Ұстаз - ұлы тұлға

  • Жүктеулер: 2
  • Көрсетілім: 361
  • Тәрбие сағаты
  • 15/Дек/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 20517


Сабақтың тақырыбы: « Ұстаз – ұлы тұлға»

Сабақтың мақсаты: Оқушыларға ұстаз – екінші ата - ана екендігін түсіндіре отырып, ұстаздарымызды
құрметтеуге, сыйлауға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: Плакатқа жазылған нақыл сөздер, әртүрлі безендіру шарлары.

Жүргізуші:
Армысыздар, ардақты ұстаздар! Жаныңызға шуақ шашар сәулелі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап, сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, қажымас қайрат, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға береке мен шаттық тілейміз.
Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілу керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы деп Әбунасыр әл Фараби атамыз айтпақшы, мұғалім болу – балалардың болашақ өмірінің кілтін қолға алу. Оларды өмірге дайындау, жақсыға жақындату, жаманнан алыстату, шындықты ұғындыру. Ол үшін мұғалім тәрбиелі, білімді, іскер, баланы жақсы көретін, әр баланың тілін табатын адам болуы тиіс. Өмірге бағдар беру, болашаққа нық сенімді азамат тәрбиелеу – ұстаз парызы.

Барлығы бірге: Мерекелеріңіз құтты болсын, аяулы ұстаздар!

Жүргізуші:
Біздің бүгінгі қадірлі ұстаздарға арналған « Ұстаз – ұлы тұлға» атты кешімізді бастаймыз.
Ұстаз!
Осынау, сөзде қаншама мән – мағына жатыр десеңізші! Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам – қайраткерлері де бір адамға қарыздар.
Ол – Ұстаз!

1 – оқушы: Ақнұр
Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек.Сондықтан да ұлы ақын Абай атамыз айтқандай:
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, - деп айтуында терең мағына жатыр.

2 – оқушы: Арай
Ұстаз - өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.Ұстаздың қайырымдылығы, сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс – тұрысы, білімі шәкіртке де, ата-анаға да өнеге болары хақ.

Жүргізуші: Таңшолпан
Өнерпаздар жарысып сан – салалы,
Жиын десе, той десе жан салады.
Кешіміздің ашылу құрметіне
Әуелеген әсем ән шырқалады – дей отырып,бүгінгі салтанатты мерекеде біз мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәтте күлімдеп, жылы құшақ жая қарсы алған аяулы ана алғашқы ұстазымызға арналады.

Ән: (хормен) «Ұстазым менің»

Тұлғаңды арманыма ұқсатқаным,
Үлгіңді көңіліме қыстатқаным.
Есімде әліппені жаттатқызып,
Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның.

Қайырмасы:

Ұстазым менің, ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс – жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік.
Жадымда тұрар жаңғырып,
Ұстазым менің, ұстазым !

Зердемді сен ашпасаң не етер едім?
Өмірден сыбағасыз өтер едім.
Ғажайып дүниенің сырын жайып,
Қияға қызықтырып жетеледің.

Қайырмасы:

3 – оқушы: Перизат
Ұстаз – ұлағатты зиялылар,
Сендерде ғалымдардың қиялы бар,
Ағайын тойларыңа тарту етем,
Ақыннан әриялы сый алыңдар!

Ұстаздар – тыншымайтын еңбеккерлер,
Жемісті жерге екпеген, елге еккендер
Адамзат ұрпақтарын тәрбиелеп,
Зердесін болашақтың зерлеткендер.

Жайдары жүздеріңе барқыт көрік
Жаныңның бар асылын сарқып беріп
Жас буын - өнегелі шәкірттерді
Жүрсіңдер өз балаңнан артық көріп.

4 – оқушы: Арай
Сөзі бойға ексе білім қуатын,
Көзі зерттеп жан – дүниеңді ұғатын.
Қайда жүрсем бірге ұстаз бейнесі,
Іс – қимылы аңсар арман – мұратым.

Күллі өмірін жеткіншекке арнаған,
Мұғалімді ардақтамас бар ма жан.
Ол мектептен шықпаса да қысы – жазы,
Жемісі оның жердің жүзін шарлаған.

Бала десе ойламайды өз қамын,
Көрсем дейді күнге де қол созғанын
Шын жүректен жатса – тұрса тілейді,
Шәкіртінің өзінен де озғанын.

5 – оқушы: Шыңғыс
Адам бар ма мұғалімнен жаны ізгі,
Аялаймын олар басқан әр ізді.
Арманым не алабына қадірлі,
Өнегелі болсам ұстаз тәрізді.

Олар үлес қосар сана ақылға,
Мың алғыс бір сабағына татыр ма?
Болуды мен санаймын ең зор бақыт,
Мұғалімдер армиясы сапында.

6 – оқушы: Ақнұр
Анадай құс ұйқымен көз ілдірер
Арманын аласартпас, сезімділер
Бағбандай, мәуелі бақ мәпелеген,
Бала үшін бар азапқа төзімділер.

