Меню
Артқа » » » » Материал жариялау
1001 мақал, 101 жұмбақ және 101 жаңылтпаш
  • 17.05.2016
  • 802 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 19033

Ақтөбе қаласы, №51 гимназиясының
бастауыш класс мұғалімі: Қалжанова Күлмайра Хамитовна

Тақырыбы: «1001 мақал, 101 жұмбақ және 101 жаңылтпаш»
Мақсаты: Оқушыларда адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру. Сөздік қорын, тілін, ой-өрісін дамыту. Халқымыздың ғасырлар бойғы тәжірибесінің қорытындысы – мақалдарды түсініп, содан үлгі-өнеге алуға баулу;
Көрнекілігі: «Мақал – сөздің мәйегі» плакат, шарлар, гүлдер.
Барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылардың назарын сабаққа аударып, тәрбие сағатының тақырыбы хабарланады.
ІІ. Кіріспе әңгіме «Мақал сөздің – мәйегі»
Мақал-мәтел ата-бабамыздан қалған өшпес мұра. Көлемі жағынан шағын болғанымен мазмұны, мағынасы терең, уақыт өткен сайын құны артық, қамбат қазынаға айналып келеді.
Мақал – халқымыздың ғасырлар бойғы тәжірибесінің қорытындысы. Мақал-мәтел тәрбиелік мәні зор рухани байлық.
ІІІ. Мақал сайысы. Бірінші айналым
1. Әділқазы алқасы сайланады.
2. Ойын ережесімен таныстыру.
4 оқушы қатысады. Мақалдың басын жүргізуші айтады, оқушылар жалғастырады.
Мақалдар:
1. Досы көпті жау алмас,
Ақылы көпті дау алмас.
2. Өзің білмегенді кісіден сұра,
Үлкен білмесе кішіден сұра.
3. Болат қайнауда шынығады,
Батыр майданда шынығады.
4. Білімдіге дүние - жарық,
Білімсіздің күні – қаріп.
5. Жүк ауырын нар көтереді,
Сөз ауырын ер көтереді.
6. Саналы адам сағыңды сындырмас,
Санасыз адам жағыңды тындырмас.
7. Жолдасы жақсы жолды болар,
Жолдасы жаман қолды болар.
8. Жаман атқа жал бітсе,
Жанына торсық байлатпас.
Жаман адамға мал бітсе,
Жанына қоңсы қондырмас.
9. Ақылды елге қарайды,
Ақылсыз жерге қарайды.
10. Адал кісі арымас,
Арам кісі жарымас.
11. Жалғыз жүріп жол тапқанша,
Көппен бірге адас.
12. Ақымақ күлкіге тоймас,
Жалқау ұйқыға тоймас.
13. Бірлігі жоқ ел тозады,
Бірлігі күшті ел озады.
14. Сағынған ел елін аңсайды,
Сарыала қаз көлін аңсайды.
15. Кісі елінде сұлтан болғанша,
Өз еліңде ұлтан бол.
16. Оқусыз білім жоқ,
Білімсіз күнің жоқ.
17. Өнер алды – бірлік,
Ырыс алды – тірлік.
18. Сабағы жаман жемістің
Дәні де жаман.
19. Ұяда не көрсең,
Ұшқанда соны ілерсің.
20. Батыр туса – ел ырысы,
Жаңбыр жауса – жер ырысы.
21. Емен ағаштың иілгені – сынғаны,
Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені.
Екінші айналым
4 оқушы екі-екіден бір-біріне мақал айтып жарысады.
1. Адамды адам еткен – еңбек.
2. Білім іздеген – өсер,
Бүлік іздеген – өшер.
3. Өнер – ағып жатқан бұлақ,
Білім – жанып тұрған шырақ.
4. Жақсы бала – қызық,
Жаман бала – күйік.
Үшінші айнылым
Еңбек туралы мақалдар:
1. Еңбек ер атандырады.
2. Еңбек етпеген ішіп-жемейді.
3. Еңбек етсең - емерсің.
4. Еңбек ерлікке жеткізеді,
Ерлік елдікке жеткізеді.
5. Еңбегің қатты болса,
Татқаның тәтті болар.
6. Еңбек адамның екінші анасы.
7. Адамды адам еткен еңбек.
Көрермендер ойыны:
