Ел тәуелсіздігіне 25 жыл

  • Жүктеулер: 3
  • Көрсетілім: 165
  • Тәрбие сағаты
  • 29/Янв/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 21387


Тақырыбы: «Ел тәуелсіздігіне - 25 жыл»
Мақсаты: Балаларға желтоқсан оқиғасы туралы, Желтоқсан көтерілісінің құрбандары туралы мағлұмат беру. Егемендіктің мәнін ұғындыру, дүние танымдарын кеңейту, шығармашылыққа баулу арқылы сөздік қорларын, тіл байлықтарын дамыту. Өз Отанын сүйетін ұлтжанды азамат болуға тәрбиелеу арқылы балалардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, сыйластыққа, адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу.
Ертеңгілік әдісі: сахналық көрініс, әдеби-сазды бағдарлама.
Көрнекілігі: желтоқсан құрбандарының суреттері, слайд, буклеттер

Жүру барысы:
Құрметті ұстаздар, аяулы балалар! Бүгін біз еліміздің сан мың жылдар бойы армандаған, сол жылда ғасырлар бойы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, ерлеріміздің ерен ісімен, кешегі дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасынан бастау алған, тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалатын «Тәуелсіздік», «Егемендік» күні мерекесіне арналған «Ел тәуелсіздігіне – 25 жыл» атты ертеңгілігімізді назарларыңызға ұсынамыз.
Әнұран орындалады.
Слайд көрсетіледі: «Желтоқсан оқиғасы»
Жүргізуші: Осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1986 жылы Алматының бас алаңында желтоқсан оқиғасы орын алды. Бұл оқиға дүниені дүр сілкіндірді. Бұл желтоқсан оқиғасына ерлік істерімен елдің есінде тарихтың тақтасында мәңгілік аты қалған Қайрат Рұсқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ляззат Асанова, Сабира Мұхамеджанова және тағы да басқа ағаларымыз бен апаларымыз қатысты.
Қазіргі бұл күн қазақ халқы үшін ұлы күн, әрі қайғылы, әрі бақытты күн. Өйткені, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазақ халқы үшін ең ауыр да әділетсіз көтерілістің бірі. Енді міне, осы желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыз бен апайларымыздың арқасында ата-бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Желтоқсанда, алматыда, ақ қарда,
Алма бақтар ақ қырауға батқанда.
Күңірене күн күркіреп тау жақтан,
Жайдың оты жалаң қақты шатқалдан.

Кім көріпті о заманда, бұл заман,
Найзағайды көк аязға құлатқан.
Кеуделерге ұялады бір үрей –
Болсайшы аман, мына ғалам, дін аман.

Бұрын көктің көкірегін тілгілеп,
Найзағайлар от билігін тұр билеп.
Ақ боранда құтырады ит дейтін –
Алматының иттері ұлып, үрді кеп.

Бұл тарих шындықтарды електейді,
Десең дағы керексіз, керек мейлі.
«Желтоқсан» деген сөзді естігенде
Көз алдыңа сол күндер елестейді.

Желтоқсан – сен еркіндіктің ұраны,
Желтоқсан – сен азаттықтың жыр-әні!
Желтоқсан – сен болашағы елімнің,
Ұмытпайды сені мәңгі ұланың!

Балалар тақпақтары
1.Тәуелсіздік бақытына оранып,
Елім жатыр шаттығына қанып.
Желбірейді көкте туы әдемі,
Егемен ел бал дәуренін өткеріп. (Арсен)
2.Қазақ елін, туған жерді сүйемін,
Туған елмен бірге жаным, сүйегім.
Үлкен өмір сырларынан ой түйіп,
Намыс үшін өртенемін, күйемін. (Жұмабек)
3.Болмақ емес көңілімде ой бөтен,
Адал ойды қиялымда тербетем.
«Қазақпын» деп бар әлемге жар салып,
Асқақтаған армандарға жетем мен! (Ы.Нұрали)
4.Тәуелсіздік алғанда,
Орындалды арманым.
Болашаққа нық басып,
Жетелейді алға күн. (Мадияр)
5.Тәуелсіздік тұғырым,
Айбынды боп тұрады.
Барлық халық бірлікте,
Сән салтанат құрады. (Нұрсая)
6.Елтаңба, Ту, Әнұран,
Барлығы да мақтаным.
Аралаймыз біз бүгін,
Тәуелсіздік бақтарын. (Ерсін)
7.Алдыңда азамат тұр Қайратыңдай,
Ару тұр, аққа оранып, Ляззатыңдай.
Тәуелсіздікке жол ашқан бұлар – ерлер,
Болсын жастар әрқашан дәл осындай! (Бексұлтан)
8.Тәуелсіз болу әркімнің
Арманы болар өмірде.
Өз еркің болса жалғанда,
Уайым болмас көңілде. (Арай)
9.Қайрат, Ләззат, Сабира,
Тәуелсіздік үшін күресті.
Қазақ үшін жан беріп,
Азаттыққа қосты үлесті. (С.Нұрали)
10.Жаны нәзік болса да,
Жүрегі мықты Ләззаттың.
«Құрбандық – еркек тоқты» - деп,
Ұмытпаймыз сөзін Қайраттың. (Мөлдір)

Көрініс: «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты қайрат Рұсқұлбековтың айыпталу сотынан үзінді.
(«Желтоқсан желі» музыкасы ойналады. Екі жігіт Қайратты ортаға алып шығады).
Жүргізуші:
-Қайрат Рұсқұлбеков 1986 жылы әскер қатарынан оралысымен Алматы құрылыс институтына оқуға түсті. Сол жылы Алматыда бір үлкен дүниені дүбірлеткен дүрбелең басталады. Бұған елдің намысы үшін ең бірінші болып шыққан Қайрат Рұсқұлбеков болды. Қайраттың кінәсі осы еді.
Тергеуші: -Айыпкер Рұсқұлбеков сіз неге алаңға бардыңыз?
Қайрат: -Иә, алаңға барғаным рас, оны жасырмаймын. Барған себебім, біріншіден ол жерде не болып жатқанын өз көзіммен көру, екіншіден алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтіріп жатыр дегенді естіп, күл болмаса бүл бол деп отыруға еркектік ар намысым жетпеді. Сол жерде әлім келгенше көмектескенімде рас.
Тергеуші: -Айыпкер Рұсқұлбеков өзіңді айыпкермін деп санайсың ба?
Қайрат: -Иә, бірақ та бір құдай куә. Адам баласын өлтіргенім жоқ, ал әйел затына айуандықпен қол көтеріп, ұрып соққан үшін бір милицияны ұрғаным рас. Ол адам күні бүгінге дейін аман-есен. Өз қолыммен істеген теріс қылмысым – осы.
Жүргізуші: -Сот ақылдасып, мынадай шешімге келді.
Үкім: «Қазақ ССР Жоғарғы сотының қаулысы қылмыстық істер жөніндегі сот коллегиясы 1987 жылғы 16 маусымдағы үкіммен Қайратты қылмысты деп тауып, өлім жазасына кесті».
Әкесі: -Балам-ау, жазықсыздан – жазықсыз қыр шыныңнан қиылып барасың-ау.
Қайрат: Әкетай – ау, пайғамбардай жасың бар,
Туа бермес, сіз сияқты асылдар.
Қартайғанда жүрегіңді жаралап,
Кесір болды-ау, біз сияқты масылдар!
Жеңгесі: -Құлыным-ау....
Қайрат: Айналайын ағалар мен жеңгелер!
Сіздерге кім бұл өмірде тең келер.
Сүмірейіп жұрт алдында отырған,
Бауырыңды енді кімдер есіркер.
Қарындасы: -Асқар таудай пана болған ағажан, айдауға кетіп барасың?!

