Мен өз Отанымның патриотымын

  • Жүктеулер: 4
  • Көрсетілім: 247
  • Тәрбие сағаты
  • 11/Янв/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 20948


Тәрбие сағаты жоспары

Тақырыбы:«Мен өз Отанымның патриотымын!»


Сынып жетекшісі: Юсупова А.А

2016-2017 оқу жылы

1 қыркүйек. 2016ж
Тәрбие сағатының тақырыбы: Мен өз Отанымның патриотымын!
Сабақтың мақсаты: Балаларды Отанға деген мақтаныш, патриоттық сезімін дамыту. «Патриот » деген сөздің терең мәнін түсіндіріп өту.

Көрнекіліктер: суреттер, қарындаштар, ақ қағаз, түрлі - түсті қарындаш.
Сабақты өтізу әдісі: Топтық жұмыс
Сабақ барысы:
Мұғалімнің сөзі:
Отанды сүю – от басынан басталады.

Отансыз адам, Ормансыз бұлбұл.

Кісі елінде сұлтан болғанша, Өз еліңде ұлтан бол.

Мақалдардың мағынасын талқылап, түсіндіру, балалардың пікірлерін тыңдау.

Мұғалімнің сөзі:
- Балалар «патриот» деген сөзді қалай түсінесіңдер?

- «Патриот» қандай болу керек деп ойлайсыздар?
Балалардың пікірлерін тыңдау.

Мұғалімнің сөзі:
Мен өз елімнің патриотымын. Патриот – ұлтын сүйетін, өз тарихын, туған тілін құрметтейтін, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан салт – дәстүрін дәріптейтін, ұлттық қадір – қасиетімізді арттыруға үлес қосатын саналы тұлға. Туған елі үшін үнемі тер төге қызмет етіп, халқымыздың мол рухани құндылықтарын бағалай білетін асыл тұлға.
Патриоттық тәрбие, ең алдымен, әрбір жеке тұлғаның ата – анасын, туған – туыстарын жақсы көруден басталады емес пе?! Өз баласына жақсы тәрбие беру кез келген адамның міндеті, мейлі ол мұғалім, мейлі ол жұмысшы, дәрігер, не тағы басқа маман иесі болсын қоғамда парасатты, адамгершілігі жоғары бала тәрбиелеу кез келген адамның міндеті болуы тиіс. Тату тірлік пен ауызбірлік жылы ұямызға арқасын кең жайғанда адамгершілік атты асыл қасиеттердің адам бойына нық қонатынына, әрине, еш шүбә жоқ. Абай атамыз айтқандай, бүгінгі жастардың дүниенің кетігін тауып, қалануды көздеу, қоғамдық өмірден қол үзбей, өз елін сүюге, өз елінің тұрмыс – тіршілігін, салт – санасын, әдет – ғұрпын білуге тәрбиелеу – нарықтық кезеңде маңызы жоғары тұрған зор міндеттердің бірі деп ойлаймын. Осы тәрбиенің ең маңыздысы – балаға патриоттық тәрбие беру.
Халқымыздың тарихына терең үңіле білсек, жасынан жарқыраған күміс көмей әнші, жау жүрек батыр, нар тұлғалы палуан елі мен жері үшін аянбағаны баршаға мәлім. Ендеше көкірек көзімен тарихты тамырынан тамшылата жас ұрпақ зердесіне зерлей, шырайлы сөзбен кестелей таныту ата – ана мен ұстаз – тәрбиеші шеберлігіне байланысты.
Мен оқушы қалпымнан кішіпейілділік, қайырымдылық, мейірімділік, ізеттілік, инабаттылық, әр істі тиянақтылықпен орындап, жауапкершілікпен қарау, үлкендерді сыйлау, тағы да осы секілді асыл қасиеттерді бойыма жиып, тиімді жұмыс жасай білуге дағдыландым. Бүгінде мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, білім беру жолында жұмыс жасап жатырмын. Халық мұрасы саналатын ата – бабаларымыздан қалған өсиет, нақыл сөздерін, ұлағатты тұлғалардың, би – шешендердің өнегелі өмірін қазіргі жас ұрпаққа үлгі етіп келемін. Туған жерім Семей өңірінде – ақындар, жыраулар, белгілі тұлғалар, сөзі өткір, орақ тілді би- шешендер дүние табалдырығын аттаған. Алдағы уақытта да алған бағытымнан таймай, бар күш – жігеріммен жұмыс жасай бермекпін. Осылайша болашақтың тұтқасын ұстар жас өрендердің бойына тәрбиенің құнды дәнегін сепкім келеді. Балалардың ізденімпаз, жаңалыққа жаны құштар, қоғамдық іс – шараларда белсенділікпен қатыса отырып шығармашыл болып қалыптасуына, туған тілінде сөйлеп, отанын, туған елін, туған жерін сүйе білуге титтей де болса өз ықпалымды жасай алсам – ол менің үлкен жетістігім. Ал менің осы жетістігім келешекте өз Отанымның дамуы жолында зор үлесін тигізуі мүмкін.
Менің кеудемде дамылдаған жүрегім бір сәт те тоқтамай соғады, демек ол туған жерінің ауасын, табиғатын сүйеді. Ал ол жүрек – менің өмірім, менің Отаным. Еліміздің Әнұранын айтуға даярланған сәтте менде ерекше сезім пайда болады. Тіпті сөзбен айтып жеткізе де алмастаймын. Өн бойым қуанышқа толып, көзіме еріксіз жас келеді. Сол демдегі ой «Мен неткен бақытты адаммын!» деп іштей жаңғырып тұрады. Неге, өйткені мен тәуелсіз Қазақстан атты елде тұрамын. Белгілі орыс ақыны, жазушы Илья Эренбург «Қазақтар иен далада жел жетпес жүйрік мініп дағдыланған, ал бірақ қажет болса, олар еңбектей де біледі, жүгіре де біледі, биік тауларға өрмелеп те шығады, саз балшыққа малшынып та жата алады. Оларды ешкім де, ештеңе де тоқтата алмайды», - деп, қазақ халқына сипаттама береді. Бұл сөзден қазақтың қайсарлығы, батырлығы, батылдығы көрінеді. Не нәрседен болса да қаймықпай, ерлік істер көрсете білетіндігі байқалады. Осыншалық қайсар халықты мақтана да, марқая да айтсақ болады емес пе?!
Мен өз елімнің патриотымын, себебі мен Отанымды , туған халқымның тарихын, ана тілін, салт - дәстүрін, Ата Заңын құрмет тұтамын. Халқымның рухани құндылықтарын, мәдениетін, тілі мен дінін, дәстүрін одан әрі жаңғырту жолында өз үлесімді қосамын. Өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар – ожданы жоғары намысқой азамат тәрбиелеуде еш аянып қалмасым анық.
«Барлық халық пен ұлт барлық ұлы және тамаша нәрселерді жасауға қабілетті, әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуге тиіс» деген еді ұлтымыздың мақтанышы, ұлы патриот атамыз Бауыржан Момышұлы. Бұл сөздің астарында өз ұлтыңды ерекше сүй, сол арқылы өзге ұлтты сүюге үйрен деген ой жатыр.

- Топпен жұмыс: «Патриот» болуды қалай түсінеміз тағы бір ой елегінен өткізіп,топпен білесе жұмыс жасап ойларымен бөлісу
Балалардың пікірлерін тыңдау.

Мұғалімнің сөзі:
Бұл сабақта әрбір азаматтың қандай құқығы мен міндеті бар екендігін түсінеміз.

Азаматтың құқығы ғана емес, азаматтық парызы да бар.

Әрбір азаматтың төлемақысыз білім алуға, дәрігерге қаралуға, бір - бірімен қарым - қатынас жасауға т. с. с. құқықтары бар екен.

Менің атам айтқандай «... әрбір азаматтың бір құқығы болса, екі міндеті болады. Ол дегеніміз: қазір білім алып оқысақ, ертеңгі күні біз біріншіден Қазақстанның нағыз азаматы боламыз, екіншіден: ата - анамыз алдындағы парызымызды өтеу керекпіз. Бұл әр азаматтың борышы» деген сөзін маған өсиет қылып айтып кеткен.

Бірақ нағыз азамат болу оңай емес екен. Ол үшін адамгершілік, жауапкершілік, әдептілік керек.

Еліңнің нағыз азаматы болу үшін Қазақстанның заңдарын біліп, сақтау керекпіз. Біздің елде әр азамат он төрт жастан бастап істеген ісіне жауапты болады.

Ата заңын ардақтай алмаған азамат, елінің де қадіріне жете алмайды.

Сіздер– еліміздің болашағысыздар. «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан...» деп Абай атамыз жырлағандай елін сүйген азамат болуға сіздер міндеттісіздер.

- Міне осы өсиеттерді есте сақтау әр кімге де қажет.

Ал ендігі тапсырма, отан туралы мақал - мәтелге көңіл аударайықшы:

Отанды сүю – от басынан басталады.

Отансыз адам, Ормансыз бұлбұл.

Кісі елінде сұлтан болғанша, Өз еліңде ұлтан бол.

Мақалдардың мағынасын талқылап, түсіндіру, балалардың пікірлерін тыңдау.

Міне енді осының барлығын біз кішкене жүрегімізге тоқып алсақ келешекте жақсы да сенімді Қазақ еліміздің нағыз "ПАТРИОТТАРЫ" боларсыздар деп үміттенем, маған бір ой келді, суретпен қалай жеткізуге болады деп ойлайсыздар?

Қорытындылау: сұрақ - жауап, сурет талдау.

Мадақтау: Сабаққа өте жақсы қатысқан балаларды мадақтау, сабақты қорытындылау. Тәрбие.орг сайтынан Мен өз Отанымның патриотымын Тәрбие сағаты материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Юсупова Алия Ашимовна

Астана қаласы №66 мектеп-лицей физика пәні мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar