«Кітап – өмір ұстазы»

  • Жүктеулер: 7
  • Көрсетілім: 548
  • Тәрбие сағаты
  • 24/Ноя/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 20194


«Кітап – өмір ұстазы»
Кештің мақсаты: Кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндіру.
Кітап – сарқылмас рухани қазына екенін, білімнің кітап арқылы берілетінін
ұғындыру
Көрнекілігі: слайд, «кітап-өмір ұстазы» кітап көрмесі, нақыл сөздер.
Жүргізуші: Қадірменді әріптестер, оқушылар! Бүгінгі «15-қазан кітапханашылар күніне» орай дайындалған «Кітап-өмір ұстазы» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
Білесіңдер аналардың тойларын
Кеше ғана ұстаз тойын тойладың.
Ал қазанның 15- жұлдызы
«Кітапханашы күні» екенін ойлағын.

Яғни, 15-қазан – сенің білімді, тәрбиелі, тәртіпті ұрпақ болып жетілуіңе өз үлесін қосып, атсалысатын кітапханашылар мерекесі. Мереке құтты болсын!
Кешіміздің алғашқы сөзін мектебіміздің ТІЖО-ы Бурина Нұрбибіш апайға береміз.
Жүргізуші:
Бойыңа бар сұлулық жиылғандай,
Мүсіні ақ мәрмәрден құйылғандай.
Жарық етіп шыға келген ел алдына
Бишілер ғажап еді биің қандай.
Би: « Қазақтың Адай биімен» Айсара Жалғасованы ортаға шақырамыз
Жүргізуші:
Ойшылдар мен білімпаздар мекені
Бәріңе аян кітапхана екені.
Кітаппен дос болуға баулитын,
Кітапханашы мұнда қызмет етеді.

Келесі сөз кезегі мектебіміздің кітапхана меңгерушісі Ділманова Айнаш апайда.
Жүргізуші: Ата- бабамыз кітапты ерекше ақылшы ұстаз санаған. «Кітап – білім бұлағы, білім өмір шырағы» деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» -деп ұлы данышпан Абай атамыз айтпақшы, адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші. Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар.
Ән шырқасын жастар алма-кезек
Өнерде жанды арбайтын бар керемет.
Әсем ән көпшілікті әлдилесін,
Берейік тағы да бір әнге кезек.
Ән: «Ұстазым » әнімен Төлепбергенова Мөлдір
Жүргізуші: Кітап – біздің рухани құндылығымыз, теңдесіз байлығымыз, өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан табамыз. Талай оқиғалардың куәсі, талай жаңалықтың көзі – осы кітаптар.
Кітап толы терең сыр парасатқа,
Қазынасы ол – адамзат ақылының.
Кітап сөзі – жас ұрпақ болашаққа,
Жеткізеді дананың асыл үнін
Алдарыңызда оқырмандардың жаттаған нақыл сөздеріне кезек берейік.

1) Кітап дегеніміз алдыңғы ұрпаққа арнап қалдырған рухани өсиеті, қаусаған қарттың өмір есігін жаңа ашқан жасқа өлер алдында айтқан ақылы, тынығуға кеткен сақшының өз орнына келген сақшыға берген бұйрығы болып табылады.
Александр Герцен) __________
2) Кітаптың бір мақсаты – үгіт десек, кейбір шарттарды орындай отырып, оны да жүргізуге болады. Болмаса желігіп отырған жеңіл қолмен жазып жіберген жарнама дейді.
(Мұхтар Әуезов) ____________
3) Кітап – адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын бойына жинайды да, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді, біз бір уыс күл топыраққа айналамыз, ал кітатар дәл бір темір мен тастан қашалып жасалған ескерткіштердей, ғасырлар бойына сақталады.
(Мұса Айбек) __________
4) Бой билеп, шарықтап ой, нәзік сезім,
Кітапқа – «алғыс айтам», - жалғыз өзім.
Сенемін, өзіме – өзім сол уақытта,
Қадаймын келешекке үміт көзін.
(Ғабдолла Тоқай) __________
5) Кітапты сүйіңдер! Ол сендердің өмірлеріңді жеңілдетеді. Ол сендерге адамды және өздеріңді қадірлеуді үйретеді. Ол ақыл ойыңды, жүрегіңді, дүниеге, адамға деген махаббат сезіміне бөлейді.
(Максим Горький) __________
6) Кітап – заманалар толқынында тербеліп, үстіндегі қымбат қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі.
(Фрэнсис Бэкон) __________

Жүргізуші:
Өнер деген қазақтың пірі емес пе,
Өнер деген өмірдің жыры емес пе.
Ендеше өнерлілер ортамызда
Көңілді бөліңіздер көрініске.
Көрініс: «Кітаптар мұңы»

