Меню
Артқа » » » » Материал жариялау
Физиканың басқа пәндермен байланыстыра отырып оқыту
  • 21.04.2016
  • 910 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 18766

Физиканың басқа пәндермен байланыстыра отырып оқыту.
Құралханова Г.Р.
Қазақстан орта мектебінің физика пәнінің І – санатты мұғалімі.

Бүгінгі күні білім беру саласы «Қазақстан -2050» стартегиясының маңызды басым бөліктерінің бірі болып саналады. «Қазақстан-2030» бағдарламасында Қазақстан білім беру жүйесін бүкіл әлемдік кеңістігіне кіріктіру көзделген болатын. Бұл мәселені іске асырудың нәтижесінде адам ресурсын озық дамытуды және Қазақстанды әлемдік білім беру кеңістігіне біріктіруді қамтамасыз ететін білім беру жүйесі құрылды. Бұрынғы оқыту технологиялары оқушылардың оқуға деген ұмтылыстары мен біліктіліктерін қалыптастыруға бағытталған еді. Онда оқытылатын пән оқыту мақсаты тәрізді болды да, оқушы соған жетудің құралы сипатын алды. Бүгінгі күні елімізге дені сау, рухы биік, озық ойлы бәсекеге қабылетті тұлға қажет. Олар алдарына өресі биік мақсаттар қойып, соған жете алатындай болу керек. Оқытатын пәніне қарамастан мұғалім осындай тұлғаларды тәрбиелеуі тиіс. Балаларды жастайынан нағыз адам болуға, алдына айқын мақсат қойып, соған жету жолында кездесетін қиындықтарды жеңе алатын, жеке басының құндылықтарын білетін тұлға ретінде дайындау ләзім. Осы тұрғыдан қарасақ мектептегі физика пәнін жоғары деңгейде оқытудың бір жолы – пәнаралық байланыс әдісі болмақ. Пәнаралық байланыс оқушыға кешенді білім алуға көмектеседі. Оқушы алған білімін қолдана білуге,қоршаған ортаны және адамзат енгізген өзгерістерді түсінуге, табиғи-ғылыми мәселелерге қатысты ғылыми дәлелдермен негізделген сұрақтарды анықтап танып,қорытынды жасай білуге үйренеді. Кешенді білім беру формуласы: «Білім ꞊ үйрену + іздеу + оқу». Мектеп тәжірибесінде пәнаралық байланысты жүзеге асыруда мұғалімдер біршама қиындықтарға кездеседі. Бұл әдісті қолдану мұғалімнің жан-жақты білімді болуын талап етеді. Атап айтқанда: оқыту үрдісін тиімді ұйымдастыру, жеке пәндер арасындағы ортақ ұғымдарды, заңдылықтарды өзара байланыста қарастыру, оқушылардың танымдық, тәжірибеде қолдана білуге үйрету және тағы басқа мәселелерді дидактикалық тұрғыдан шешу қажет. Пәнаралық байланыстың бір пайдалы жағы – бүкіл оқыту ісін, бір мектептің барлық жұмысын бір арнаға бағыттауға, барлық мұғалімдерге бірыңғай талаптар қоюға, әр түрлі пәндерді ортақ мүддені шешуге жұмылдырады. Физика пәнін оқытуда пәнаралық байланысты жүзеге асыру үшін мынандай ұсыныстар жасауға болады:
 әрбір жеке пәнді оқытқанда басқа пәндерді оқыту ісіне өз ықпалын тигізуді көздеу;
 мүмкіндігінше өтілетін тақырыптарды уақыт жағынан үйлестіріп отыру;
 оқушылардың ғылыми теориялар мен заңдылықтарды игеруін сабақтастыра қалыптастыру;
 әртүрлі пәндердің зерттеу әдістерінің ортақ ерекшеліктерін айқындай білу;
 физикалық құбылыстар мен заңдылықтардың басқа пәндерде қолданылуын көрсету (немесе керісінше);
 кешенді таным жорықтар ұйымдастыру;
 кешенді сипаттағы сыныптан тыс жұмыстар өткізу (физика-химиялық, физика-математикалық, агрофизикалық т.б. үйірмелер құру);
Әр пән өзіне тиісті саланы тәпіштеп қарастырады. Алайда, олардың арасында диалектикалық байланыс болуы тиіс. Егер физиканы оқытуды пәнаралық байланыс негізінде ұйымдастыра білсек оқушылардың білім және білік сапасын арттыруға септігін тигізер еді. 1. Физика мен математика байланысы. Бұл екі пән тарихи тығыз байланысқан төл пәндер. Оқушы математикалық есептеулерді білмейінше физикалық есептерді шеше алмайды. Геометрияны білмейінше кеңістік ұғымын, жазықтықтағы қозғалысты көз алдына елестете алмайды. Функция ұғымын білмесе, физикалық шамалар арасындағы байланысты түсінбейді, графиктік тәсілмен есептерді шешу мүмкін емес. Функция жөніндегі мәліметтерді оның графигінен тауып алуға болады. Олай болса, функцияны оның графигінен бөліп қарауға болмайды. Физиканы оқытуда статистикалық әдісті қолданғанда жуықтап есептеу, орташа мән, орташа квадраттық мәндерді табудың математикалық әдістерін оқушы жетік білуі керек. Бір сөзбен айтқанда, физика пәні мұғалімі өзінің талаптарын, әдістері мен жұмыс тәсілін математика пәні мұғалімімен келісе отырып жүзеге асыруы керек. 2. Физика мен химия байланысы. Физика мен химия бірін-бірі өзара толықтырып отырады. Құбылыстар мен үрдістерге бірдей теориялар мен заңдарды қолданып отырады. Оларды әрқырынан (физикалық, химиялық) қарастырып зерттейді. Мысалы: молекула-кинетикалық және электрондық теория, газ заңдары, электролиз заңдары, диффузия құбылысы т.б. Физика мен химияны оқытудың байланыстылығы заттардың атомдық-молекулалық құрылысын оқып-үйренген кезде ерекше қажет. 3. Физика мен биология байланысы. Физиканың биология ғылымдарымен байланысы ерекше өріс алды. Бұл биофизика, агрофизика, бионика сияқты ғылымдардың пайда болуымен түсіндіріледі. Бұл аралық байланыстар орта мектепте тиісті оқу пәндерін оқып үйренгенде көрініс табады. Мысалы: биологиялық пәндерді оқығанда жылу, температура, энергия, жарық, ылғалдылық сияқты физикалық ұғымдар пайдаланылады. Газдардың, сұйықтардың, қатты денелердің қасиеттерінің көріністерімен танысады. Таразыны, лупаны, микроскопты т.с.с. құралдарын пайдаланады. Электрді оқып-үйренгенде электр зарядтары мен электр өрісінің жасушалардың қызметтеріндегі ролін, ағзадағы биотоктар жөнінде айтып беруге болады. Биологиялық нысандардың қасиеттерін физикалық тұрғыдан түсіндіріп, мүмкін болса көрсетіп (демонстрациялап), есептер шешіп отыру аралық байланысты нығайта түседі. 4. Физиканың дүниетану,жаратылыстану және геогрфиямен байланысы. Бастауыш сыныптан бастап оқушылар дүниетану, жаратылыстану және география сабақтарында заттың үш күйін, ауаның жылуды нашар өткізетіндігін және серпімділік қасиетін, сондай-ақ қыздырғанда денелердің ұлғаятындығын оқып-үйренеді. Жердің қозғалысы, пішіні мен өлшемі,магнит өрісін анықтауда құлабызды қолдану, атмосфераның құрылысы, сынап және металл барометрлерімен атмосфералық қысымды өлшеу жөнінде мағлұматтар алады. Табиғаттағы судың айналуы (су – бу - бұлт – жауын – су), өзендер мен желдің энергиясын пайдалану т.б. құбылыстардың себептерімен танысады. Аталған мәселелерді физика курсының көптеген тақырыптарын тереңірек оқып - үйренуге пайдалану тиімді нәтиже береді. Қазіргі уақытта табиғатты қорғау және экология жөніндегі ғаламдық мәселелерге үлкен мән беріледі. Бұл өзекті мәселені шешуде физиканың атқаратын ролі зор. 5.Физиканың технологиямен байланысы. Физика сабақтарында оқушылардың технология пәнінен алған білімдерін пайдалану аса маңызды.
 Физикалық құбылыстарды, заңдарды және оларды техникада қолдануды оқып-үйренген кезде оқушылардың оқу шеберханаларындағы жұмыс тәжірибесін ескеру керек;
 Шеберханаларда технология үрдістеріне бақылау жасау, материалдардың қасиеттері жөніндегі жекелеген тапсырмалар беруді ұйымдастыру, мысалы: иіндікті (рычагты) қолдануды бақылау, станок тетіктері қандай қозғалыстарға түседі, іштен жанатын қозғалтқыштардың жұмыс принциптері т.б.
 Шеберханаларда орындалатын өлшеу нәтижелерін пайдаланып есептер құрастыру;
Бұл пәнаралық байланыс екі жақты сипатта болады. Біріншіден, оқушылардың технологиялық білімдері мен шебеліктерін физикада пайдалану. Екіншіден физикалық білімдері мен біліктерін іс жүзінде (еңбекте)пайдалану. 6. Физика мен әдебиеттің байланысы. Физика – табиғат құбылыстарының пайда болуын түсіндіреді, себептері арқылы құпия-сырларын ашады. Ал, әдебиеттегі поэзия сол құбылыстарды әсірелеп жеткізеді. Мысалы: Мұқағалидың «Райымбек,Райымбек!» поэмасында батыр қамыс орып алып байлап, аттың екі жағына теңгереді де, Іле өзенінен өту үшін суға түседі.
Райымбек мінді де күреңіне,
Келді өзенге жетпек боп тілегіне,
Шым-шым қайнап,ширыға шұбатылған
Тылсым дүние алдында Іле,міне.
Артқан қамыс тірліктің белгісі боп,
Демеу жасап жылымға бергісі жоқ.
Ай айдыннан екі бас көрінеді,
Адамның да, аттың да өлгісі жоқ.

Өлеңнің мазмұны арқылы суға батырылған денеге екі күш әрекет ететіндігін, яғни, Архимед күші мен ауырылық күшін оқушылар көз алдарына елестете отырып түсінсе, І.Жансүгіровтың «Қыс» өлеңінде
Қыс, қар, мұз, қырау – жерді көміп,
Бұлт бүркеп, тұман төніп баса шөгіп,
Жер – көкті аяз бүркеп, қызыл жалап,
Бұрқ-сарқ боран құсап шашып өтті....
деп физикалық құбылыстарды көркемдік әсермен сипаттап көрсеткен. Өлеңнің әрбір сөзін, сөйлемін талдап көрсек олардың сыры физикалық тұрғыдан ашылмақ.
7. Физика мен тарих байланысы. Байланыс мәселелеріне ең алдымен еңбек құралдарының дамуы, өндірістік күштер мен өндірістік қатынастардың даму үрдістері, мәдениеттің, техниканың, ғылымның (оның ішінде физиканың) даму дәуірі мен оның аса көрнекті қайраткерлерінің (оның ішінде ғалым физиктердің) тарихи сипаттамасы, адамдардың санасында оны қоршаған ортаның бейнесі т.б. мәселелер жатады. Бұл байланыста ескерілетін мәселелер:
 Тарихи деректерді, ғалымдардың айтқан пікірлерін пайдалану;
 Тәжірибелерді олардың тарихи қалыптасқан түріне жақындастыра көрсету;
 Тарихи суреттерді,фотосуреттерді т.б. пайдалану.
8. Физика мен денешынықтырудың байланысы.
Денешынықтырудағы қозғалыс ойындарында бұлшық еттерге түсетін күшті тиімді пайдалану арқылы күш ұғымын қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді.
Сонымен, қорыта айтсақ физиканы басқа пәндермен байланысын әдістемелік жағынан тиімді ұйымдастыра білсек оқушылардың ғылыми дүниетанымдары кеңейіп, кешенді білім алуға көп септігін тигізбек. Оқушылар бір пәннен алған білімдерін екінші пәнде қолдана отырып, пәндер сабақтастығы арқылы білім мен білік дағдыларының жоғары деңгейдегі сапасына қол жеткізетіндігі сөзсіз болар еді.

Шығыс Қазақстан облысы
Зайсан ауданы. Тәрбие.орг сайтынан Физиканың басқа пәндермен байланыстыра отырып оқыту Физикадан ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Куралханова Гульмира Ризабековн

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Бөлімі: Физикадан ашық сабақтар | Логин: Публикатор
Көрсетілім: 910 | Жүктеулер: 0
Барлық пікірлер: 0
avatar