«Менің Отаным - Қазақстан!»

  • Жүктеулер: 5
  • Көрсетілім: 512
  • Тәрбие сағаты
  • 31/Окт/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 19835


БҚО Орал қаласы.
Облыстық есту және сөйлеу қабілеті
бұзылған балаларға арналған
мектеп-интернат-кешенінің тәрбиешісі
Нарымбаева Гулнара Мукановна

Тақырыбы: «Менің Отаным - Қазақстан!»
Мақсаты:
Түзету білімділік: республикамыз туралы алған білімдерін бекіту, туған өлке, атамекен туралы түсініктерін одан әрі кеңейту.
Түзету дамытушылық: есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту, сөздік қорларын молайту.
Түзету тәрбиелік: Отанымызды, елімізді қорғауға, сүйе білуге тәрбиелеу, бойларына патриоттық сезім ұялату.
Сөздік: мемлекет,рәміз,Ту, Елтаңба, Әнұран.
Көрнекілігі: ҚР туы, елтаңбасы мен әнұраны, Елбасының суреті, қала суреттері.
Қанатты сөздер: «Отан! Отан! Бәрінен биік екен. Мен сені мәңгілікке сүйіп өтем». М. Мақатаев
Түрі: танымдық – тәрбие сағаты
Әдіс - тәсілдері: саяхат сабақ, әңгімелеу, сұрақ - жауап
Тәрбие сағатының барысы:
Ұйымдастыру кезеңі. Психологиялық дайындық.
- Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Сабағымызды бастамас бұрын шаттық шеңберін құрып, бір – бірімізге мейіріммен қарап, амандасайық. Оқушылар күн нұрына қол созып, алақандарын жайып:
Қайырлы таң, қайырлы күн!
Күніміз ашық болсын!
Түніміз тыныш болсын!
Халқымыз аман болсын!
Елімізде тыныштық болсын!
Тәрбиеші: - Балалар, мұқият тыңдап, кезекші дыбыстарды дұрыс, анық айтыңдар.
Кезекші дыбыстармен жұмыс: Л – Т әріптері бар сөздерді оқып, орындарына қойыңдар (отан, тау, алма,көл, табиғат, терек, қала, гүл). Сабақта жаңа сөздермен танысамыз (хормен оқимыз).
Тіл дамыту жаттығуы: - Біз қай елде тұрамыз?
- Бас қаламыз қай қала?
- Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне биыл
неше жыл?
- «Отан! Отан! Бәрінен биік екен. Мен сені мәңгілікке сүйіп өтем» - деп
М. Мақатаев жырлағандай, бүгінгі сыныптан тыс іс – шарамыздың тақырыбы: «Менің Отаным – Қазақстан!» - деп аталады.
(Сабақ еліміздің әнұранымен басталады).
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.
- Балалар, бүгін біздер «Қазақстан» елі бойынша саяхатқа шығамыз. Отанымыз, туған жерімізді тереңірек түсінетін боламыз.
Аялдамаларға тоқтап, тапсырмалар орындаймыз.
- Ал, балалар, сапарларың сәтті болсын!
Балалар: - Рахмет.
1 аялдама «Есіңе түсір»
(Қазақстан жері картадан көрсетіледі).
Тәрбиеші: - Балалар, біз тұратын мемлекет қалай аталады?
Балалар: - Қазақстан!
Тәрбиеші: - Дұрыс айтасыңдар, біз Қазақстан елінде тұрамыз!
Барлығымыз Қазақстан картасына назар аударайық.
- Қазақстан жері қандай?
- Қазақстан жері үлкен, әдемі, әрі бай.(слайд)
- Дұрыс айтасыңдар, балалар. Мынау біздің байтақ жеріміз. Қазақстанның табиғаты алуан түрлі, жері кең, байтақ. Оны білу немесе түсіну үшін картаны пайдалану қажет. Сонда қай жерде қала, әдемі ормандар, биік таулар, теңіз, көл, қазына байлықтары бар екендігін картадан білеміз.Біздің еліміз бай жер. Қазақстанда мұнай, темір, алтын, көмір, мақта бар. Біздің еліміз жерінің кеңдігімен қатар, табиғи байлығы да мол мемлекет. Өріс толы малы, тайдай тулаған балығы, теңіздей толқыған егіні, дала толы аң - құсы, таусылмас кен байлығы да жеткілікті, мол. (слайдтан көрсетіледі).
Тәрбиеші: - Отан дегенді қалай түсінесіңдер?
1 – ші оқушы
Отан - менің ата - анам,
Отан – досым, бауырым.
Отан – өлкем, Астанам,
Отан – туған ауылым.
2 – ші оқушы
Отан – тарих, Отан – тіл,
Жасаған елім, өз халқым.
Отан – өлең, Отан – жыр.
Көтерген көкке ел даңқын.
- Балалар, көрдіңдер ме, өлең жолдарында Отанды қандай жақсы сөздермен жеткізген. Отан сенің ата – анаң. Отан – туған жерің. Отан – бұл Қазақстан Республикасы. Сондықтан, біз Отанды жоғары бағалап, қадірлей білуіміз керек.
Тәрбиеші: - Біз картаға қарап байтақ жерімізбен таныстық. Ендеше Отанымыз Қазақстан туралы тақпақтарды айтып еске түсірейік.
3 – ші оқушы
Менің елім – Қазақстан.
Бар ғой онда бәрі де:
Өзен де бар, көл де бар,
Орман да бар, тау да бар,
Жайнаған сансыз қаласы бар,
Жайқалған жомарт даласы бар.
4 – ші оқушы
Байтақ дала – туған жердің
Қымбат маған әр тасы.
Өзен, көлі, самал желі
Асқар тауы, баршасы.
Тәрбиеші: - Балалар, Отан туралы қандай мақал –мәтелдерді білесіңдер?
«Отан – елдің анасы».
«Отан – оттан да ыстық».
«Отанды сүю отбасынан басталады».
Отансыз адам – ормансыз бұлбұл.
Тәрбиеші: - Қазақстан – тәуелсіз, егеменді, көп ұлтты мемлекет. Онда
қазақтар, орыстар, украйндар, грузиндар, ұйгырлар, белорустар, кәрістер, татарлар, өзбектер тағы да көптеген ұлт өкілдері тұрады. Олар тату – тәтті,бірлікте өмір сүріп жатыр. Олардың бәрі түрлі тілдер де сөйлейді. Ал біздің мемлекет тіліміз — қазақ тілі.
Тәрбиеші: - Балалар, әр мемлекеттің мақтан ететін рәміздері бар. Ал, еліміздің мемлекеттік рәміздерін кім атайды?
Балалар: - Ту, Елтаңба, Әнұран.
Тәрбиеші: - Дұрыс, мемлекеттің рәміздеріне: елтаңба, ту, әнұран жатады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының авторлары
сәулетшілер: Шота Уалиханов пен Жандарбек Мәлибеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы.
Елтаңбаның орталық элементі – шаңырақ. Шаңырақ бастауы – отбасы ошағын бейнелейді. Қанатты тұлпар – мәңгілік өмір, болашақ үміт артар
жас ұрпақтың арманы, самғау биігі. Елтаңба төбесінде бес бұрышты жұлдыз бар. Төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар.
Мынау Қазақстан Республикасының туы. Тудың түсі аспанның түсіне ұқсайды – көк, ортасында күн шуағы. Астында қыран құс ұшып келе жатыр. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының авторы: суретші Шәкен Ниязбеков.
Әнұран. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының авторлары Нұрсұлтан Назарбаев, Жумекен Нажимеденов, Шамшы Қалдаяқов.
Тәрбиеші: - Кім осы рәміздер жайында толықтырып тақпақтар айтып береді?
5 – ші оқушы
Айнымайды аспаннан
Біздің тудың бояуы.
Оны халық қашанда
Биікке іліп қояды.
6 – шы оқушы
Әнұраны елімнің-
Шақырады бірлікке.
Егеменді халқымның
Болашағы бірлікте.
Тәрбиеші: - Балалар, естеріңде болсын, Қазақстан Республикасының рәміздерін, мемлекеттік тілін кұрметтеп, Қазақстанның әр азаматы өз елін, жерін қорғап, халқына адал еңбек ету керек. Сонда ғана адал азамат болып ер жетесіңдер.
Тәрбиеші: - Мынау Ақ орда. Онда біздің Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев президенттік қызметін атқарады.
(Осы кезде есік қағылады. Балалар, бізге бүгін Астана қаласынан қонақ келіпті. Сендерге қоятын сұрақтары бар. Қонақ қорапшаның ішінен «Бәйтеректің» макетін алып шығады.
Тәрбиеші: - Балалар, мынау не?
- Астана қаласының жүрегі – Бәйтерек.
- Бәйтерекке барып көрдіңдер ме?
- Бәйтеректің қай жерде орналасқанын білу үшін біз Астананың әдемі ғимараттарын тамашалаймыз. ( Слайдтан Астана қаласының көрінісі көрсетіледі)
- Тағы басқа қалаларды білесіңдер ме?( Қала суреттерін көрсетіп, аттарын атау).
Тәрбиеші: - Кім Астана туралы тақпақ айтып береді?
7 – ші оқушы
Біздін Отан – Қазақстан.
Елбасымыз – Нұрсұлтан.
Орталығымыз - Астана
Жаңа туған жас қала.
8 – ші оқушы
Отанымның төрінде,
Сарыарқаның өрінде
Ту ұстаған Астанам –
Әсем қалам, бас қалам!
2 аялдама «Танысамыз».
Қазақстан — ежелгі ел, бірақ қазіргі әлем картасында ол жақында 1991 жылы көрінді. Сол кезден елімізде үлкен өзгерістер болды.
Біздің мемлекет Евразия материгі ортасында орналасқан.
Республикамызда 14 облыс бар :
1. Ақмола облысы
2. Актөбе облысы
3. Алматы облысы
4. Атырау облысы
5. Шығыс–Қазақстан облысы
6. Жамбыл облысы
7. Батыс-Қазақстан облысы
8. Қарағанды облысы
9. Қостанай облысы
10. Қызылорда облысы
11. Маңғыстау облысы
12. Павлодар облысы
13. Солтүстік-Қазақстан облысы
14. Оңтүстік-Қазақстан облысы
Қазақстанда қалалар көп: Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент,
Көкшетау, Қостанай, Ақтау, Павлодар, Ақтөбе, Тараз, Қызылорда, Өскемен,Семей, Талдықорған.
- Балалар, тағы қандай қалаларды білесіңдер?
- Балалар, біздің туған қаламыз қалай аталады?
- Орал.
Отанымыз Қазақстанның кішкентай ғана бір бөлшегі болып есептеледі. Біз осы жерде өмір сүріп жатырмыз.
(Осы кезде Оралдың өсіп - өркендеп келе жатқандығын сипаттайтын түрлі суреттер топтамасы слайдтан көрсетіледі).
Отан дегеніміз - адамның туып өскен жері, туған - туысқандарымен, жақындарымен бірге тұратын атамекені.
Туған жерін сүймейтін адам жоқ. Олай болса, туған жер туралы қандай тақпақ біледі екенбіз?
9 – шы оқушы
Атам, әжем, әкем, анам -
Төртеуі де «Отан» маған.
Төртеуі де «Ботам» - дейді.
«Ер азамат атан!» - дейді.
Мақтанамын Отаныммен,
Отаныма «Ботамын» мен.
«Біз – өмірдің гүліміз» әні орындалады.
3 аялдама «Ойлан, тап...»
Мақалдарды оқып, жалғасын тап.
Топтық жұмыс:
• Отан -
• Отансыз адам...
• отбасынан басталады.
• ормансыз бұлбұл.
• оттан да ыстық.
• Отанды сүю ...
4 аялдама «Ойнаймыз».
• Ұшты, ұшты (Егер зат ұшатын болса, балалар қолдарын былғайды, ұшпаса – түзеу тұрады). Торғай, алма, ұшақ, терезе, қарлығаш, бүркіт, аспан, тікұшақ, сауысқан, гүл, қарға, кілт.
5 аялдама «Бекітеміз».
Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді жазыңдар.
Қазақстан - көп ұлтты ... . Онда жүз отыздан астам ұлттар ... өмір сүреді. Қазақстан жері бай ... белгілі. Қазақстан жерінде көмір, ... , алтын, ... , мыс, ... . Қазақстанда ..., мал шаруашылықтары ......
Керекті сөздер : мемлекет, тату-тәтті, тарихымен, темір, мұнай , бар, астық, дамыған.
Ақ сандығым ашылды,
Ішінен сұрақ шашылды.
(Оқушыларға жоғарыда айтылған материалдар бойынша сұрақтар қойылады).
1.Қазақстан қандай мемлекет?
2.Біздің Елбасымыз кім?
3.Қазақстанның астанасы қай қала?
4.Қазақстанның мемлекеттік тілі қандай ?
5.Мемлекеттік рәміздерді ата.
6.Қазақстан қалаларын ата.
7.Сен қай қалада тұрасың?
10- шы оқушы
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің.
Таулы орман, жасыл жайлау, көлім менің.
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті.
Тәуелсіз Қазақстаным – елім менің.
«Атамекен» әні орындалады.
«Жылы сөздер» айтып күн шуағын жапсыру. (жәй әуен орындалып тұрады)
Қорытынды: - Жарайсыңдар, балалар, біздің бүгінгі тәрбие сағатымыз осымен аяқталды. Сабаққа барлығыңыз өте жақсы қатыстыңдар. Рахмет.
Отанымыз туралы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы білімдерімізді толықтырдық. Бүгінгі сабақта айтылғандарды өнеге етіп, елді, жерді сүюді, қадірлеуді өмірлік мақсат етейік. Тәуелсіз елдің тілегі – бейбітшілік, тыныштық келешегі – білімді ұрпақ. Тәуелсіздігіміздің 25 жыл мерекесі құтты болсын!
- Ал енді, балалар, бәріміз қонақтармен қоштасайық.
Қол ұстасып тұрайық,
Шеңберді біз құрайық.
Көріскенше күн жақсы,
Cау-саламат болайық. Тәрбие.орг сайтынан «Менің Отаным - Қазақстан!» Тәрбие сағаты материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Нарымбаева Гулнара Мукановна

БҚО Орал қаласы Облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат-кеше Тәрбиеші

Пікірлер: 0

avatar