Зұлмат жылдар

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 2311
  • Тәрбие сағаты
  • 25/Янв/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 21306


Мақсаты: Білім алушыларға саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің маңызын түсіндіріп, тарихтан тағлым алуға, өткенге тағзым етуге тәрбиелеу. Қазақстанның лагерьлер өлкесіне айналып, жазықсыз адамдардың жазаланып, азап шеккені жайлы баяндау. Қасіретті кезеңде солақай саясаттың құрбаны болған қазақ халқының зиялылары туралы мәлімет беріп, олардың есімдерін құрметтеуге, ұмытпауға тәрбиелеу.
Барысы:
Сахна сыртында жүргізушілер оқып тұрады.
1 ж: Ойсыраған орының толмаса да,
Күтті сені қанша жыл Ел-босаға.
Амал нешік?!
Дәстүрден тайды халқым,
Аққуларды атуға болмаса да,
Әлдекімге білгенің жақпады ма?
Әлдекімге ұлы ұғым жақпады ма
Отызға жасы жеткен ағаларды
Ақ-қарасын айырмай атқаны ма?
2 ж: Қанатымды самғатып қақтырмады,
Жан отымды лаулатып жақтырмады.
Керек болған халқыма арыстарды,
Көзден ғайып қылды да таптырмады.
Жұт кетпейді айналып аймағынан,
Көңілге дақ орынды ойға күмән.
Сүттей таза халқымды іркіт қылып,
Алдыменен айырды қаймағынан.
Хор. «Ерте солған гүлдер» әні.
1ж: Қайырлы күн құрметті ұстаздар мен студенттер! “Зұлмат жылдар” атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылып отырған «Зұлмат жылдар» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
2ж: Қазақ халқы бұл дүниеде не көрмеді? Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап , қойша қырылған репрессия жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жаһан далада өмір сүруі не жойылып кету қаупі тұрған еді.
1ж: Ия,дұрыс айтасың халқым үшін ауыр жылдар аз болған жоқ. Қанды қырғын Ұлы Отан Соғысы , бертіндегі Желтоқсан көтерілісі тарих беттерінде өз ізін қалдырды.
2-ж: Қазақ тарихындағы қаралы жылдардың бірі 30-шы жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін жылдары. Зұлмат жылдардың зардабы мен салдарын жас ұрпақ ұмытпауы керек. 1997 жыл- Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланды.Сол жылдан бастап 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.Биылғы 31 мамыр Қазақстан үшін ерекше аталынып өтетін қаралы дата. Бұл жылы ашаршылық оқиғаларының болғандығына 80 жыл, саяси қуғын-сүргіннің, жалпы репрессияның болғандығына 75 жыл толып отыр.
1-ж.Біздің елімізде 140 мыңға жуық адам жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшырап, лагерлерьге айдалды, 25 мың адам атылып кетті.
2ж: Қуғын-сүргін жылдарының алғашқы құрбандары Алаш көсемдері, олардың ішінде қазақтың зиялы қауымының қаймағы болған ақын-жазушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері жазықсыз жазаланған болатын. Жазалау шаралары: ату жазасы, жер аудару, еңбекпен түзеу лагерьлеріне қамау, КСРО-дан тыс жерлерге қудалау болып табылды.
«Алаш зиялылары» бейнефильмін назарларыңызға ұсынамыз.
1-ж: 30-жылдардың өзінде-ақ жазықсыз жазаланған, саяси қудалаудың құрбаны болғандарды қоғамнан бөліп ұстауы үшін Қазақстан лагерьлер өлкесіне айналдырылған еді.Сталиннің тұсында Қазақстанда 11 мемлекеттік басқару лагері болған.
2-ж:Олар : Алжир, Карлаг, Дальный, Степлаг, Песчаный, Қамыслаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір, Өскемен лагерлері.
1-ж:Алжир-Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері-сонау 1937 жылы Ішкі Істер Халық Комиссиариатының арнайы бұйрығымен салынған бұл азап орталығында 22 мыңдай нәзік жандар қамауда болған. Қарағанды лагерінің 17-бөлімшесінің артынан 26-нүкте болып құрылған осынау тозақ орталығында небір ел жайсаңдарының зайыптары, қыздары мен қарындастары жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті.
2-ж:Мұнда С.Сейфуллиннің жары Гүлбаһрам, Б.Майлиннің әйелі Гүлжамал, Т.Рысқұловтың әйелі Күләндам, Т.Жүргеновтің әйелі Дәмеш , т.б аяулы аналар жазықсыз отырды.Мұндағы тұтқындардың 90 пайызы жоғары білімді еді.Олардың арасында әртістер, әншілер, бишілер, ғалымдар болды.
«Алжир» бейнефильмін назарларыңызға ұсынамыз.