1. Ақыл. Ақыл – азбайтын тон,
Білім – таусылмайтын кен.
2. Жаман. Жаман аттан аяғым артық,
Жаман жолдастан таяғым артық.
3. Жалқау. Еңбектің наны тәтті,
Жалқаудың жаны тәтті.
4. Еріншек. Еріншектің ертеңі таусылмас.
5. Дос. Дос жылатып айтады,
Дұшпан күлдіріп айтады.
Жұмбақ сайысы:
Бірінші айналым:
1. Жазу жазып жалықпаған,
Жаза-жаза арықтаған. (бор)
2. Аттан биік, қойдан аласа. (ер-тоқым)
3. Тақия толған сөк,
Ерте тұрсам жоқ. (жұлдыз)
4. Бір бесікте елу батыр. (шырпы)
5. Қарап тұрсаң өзіне
Сурет түсер көзіңе. (айна)
6. Күн қосыла береді,
Ол таусыла береді. (Күнпарақ)
7. Тоқыған ауы,
Шыбынның жауы. (өрмекші)
8. Кіретін жері бір тесік,
Шығатын жері мың тесік. (елеуіш)
9. Өшірді, сүртті,
Өзгені құртты,
Өзін де құртты. (өшіргіш)
10. Қатар-қатар түйме,
Бассаң салар күйге. (сырнай)
Екінші айналым:
Жеңген екі оқушы бір-біріне жұмбақ айтып жасырады. Шешкен оқушыға 10 ұпай, шеше алмаса жұмбақ айтушыға 10 ұпай қосылады. (5 жұмбақтан айтылады) Тең болып қалған жағдайда жүргізуші жұмбақ жасырады.
1. Тісі көп, аузы жоқ. (ара)
2. Бойы бір қарыс, сақалы екі қарыс. (жүгері)
3. Суда жаралады,
Суда жоғалады. (мұз)
Көрермендер сайысы:
1. Білетін бар жұмысы,
Әлемнің төрт бұрышы.
Оңтүстік пен солтүстік,
Батыс пенен шығысы. (компас)
2. Аузы іште, (басы) мойны сыртта,
Бар жылуын берер жұртқа. (пеш)
3. Бір құлағы сөйлесе,
Бір құлағы тыңдайды.
Білсең айтшы ендеше,
Жұрт не дейді мұндайды. (телефон)
4. Шешесі – су да,
Әкесі – суық.
Көктемде өлер,
Күз күні туып. (мұз)
5. Мұрнын басса, жабыла сап,
Ернін басса, ашылады.
Ол жоқ жерде бақыласақ,
Жеті аспабың шашылады. (сумка)
Жаңылтпаш сайысы:
4 оқушы жаңылтпаш айтудан жарысады. Әр жаңылтпаш 3 рет қайталанады. Жаңылтпашты жаңылмай ең көп айтқан адам ұтады.
Ақырғы айналым:
Жұмбақ, мақал, жаңылтпаш жеңімпаздары ойнайды.
Жұмбақшыға жұмбақ (мақал)
1. Өзі жуас, момын
Бір шешпейді тонын. (қой)
1. Мал өсірсең, қой өсір,
Өнімі оның көл-көсір.
2. Құралсыз үй тұрғыздым. (ұя)
2. Ұяда не көрсең,
Ұшқанда соны ілерсің.
3. Есек құлакты,
Мысық аяқты,
Түйе ерінді
Ешкі құйрықты. (қоян)
3. Қоянды қамыс өлтіреді.
Жігітті намыс өлтіреді.
4. Бір үйге көссіз боп басыңды сұғасың
Ол үйден көреген боп шығасың. (мектеп)
4. Мектеп – кеме,
Білім – теңіз.
Осы айтылған жұмбақ, мақалдарға жаңылтпаш айту.
Қорытындылау.
«Мақал сөздің – мәйегі» мақалын оқыту.
1. Мәйек сөзіне түсінік беру;
2. Мақал ата-бабамыздың басынан өткізген өмірінің тәжірибесінің қорытындысы, яғни ата-бабаларымыздың бізге айтар, мына кейінгі ұрпаққа айтар ақылы деп ұғынуымыз керек. Сондықтан да әрбір мақал біз үшін үлгі – өнеге.
Жеңімпаздарды құттықтау. Тәрбие.орг сайтынан 1001 мақал, 101 жұмбақ және 101 жаңылтпаш Тәрбие сағаты материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Қалжанова Күлмайра Хамитовна

Ақтөбе қаласы №51 Гимназия Бастауыш сынып мұғалімі

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Бөлімі: Тәрбие сағаты | Логин: Күлмайра_Қалжанова
Көрсетілім: 802 | Жүктеулер: 0
Барлық пікірлер: 0
avatar