Меню
Артқа » » » » Материал жариялау
"Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз"
  • 26.04.2016
  • 605 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 18837

9-сынып
Қойшекен Светлана Жақсығұлқызы
Атырау облысы Исатай ауданы
Жалпы білім беретін Аққыстау орта мектебі
ТӘУЕЛСІЗДІК ДЕП СОҒАДЫ ЖҮРЕГІМІЗ
Мақсаты: білімділік- ойларын жүйелі түрде жеткізе білу, шығармашылықпен жұмыс, мәнерлеп өлең оқып, мағыенасын түсіне білудағдысын дамыту, тарихи оқиғалар, сан жылдар бойы еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы тұлғаларымыз туралы алған білімдерін шыңдау;
Дамытушылық: ұлттық сана, рухтық қасиеттерін қалыптастыру, шығармашылық ойлау қабілетін дамыту, жас ұрпақты Отанды сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге, бай-қуатты ел екендігін мақтан етуге үйретіп, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру;
Тәрбиелік: Отанын, туған жерін қорғай білуге, ақын өлеңдері мен ата-бабаларымыздың өнеге етіп қалдырған даналық сөздері арқылы оқушыларды ұлтжандылыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Қазақстан Республикасының картасы, қанатты сөздер, слайдтар
БАРЫСЫ:
І жүргізуші Басекеева Аружан
Құрметті, көрермендер, ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі 9 «А» сыныбында өтікізілетін «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» атты тарихи кешімізді еліміздің тәуелсіздігінің алдағы 25 жыл толуына орай және халқымыздың ғасырларға ұласқан тәуелсіздігін аңсап, армандап өткен және құрбандары болған бабаларымыздың рухына арнаймыз.
ІІ жүргізуші Өмірбекұлы Әділет
25 жыл болды,
Қалды артта тартқан азап,
Азат қазақ, бұл күнде азат қазақ,
Нұрлы күні жарқырап көк аспанда,
Күйге енді бостандықта әсем ғажап.
Не көрмеді, бұл қазақ, қайран қазақ, Қой бақты, ойды бақты, көргені –азап.
Егеменді ел болып елім міне,
25 жыл бұғаудан болды азат.
І жүргізуші Басекеева Аружан
Жырлаймын атам қазақ өткен күнін,
Елестеп ата-бабам қайғы мұңы
Ел үшін аянбастан дәлелдеді,
Ержүрек бабалардың қайсарлығы.
Қазақтың қанаты сан қайырылыпты,
Алмас қылыш жүзі сан майырылыпты.
Қаймағын аярлықпен қалқып алып,
Саф алтын асылынан айырылыпты.

ІІ жүргізуші Өмірбекұлы Әділет
Қазақстанның тәуелсіздік тарихы аппақ парақ бетіне күні кеше түсе қалған жоқ, оның көне дәстүрі бар. Бүгінгі күнді түсініп түйсінуүшін. Болашақтың дидарын көзге елестету үшін кешегі кезеңге көз жіберейік.
Көрініс: «Үш бидің кездесуі»
Бөгенбай батыр (Жұмаханов Аманжол): «Таланған көштің, тұтқындалған бала-шағаның бейшара бақылаушысы болып отырмын. Жаудан кек аламыз, өлсек қару ұстап өлеміз. Қыпшақ даласы сарбаздарының жалтарған кезі болды ма? Жаудың зұлымдылығына шыдап отыра алман?! Жауға мінер тұлпар құрып па?! Сұр жебе толы қорамсақ қаңырап бос қалып па?!»
Төле би (Фархадов Дамир): Уа, қалайық! Аттың күші атқарған тірлігінде,
Ағайынның күші топтасқан бірлігінде
Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
Жоңғарларға қарсы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірге аттанатын уақыт жетті. Ол үшін барлық қазақ жасағын басқаруға бас сардар етіп Әбілхайырды бекітейік. Бұған қалай қарайсыңдар?
Қазыбек би (Ғайнолла Медетбек): Дұрыс айтасыз, ардагер биім
Өркенім өссін десең кекшіл болма,
Кесапаты тиер еліңе,
Елім өссін десең өршіл болма,
Өскеніңді өшірерсің.
Әйтеке би (Жұмажан Ерқанат): Жөн сөз. Бірі биік өрге тартса, бірі бойшаң белге тартса, бірі ойпаң жерге тартса күніміз түн, түніміз түнек болмай ма?! Жоқ, осы жүрген тірліктен топтасып жүрген бірлік артық. Әумин!
Бейнеролик. «Тәуелсіздік – бабалардың ұраны»
Қаржауова Жадыра «Тәуелсіздікті жырлаймын мен өлең қып»(өзі жанынан шығарған)
Қайсар батыр ұл-қызымыз қазақтың,
Бастарынан өткізген талай азп күн,
Жер деп, ел деп жанын берген жолында,
Құрбан болған жас жүрегім жастарым.