Жақсылық атаулыға жаршы жандар,
Жамандық атаулыға қарсы жандар.
Баланы сусындатып өсіруге,
Білімнің бұлақ көзін аршығандар.

Ұстаздар – ұлағатты зиялылар,
Сендерде ғалымдардың қиялы бар.
Ағайын тойларыңа тарту етем,
Ақыннан әриялы сый алыңдар!

Жүргізуші:
Күз мезгілінің алтын шуағымен бүкіл елімізде салтанатты түрде Ұстаз күні аталып өтіледі.Бұл мереке біз үшін ерекше күн. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, он бір жыл бойы бізді білімнің кәусар бұлағымен сусындататын асыл – жандар – аяулы ұстаздарымыз.

7 – оқушы: Жұлдызай
Мейлі жас, мейлі кәрі бол,
Дана деп сені,
Пана деп сені ұғамын.
Көктемнің нұры мен нәрі мол
Диқансың және,
Кеншісің және мұғалім.

Қалыпшы деп те айта алам,
Құрыштай құйып
Шыңдаған балғын жас жанды.
Мектептен түлеп майталман,
Батырдың жолы,
Бақыттың жолы басталды.

Анадай бесік тербеткен
Түн қатып сансыз
Дәптерге қанша түнейсің!
Суарып білім - шәрбатпен,
Дүниеден бізге
Жақсылық қана тілейсің,

Барлығы: Мың рахмет,ұстаз – мұғалім!

8 – оқушы: Ерболат
Білімнің кәусар бұлағын
Жүресің құйып санама
Біз үшін сенсің мұғалім,
Ұстаз да, ғалым, дана да.

9 – оқушы: Мейіржан
Ұстаз деген асыл жан,
Табылады әр кез қасымнан.
Білім берер жалықпай,
Сусындаймын жасымай.

Жүргізуші:
Анамдай сүйем мен
Шеберін ғылымның
Ұстаздың үйренем
Өнерін, білімін.
Үйреткен із сазын
Мың жаса, ұстазым!

Ән: (хормен) « Құтты болсын мереке»

Шертіп сыры мол күйді,
Жүрегіміз толқиды,
Көкіректі кернейді ән.

Қайырмасы:

Барлық ұстаз апайлар,
Барлық ұстаз ағайлар!
Құтты болсын,
Құтты болсын, төл мейрам 2 рет

Би билейміз, талмаймыз,
Әнімізді арнаймыз.
Ұстаздардың бәріне.

Қайырмасы:

Біз жүрейік мақтанып,
Бөленіңдер шаттанып,
Шәкірттердің әніне.

Қайырмасы:

Жүргізуші:
Ұстаз да диқан сияқты.Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді.Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанатын қатайтып ұшырады.Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді.

10 – оқушы: Мадияр
Маған ұстаз үйретті
Әліппесін өмірдің.
Жан – жүйемді билетті
Күйі шалқып көңілдің.
Қиялымды кездірді
Таптым ойдың тұрағын.
Маған ұстаз сездірді
Алдағы өмір шырағын.
Мені ұстаз баулыды
Тәтті жыр мен өлеңге
Тәрбиемнің әр күні
Тартты ілгері белеңге.

11 – оқушы: Есқали
Асыға дәптер ақтарған,
Дулатып мектеп алабын,
Жүрегімде сақталған
Алғашқы алған сабағым
Өмір күйі аңсаған
Қандым мөлдір бұлақтан
Шашты қырау шалса да,
Ұстазымды ұмытпан!

Барлығы бірге: Шын жүректен шаттыққа толы өмір тілейміз!

Жүргізуші:
Көтеріп жүктің салмағын,
Жолында өмір талмадың.
Мерейің қандай шуақты,
Ұстазым – асыл арманым!

Балғындарға баянды,
Сырын төккен – ұстазым!
Шәкіртіне аяулы
Нұрын төккен ұстазым!
Есімде мәңгі қалдың да,
Жүректе ән боп жандың ба?

Есейіп бүгін кетсем бе,
Шәкіртпін ұстаз алдында!
Білім ойдың сұлуын
Асу еткен – ұстазым!
Жүрегінің жылуын
Шашу еткен - ұстазым!

12 – оқушы: Мақсат
Талдырмай жүріп қанатын,
Жүрекке жол табатын,
Санаға қағаз салатын
Ұстаздар керек біздерге.
Қиындықты жасымай
Жетістікке тасымай,
Ұстаздар керек біздерге.
Қиялын ұштап самғайтын,
Ұрпақ ілімін жалғайтын,
Қиянатқа бармайтын
Ұстаздар керек біздерге.

13 – оқушы: Бағдат
Сағыныш сазы толқытқан,
Арнамақ сөздің мәйегін
Шәкірттерің оқытқан
Келіп тұр жолдап сәлемін!

Жүргізуші:
Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, Ұшқанда соны ілерсің» дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Қымбатты ұстаздар! Біз сіздерді еш уақытта ұмытпаймыз!

