«Жыл және он екі ай»

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 448
  • Тәрбие сағаты
  • 27/Ноя/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 20244


Тақырыбы: «Жыл және он екі ай»
К.Калуова-бастауыш класс мұғалімі
Мақсаты:
 Оқушыларға он екі айдың қасиетін ашу, жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін түсіндіру;
 Оқушыларды табиғатты сүюгең уаұыттың маңызы мен мәнін ұғынуғағ оны қадірлеуге тәрбиелеу;
 Оқушылардың танымдық қабілетін, сөйлеу мәнерін, сөздік қорын, тіл байлығын дамыту.
Көрнекілігі: шығармашылық тапсырмалар, күнтізбе, ертегі бойынша қуыршақтар, жыл мезгілдері
Барысы
Ұйымдастыру
Ер балалар жыл мезгілдері болырп киініп шығады, ал қыз балалар 12 ай болып, көктем, жаз, күз, қысқа қатысты киініп шығады.
Негізгі бөлім
Сөзі Н.Айтұлы , әні А.Алпысбаев «Жыл және он екі ай» әнін тыңдау.

Жыл ақсақал келеді:
- Ұлдарым мен қыздарым! Ақылдарың толысты, буындарың бекіді. Оңды-солды таныдыңдар. Енді мен сендердің келешектеріңе үлкен сенім артып, зор міндет жүктегелі отырмын. Қалай қарайсыңдар?
- Мен дайынмын! – дейді Қыс.
- Мен де, - депті Көктем.
- Мен де, - дейді Жаз.
- Мен де, - дейді Күз.
Ендеше, біліп қойыңдар. Біздің арғы атамыз – Уақыт. Одан Ғасыр. Ғасырдан туған мен – «Жыл». Мен сендерге он екі айды үш-үштен теңдей бөліп, еншіге бергім келіп отыр. Мына бас киімдерді өздерің таңдап, үштен бөліп алыңдар.
Ескертерім: үш ай кезекпен жұмыс істейтін боласығдар. Ал жолдарың болсын! Әрқашан халық үшін, адамдар үшін қызмет ететіндеріңді ұмытпаңдар.
Тренинг: «Өмір дөңгелегі» шеңбері
Түн тыныштық силайды,
Таң атады арайлап.
Күн күлімдеп шығады, жадырайды бар айма қ.
Күн мен түн келеді.
- Күн, күн, кімнің досысың?
- Бәріңе ортақпын!
- Түн, түн, кімнің досысың?
- Бәріңе ортақпын!
Күн айтады:
Кәдімгі көліңдей түсетін,
Кәдімгі суыңдай ішетін,
Ауадай бәріміз жұтатын,
Барлығы әулие тұтатын
Мен – бәріңе ортақпын!
Түн айтады:
Жарқырап ару Ай тұратын,
Сәулесін жұлдыздар шашатын,
Қараңғылық тұмшалап денемді
Кейде жұрт шошынып қорқатын
Мен – бәріңе ортақпын!
Екеуі қосылып:
Бізді тәулік деп атайды:

Жұмбақ шешу (ай аттарына байланысты жұмбақтар шешу)
Бұл – көктемнің алғашқы айы. Парсыша «Жаңа күн» деген мағына береді. Бұл жыл басы мейрамының атауы. Біл айды қазақтар жыл басы ретінде тойлау дәстүрімен ай атына айналдырып жіберген. Бұл айда күн мен түн теңеледі. (Наурыз айы)
Бұл да көктем айларының бірі. Арабша «өгіз» деген мағынаны білдіреді. «Өгіз» - күн жолындағы шоқ жұлдыздың аты. Қазақтар оны ай ретінде қолданып кеткен. Бұл айдың ертеден келе жатқан қазақша аты бар. Ол құс – ұшқалақ, жеңілтек құс, өз атын өзі шақырады. (Сәуір – Көкек)
Бұл да көктем айына жатады. Бұл айда жыл құстарының машығын төгіп, көл жағасына ұя салып мамырлайтын, семіретін кезі. Ескі түркі тілінде «тоқшылық», «семіру» деген мағына береді. (Мамыр)
Жаздың алғашқы айы. Арабтың «мезгіл» деген сөзі. Шөп шабу, пішен дайындау маусымына байланысты ай аты осылай аталған. Үнді еуропа тілдерінде маусым сөзімен төркіндес муссон термині «Жазда мұхиттан құрлыққа, ал қыста құрлықтан мұхитқа қарай соғатын жел» дегенді білдіреді. (Маусым)
Бұл айдың аты парсы тілінде «қырық» деген мағынаны білдіреді. Жазғы қырық күннің негізгі ыстық күндері осы айда өтеді. Ол әуелде 40 күндік мезгіл ретінде айтылып, кейін 30 күндік ай ретінде қолданылып кеткен. (Шілде)
Бұл ай аты – «Күйдіру» деген мағынаны білдіреді, айдың аты осыдан туындаған. Бұл айда аптап ыстық өтіп, шөптердің басы сарғайып, қурай бастайды. Піскен егін орылады. Осындай құбылыстарға байланысты осы айды кейде «сарша» деп тіркеспен айтады. Яғни «сарша» - «сары шақ», ежелгі түркі сөзі. (Тамыз)
Бұл айда қозы мен ешкінің төлеу уақытын көктем айына келтіру үшін қошқар мен текеге күйек байлайды. Бұл шаруа қырда, өріс басында өткізіледі. Ай аты осы сөздерге байланысты шықса керек. (Қыркүйек)
Бұл айдың аты парсы тілінде «Күз» деген мағынаны білдіреді. Бұл айда егін, жеміс-жидек-жиналып қазан болады. (Қазан айы)
Келесі ай күздің соңғы айы. Жердің оты кетіп, бет-бедері қоңырқай тарта бастайды. Бұл айда қар түсе бастайды. (Қараша)
Бұл айдың атауы «Жел» және «тоқсан» деген түркі сөздерінің бірігуінен шыққан. Яғни, үш ай желді және боранды болады деген ұғымды білдіреді. Бұл айда күн барынша қысқарады. Ежелгі түріктер жел немесе тоқсан айы деп атаған. (Желтоқсан)
Бұл ай күннің барынша қысқарып, байланғандай қаңтарылып тұрып қалуына орай аталған. Бұл ескі түркі сөзі. Бұл айдан кейін күн ұзара бастайды. (Қаңтар)
Бұл айдың атауы қазақтың боран деген сөзінен шыққан. Осы айда келетін амалды «...- дақпан алты күн, аязымен жеті күн» деген. Бұл айда аяз күшейеді. Малдардың жұтқа ұшырауы осы айда кездеседі. Малдар тауды ықтап, ағаштарды паналайды. Айдалада адасып, аштық пен суықтан қырылып қалады. Жұт деп -осыны айтады. (Ақпан айы)
Қыз балалардың жыл мезгілдеріне байланысты өлең-тақпақтары
НАУРЫЗ
Біреуім екеу болып – мал қосылды,
Қораға бұзау, лақ, қозы толды.
ЬІзғарлы суық қыстың кәрі кеміп,
Аспаннан күн күлімдеп, шырайы онды.
Ұзамай қар да кетер, жаз да болар,
Сай-сала гүрілдесіп суға толар.
Бөленіп жер жібекке, мың құлпырып,
Шалғынға көкорайлы ауыл қонар.
Жаз иісі бүгін келді, жан жайланды,
Кешегі көрген бейнет артта қалды.
Өмірге жаңа жолдар ашатұғын
Жаңа жыл-бүгінгі күн, жаздың алды.
(Бейімбет МАЙЛИН)
«Наурыз тілегі»

Көкек
Сабылып келді, міне, сәуір айы,
Сәуір айы-қазақтың тәуір айы.
Жылайды да тұрады жылаңқы бұлт,
Бара жатыр не болып ауа райы?!
Жылап тұр, жылаңқы бұлт сабылып тұр,
Сағынып тұр күн нұрын, жабығып тұр.
Бірде жауын, біресе қарға айналып,
Сәуір айы малшыға қағынып тұр.
(Мұқағали МАҚАТАЕВ)

МАМЫР
Май ұраны: көгерсін жер, көгерсін!
Жасыл жібек өсімдікке бөленсін.
Жұпарлы жер жансыздарга жан беріп,
Өмір сүріп қыбырласып, кенелсін!
Сайрасын құс, жайнасын дөң, күлсін Күн,
Оттай шалқып, көзді тартсын, шықсын гүл.
Бұлақ ақсын, бұлаң қақсын, тауларды
сагым бөлеп, бұп-бұлдыр бассын нұр.
Толқысын көл, жасыл құрақ жайқалсын,
Ақ үкісі бұлғаландап шайқалсын.
Жасыл бүліс үстін жауып ағаштың,
Жас бұтақтар бұраландап шайқалсын.
Бұзау, қозы, құлын, бота, лақтар,
Салсын асыр жаңа шыққан құлақтар.
Май асасын, бір жасасын ешкі, қой,
Сиыр, бие, түйе, аққан бұлақтар.
Еккен егін самал толқып ырғалсын,
Қара топырақ жап-жасыл боп сырлансын.
Қоңыр бұлттан маржан жаңбыр сорғалап,
Күркіреп күн, егілген жер дымдалсын.
Сәбит МҰҚАНОВ,

МАУСЫМ
Бет бұрсаң жасыл бұйра баққа қарай,
Көркіне қала алмайсың жалт қарамай.
Маусымда жасыл желек жамылады
Қыз қайың, жігіт емен, қарт қарағай.
Бақ жасыл.
Төңіректің бәрі жасыл.
Құйғандай жасыл бояу жаныңа сыр.
Самалы сахараның соғып өтсе,
Ойнайды жасыл шалғын салып асыр.
Сатыбалды ДӘУІМҰЛЫ
«Мезгіл боялары»

ШІЛДЕ
Шілде, шілдем-шілде айым,
Шырылдап торғай күн сайын.
Шұбар ала шешектер,
Шудаланған көк шөптер.
Жапырақтар жалпайды,
Жас қозылар марқайды.
Ұшты көкек қуалай,
Сайда пісті таңқурай.
Құрт, ірімшік қайналды,
Құлындар да байланды.
Ілияс ЖАНСҮГІРОВ,
«Жазғы шілде».

ТАМЫЗ
Алаудай бетті шарпып аңызағы,
Өртеніп туды биыл тамыз айы.
Аптаптан желдің де өзі деміккендей,
Ышқына ішін тартып азынайды.
Жарылып аспандағы алып шыны,
Кеткендей ақтарылып бар ыстығы.
Шөл қысып жалпақ жатқан кең даланы,
Таңдайға тіліп алып жабыстырды.
Сатыбалды ДӘУІМҰЛЫ,
«Жалын гұмыр».

ҚЫРКҮЙЕК
Туған ел, қандай ғажап қоңыр күзің,
Көмкерген сары алтынмен жердің жүзін.
Табиғат картасынан қазір көшкен,
Жаздың да жас иісті көрем ізін...
Жаз бен күз айырмаған әзірге ірге,
Толқындап алтын дария жатыр түзде.
Мейірімді өнерпаз жаз аттанарда,
Жасауын тапсырғандай қоңыр күзге...
Сәнді күз кемеліне келген шалқып,
Дегендей «Кезің бар ма менен артық!»
Байырғы дәстүрменен мырзасынып,
Қалдырмай, бар байлығын түгел тартып.
Әбу СӘРСЕНБАЕВ,
«Алтын күз».

ҚАЗАН
Сары жапырақ - күздің күні сары алтын.
Сары жапырақ - күздің оты жанатын.
Сары жапырақ - күздің құсы, жел жұлып
Орта жолда тастап кеткен қанатын.
Сырбай МӘУЛЕНОВ,
«Рауаң».

КАРАША
Қараша желтоқсанмен сол бір-екі ай,
Қыстың басы — бірі ерте, біреуі жай.
Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай.
АБАЙ.

Жыл ақсақал:
Қасиетті он екі ай,
Атына келген заты сай.
Жаманы жоқ мезгілдің,
Білгенің жақсы, балақай.

«Жыл басына таласқан хайуанаттар» ертегісін сахналау.
Түн мен күн айтады
Түйе сеніп бойына
Қалған ұмыт жылдардан.
Жатпа қарап, мойыма,
Тайма именіп ділмардан.
Бірге әнімен: Тышқан, Сиыр, Барыс, Қоян, Ұлу, Жылан, Жылқы, Қой, Мешін, Тауық, Ит, Доңыз.
Санап, жаттап, біліп қой!

Сұрақ-жауап:
1. Халқымыз Жаңа жылды қай кезде тойлайды? (22-наурызда)
2. Жыл дегеніміз? (Жыл – Жердің Күнді бір айналып шығуына кететін уақыт. Жай жылдары 365 тәуліктен тұрады. Бір жылда 12 ай бар)
3. Кібісе жылы деп қай уақытты айтамыз? (Әрбір төрт жыл сайын 366 күндік кібісе жылы кіреді, басқаша атауы толық жыл)
4. Мүшел дегенді қалай түсінесің? (Осы он екі жыл бір айналғанда бір мүшел толады. Бірінші мүшел 13 жас, содан кейін 12 жылдан қосыла береді)
5. Биыл қандай жыл? (Мешін жылы)
Тақтаға күнтізбе ілінеді. Күн мен түн оны көрсете отырып өлең оқиды.
Міне, мынау күнтізбе,
Он екі айға бөлінген.
Үш ай бірге осылып
Төрт тоқсаннан көрінген.
1-тоқсан бір бөлек:
Қаңтар, Ақпан, Наурыз.
2-тоқсан, ал сана:
Көкек, Мамыр, Маусым-қыз.
3-тоқсан бір бөлек:
Шілде, Тамыз, Қыркүйек,
Соңғы тоқсан, ол: Қазан,
Қараша мен Желтоқсан.
Міне, кезек қараса,
Ай күндерін санаса.
Жиырма сегіз күн ғана
Бар екенғой Ақпанда.
Отыз күнде Қыркүйек,
Көкек, Маусым, Қараша.
Отыз бір күннен қалғаны
Жеті ай екен санаса.
Ай жетіге бөлінген,
Жеті күнде бір топтап
Әр күнге ат бөлінген,
Біліп ал оны дұрыстап:
Дүйсенбі – дөшембе деген парсы сөзі. «Дө» - «екі», «шембе» жарық беретін аспан денесі деген ұғымды білдіреді.
Сейсенбі – сешембе. «Се» «үш», «шембе» күн деген ұғымды, яғни үшінші күн деген мағынаны білдіреді.
Сәрсенбі – чехар-шембе. «Чехар» көне парсыша «төрт», «шембе» - «күн» деген сөз. Сонда «төртінші күн» деген ұғымды білдіреді. Қазақ тілінде «шартарап» сөзі (дүниенің төрт тарабы), атап айтқанда: шығыс, оңтүстік, батыс және солтүстік. Төркіні парсы тіліндегі «Чехар тарап» деген ұғыммнан шығуы талас тудырмайды.
Бейсенбі – пендж-шембе. Бұл да парсы сөзі. «Пендж» «бес» сан есімін білдіреді. Тува тілінде «Келесі туар күн – бесінші күн» дегенді білдіреді.
Жұма – джома. Парсы сөзі «джома» «жинақ» деген ұғымды білдіреді.
Сенбі – шембе. Көне парсы сөзі. «Шембе» сөзі аспан денелері (Күндіз, Ай, Жұлдыз) мағыналарында қолданылады. «Күн» мағынасын білдіреді.
Жексенбі – иек-шембе. Көне парсы тілінде «иек» - бір деген сан есім. Тува тілінде «келесі туатын күн – бірінші күн» дегенді білдіреді.

Қорытындылау:
Сонымен, он екі ай қасиетті екен. Он екі ай жылды құрайды. Жылдардан ғасыр пайда болады. Жыл дөңгелек. Жыл мезгілдері рет-ретімен ауысады. Ол – уақыт. Жаз өтеді, қыс келеді. Бұл былтырғы қыс емес, жаңа қыс. «Бүгін» десек, бұл кешегі күн емес, жаңа күн. Кеше, бүгін, ертең .... Уақыт алға жылжи береді, балалар осылай.
Бізде уақытпен бірге өсеміз,
Сыныптан сыныпқа көшеміз.
Біліміміз толығады,
Көп нәрсені үйренеміз!
Жетілеміз,
Қазақстанның саналы азаматы болып өсеміз!

Тренинг: «Болашақ бағдаршамы» шеңбері
Осындай әлем бар
Қызықты, шуақты.
Әлемде бір ел бар
Бақытты, қуатты.
Ондағы балалар
Жайдары, көңілді,
Бақытты, өмірлі.
Жыл – он екі ай.
Күні де шуақты, тыныштық түні де.
Бәрі де керемет,
Бәрі де керемет) Тәрбие.орг сайтынан «Жыл және он екі ай» Тәрбие сағаты материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: К.Калуова

Пікірлер: 0

avatar