Қазақ елі, Тәуелсіздік жасасын,
Жанын берген жастарыңның
Ақ үміті ақталсын,
Желтоқсанның қорқынышты ызғары,
Мәңгі келмес жерге барып тапталсын.
Қазақстан болашағы жастарым,
Е, Аллам өзің жамандықтан сақтағың,
Таныт мына кең дала дарқан жеріңді,
Тәуелсіздік тойлана берсін мәңгілік,
Қанаты бар аппақ құстай сәйгүлік,
Жастарға сеніп тапсырған мына даласын,
Мағжан бабам дұрыс берген батасын.
Тәуелсіздік мәңгі, мәңгі жасасын!
Қаланар әлі сенің биік жартасың,
Құрбан болған жастарыңның есімі,
Алтынменен әр санада қапталсын.
Республикам тәуелсіздік жайнасын,
Қайрат ағам рух беріп бізді қолдасын,
Жанып, лаулап мәңгі тұрғай алауың,
Әрбір балаң сені аялап қолдасын.
ІІ жүргізуші Әділет
1986 жылғы желтоқсан, Алматы ұлт мәселесін шешудің социалистік доктринасының күлі көкке ұшқанын социалистік доктринасының күлі көкке ұшқанын айдай әлемге әйгіледі. Біз бүгін «Таптық ұлттық сезімнен басым тұрады» деген тұжырымға арқа сүйреген кез-келген доктринаның түптің түбінде аяғы аспаннан келмей қоймайтындығының басып аша айтуымыз, айқын ұғынуымыз қажет.
І жүргізуші Аружан
Ұлт тағдыры өшпес із қалдырды. Желтоқсан оқиғасын ойға алғанда дір етпейтін жүрек жоқ. Желтоқсан – қалғып бара жатқан қазақтың қайта оянған ұлттық рухы. Сонымен бірге бұл өршіл намыс пен мұқалмас жігердің Қайрат, Ербол, Ләззат, Сәбира сынды жүздеген мыңдаған жастар бейнесінде лапылдап жанған алауы.
Көрініс: «Түрмеде отырған Қайраттың ата-анасымен соңғы кездесуі»
Анасы (Мұрат Әнел): Амансың ба, құлыным!
Қайрат (Набидоллаев Ержан): Ана, анашым, анашым...
Анасы: Қарағым-ау... қарағым-ау
Қайрат: Жыламашы, болды енді анажан,
Сенің балаң кінәлі емес, маған аян,
Жауыздардың жапқан бұл жаласын
Еш уақытта мойныма алман.
Анасы: Құлыным-ау, бетің ісіп кетіпті!
Не болғансың, не болғансың, балам-ау...
Қайрат: Анажаным, үйдің іші аман ба?
Әкем менен бауырларым аман ба?
Анасы: Аман, аман, бәрі де аман...
Құлыным-ау, өзің жайлы айтсаңшы.
Қайрат: Еш кінәм жоқ, бұл жаладан аманмын,
Басшыларға тергеу жайлы жазармын.
Ақталармын елім аман тұрғанда,
Саулық болса тексерген соң шығармын.
Анасы: Балам-ау қайтейін, шындықты жеткізем деп шырылдаған бір торғайдай болдың ғой. Өзің аман болшы, ұлым. Маған басқаның керегі жоқ.
Қайрат: Болды анажан, көз жасңды тыйсаңшы,
Күштеп мені көндірмекші бұл іске,
Бар сөзімді шығаруда теріске.
Ине тығып тырнағымның астына,
Денемді де қақтайды ыстық алауға,
Сүйегімнің аманы жоқ қазірде,
Бұл қорлықты көрмеп едім түсімде,
Мұздай сумен ес жиғызад талғанда,
Небір сөзім кетіп барады көңілде,
Бірібір де ақталамын түбінде,
Тарих куә осы менің сөзіме,
Жыламашы, анажаным, жан анам...
Анасы: Ұлым менің... Ұлым ... шырылдаған ботам-ау аман болшы, ұлым-ау...
Қайрат: Сау бол, ана. Менің арым таза. Ақталып қайтамын елге. Туған жерге, әке мен бауырларға сәлем дерсің Қайраттан. Мен жаламен кетіп барам, ана..
І жүргізуші Аружан
Ол арман-аңсардың барлығы да «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылдаған сол бір тарих күнде, 1991 жылғы желтоқсанның 16-сында жүзеге асты.
ІІ жүргізуші Әділет
Арман орындалды. Еліміздің көк байрағы Астанада желбіреді. Тәуелсіздігіміз ұзағынан болғай! Қалқаман Сарин. «Тәуелсіздік» Оқитын Қамалова Нұршат
Тәуелсіздік
Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!
Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
...Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!

Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?
Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!
І жүргізуші Аружан
Тауды биік деме сен,
Талаптанып шығарсың.
Жауды мықты деме сен,
Білімді болсаң жығарсың,- деп топтық жарысымызды бастаймыз.
Жоспары:
І бөлім Сергіту сәті ІІ бөлім. «Кім тапқыр»
ІІІ бөлім «Жұмбақ жылдар» ІV бөлім «Жұмбақ кейіпкерлер»
І бөлім Сергіту сәті.
Әр топқа 9 сұрақтан қойылады. 1 ұпайдан бағаланады.
І-топ сұрақтары
1. Астана қаласындағы өзен (Есіл)
2. Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақ қыздары (Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова)
3. «Қазақ» газетінің редакторы, алғаш «Әліппе» оқулығын жазған ағартушы (Ахмет Байтұрсынұлы)
4. Абылайдың шын аты (Әбілмансұр)
5. Қазақстан туының авторы (Шәкен Ниязбеков)
6. «Абай жолы» романының авторы (М.Әуезов)
7. Астана қаласының бұрынғы атауы (Ақмола)
8. Түркістан автономиясының төрағасы (Мұстафа Шоқай)
9. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына неше жыл (25)
ІІ топ сұрақтары
1. Мемлекеттік рәміздер (Ту, Елтаңба, Әнұран)
2. Шыңғыс ханның заңы («Яса»)
3. Қазақ хандығының негізін қалаған хандар кімдер (Жәнібек пен Керей)
4. Жас кезінде «Сабалақ» атанған хан (Абылай)
5. Ежелгі елдерді байланыстырған сауда жолы (Ұлы Жібек жолы)
6. Мемлекеттік туда бейнеленген еркіндікті білдіретін құс (Бүркіт)
7. Қазақстанның ең биік шыңы (Хантәңірі)
8. Қызылорда қаласының бұрынғы аты (Ақмешіт)
9. Қазақстанды алғаш тәуелсіз деп таныған мемлекет (Түркия)
ІІІ топ сұрақтары
1. Елтаңба авторлары (Шот Аман Уәлихан, Жандарбек Мәлібекұлы)
2. Алғашқы «Алтын адам» табылған жер (Алматы облысы Есік қорғаны)
3. 30-тамыз қандай мереке (Конституция күні)
4. Халықтардың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін зерттейтін ғылым (Этнография)
5. Мемлекеттік Әнұран сөзінің авторлары (Ж.Нәжімеденов, Н.Назарбаев)
6. Ғарыш айлағы (Байқоңыр)
7. Қазақстан халықтарының бірлігі күні қашан тойланады (1-мамыр)
8. «Жеті жарғы» заңдар жинағының авторы (Тәуке хан)
9. Қай ханның тұсында қазақ хандығының халқының саны 1 млн-ға жетті (Қасым хан)
ІІ бөлім. Шығармада үзінділер беріледі, тарихта болған оқиғаларды анықтау керек.
І топ сұрақтары
Бұл оқиғаның қазақ халқына тигізген азабы, қайғы-қасіреті, қайыршылық халге душар етуі өте ауыр болды. Мың-мыңдаған адам қырылды немесе тұтқынға айналып кетті. Жүздеген, мыңдаған ауыл қырғынға ұшырап, мал-мүлік талан-таражға түсті. Бір кезде гүлденген қалалар жау қолында қалып аяусыз қиратылды. Қазақтар басынан кешірген сол ауыр қайғы-қасіреттің рәмізі «Елім-ай» әнінде айтылды.
Сұрақ: Бұл оқиға тарихта қандай атпен қалды?
Жауабы: «Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұлама» деп аталады
ІІ топ сұрақтары
Ойламаған жерден қазақ-қырғыз шекарасында Алмалысай жайлауындағы Кекілік тауында қоршауда қалады. Наурызбай батыр өз жасағымен қоршауды бұзуға ұмтылады. Басшы оған «Біз мүмкін қоршауды бұзып шығармыз, ал қалғандары қайтеді? Олардың бәрі қырылады ғой. Егер хан басыммен қашып кетсем не болғаным?» деген екен. Қалығұл Әлібеков оның басын шауып, Ресей басшысына әкеліп береді де, 500 сом күміс ақша алады.
Сұрақ: Осы оқиға қай ханға байланысты айтылған?
Жауабы: Кенесары
ІІІ топ сұрақтары
«Абылай ханның ұлағатты тарихын ұлтқа, ұрпаққа кеңінен өнеге ету керек. Жас ұрпақ Абылай ханның Қазақ елінің тарихындағы алар орнын жақсы білуге тиіс. Мемлекет тарихын, даңқты бабалар жүріп өткен жолдың бұралаңы мен бұлтарысын, қилы кезеңдері мен тағдырлы тұлғаларының қайраткерлік өнегесін біліп өскен ұрпақ қана өзіне тиесілі замана жүгін діттеген межесіне абыроймен жеткізе алады».
Сұрақ: Осы пікірді айтқан кім?
Жауабы: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
ІІІ бөлім. Кейіпкерлерге қатысты мәлімет беріледі, ол кімге қатысты екенін анықтау қажет.
І топ сұрақтары
30 жыл қысқа өмірінде тарихи-этнографиялық материалдар жинап, артында «Қырғыздар туралы жазбалар», «Ыстықкөл күнделіктері» деген еңбектерін қалдырған әйгілі ғалым?
Жауабы: Шоқан Уәлиханов
ІІ топ сұрақтары
Абылайдың ең жақын кеңесшісі, сенімді серіктерінің бірі болған би, қазақ шежіресінің білгірі
Жауабы: Бұқар жырау
ІІІ топ сұрақтары
Қазақстанда 1916 жылы өріс алған ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Торғай уезі Қайдауыл болысының 3 ауылында кедей шаруаның отбасында туған. Ол байларға жалшы болады, еңбекші халықтың тартқан қайғы –қасіретін, ауыр тұрмысын көреді. 1905-1907 жылдары орыстың бірінші революциясының азаттық идеясы ықпалымен шаруалардың байларға қарсы күресіне қатысқан қолбасшы
Жауабы: Амангелді Иманов
І жүргізуші Аружан
Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім.
ІІ жүргізуші Әділет
Жаңа ғана қазағымның таңы атты,
Алу мақсат ел деп алғыс, сауапты,
Әр отбасы, әрбір қазақ, әр адам
Тәуелсіздік сақтау үшін жауапты
І жүргізуші Аружан
Әрқашан Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы болып, егемен елдің ұрпағының еңсесі биік, көкірегі ояу, керегесі кең, терезесі тең болсын!
ІІ жүргізуші Әділет
Байтақ дала-жерім менің,
Айта берсін кенің сенің.
Көк байрағың желбіресін,
Егеменді елім менің!

Нұралы Әжіғалиев «Салтанатыңа арнадым» (Республика күніне), оқитын Қалиматова Ақнұр:
Азаматың болыпарыңды сенің арладым,
Көз жауын алар көркіңді көру-арманым,
Ақының болып асқақтау осы жырымды,
Республикам, бүгін салтанатыңа арнадым.
Батыс пенен Шығыстың жалғап арасын,
Далиып жатқан даңғайыр сен бір даласың,
Аруанадай саулаған сүті анасың,
Бауырыңа басқан жүздеген ұлттың баласын.
Терістік пенен түстіктің жалғап арасын,
Жауыққандарға келесің тілеп жарасым.
Жаратқан ие оңғарғай-дағы жолыңды,
Шықпаған бұрын сапарға шығып барасың!
Жұрт аман болып, жыртылмағай-дағы жағалар,
Болмағай-дағы дұшпаның бір де табалар,
Қолдағай-дағы аумағын жүгі көшіңнің
Жеті қат жердің астында жатқан бабалар!
РЕСПУБЛИКАМ! Алыпсың Сен бір сілкінген,
Төбеңде тұрғай арайлы аспан, күн күлген!
Еркіндік лебін есілтіп тұрып жүзімнен,
Айналдым деймін аңсарым болған бұл күннен!
Исатайлары азаттық туын көтерген,
Махамбеттері өзектерінен от өрген,
Өлкеде мынау өлеңмен сәби оянған,
Туған да жоқпын бекер мен.
Осынау жомарт тағдырға тағзыметем мен,
Қазақ боп қайсар қол алысамын бөтенмен.
Ақынға біткен ақ жүрекпенен аймалап,
Қастерлей сені, РЕСПУБЛИКАМ, өтем мен.
Арманың асқар, қадамың құтты, ойың кең,
Әлемде бүгін барлық елдермен бойың тең,
Ақ НарынымнанАлтайға дейін көлбеген
ҚАЗАҚСТАНЫМ менің, ең үлкен мынау тойыңмен!
«Жаса Қазақстан» Ән
Шараны қорытындылау үшін сөз кезегін мектеп директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Нурия Хамзақызына береміз.
І жүргізуші Аружан
Осымен «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» атты тәрбие шарасын аяқтаймыз. Бейбіт күндерде жолыққанша! Тәрбие.орг сайтынан "Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз" Тәрбие сағаты материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Қойшекен Светлана Жақсығұлқызы

Атырау облысы Исатай ауданы Аққыстау орта мектебі Тарих пәні мұғалімі

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Бөлімі: Тәрбие сағаты
Көрсетілім: 605 | Жүктеулер: 0
Барлық пікірлер: 0
avatar