Автор: Беттерін шаң басқан бір топ кітаптарбөлменің бұрышында жатыр. Көзін сығырайта ашып, бір кітап жан-жағына қарады. Аздап керіліп, жанындағы кітапқа:
Әліппе: -Ей, тұрсаңшы! Біз қайда келдік? Тірімісің өзің?
Дүниетану: -Ойй, мазамды алмашы, өйткен тірлігің құрсын! Бұданда парақтарымның жыртылып,
желге ұшып кеткені жақсы еді ғой.
Әліппе: -Не болды соншама? Жалғыз сен деймісің?
Автор: Сосын келесі жағына бұрылып:
Әліппе:-Сен кімсің, сыртың бүп-бүтін ғой өзіңнің?
Ана тілі: -Сыртымды қайтесің? Сыртым бүтін болғанымен ішім түтін. Ана тілімін. Мені басып
шығару үшін қаншама адам баласы еңбек етті. Балалар оқысын, сауат ашсын, адам
болсын деген ниетпен. Менде өзімнің білімімді беруге тырыстым. Бәрімізде сондай
ниетте едік. Адырбай деген баланың қолына түстім. Бір жыл болмай осы күйге түстім.
Дүниетану:-Мен Сотқарбай деген баланың кітабымын. Ол парақтарымды жыртып алып, кептер
жасап ұшырып ойнағанда, қой демеді ғой үлкен ағасы.
Әліппе:-Онда мұңдас болдық қой, достым. Біздің Артықбай көзімізді бақырайтып қойып,
суретімді бастырып, бетімді шимайлайды. Адам өз мүлкіне ұқыпты болса ғой, шіркін!
Әдепті балалар көп. Мысалы, менің бір досым бар. Ол екеуміз парталас болдық.
Соның иесін айт, оқушы деп! Бүлдірмек түгілі шаң мен кір жуытпайды.
Ана тілі: -Енді алдымыздағы күн не болар екен? Мүмкін бәрімізді жинап отқа жағар?! Кітап
шығару үшін көп қаржы керек. Жанашыр балалар бізді түптеп, қажетке жаратар.
Дүниетану: -Бәріміздің де арманымыз сол. Білімге қызығатын, ұқыпты балалардың қолына түссек
екен, шіркін!
Автор: Иә, достар, кітап қадірін білетін жақсы балалар көбейе берсін!

«Үнді биі» 7-сынып оқушылары
Жүргізуші:
Міне, оқушылар, арамызда кітапты ұқыпты, таза ұстайтын және кітапқа ұқыпсыз қарайтын балаларда кездеседі. Оқулықты бүктеп, жыртып бүлдіруге болмайды. Өйткені кітап тақтан да қымбат, отан байлығы.
«Кітапхана ережесі» жайлы не білесіздер? Назар салайық!
1. ОҚЫРМАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
2.1. Мектеп кітапханасының оқырмандары (оқушылар, педагогтер, қызметкерлер) құқылы:
- кітапхана ұсынған кітапханалық-ақпараттық қызметтермен тегін қолдануға;
- абонементтен уақытша пайдалану үшін кітаптар алуға;
- кітаптар және басқа да ақпарат көздерін іздеу мен таңдауда кеңес алуға;
- дәстүрлі және электронды тасымалдаушыда ақпаратты пайдаланудың кітапханалық-библиографиялық білім, білік және дағдылар алуға;
- кітапхана өткізген іс-шараларға қатысуға.
2.2. Оқырмандар міндетті:
- кітапханада жұмыс істеу ережесін сақтауға;
- кітапханадан алған әдебиеттерді белгіленген мерзімде қайтаруға;
- кітапхана қорынан алынған баспа өнімдерін, және басқа да ақпарат тасымалдаушыларды, техникалық жабдықтарды ұқыпты ұстауға;
- кітапханада тыныштық және тәртіп сақтауға, ғимаратқа үлкен портфель және сөмке әкелмеуге.
2.3. Оқырмандарға рұқсат етілмейді:
- кітапхананың басылымдарын бүлдіруге;
- каталогтар мен картотекалардан кәртішкелерді алуға;
- қызмет ғимаратына және кітап қоймасына рұқсатсыз кіруге.
2.4. Оқушылардың жеке істері әдебиеттерді қайтарған соң ғана беріледі. Мектептің жұмыстан шыққан қызметкерлері кітапханада өздерінің кету парақтарына белгі қойғызады.