Қайрат: Айналайын қарындасым, қанатым,
Ойлап жүрсем, мен айдауға барамын.
Қайғы жетіп, азап тартқан ағаңды,
Айтшы жаным, қандай жанға баладың.
Інісі: -Ағажан-ау, ағажан қайда кетіп барасың?!
Қайрат: «Жіберіңдер, жіберіңдер» деп айқайлайды.
Төрден бір адам: «Түрмеге жабыңдар, қамаңдар» деп бұйырады.

Жүргізуші:
Көлдей жасын көп төккен қазақ үшін,
Ұмыта алман, Желтоқсан, азап үшін.
Қанымен қыршынынан тарихқа енген,
Шындықты айтар күн де келді бүгін.

Көркем сөз: «Тәуелсіздік»
Орындайтын: Жұмабай Айгүл

Көрініс: «Қайраттың хаты»
(Анасы Қайраттың портретін ұстап, көзіне жас алып сағынып отырады...)
Анасы: Ұлым менің! Сен әлі жиырма бірдесің. Аман болсаң, бір жерден шығатын алмастай өткір жігіт боларсың....
(сахнаға Қайраттың інісі Талғар жүгіріп келеді, қолында хат бар).
Талғар: Апа, апа, Қайрат көкемнен хат келді.
Анасы: Рас па? Құлынымның хаты ма? Әкелші, өзін көрмесем де, хатын оқып, мауқымды басайын.
Хат оқылады:
Қайраттың хаты: Амансыңдар ма, туған-туыстарым! Менің нақақтан абақтыда отырғаныма сіздер сенеді деп ойлаймын. Жасақшыны ұрды, өлтірді деген жалаға сене көрмеңіздер. Алаңда жатақхана жанында ұсқыны суық жасақшылардың жиналған қазақ жастарын ұрып-соғып, бейкүнә қыздарды шашынан сүйреп, қорлағандарын көріп шыдамадым. «Еруліге - қарулы» деп мен де топ ішіне кіріп, көмектесуге ұмтылдым. Менің де сол күнгі алаңға шыққан қазақ жастарының да еш кінәсі жоқ. Алаңға барғанымыз – азаттық іздеп барғанымыз. Біз ұлтшылдықтың үлгісін емес, «Ұлтжандылықтың» үлгісін көрсеттік. Қазақтың бостандық алар күні алыс емес! Аман болыңдар!
Анасы: -«Алаңға барғанымыз» - депті. Сол азаттық таңының атқанын көрмей кетті-ау, қайран балам.

Жүргізуші:
-16 желтоқсан күні қазақ жастары Республика алаңына бейбіт шеруге шықты. Үкімет жастарға қарсы күш қолданды. Қаншама өмір қыршынынан қиылды, қанша ана аңырап баласын жоқтады? Жастар қуғынға ұшырады, оқудан, жұмыстан шығарылды. Оларды кейіннен ақтағанмен, бәрібір жүректерде сыз қалды. Желтоқсан оқиғасының басты қаһарманының бірі Қайрат Рұсқұлбековке телеорталық инженері С.Савицкийдің өліміне кінәлі деген айып тағылды. Сөйтіп, халық қаһарманы Қайрат желтоқсан зобалаңына ұшырап, 21 жасқа келгенде 21 сот алдында нақақтан шырылдап, Семей түрмесінің 21-інші камерасында 21 мамыр күні құса дертпен дүниеден өтті.

Ақталды боздақтардың ақ талабы,
Әділ іс әрқашанда ақталады.
Елі үшін жанын қиған асыл жандар
Ел есінде мәңгілік сақталады!
(«Желтоқсан желі» музыкасы ойналып тұрады).
Ел намысы жолында құрбан болған аға-апаларымыздың аруағына бас иеміз! Біздің жас мемлекетімізді олардың рухы қолдасын!

Үнсіздік жариялау: «Құрбандарды еске алу...»
Жалғасып соғыс өтті сан ғасырға,
Біз көрдік қас дұшпанның балтасын да.
Еліме тәуелсіздік келіп жетті,
Мыңжылдық күрестердің арқасында.

Жаңғырды халқымыздың мың өшкені,
Бар мұнда сан ұрпақтың үлестері.
Ел үшін мәңгілікке жалғасады,
Ақыл-ой, ар-намыстың күрестері.

Көркем сөз: «Тәуелсіздік таңы»
Орындайтын: Тлеумағамбет Кәусар

Ән: «Ұландар»

Жүргізуші:
1990 жылы 25 қазанда «Қазақ ССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация заң жүзінде бекітілді.
1991 жылы 1 желтоқсан күні республикамызда бүкілхалықтық Президент сайлауы болып өтті. Қазақ ССР-інің алғашқы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Республика тарихында халық алғашқы рет саналы түрде өзінің тағдырын сеніп тапсырып, өз басшысын сайлады.
1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ ССР Президенті Н.Ә.Назарбаев біздің мемлекетімізге Қазақстан Республикасы атауын беру туралы заңға қол қойды.
(Слайдтан Н.Ә.Назарбаев суреті)

Ән: «Нұраға»
16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Енді республика өз аумағында барлық билікті жүргізетін, ішкі және сыртқы саясатын өз жүргізетін тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет құдіретін заңды тұрғыда рәсімдеді (отырғандар шапалақтап ұрады).
1992 жылдың 4 маусымы – Қазақстан тарихында ұмытылмас тарихи күн. Бұл күнді Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі өз жұмысын талқылаудан бастады. Ежелден бейбітшілік, біртұтастық, сабырлылық және амандықтың белгісі – Отан туы үшін көгілдір түс, елтаңба үшін мейірімділік, ізгілік белгісі – алтын түс таңдап алынды. (Слайдтан Рәміздердің суреттері)
1197 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңы қабылданды.
Ән: «Ана тілім»

Жүргізуші:
Тәуелсіздік – ата тарихымызды, ана тілімізді, дінімізді, ділімізді қаз-қаз тұрғызып, «қазақ» деген атауға қан мен жан кіргізді. «Отаным!» деп жүрегімізді лүпілдетті. «Елім» деп елеңдетіп, «Жерім!» деп желпінтіп, барша 62 тамырымызды идіріп, ата-жұртымызды сүйдірді!
Аз ғана уақыттың ішінде елімізді, халқымызды шартарап танып үлгерді. Бірде сүрініп, бірде жығылып жүрген қазақ елі енді еңсесі биік, көңілі көтеріңкі, қадамы мығым. «Менің тірегім – байтақ Қазақстан» деп маң-маң басатын болды. Еліміз өркениетті заман ағысына қосылды.
Би: «Қазақ биі»

Жүргізуші:
Көзбен көріп табысты,
Біз бастайық жаңа істі.
Үлес қосар Отанға,
Жас өрендер намысты.
Ән: «Менің Қазақстаным»

Жүргізуші:
Енді міне біз тәуелсіз ел болдық
Басқалармен терезесі тең болдық
Әрқашанда біз дайынбыз тайсалмай
Отан үшін болуға да құрбандық.
Би: «Сарбаздар»

- Енді осы тәуелсіздігімізді қадірлеп, қастерлеп, мемлекетіміздің гүлдеп жайнауына, Қазақстанымыздың туын желбірететін, биік шыңынан көрінетін мына сендерсіңдер, балалар. Еліміздің көз қуанышы болып, аман – есен ер жетіңдер. Тәуелсіздігіміз берік, тұғырымыз биік болсын!
Құрметті ұстаздар, балалар. Бүгінгі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Ел тәуелсіздігіне - 25 жыл» атты ертеңгілігіміз жабық деп жариялаймыз.
Зейін қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет!!! Тәрбие.орг сайтынан Ел тәуелсіздігіне 25 жыл Тәрбие сағаты материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Қосмағамбетова Айгерім Мырзағалиқыз

Атырау обл, Атырау қаласы, Ақжау ауылы, №59 "Ақбөбек" балабақшасы Тәрбиеші

Пікірлер: 0

avatar