілді, ата-анам,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамған.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған,
Ән де айтып, би-билейді балдырған .-дей отыра кезекті «Рахмет саған, Әліппем» атты ертенгілігіміздің «Бақытты балалық» атты екінші бөлімін ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.

Концерттік бағдарлама:
1. Ән : Ажар мен Айзеренің орындауында

Балдай тәтті бйшілерді шақырайық,
Қошеметпен, құрметпен қарсы алайық.
Бишілерімізді ырғалтып би билетіп,
Қол соғып биік шыңға самғатайық
2. Қыздардың орындауында «Қуыршақ» биін қабыл алыңыздар

3. Ән «Мен әдепті баламын». Орындайтын: Арай, Балауса,
Нұрай,Толғанай С, Толғанай О
4. Би «Қара жорға» Ұлдар

5. Ән «Мен қазақтың баласымын»: Жансая, Жандос,
Жангелді, Даниел, Бегім, Нұрбек

6. Би «Асатаяқ» Назерке, Гүлім, Балауса, Толғанай С, Арай

7. Ән « Алақай ». Орындайтын: Жігер, Елдар, Балауса,
Толғанай

8. «Страна чудес» Қыздар

9. Ән

10. «Сәбилер» биі валсь

Би билеп ән мен күйде аяқталды
Уақытта біраз жерге таяп қалды
Бүгінгі «Рахмет саған, Әліппе» мерекесі аяқталды. Тәрбие.орг сайтынан Рахмет саған, Әліппе! Сыныптан тыс жұмыс материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Гульнара Анвархановна

Пікірлер: 0

avatar