1-ж: Ғ.Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма-реквиемінен. «Қызжылаған» өлеңі .
Көрініс «Тас пен ас» .(Алжир лагеріндегі әйелдерге жергілікті халықтың тамақ ретінде талғажау етсін деп құрт лақтыруы).
2-ж: Сіздердің көргендеріңіз Алжир лагерінде болған оқиға.Бұл оқиға жайында Алжир лагерінде жазықсыз жапа шекккен неміс әйелі Гертруда Платайс өз естелігінде баяндаған.Ол лагерь негізінде тарихи мұражай кешені ашылғанда 1990 жылы Қазақстанға арнайы келіп ,осы оқиғаны баяндап, қазақ ұлтына шексіз алғысын білдіреді.Осы оқиғаға қатты тебіренген жергілікті тарих оқытушысы Раиса Голубева «Құрт-асыл тас» өлеңін жазады.
Ғ.Жайлыбай «Қара орамал» поэма-реквиемінен «Тас пен ас» өлеңі .
2-ж: «Мамочкино моласы» бұл молада «Қарлаг» тұтқындары-әйелдер мен балалардың мүрделері жерленген. Зират Қарағанды облысы, Абай ауданы, Жартас кентінің аумағында. «Қарлагта» ересектермен бірге «халық жауларының» балалары да мерзімдерін өтеді.
1-ж: Жаңа туған балаларды аналарынан тартып алып, балалар комбинаттарына тапсырады. Оның да вахтасы, қақпасы бар. Барактары және тікенек сымдары кәдімгі зонадан еш айырмашылығы жоқ. «Қарлагта» осындай 7 мекеме болған.
2-ж:Мұрағат деректері бойынша, мұндай үйлерде балалар өлімі өте жоғары еді. Мәселен, 1941-1944 жылдары 924 бала, ал 1950-1952 жылдары 1130 сәби опат болған.
Ғ.Жайлыбай «Қара орамал» поэма-реквиемінен «Мамочкина моласы» өлеңі.
1-ж: Гулаг құрылымындағы ең үлкен сала—Қарлаг 1931жылы 19 желтоқсанда ОГПУ- ҚазИТЛАГ- қа қараған (Гигант) совхозының негізінде құрылды. Орталығы Қарағанды облысының Долинка селосында орналасты.... Дерек көздеріне сүйенсек 1939 жылы НКВД-ның 42-лагерінің ішінде Карлаг тұтқындардың саны жағынан КСРО-да 9-шы орын алған.
Бейнефильм «Қарлаг»
2-ж:КСРО НКВД лагерьлерінің Бас басқармасына қарасты қапастар мен түрмелерде жалпы саны 4 миллионға жуық сотталғандар отырса, олардың 1-1,5 млн-нан астамы Қарлагтан өткен. Жалпы, Гулаг-тың құрамында 61-лагерь болса, Қарлаг соның ең ірілерінің бірі болса керек.
Ғ.Жайлыбай «Қара орамал» поэма-реквиемінен «Қарлаг қақпасы» өлеңі
«Қарлагтың қара кітабы» өлеңі.
2-ж: Сталинның жеке басына табынудың салдарынан тұтас бір халық өздерінің ең асыл азаматтарынан айрылып қалды. Осы қуғын сүргін және де аштық салдарынан опат болған асыл азаматтарымызбен қазақ зиялыларын 1 минут үнсіздікпен еске алайық.
Топ студенттері Ғ.Жайлыбай «Қарағанды лагері» өлеңін оқиды.
1-ж: «Қарлаг» тұтқындарының арасында ғалымдар, ойшылдармен қоса 1000-нан аса әртіс, 360 пианист, 100-ге тарта суретші болған екен.
Ғ.Жайлыбай «Қара орамал» поэма-реквиемінен «Қоңыртөбе».
«Ахметжан Сармантайұлының58-статья күйі»
«Гармоншы» өлеңдері
2-ж:Қазақстан Президенті Н.Назарбаев мамырдың 31-і күні Астанадан 40 шақырым жердегібұрынғы Молиновка мекені қазір Ақмола саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм тарихи мұражай кешенін ашты. 3 гектарға жуық жерде мұражай, ескерткіш және саяси репрессия құрбандарының тізімі жазылған тас бар.Бүгінгі таңдаәр аймақта саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштерде жыл сайын еске алу шаралары аталып өтіледі.
Күй «Көңіл толқыны»
2-ж:Елге қауіп төнбесін,
Егестен адам өлмесін!
Есен —аман болайық!
Күніміз еш сөнбесін.
Қазақ биі .
1-ж.Зұлмат жылдар келмеске кетсін.Біз тек жазықсыз құрбан болған ұлылырымызды естен шығармайық.Олардың алдында бүгініміз үшін қарыздар екенімізді ұмытпайық.
2-ж.Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы.Егемендігіміз мәңгі болсын, бірлігіміз берекелі болып еліміз жасай берсін!
Хор «Мәртебелі елім-Қазақстан»
2-ж: Жүздеріңіз әрқашан жарқын, көңілдеріңіз шат, өмірлеріңіз думанға толы болсын!
Бірге: Амандықта, саулықта кездескенше ағайын! Сау саламатта болыңыздар! Тәрбие.орг сайтынан Зұлмат жылдар Тәрбие сағаты материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: тусупназарова Рыскуль Тахановна

Жезқ азған гуманитарлық колледжі қазақ тілі мен әдебиеті оқытушысы

Пікірлер: 0

avatar