"Жұлдызды сәт" интеллектуалдық ойыны

  • Жүктеулер: 1
  • Көрсетілім: 718
  • Сыныптан тыс жұмыс
  • 09/Май/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 18964


Күні: 19.01.2016ж
Сыныбы: 5 сыныптар
Уақыты: 1535-1645
Пән мұғалімі: Елдияр Ф.Қ.
Тақырыбы: «Жұлдызды сәт»
Өтілетін орны: АКТ залы
Мақсаты: Оқушылардың білімдерін тиянақтау. Ақыл-ойы мықты, тез ойлағыш ,білімді,алғыр оқушыларды анықтау.Оқушылардың ой-өрісін,ынтасын,белсенділігін арттыру.
Жұмыс түрі: Сайыс
Көрнекілігі: Слайдтар,таратпалар, музыкалық әуен
Сайыс жоспары:
1. Кім көп біледі?
2. Жүзден жүйрік
3. Жұмбақтар
4. Кім жылдам?
5. Мақалды жалғастыр
6. «Математика тарихы»
7. Тапқыр болсаң тауып көр
8. Марапаттау
Сайыстың шарты: сайысқа әр сыныптан 1 оқушыдан қатысады. 2- кезеңнен соң ұпайы төмен оқушы ойын алаңын босатады. 4-кезеңнен соң ұпайы төмен 2 оқушы ойыннан шығарылады. Соңында қалған 3 оқушы жинаған ұпайларына байланысты 1,2,3- орындармен марапатталады.Әрбір сұраққа нақты және дәл бір ғана жауап беру керек.

Жүру барысы:
1.Кіріспе бөлім.
Құрметті ұстаздар,оқушылар!Бүгін біз 5 сынып оқушыларының арасында «Жұлдызды сәт» атты сайыс өткізгелі жатырмыз.Сайыс барысында әртүрлі тапсырмаларды орындауда әр сыныптан дарынды,білгір,тапқыр аталған оқушыларды іріктеп алып отырмыз.
Енді бүгінгі сайысқа қатысушы оқушылармен таныстырып өтейін.
1. 5 «А» сынып оқушысы
2. 5 «Ә» сынып оқушысы
3. 5 «Б» сынып оқушысы
4. 5 «В» сынып оқушысы
5. 5 «Г» сынып оқушысы Қанатбекова Камила
6. 5 «Д» сынып оқушысы Абдиршеева Толғанай
Өмірде ойлап тұрсаң бәрі де есеп,
Ауырсаң ішетұғын дәрі де есеп.
Есепсіз өмір сүрген мазмұнсыз-ау,
Дүниенің бар тұлғасы есеп десек.
Ғылымның сырын ұғына ,
Шығыңдар білім шыңына,
Ұқыптылық пен зеректік.
Жеткізер сіздей өренді.
Математика сырына!
Біреуінің жүрегінің түгі бар,
Біреуінің арқалап жүрген қоғамдық жүгі бар.
Бәрінен де ең бастысы- барлығының,
Қатты істейтін миы бар,-дей келе сайыскерлерге сәттілік тілей отырып,сайысымызды бастайық.
1- бөлім. «Кім көп біледі?» сұрақты жауабын білген оқушы жауап береді .Әрбір дұрыс жауап-1 ұпай.
1.Екі ғасырда неше жыл бар?
2.Ұзындықтың, енінің және биіктіктің көбейтіндісі нені табуды сұрайды?
3.Ұзындық пен енінің көбейтіндісі нені табуды сұрайды?
4.Мотоциклші сағатына 60 км жүріп,3 сағ. жолда болды.3 сағатта қанша км жол жүрді?
5.1-км қанша метр бар?
6.1 тәулікте неше сағат бар?
7.2-ге қалдықсыз бөлінетін қандай сандар?
8.Ең үлкен үш таңбалы сан? 999
9. Ұзындық өлшем бірліктерін ата?
10.Ең кіші үш таңбалы сан? 100
11.Екі нүктені қосса не шығады? (түзу)
12.1 сағатта неше минут бар?
2-бөлім. «Жүзден жүйрік» 1 минут ішінде 4 логикалық сұраққа жауап беруі тиіс.Жауап бермесе ,келесі сұраққа өтуі тиіс.
1-оқушы.
1.7 майшам жанып тұр,4-уін сөндірсек неше майшам қалады? (4)
2.Камила 4 жаста,Жазира одан 2 жас кіші,ал Ержан мектепке барып жүр.Балалардың ең үлкені кім?Ең кішісі кім?(Ержан,Камила,Жазира)
3.666 санын ешқандай матем.амал,есептеу қолданбай-ақ қалайша 999 –ға айналдыруға болады? (666 ны теріс айналдыру керек)
4. Аңшы орманда жүріп қояндар ұстап алды.Оның дорбасынан 6 құлақ шығып тұр.Аңшы қанша қоян ұстап алды? (3)
2-оқушы
1.Отбасында 5 ер бала және әрқайсысының қарындасы бар.Отбасында неше бала бар? (6)
2.4 әріптен тұратын ұзындық өлшем бірлігін ата? (метр)
3. Ауылда 4 күн,4 түн боран соқты.Неше тәулік боран соқты? (4)
4.50 саусақ көріну үшін неше баланың қолы көріну керек? (5)
3-оқушы
1.Үстелде 4 алма жатыр, оның біреуі екіге бөлінген ,үстелде неше алма жатыр? (4)
2.Торда 4 қоян бар.4 бала 4 қоянды әкетті,ал бір қоян торда қалды.Неге?
(бір бала қоянды торымен алды)
3.Үш сызықтан пайда болған фигура? (үшбұрыш)
4.12 айдың ішінде 28 саны қай айда кездеседі? (барлық айда)
4-оқушы
1. Алғашқы сабақ: қазақ тілі, математика және ана тілі болды. Математика бірінші емес, ана тілі бірінші де, үшінші де емес. Қай пән нешінші болды?(қазақ тілі, ана тілі, математика)
2.Екі стаканға бірдей су құйдық. Оның біреуін тарелкаға төңкердік. Қай ыдыста су көп?(екеуі тең)
3.Егер 1 килограмм алманың бағасы 100 теңге болса,2кг алма мен жарты килограмм алманың бағасы қанша болады?(300)
4.Егер шаршының периметрі 80 см болса, қабырғалары қанша сантиметр болғаны?(20)
5-оқушы
1.Бір центнерде неше кг? (100)
2.Жарты алманың жартысы неге тең? (1/2)
3.Екі әке, екі бала театрға билет алды. Театрға неше адам барды?(3)
4. Бір топ үйрек ұшып барады. Олар барлығы бесеу. Біреуі жерге қонса, нешеуі қалады?(1)
6-оқушы
1. Автомобиль 180 км қашықтықты 2 сағатта жүріп өтті. Автомобиль жылдамдығы неге тең? /90 км/сағ/
2. 1 жұмыртқа 3 минут піссе, 5 жұмыртқа қанша уақытта піседі (3 минут)
3. 6 м бөренені 1 метрден неше жерден кесу керек? (5)
4. Азайту амалын немен тексереді? (қосумен)
3-бөлім. Математикалық жұмбақтар
1.Бес бұтақты ағашта,бұтақ сайын бес алма,
Біреуін бер Асанға,қалды сонда неше алма? (24)
2.Апай самса пісірді,
Пештен оны түсірді,
Бір-бірден жеп балалар,
Бақыт.Сақып,Даналар,
Марат,Қайрат,Саралар
Тойып лезде қалғаны.
Тағы да 1 самсаны,
Мысық жалмап алғаны,
Апай қанша самса пісірді? (7)
3.Аулада 5 тауық,
Қорада үш тауық.
Бір тауық жығылды,
Бір тауық тығылды
Қалды сонда неше тауық? (6)
4.Талдан ұшты топ торғай,
Емес бірақ көп торғай.
Алдында оның бастаушы,
Артында төртеу қостаушы.
Ойың жүйрік болса егер,
Торғай нешеу есепте? (5)

5.Сөмкеңді ашып қарашы,
Барлық затты санашы,
Сиясорғыш,өшіргіш
Дәптерің мен қаламың
Қарындаш пен пеналың,
Және үйретер әріпке.
Жақын досың –Әліппе.
Нешеу болды барлығы? (7)
6.Көлден ұшты 50 қаз,
Қайтып қонды 20 қаз,
Қонбады оның нешеуі,
Қане,кім тез шешеді? (30 қаз)

4-бөлім. «Кім жылдам»
Біреу озса жарыста,
Біреу артта қалады.
Ренжімей тараса,
Озбағандар жарады.
Жарыс заңы ежелден ,
Жеңімпазды анықтау.
Жеңімпаз болу шарты сол,
Еңбектену жалықпау.
Бұл бөлімде айтылған сөздерде қандай сан жасырынып тұрғанын тез,жылдам табу.
1.Кекілік ,күшік. 4.Бірлік,алтыбақан,күшті.
2.Алтын, жетістік. 5.Тон,алтыбақан.
3.Жалтыр, темекі. 6.Жетісу,бірқазан.

5-бөлім. Мақалды жалғастыр
Құрамында санмен айтылатын мақалды ары қарай жалғастыру.
1.Екі жақсы қас болмас,
.... жаман дос болмас.
2.Бір кісі қазған құдықтан, ..... кісі су ішер.
3.Білгенің бір ...... ,
Білмегенің .... .
4.Жігіттің құны -100 жылқы.
Ары ..... жылқы.
5. ..... теңгең болғанша,
..... досың болсын.
6. ...... жұрттың тілін біл,
...... түрлі білім біл.
7.Білекті ....-ді жығар,
Білімді ....-ды жығар.
6-бөлім. «Математика тарихы» бөлімі.
«Тарих деген түп қазығым тамырым» демекші
«Математика тарихы» бөлімін бастайық.
Аталған бөлімде тақтада ғалымдардың суреттері және олардың математика пәніне сіңірген еңбектеріне байланысты сұрақтар қойылады. Дұрыс жауап берген ойыншыдан сұралып, әрбір дұрыс жауапқа 1 ұпай беріледі.
1) XVIII ғасырдың соңында Германияда бір сабақта мұғалім оқушыларына «1 - ден 100 - ге дейінгі натурал сандардың қосындысын табуды» тапсырыпты. Оқушылардың біреуі: «Ізделінді қосынды 5050 - ге тең», деп жауап беріпті. Бұл оқушы кейін аты әлемге әйгілі математиктер королі болған. Бұл ғалым кім және қай суретте кескінделген? (Карл Гаусс)
2) Евклидтен біршама кейінірек Александрияда өмір сүрген ежелгі грек математигі жай сандар кестесін жасауға арналған өзінің тәсілін ұсынды. Ол балауыздан жасалған таяқшада натурал сандар кестесін жасап, одан 1 санын және құрама санды алып тастап отырған. Сонда алғашқы кесте елек тәрізденіп, онда тек қана жай сандар қалған. Бұл тәсілді ұсынған кім және қай суретте? (Эратосфен)
3) Жезқазған кен орнын ашушы, Металлогения ғылыми мектебінің негізін қалаушы, Қазақ ҒА негізін қалаушы және оның тұңғыш Президенті кім және қай суретте? (Қаныш Сәтбаев)
4) Бөлшек ұғымын ең алғаш енгізген кім? (Леонардо Пизанский)
5) Бірінші суреттегі кім, ол туралы не білесің? (Әйелдерден шыққан тұңғыш математик София Ковалевская)
6) Біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырда өмір сүрген грек математигі жай сандардың шектеусіз көп екендігін, ең үлкен жай санды атап көрсету мүмкін болмайтындығын дәлелдеген. Ол ғалымның аты кім? (Эвклид)

7-бөлім. «Тапқыр болсаң тауып көр»
Дарынды мен тапқырлар,білімділер.
Бар өнерін алдарыңа салады.
Кім білімді,көп оқыған болса егер.
Бүгінгі күн жеңімпазы болады.
1. Оның биіктігі 91 м.Ол Астананың 10 жылдық тойына 06. 06. 2008ж ашылған. Оның жоғарғы жағында самұрық құсы бейнеленген.Ал іргесінде төрт жеке мүсіндік барельеф салынған: Президент және Қазақстан халқы; Қаһармандық; Жасампаздық және Болашақ. Бұл монумент қалай аталады?
Жауабы: Қазақ Елі.
2)Оның биіктігі 97м. Бұл ел ордасы Алматыдан Астанаға көшкен жылдың соңғы екі цифрына, 1997 жылға сәйкес келеді.Ол өзінің сыпайы сұлулығымен, сәулеттік сымбатымен адамды тарта түседі. Ол металдан, әйнектен және темірбетоннан жасалған. Оның үстінде жерден 77м биіктікте үстінгі ауданы 1553 шаршы метрге тең Алтын шар орналасқан. Бұл не?
Жауабы: Астана –Бәйтерек кешені, жобалаған талантты сәулетші Ақмырза Рүстембеков басқарған сәулетшілер С. Базарбаев пен Ж Айтбалаев, инженер –конструктор М. Вайнштейн, дизайнер А. Оспанов.
3) Оны жасау идеясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтікі, ал авторы белгілі ағылшын архитекторы Норман Фостер.Оның ішінде 8қабат бар.Ол Қазақстан жеріндегі бірлік пен достастықтың, Бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі. Ол не?
Жауабы: Пирамида - Бейбітшілік пен келісім сарайы.
4) Оның биіктігі 150м. Авторы-Норман Фостер.Ғимараттың іші бірнеше табиғи ландшафтпен безендірілген. Ішінде аквапарк, бассейн, сауда ойын -сауық орталары бар. Бұл не?
Жауабы: Хан-шатыр
Қорытынды бөлім
Сайыстың жеңімпазын марапаттау қазылар алқасына беріледі.
Осымен «Жұлдызды сәт» білім сайысы аяқталды. Қатысып өз білімдерін көрсеткен барлық оқушыларға рахмет. Тәрбие.орг сайтынан "Жұлдызды сәт" интеллектуалдық ойыны Сыныптан тыс жұмыс материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Феруза Елдияр Қайырбекқызы

Қызылорда облысы Байқоңыр қаласы №274 орта мектеп математика пәні мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar