Меню
Артқа » » » » Материал жариялау
ҚҰРБАН АЙТ - ҚАСИЕТТІ МЕРЕКЕ
  • 23.09.2016
  • 574 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 19528

Материалды Tarbie.org сайтынан тегін жүктеу (240.7Kb) · Материалды Tarbie.org сайтынан тегін жүктеу ()

Тақырыбы: Құрбан айт – қасиетті мереке
Мақсаты:
Білімділік: Құрбан айт мерекесінің қасиеті туралы түсіндіру.
Тәрбиелілік: Оқушыларды сабырлы, әдепті, ұқыпты болуға тәрбиелеу.
Дамытушылық: Оқушылардың бойында имандылық қасиеттерін
қалыптастыру.
Көрнекіліктер: Интерактивті тақта.
Нақыл сөздер:
1.Құрбан шалу – мұсылмандықтың маңызы.
2. Құрбан шалу көрші ақысын еске түсіріп, татулыққа бастайды.
3. Құрбан шалу шаңырақты берекеге бөлейді.
4. Құрбан шалудың қоғамдық пайдасы мол.
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі.
Армысыздар ұстаздар, оқушылар! Баршаларыңызды қасиетті «Құрбан айт» мейрамымен құттықтаймын!
Әнұран орындау
ІІ. Тегіміз Түркі, дініміз - Ислам
« Біз - тегіміз Түркі,дініміз - Ислам екенін ұмытпауымыз керек.Ол үшін қасиетті кітап-Құран - Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек.
Күллі мұсылман қауымының шариғат заңдылықтарында, діни ғұрыптарында, тіпті күнделікті тіршілігінде басшылыққа алатын, аса киелі, қасиетті кітабын Құран деп атаймыз. Ол мұсылмандар ұғымында тура жол көрсетуші деп танылған. Қасиетті кітап Құранда 144 сүре бар. Оның ең қысқа сүресі 3 аяттан тұратын «Кәусар», ал ең ұзағы 286 аяттан тұратын «Бақара» сүресі.
Алла тарапынан білдірілген әмір, міндет және тыйымдардың жиынтығын дін деп атайды. Дін – үлкен ғылым. Ислам діні қоғамға және ізгі адам баласын адамгершілікке баулуға қызмет етеді.
Қасиетті Құран кітабын дәрет алып қолға ұстағанда «Биссмиллаһир - рахманир - рахим» деу керек. Құран кітапта жазылған аяттар адамды мұсылмандық жолға бастайды.
Мешіт – Алла үйі, қасиетті инабат, ғибадат орыны. Мешітке оң аяқпен сәлем беріп кіреді. Мұнда төрге, орынға таласпайды, әдепсіз сөйлеуге болмайды. Әр мұсылман Алла үйіне құрметпен қарауға міндетті.
Халық Алласына, Тәңірге сеніп, ертеңгі күнін, аржақтағы ана дүниеге баратын күнін ойлап, дүниедегі мынау бүгінгі күннің күйбеңімен жүре бермей, Мұхаммед Пайғамбарымыздың ( с.а.с.) Хадистеріне сәйкес өмір сүрсе деймін.
Дінімізді,ділімізді, тілімізді сақтау-Ұлттығымызды , Мемлекетімізді сақтау» деп елбасымыз айтқандай бүгінгі ашық сабағымызда Ислам діні, имандылық және Құрбан айт туралы айтылады.
Оқушы: Дін - ғылымның анасы
Дін- ғылымның анасы,
Дін- ғылымның әкесі,
Ғылым- діннің баласы,
Дін- ғылымның көкесі!!!
Ғылым да бар, дін де бар,
Қоқыс та бар, гүл де бар.
Адам ата өлмесін,
Ақырзаман келмесін,
Қол қусырып құдайға
Ғылым мен дін, бірге бар!
Ислам діні алғаш рет Арабияда дүниеге келді. Оның негізін салушы-Мұхаммед Пайғамбар. Өзін мұсылман санайтын адам баласы төмендегідей бес парызды ұстауы керек:
1. Аллаға сеніп,Мұхаммедтің үметі екеніңді мойында.
2. Дәрет алу,күніне бес рет намаз оқу.
3. Зекет беру .
4. Рамазан айында отыз күн ораза тұту.
5. Қажыға,Меккеге бару.
Осы өздерің айтқан бес парыз туралы не біледі екенбіз. Ортаға салайық қане.
Оқушы: Бес парыз
Болған соң мойнымдағы бас қарызым,
Айтайын өтер-өтпес досқа арызым.
Жәннатқа жақсы істермен жарысайық,
Орындап мұсылманның бес парызын.
Иманды баға жетпес нұрға бала,
Ақылды адам одан құр қала ма?
Дүниені әркімдерге-ақ берген Раббым-
Дінді тек берер сүйген құлға ғана.
Ендеше, дін тірегі- намаз дейді,
Намазбен пенде Алладан пана іздейді.
Құлшынып құлшылығын арттырғандар-
Құранан ешқашан да ара үзбейді.
Тұтпаса уағымен Оразаны-
Адамның тәні толып, жаны азады.
Тұрмаса тізгінделіп тіл мен нәпсі
Тозақтың сенде дей бер бар азабы.
Парызды сонан соңғы- Зекет дейді,
Қолыңа нелер келіп, не кетпейді.
Бергенің береке болып ахиретте
Жұмақтың биігіне жетектейді.
Алланың түссе саған назары асыл,
Сүймейсің бос мақтанмен сөз аласын,
Инша Аллах қабыл болса қажылығың-
Анаңнан туылғандай тазарасын!
Жаратқан «бай», «кедей» деп жіктемейді,
Жалқаулық, сараңдыққа құп демейді.
Тыйым жоқ бес парызда, бізге Алла-
Келместі қолымыздан жүктемейді
Мұхаммед (с.ғ.с.)пайғамбар адам болудың жауапкершілігін былай түсіндірген. Қиямет күні әр адамнан мына 4 нәрсенің есебі сұралады:
1.Өмірін (уақытылы) қайда жұмсағанын;
2.Жастығын қалай өткізгендігін;
3. Қалай дүние тауып,қалай жұмсағандығы;
4. Алған білімін қайда жұмсағандығы.

Оқушы:
Адамдық іс
Күн туса, нұр қашады айдан-дағы,
Жарлы жақсы қайырсыз бойдан-дағы.
Бұрынғы қариялардан қалған нақыл,
Бұл сөзді таптың-деме қайдан дағы?
Тұлпардың тұқымының туымы бар,
Белгілі ат болуы тайдан-дағы.
Алды аға артта-іні жетіп тұрса,
Жігітке ол бір құрал сайман-дағы.
Деген бар: төртеу түгел төрге шығар,
Төрің сол-бақыт құстың айналғаны.
Алтау боп-аузын ала бола қалса,
Дұшпанға құл боп анық байланбаған.
Кейбіреу сәл бақытқа мас болады,
Шабақтай шапылдаған қайраңдағы.
Адамдық ісіңе жұрт аңсап тұрсын,
Не керек қарыныңның құрмаланғаны?
Көңіліне мен де адаммын деп жүрген көп,
Кілегей майға ұқсаған айрандағы.
Пайғамбарымыз: “Сендер маған мына 6 мәселеге уәде берсеңдер, мен сендердің жұмаққа баратындарыңызға уәде берем”-деген.
1. Сөйлегенде шындық айтуға;
2. Уәде берсеңдер орындауға;
3. Аманатқа қиянат жасамауға;
4. Арлы болуға
5. Құран тыйған харамдардан сақтаныңыздар;
6. Жамандық жасамаңдар, көре алмаушылық болмасын.

Оқушы:
Адамдық пен надандық
Дүниеге кімдер келіп кім кетпеген,
Табиғат-түбі терең жол жетпеген.
Өтерін өміріңнің біле тұрып,
Маңдайын пенде барма терлетпеген?
Баз біреу көп ақылға ие болып,
Жұмысын ешбір жанға жөндетпеген.
Баз біреу мал базарын мақсат етіп,
Ауруын адамдықтың емдетпеген.
Ақылдың ауырлығы қорғасындай,
Көңілді бұзық іске өрлетпеген.
Тынық боп тыпыршымай есің болса,
Қаңтардың шуағындай желдетпеген.
Лұқпандай мың жыл өмір сүрсе дағы,
Ақыры өлім кімді еңіретпеген.
ІІІ.Құрбан айт туралы не білеміз?
Айт – арабшадан тілімізге аударғанда «мейрам» деген мағынаны білдіреді. Айт намаздарының уәжіптігі құран мен сүндетке сүйенеді. Біріншісі- Рамазан айты, екіншісі- құрбан айт.
Оқушы: Рамазан айт. Бұл мейрам мұсылмандардың ораза тұтанын Рамазан айы аяқталып Шәууал айының 1 - күні басталады. Ол үш күнге созылады. Мұсылмандар алғашқы күні айт намазын оқып, артынша амандық сұрасып, бір - бірін қонаққа шақырады, өзара жақсы тілектер айтып, ерекше қуанышпен атап өтеді.
Оқушы: Құрбан айт. Үш күнге созылатын бұл мейрам мұсылман күнтізбесі бойынша Ораза айтынан 70 күннен кейін Зұлхиджа айының 10 - ы күні басталады. Құрбан айтта мұсылмандар Айт намазын оқып, құрбан шалады.
Оқушы: Мәуліт мерекесі. Мәуліт – Мұхаммед пайғамбардың туылған күні. Мәулітте құран оқылып, Мұхаммед пайғамбарға салауаттар айтылады.
Оқушы: Қадір түні. Құран кітабы түскен, адамдардың күәсі кешірілетін, бір жылғы ырзығы белгіленетін, жақсылығының сауабы еселенетін, дұға тілегі қабыл болатын, Алланың мейірімі жауатын ең қасиетті түн. Қадір түні Рамазан айының 27 - түні болады. Бұл түнді мұсылмандар құлшылықпен, мінәжатпен өткізеді.

Құрбан айт- мұсылманның ұлық мерекесі./
Ал балалар «Құрбан айт» туралы не білеміз ортаға салайық.
Оқушы: Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжіп.
Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу міндет:
- Мұсылман болуы;
- Ақылды және балиғат жасына толуы;
- Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;
- Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.

Ал Нисап мөлшері дегеніміз не екен?
Оқушы: Нисап мөлшері – 85 грамм алтын, яки соның құнына тең келетін ақша. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанымен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат.
Оқушы: Құрбандық шалу – Жаратушыға жақындау үшін жасалатын құлшылық міндеттердің бірі, құрбандыққа негізінен түйе, сиыр, қой немесе ешкі сойылады. Құрбан етінің үштен бірі отбасына қалдырылып, 2 - бөлігі ағайын - туысқа, көршілерге немесе жолдас - жораларға беріліп, 3 - бөлігі тұрмысы төмен кедейлерге, жетім - жесірге таратылады.

Және тағы кім ойын қосады.
Оқушы: Ибраһим (а.с) пайғамбар өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ізгі ұрпақ сұрап, көп жыл бойы Алла тағалаға жалбарынғанды.Бұл тілегі қарттық шағында болмасы бар ма?! Күндердің күнінде Ибраһим пайғамбар түсінде баласын құрбандыққа шалғалы жатқанын көрді.Белгінің Жаратушыдан келгеніне көз жеткізген Ибраһим пайғамбар бұл белгіні орындауға бекемденеді. Ұлы Жаратушы әмірі қайткенде де сөзсіз орындалуы тиіс.Ақыр соңында тәуекелге бел буды. «балам түсімде Алланың әмірімен сені құрбандыққа шалуға ниеттеніп, бауыздайын деп жатыр екем. Бұған не дерсің?» дейді. Баласы әкесінің ойын түсінді: «Әкетай,еш тартынба! Хақ Тағаланың бұйрығын не болса да орында.Тәуекел ет!» деді қасқая. Әке мен бала бұйрықтың басқадан емес,Ұлы Жаратушыдан келгенін жете ұғына білді.Сол үшінде қыңқ деместен, «кессең мойным міне» деп пышаққа түсті.Әттең,қанша қайралса да пышақ өтпей қор қылды.Соңынды сынақтан да сүрінбей өтті-ау. Алланың өзі аян білдірді:
«Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың.Міндетіңді орындадың. Исмайылдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылай марапаттаймыз!» деген екен.
Оқушы:
Иә, Алла тағала сынағаны болмаса, Исмайылды құрбандыққа шалуды қаламады.Ол тек Ибраһим пайғамбардың өзіне адалдығына,әмірін қалтықсыз орындауына тәнті болуды қалады. Нағыз тәуекел ете білудің үлгісін паш етті. Ибраһим пайғамбардың кезінде құрбан шалу қажылықтың бір шарты ретінде сүннетке айналып,соңғы елші хазірет мұхаммедке де (с.а.с) жетті.Осы кезден бастап құрбан шалу қажылықтың бір рәсімі ғана емес, бүкіл мұсылман жұртшылығына ортақ құлшылықтың түріне айналды.Құрбан шалу Алла елшісі (с.а.с) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін,хижраның екінші жылы қажылықтан тыс мұсылмандарға да міндеттелді. Осы күндері айт намазын оқу және құрбан шалу уәжіп ретінде бекітілді.
Оқушы:
Құрбан айт мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі. Ол «ораза айттан» кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады. Бұл күндер Ұлы Меккеге қажылықпен аяқталады. Айт күндері Аллаһқа арнап құрбандық шалады, мал сояды . Бұл мұсылмандардың негізгі міндеттерінің бірі.
Оқушы:Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малын шалады. Басқа жануарлар қолданылмайды. Ауру, соқыр мал құрбандыққа шалынбайды. Мұсылмандар үшін Құрбан айттың бірінші күні маңызды болып саналады. Бұл күні мешіттерде айт намазы оқылады. Айттың осы бірінші күнінде адамдар бір-бірін құттықтап, бір-бірінің үйінен дастарқаннан дәм татады, бұл күні әр мұсылманның үйінде дастарқан жайылады. Құрбан айтта бауырсақ, шелпек пісіру, дастарқан мәзірін дайындайды.
Оқушы: Құрбан айт күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен қарау, құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздан алдын ештеңе жемей, намазға бара жатқанда тәкбір айту – хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті. Аллаһ Тағала әмірі мен пайғамбарлар сүннетін орындау Жаратушы Иеміздің ризашылығына жақындатып, ақиретте сый-сияпатына кенелтеді. Сондықтан да айтқа ниеттеніп, дайындалушы немесе ынта-ықыласымен құрбандық шалушының Тәңірі мейіріміне бөленіп, о дүниеде жүзі жарық, мол сауапқа ие болары сөзсіз.
Оқушы: Қажылыққа барған тәуап етушілер мен оған себепті жағдаймен бара алмағандарға айт күндері ортақ ғибадат –құрбандық шалу. Бұл – айтулы мерекенің ең маңызды амалы. Құрбандық деп құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Сондықтан бұл құрбандық шалу мерекесі, яғни Құрбан айт деп аталады. Қасиетті Құран Кәрім жәнеИслам тарихы бойынша бұл мереке мен оның шежіресі сонау адамзаттың атасы Адам (ғ.с.) ата және дәстүрлі діндердің түп атасы Ибраһим (ғ.с.) мен оның ұлы Исмайыл (ғ.с.) пайғамбарлармен тығыз байланысты.
ІV. Сыныппен жұмыс.
Сұрақ: Құрбандық шалудың маңыздылығы қандай?
-Оқушы: Құрбандық нисабы деп аталатын мөлшерден көп ақшасы, мал- мүлкі болған адамның құрбандық шалуы уәжіп болады. Құрбандық шалуы уәжіп бола тұра құрбандық соймаған адамдарға Алла тағала жақсылық жасаудан нәсіп етпейді. Жағдайы, уақыты бола тұрып, құрбандық шалм аған адам намаз оқыған жерімізге келмесін.
Оқушы:Құрбандық малының терісінің әрбір қылына және бөлшегіне сауап бар делінген.
Оқушы: Құрбандық малдарың семіз болсын. Олар сырат көпірінде сендерге көлік болады.
Оқушы: Құрбандық малдың әрбір қылының мөлшеріндей сендерге сауап бар, ал қанының әрбір тамшысы үшін сияпат бар. Ол сендердің мизан тараздарыңа қойылады. Сендерге сүйінші болсын делінген.
Оқушы: Құрбандарыңды шын көңілмен сойыңдар! Өйткені құрбанды құбылаға қаратып сойып, оның қаны, мүйізі, жүні барлық жері қияметте өзінің мизанына , яғни таразысына сауап болып қонбайтын мұсылман болмайды.
Оқушы: Сауабын күтіп құрбандық сойған адам жаһаннамнан қорғалады.
Оқушы: құрбандықтың ең қайырлысы мүйізі бар қошқар.
Оқушы: Сойылған құрбан қияметте етімен, қанымен 70 есе үлкейіп мизан таразысына қойылады делінген.

Оқушы: Алланың өзі де рас, сөзі де рас
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас.
Аманту оқымаған кісі бар ма?
Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.
Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,
Оларға кез-кезімен нәби келді.
Қағида шариғаты өзгерсе де,
Тағриф Алла еш жерде өзгермеді.
Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес,
Әһлі кітап бұл сөзді бекер демес.
Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен,
Бос сөзбенен қастаспай, түзу емес.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.

Оқушы: Ақиқат жолы (Ғ. Төлегенқызы)
Өміріме нұр құяр Құран шырақ.
Ойыма салмас ешбір тұман - сызат.
Айнымастан әрқашан сеніп өтем
Төрт шындықтың барына күмәнсіз - ақ

Ең бірінші сенемін – Жаратқанға
Екіншіден сенемін Хақ сөзіне
Үшіншіден сенемін Пайғамбарға
Бас иемін Алланың жарлығына.

Қанатын қырандардың қайырмағай
Сұмдық - қулық қоғамға жайылмағай
Жаратқаным жар болып бәрімізге
Ақиқаттың ақ жолынан айырмағай.

ҮII. Сөзжұмбақ «Жарапазан»
1. Мұсылманның бес парызының бірі (қажылық)
2. Пайғамбардың аты (Мұхаммед)
3. Ораза айы қалай аталады? (Рамазан)
4. Біздің билеушіміз (Алла)
5. Жарлыларға берілетін садақа (Пітір)
6. Аптаның қасиетті күні (Жұма)
7. Мұсылманның бес парызының бірі (зекет)
8. Діни мереке (Айт)
9. Исламның қасиетті кітабы ( Құран)


ҮIІІ. Қорытынды
Егемен ел атанған көпұлтты мемлекетіміз өткен жылдар ішінде дүниежүзінің қалың жұртшылығына жан-жақты жаңарған, экономикасы серпінді дамыған, өсіп-өркендеу мүмкіндігі мол, діні мен тіліне қарамастан барша адамзат баласын бауырына басқан еңселі мемлекет ретінде танылды. Тұғыры берік тәуелсіздігіміздің басты жетістіктерінің бірі жасампаз халқымыздың ділімізбен қайта қауышуы екені даусыз.Олай болса үш күн бойы аталып өтілетін бұл мейрамның барша мұсылмандар үшін мән-маңызы аса зор, өнегесі өзгеше.Ауқатты, тұрмысы жақсы адамдар Ұлы жаратушы Иеміз-Алла разылығы үшін құрбандық шалып, кедей әрі мұқтаж адамдарға, міксін жандарға қамқорлық көрсетеді.
Олай болса, Құрбан айт мерекесі де адамдардың бір-біріне ізгі ниеттер тілеп, бір-бірінің көңіл-күйін көтеріп, ренжітіп алған кездері болса кешірім жасасатын күн.
Қасиетті Құрбан айт жүрегімізге қуаныш ұялатып, біздің рухани тазалығымызды қамтамасыз етсін. Жүрегімізді қуанышқа бөлеп, барлық ақ ниетті істерімізді қолдасын.
- Осымен ашық тәрбие сағатымыз аяқталды. Қатысқандарыңызға рахмет. Сау болыңыздар Тәрбие.орг сайтынан ҚҰРБАН АЙТ - ҚАСИЕТТІ МЕРЕКЕ Тәрбие сағаты материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Арбекова Багдат

ОҚО Түркістан қаласы Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназия Информатика пәнінің мұғалімі

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Бөлімі: Тәрбие сағаты | Логин: Багдат_Арбекова
Көрсетілім: 574 | Жүктеулер: 114
Барлық пікірлер: 0
avatar