1. ОҚЫРМАНДАР ЗАЛЫН ПАЙДАЛАНУ ЕРЕЖЕСІ
4.1. Оқырмандар залында қолдануға арналған әдебиет үйге берілмейді.
4.2. Оқырмандар залына сөмкелермен, өзінің және басқа кітапхананың кітаптарымен, жұрналдарымен, газеттерімен кіруге рұқсат етілмейді.
4.3. Оқырмандар залында берілетін кітаптар, басқа да баспа өнімдерінің саны шектелмейді.
Жүргізуші:
Иә, әрқашанда ережені сақтап, кітапты жыртпай, құрметтеп ұстағанда ғана кітап бізбен де дос болады.
Мектеп кітапханасы – мектептің жүрегі, бір бөлігі. Рухани азық іздеген, көзі ашық көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы – кітапхана. Сондықтан да, мектеп кітапханасы - білім беру мекемелерінің ақпараттық орталығы. Назарларыңыз слайдта болсын.
«Кітап – білім бұлағы» атты бейнеролик
Мұхитова Ұлдайдың Кітапханашылар күніне арнаған жүрек жарды лебізін тыңдайық
Жүргізуші:
Қадірменді әріптестер, оқушылар! «Кітап – алтын қазына» деген ұлы сөз бекер айтылмаса керек.
Сауық кешке келейік,
Сөз маржанын терейік.
Кім көп білер екен деп,
Сұрақ-жауап, жұмбақ шешіп көрейік.
Ендеше сұрақ –жауап пен жұмбақтар ойыны (көрермендерге арналған ойын. Ойынның ережесі сұраққа қол көтеріп, орнынан тұрып жауап беру керек. Дұрыс жауап берген оқырманға сыйлығымыз бар).
1. Кітап басып шығарылатын жер қалай аталады? (баспахана)
2. Мектеп оқулықтары қандай баспалардан шығады? (Атамұра,Алматы Кітап,Мектеп,Білім)
3. Кітап күні қашан аталып өтіледі? (2-сәуір, 23-сәуір)
4. Қазақ даласына алғаш мектеп ашқан кім? (Ы. Алтынсарин)
5. Қазақтың әліппесін алғаш жазған кім? (А.Байтұрсынов)
6. Кітапты жазған адам қалай аталады? (автор)
7. Кітаптар тұрағы қалай аталады? (кітапхана)
8. Балаларға арналған қандай газет – журналдарды білесіңдер? (Айгөлек,Ақжелкен, Балдырған,Ұлан, Бала би)
9. Кітапханаға барып, үнемі кітап оқитын адам қалай аталады? (оқырман)
10. Сүйікті жазушыларыңызды атаңыз?
1. Тұрады ылғи сөреде, іші толы өнеге. (кітап)
2. Арқама асынамын, мектепке асығамын (портфель)
3. Тілі бар, үні жоқ,
Өзін адам түсінген.
Жүрегі бар да қаны жоқ,
Сөйлеп тұрған ішінен. (кітап)
4. Күнде бір бет жыртамын,
Жыл біткенше құртамын. (күнтізбе)
5. Бір нәрсе білмегенді білгізеді,
Өзіңді тұрсаң қарап күлгізеді.
Жалғанда әңгімесі сондай қызық,
Жаныңды тыңдай берсең кіргізеді. (кітап)

Жалғасын тап...
1. Білім - таусылмайтын... (байлық).
2. Кітап - білім бұлағы, ... ... ... (білім - өмір шырағы).
3. Кітап – ... ... (алтын қазына).
4. Өнерліге ... ... (нұр жауар).
5. Өнер - ағып жатқан бұлақ,
Білім – ... ... ... (жанып жатқан шырақ).
Жүргізуші:
Өлең дейді шіркін – ау өлең дейді,
Кейде өлең байқаусызда елеңдейді.
Жаныңа дауа болып жадыратар,
Өлеңсіз өмір гүлге бөленбейді.
Келесі кезекті Мұқағали жырларына берейік. Ақынның «Фаризаға » өлеңі Шырақбайқызы Ұлжан
Оқырмандарымыздың кітапханашылар мерекесіне арнаған өлең жолдарына кезек береміз.
Ұлдай Мұхитова
Жаңылсын Берікбаева
Айнұр Абдигапурова
Гүлнұр Абдигапурова
Ердос Баянтурлин
Айнұр Баянтурлина
Оқырмандар арасында “Оқу инемен құдық қазғандай” тақырыбында шығармашылық байқау ұйымдастырған болатынбыз. Байқаудың қорытындысын төрде отырған қонақтарымыздың еншісіне береміз.

Жүргізуші:
Әлішер Науаидың айтуынша «Дүниеде кітаптан сүйкімді ештеңе жоқ. Кітап – ақылына ақы сұрайтын алтын қазына». Кітап ортақ мүлік, халық қазынасы, сарқылмайтын білім бұлағы. Ендеше оқырмандар кітап әлеміне саяхат жасап, кітапты көп оқитын оқырмандарымыз көбейе берсін.

Данышпан да, дана да бас иеді,
Саналы адам жүрегімен сүйеді.
Білімменен парасаттың ордасы,
Кітапхана деген отау осы киелі.
Сан мың түрлі кітаптар бар, көріңдер,
Кітапхана киелі орда сеніңдер.
Рухани қазынаны іздесең
Кітапхана есігі ашық, келіңдер.

Осымен «Кітап-өмір ұстазы» атты мерекелік кешіміз өз мәресіне жетті. Назар салып тыңдағандарыңызға рахмет! Іс –шараға қатысып өнер көрсеткен барлық оқырмандарға алғыс айтамыз. Тәрбие.орг сайтынан «Кітап – өмір ұстазы» Тәрбие сағаты материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Айнагул Дилманова Баянтурлиевна

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Сарға селосы "Бейнеу мектеп-интернаты"КММ-сі Кітапхана меңгерушісі

Пікірлер: 0

avatar