14 – оқушы: Мөлдір
Ақ түссе де шаштың әрбір талына,
Жүк түссе де нар көтермес жанына,
Жаңарады жаңа оқу жылымен
Тосар сені жеткен кезде сағына.

Шәкірттерін азамат қып саналы,
Ұстаз – ана дана бола алады.
Ең бастысы, ұстаз мынау өмірде.
Ұлағат боп, ұлылық боп қалады.

15 – оқушы: Балжан
Ақ қылау түскен самайға
Шәкірттің ұғар ойлысы.
Ұстаздық ауыр қалайда,
Төзе алмас еді жай кісі,
Айналдым ұстаздарымнан.
Байыппен айтқан ақылын,
Самалдай егіп санама.
Өмірде мәңгі жақыным –
Ұқсаған туған анама,
Айналдым ұстаздарымнан!

16 – оқушы: Елдар
Ақылын ойдан сарп етіп,
Ақ моншақ маңдай терімен.
Қиядан сонау жарқ етіп
Құздардан күнде көрінген,
Айналдым ұстаздарымнан!...

Жүргізуші:
Ұстаз .... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын ... алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі ... және ар намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ ..., жұрттың бәріне ... жақсылық пен ізгілік көрсетіп ... қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.

17- оқушы: Нұрзада
Айтарым менің көп тегі,
Тыңдаудан әсте жалықпан.
Күлімдеп тұрған көктегі
Күнді де маған танытқан,
Айналдым ұстаздарымнан.

Еңбектеп үйге кіргенде,
Еңбекте – бақыт, соны ұққам.
Адасып түнде жүргенде
Алаулап от боп жолыққан.
Айналдым ұстаздарымнан.

18 – оқушы: Нұрдәулет
Мұғалімді анамдай жақсы көрем,
Қиналамын қымбат теңеу таба алмай.
Өз баласын тастап кетіп үйіне,
Ел баласын оқытады, ой, Алла – ай.

Мұғалімді жақсы көрем сезімтал,
Үлгі етемін өнегелі сөзін бал.
Мұғалімнің мұғалімін танимын,
Көкіректе көре тұғын көзім бар

Мұғалімдер, Таңшолпан
Шәкірт көзін ашқандар,
Тек солар деп бар білімді шашқандар.
Тек солар деп қара шашты ағартып,
Жұмақ жерін бұл дүниенің басқандар.
Мұғалімдер, Арай
Шаштың нұрлы білімді,
Шәкірт үшін арнадың бар күніңді.
Сізден алған бар ілімнің күнімен,
Шықты, міне, талай қыран бүгінде.
Мұғалімдер, Перизат
Қадірлісің барлығың,
Оқушының аша білген сандығын.
Жалықпастан бар білімді үйреткен,
Сіңірген мол еңбектерің бар бүгін.
Мұғалімдер, Жұлдызай
Сіздерге мен мәңгі қарыз екенмін,
Арқаңызда арманын жетермін.
Мұғалімдер, ұстаздарым, сіздерге,
Мәңгілікке басымды иіп өтемін.
Жүргізуші:
Мұғалім - өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де тоқталады. Сонымен, ендігі кезекті ұстаз туралы нақыл сөздерге берейік.

Нұрзада: Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Перизат: Жақсы мұраптың атынан су ереді,
Жақсы ұстаздың соңынан шәкірт ереді.

Балжан: Ұстазға қарап шәкірт өседі.

Арай: Атпаз көрген ат таныр,
Ұстаз көрген хат таныр.

Мадияр: Ұстаз мәртебесі – ел мерейің.

Бағдат: Ұстаздан шәкірт озар

Таңшолпан: Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла.

Жұлдызай: Ұстазы талантты болса,
Шәкірті талапты болады.

Есқали: Ұстаз - ұрпақ мақтанышы.

Ерболат: Ұстаз болу жүректің асылдығы

Мөлдір: Шәкірттің жақсы болғаны ұстазынан.

Ән (хормен) « Мейірбан ұстаздар»

Жайраңдап көктемім,
Күледі көкте күн.
Құшағын тұр жайып
Аяулы мектебім.

Қайырмасы:
Мейірбан ұстаздар,
Санама нұр құйған
Ұстазым көп менің.
Биікке өрлеген,
Тайсалып көрмеген
Ұрпақсыз, кеудесін
Қуаныш кернеген.
Ұстаз деп ән шырқап,
Күй төккен пернеден.

Қайырмасы:

Елімнің даласы,
Ауылы, қаласы,
Кәрісі, жасы да,
Кемеңгер данасы
Қарыздар ұстазға
Адамзат баласы.

Жүргізуші:
Құрметті ұстаздар! Осымен біздің сіздерге арналған «Ұстаз – ұлы тұлға» атты кешіміз аяқталды. Тәрбие.орг сайтынан Ұстаз - ұлы тұлға Тәрбие сағаты материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Шуиншибекова Аида Таласбековна

ОҚО Түлкібас ауданы Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебі Физика - информатика пәні мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar