Меню
Артқа » » » » Материал жариялау
Абай шығармаларын оқытуда жаңа әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімділігі
  • 28.01.2017
  • 139 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 21375

Мектепте Абай шығармашылығын оқытудың жаңашыл әдістемесі мен технологиясы

Баяндама тақырыбы: Абай шығармаларын оқытуда жаңа әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімділігі

Баяндамашы: Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы әкімдігі
№21 жалпы білім беретін
орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
К.Ж.Сүйрікбаева

Мазмұны
І. Кіріспе. Жаңаша оқыту - заман талабы .......................................... 3-бет
ІІ. Негізгі бөлім. «Ізденіс түбі – игілік»...............................................4-6 бет
2.1. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы - жеке тұлғаның қажеттілігін қанағаттандырудың тиімді жолы.
2.2. Абай өлеңдерін оқытуда сатылай кешенді оқыту технологиясын қолдану.
ІІІ. Қорытынды бөлім............................................................................... 7-бет
«Абай деген - терең теңіз, алып мұхит,
Ал мен оның бетін ғана қалқыдым». /М.Әуезов/



Кіріспе. «Ұстаздың биігі, ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң -қарсы алдыңда, айналсаң - артыңда тұрғандай»- деп Сократ айтқандай, егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қоюда. Соның ішінде болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай білім мазмұнына жаңаша қарау - басты міндеттердің бірі. Қазіргі кезде білім берудің жаңа жүйесінің жасалынуы, білім мазмұны мен әдіс-тәсілдерінің жаңаруы бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді. Сапалы білім ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш болып табылады. Бүгін мектеп партасында отырған бүлдіршіндер – ертең ел тағдырын шешетін азаматтар. Олардың сапалы білім алуын бүгін қамтамасыз ету - мұғалімнің басты міндеті.
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады» деп Абай айтқандай, озық ойлы, білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне үлесін қосып келеді. Осындай қоғамдық - әлеуметтік мәдени өзгерістер, дамулар мектептің оқыту үдерісіне әсер ететіні сөзсіз. Кез келген оқыту белгілі мөлшерде адамды дамытады. Оқитын пән қаншалықты жаңа, бағалы, мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болсын, мұғалім мен оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім күткен нәтижені бермейді. Оқушының адам ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады.
XXI ғасырда еліміз ғаламдану және жаһандану үдерісіне көшуде. Осы үдерісті жандандырып дамытуда жас ұрпақтың білімі мен біліктілігі зор рөл атқарады. Бүгінгі таңда мектептер толығымен жаңа ақпараттық компьютерлік техникалармен қамтамасыз етілуде, мұның өзі жаңашыл мұғалімдердің құзырлылығымен, сапалы және инновациялық технологияларды талап етеді. Нәтижесінде «жаңа ұрпаққа - жаңашыл оқыту-жаңа формациядағы мұғалім» қажет. Оқыту барысында озық, тиімді технологиялар тәжірибеге енгізілуде. Бұл технологиялар мұғалімге қарағанда оқушының басымырақ рөл атқаруына жол сілтейді. Оқушы бойындағы сан қырлы қасиеттер мен ерекшеліктерді ашуға, жеке мүмкіндіктерін жетілдіруге жағдай жасауымызға бағыттап, оның қызығушылығын, танымдық белсенділігін арттыруға ықпал етеді, білім-білік, дағдыларын дамытуға көмектеседі. Мұғалім, қазіргі кезде қай технология болмасын ұтымды және тиімді пайдалануы шарт. //«Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы 2014ж. №1, 20-21 бет.//
Негізгі бөлім. Осыған орай, мен өзімнің баяндамамда Н.А.Оразахынованың «Сатылай кешенді талдау» технологиясы (ОСКТТ) жөнінде ойымды бөліскім келеді. Екібастұз аймағындағы мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін жаңа технологиялар арқылы оқыту мақсатында «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы» курсы өткізілді. Курсты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Алжамбайқызы Оразахынова жүргізді.
Технология авторы Нұрша Оразахынова: «Сатылай кешенді талдау – ұлттық құндылығымызды бағалай білуге, оның білім көкжиегінде кең таралуына ықпал етіп күнделікті өмірде қолданылу аясын жақсартуға бағыттайтын оқыту», – деп ой түйіндеуі өте орынды. Бұлай дейтініміз, бұл технология арқылы білімді белгілі бір көлемде беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны қалыптастырумен шектелмей, баланың жалпы тұлғалық дамуына ойлау, есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты танымдық-психологиялық қасиеттерінің жақсы үйлесім табуына да септігі мол. Бұл технология арқылы оқушылар ана тілінің қадір-қасиетін бағалай білетін тұлға болып шығатынына сенеміз.
«Сатылай кешенді талдау технологиясы» бұл қазақтың төл технологиясы деп атауға болады. Оқушыларға сөйлеу тілінің байлығы мен әдеби тіл нормасын үйрете отырып, шығармашылықпен жұмыс істеуге баулу - бүгінгі өмірдің басты талабы. Мұны жүзеге асырудың бірден бір жолы ғалым Н.Оразахынованың әдістемесі - сатылай комплексті талдау технологиясы. Ол оқушыларды нақтылыққа,ізденімпаздыққа, зерттеушілікке, ойлау, есте сақтау, қиялдау әрекеттерін үйрете отырып, тілдік материалды терең, ғылыми негізде меңгеруге көмектеседі. 10 - сыныпта әдебиет сабағында Абай өлеңдерін оқытуда аталған әдістеме бойынша жүргізген сабақты көрсетуге болады. Мұғалім мен оқушы арасында: ынтымақтастық, түсіністік, әріптестік сияқты жылы қарым-қатынастар орын алған. Бұл технологияның маңыздылығы оқушыларды «жақсы», «жаман», «орташа» деп бөлмей материалды өте жылдам, баяу қабылдауын керек етеді.
«Абайды тани алмаған қазақ дүниені де танып жарытпайды» - деген Н.Назарбаев сөзін басшылыққа ала отырып, Абай шығармаларын жаңа технология әдісімен талдаудың үлгілерін көрсетуді жөн көрдік. «Қыс» өлеңіне сатылай кешенді талдау жүргізу.
1. Авторы А.Құнанбаев - қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл - философы, композитор әрі аудармашы, реформатор.
2. Тақырыбы қыс мезгілінің ерекшелігі, ащы аяз, долы боран кезіндегі ауыл, ел өмірі.
3. Жанр түрі - өлең.Бұл өлең табиғат лирикасына жатады. Себебі,.ақын табиғаттың қытымыр қаталдығына қарсы тұруын өз көңілі, сезімі арқылы білдіреді.
4. Идеясы дегеніміз - ақынның айтар ойы мен мақсаты. Өлеңнің идеясы - қыс сипатын күшейтіп суреттеп, адамдарды табиғаттың долы күшіне қарсы тұра білуге шақырады.
5. Шумақ дегеніміз - аяқталған синтаксистік біртұтас ойды білдіреді. Өлең 5 шумақтан тұрады.
6.Тармақ дегеніміз - өлеңнің әр жолы.22 тармақты
7. Бунақ дегеніміз - белгілі дауыс ырғағымен бөлінуі. 2-3, 3-3 бунақты
8. Буын саны - дауысты дыбыс санына байланысты. Өлең 11 буынды.
9. Ұйқас түрі. Ұйқас дегеніміз - өлеңнің бітім, мазмұнымен тамырлас келіп, оған әуен, ерекше сөз беріп тұратын өлең тармақтарындағы сөздердің үндестігі екендігін айтып кетеді.Бұл өлең қара өлең (а-а-б-а) және кезекті ұйқаспен жазылған (а-б-в-б)
10. Әдеби теориялық ұғымдар:
Троп немес құбылту түрлері
Эпитеттер-ақ киімді, денелі ақ сақалды, ақ қырау, кәрі құда, ақ орда, жас балалар,қайран жылқы, кәрі шал.
Кейіптеу-Ақ киімді денелі ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Демалысы-үскірік аяз бен қар
Кәрі құдаң қыс келіп әлек салды.
Теңеу-ұшпадай, бұлттай.
11. Сөздікпен жұмыс.
Ұшпа-бұлт (жеке, шоқ бұлт), бурадай—түйенің долданып, ашулануы.
12. Өлеңнің тәрбиелік мәні. Шидем мен тондарын қабаттап кисе де, долы боранға тура қарай алмаса да, мал соңында қар жамылып, мұз жастанған жылқышылардың ерлігіне риза боласың,үлгі аласың. Суықтан, аштықтан әлі
құрыған жылқыларды ауыз салмақ болған аш қасқырларға жем қылмай, сақтанып, елге сойып беруге ақыл етеді.
Сондықтан тек дәстүрлі оқумен шектеліп қалмай, мұғалім әрқашан ізденісте болып, өзіне және шәкірттеріне тиімді жақтарын қарастырып отыруы тиіс. Әр мұғалім - өз сабағының көшбасшысы. Көшті қалай бастап алып жүремін де өз еркі. Ал көшті дұрыс бағыттай білу - оның шеберлігіне байланысты.
«Мектеп жаны - мұғалім», мұғалім қандай болса, мектебі Һәм сондай болмақшы. Мектепке керегі-білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім» деген екен А.Байтұрсынұлы.
Қорытынды. Абай - қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл қазақ халқының рухани нәр бұлағы, жан азығы, болашағының адастырмас темірқазығы. Абай сөзі-халқымыздың өткен тарихын, рухани мұрасын танытумен бірге, бүгінгі және келешек өміріміздің де бағдаршамы, ақ жолы, ғибратты ұстазы, Абайды оқу, одан рухани нәр алып, жан әлемін байыту арқылы қазақ елі, адам баласы әділетті, адал ғұмыр, бақытты заман бесігіне бөленері хақ.
Қалалық деңгейде дәстүрлі түрде «Абайды үш тілде оқимыз», «Абай оқуларының»өткізілуі талай шәкірттің шығармашылығын шыңдап,әдебиет әлеміне бойлауға негіз болды.
Сондай оқушылар қазіргі кезде бірі мұғалім, бірі студент, бірі айтыс ақыны болып жүр.
«Абай деген - терең теңіз, алып мұхит, ал мен оның бетін ғана қалқыдым» М.Әуезов айтқандай Абайды тану мәңгілік толастамас асыл мұра.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. Әуезов М.О. Абай Құнанбаев. -Алматы: Жазушы, 1967 жыл.
2. Абай Құнанбаев. Шығармалар. Екі томдық. ІІ том. -Алматы: Жазушы, 1993 жыл.
3. Сатылай кешенді талдау. Н.Оразақынова. 2014 жыл. Астана.
4. Деңгейлік нұсқаулық. 2011 ж. Астана.
5. Қуандық Мәшһүр-Жүсіп. «Көркем сөздің құдіреті», - «ЭКО» ҒӨФ, Павлодар, 2000 ж.
6. К.Ә. Әбдрейімова, Р.Б.Сәкенова, А.А.Оспанов, Ж.Ө. Ниязқұлова. «Қазақ әдебиеті» (Н.А. Оразахынованың «Сатылай кешенді талдау» технологиясы бойынша жалпы білім беретін мектептердің таңдау курсына арналған) оқу құралы, Алматы, 2012 ж.
7. «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде» журналы, 8/2004 ж. Тәрбие.орг сайтынан Абай шығармаларын оқытуда жаңа әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімділігі Қазақ тілінен ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: К.Ж.Сүйрікбаева

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Бөлімі: Қазақ тілінен ашық сабақтар | Логин: Публикатор | Ілмек сөздер: шығармаларын, қолданудың, оқытуда, жаңа, әдіс-тәсілдерді, ТИІМДІЛІГІ, Абай, Қазақ тілінен ашық сабақтар
Көрсетілім: 139 | Жүктеулер: 0
Барлық пікірлер: 0
avatar