Еліктеуіш сөздер

  • Жүктеулер: 90
  • Көрсетілім: 4900
  • Қазақ тілінен ашық сабақтар
  • 06/Янв/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 13104


Сабақтың тақырыбы: Еліктеу сөздер және оның мағыналық түрлері
Мақсаты:
Білімділік:Еліктеу сөздер туралы түсінік беру,оның басқа сөз таптарынан ерекшеліктерін таныту,өмірден түрлі мысалдар келтіре отырып,еліктеу сөздердің түрлерін ұқтыру.
Тәрбиелік:Тіл өнернің құдіретін ұғына білуге, әдептілікке, бәсекеге қабілетті өз ойын ашық айтуға тәрбиелеу.
Дамытушылық:Оқушылардың сауаттылығын,танымдылығын,сабаққа деген қызығушылығын арттыру, сөйлеу тілін, ой жүйелеу шеберлігін дамыту.
Сабақ типі: жаңа сабақты меңгерту
Сабақ әдісі:топтау, сұрақ-жауап, ойландыру, оқушы әрекетін ұйымдастыру, ізденушілік қабілетін ояту.
Сабақ көрнекілігі: интерактивтік тақта, слайдтар, бейнероликтер, шар, сағат,барабан

 

Сабақ барысы:
I.Ұйымдастыру бөлімі:

1.Амандасу: Үлкенге де сіз

Кішіге де сіз

Сәлем бердік баршаға

Ізетпенен біз

2.Психологиялық дайындық (көңіл күйлерін анықтау)

Біз бәріміз - жаңа заманның болашақ шәкірттеріміз!
3.Сыныпты топқа бөлу: басшы сайлау.

 

 

 

«Талап» тобы

Талабың болса тайсалма,

Өзіңді өзің байқа да,

Талаптансаң жеңесің

Қиындықты қашанда

«Еңбек» тобы

Еңбек етсең ерінбей

Еңбегің қалмас көрінбей,

Зор табысқа кенелтер

Құлшына еткен еңбектер

«Терең» ой тобы

Терең ой сенің қанатың,

От болып ылғи жанатың.

Білімділік пен іскерлік,

Сені іздеп те табатын.

«Қанағат» тобы

Қанағат – асыл қасиет,

Адал жүректі ақ ниет.

Қанағатшыл бол әрқашан

Пайдасы тиер сан рет.

«Рақым» тобы

Рақым - сенің ұятың

Бетіңде әркез тұратын

Рақымды болса әр адам

Жаныңда ылғи болатын

 

 

II.Жаңа сабақ:

1. Ой шақыру: жаңа сабаққа байланысты ортақ сұрақ:
А)сөз таптары қазақ тілінің қай бөліміне жатады?
Ә)қазақ тілінде неше сөз табы бар?
Интерактивті тақтадан әртүрлі табиғи дыбыстарды, бейнелерді көрсету.
Табиғат әлемі: Жан-жануарлардың дауысы,жүрісі, бұлақтан аққан су, найзағай, құстардың сайрағаны,жапырақтардың сыбдыры.
Сұрақ: Балалар, мына бейнероликтен не байқадыңдар?

- Олай болса, балалар бүгінгі сабағымыздың тақырыбы тағы бір сөз табы болмақ.

1-слайд (дәптерлерімізді ашып күн жадын ,тақырыпты жазамыз.)

2.Мағынаны тану.

«Еліктеу сөздер», «Еліктеуіш сөздер»-2, «Бейнелеуіш сөздер»-2 әр топқа тақырып, плакат үлестіру, өз ойларын ортаға салу, жоба қорғау,ереже шығару.
1. Табиғаттағы, айналадағы әртүрлі дыбыстарға,
қимыл-әрекеттерге еліктеуден пайда болған сөздерді еліктеу сөздер деп атаймыз..
2.Құлақпен есту арқылы пайда болған сөздер- еліктеуіш сөздер.
3.Көзбен көру арқылы сипаттайтын, бейнелейтін сөздер- бейнелеуіш сөздер.
4.Көмекші етістікпен (көбінесе ет көмекші етістігімен) тіркесіп жұмсалсады.

Тәжірибе көрсету (өмірмен байланыстыру) «Дыбыстық еліктеуіш» сөздерді ұғыну:
А)Сіріңкені жағып, стақандағы суға батыру
-От қалай сөнді? (От быж етіп сөнді )
-Дыбысты қай сезім мүшелері арқылы қабылдадыңдар?(құлағымызбен естідік)
Ә) Сағат аламын да, стол үстіне қоямын
-Сағат қалай жүріп тұр? (Сағат тық-тық жүріп тұр)
В) Шар үріп,жару
-Шар қалай атылды? (Шар тарс етті)
Сұрақ; Өздерің байқағандай, не көріп, не естідіңдер? Дыбыстарды қай сезім мүшесімен қабылдадыңдар?
Бейнелеуішті ұғындыру: Оқушының атын атап шақыру,өзіме қарату (жалт қарау)
Мұғалім жүріп келе жатып,кенет тоқтау ( кілт тоқтау)
3.Сергіту сәті: (жіберілген әуен арқылы түрлі дене қимылдарын жасау)

4.Сабақты бекіту.
1-тапсырма. «Кім тапқыр?» (еліктеу сөздерді тауып, қай түріне жататынын табу)

 

1.Дос айтады: бермесең, бұлт берем деп

(Абай.)

2. Мақтауға есіріп,

Барынша көсіліп,

Ырғалып қаңқ етті,

Ірімшік жерге салп етті. (Абай.)

3. Құржаң-құржаң етеді,

Жер ұшық берген кісідей

Тоңқаңдай ма не етеді. (Абай.)

7.Орынсыз ыржаң,

Болымсыз қылжаң

Бола ма дәулет, кәсіп бұл?

 

4.Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,

Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың

Ұғындырар кісіге кез келгенде,

Пыш-пыш демей қалар ма ол астыртын?

5.Бұлттай қасы жауып екі көзін,

Басын сіліксе, қар жауып мазаңды алды.

Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, Алты қанат ақ орда үй шайқалды.

6.Баяғы жартас- бір жартас,

қаңқ етер түкті байқамас.

 

8.Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.

 

2-тапсырма. Еліктеуіш сөздерді бір бағанға, бейнелеуіш сөздерді бір бағанға жазыңыздар.

Гүрс етіп атылды, бүлк етті, сарт-сұрт болды, дір-дір етті, тық-тық етіп жөтелді, селк етті, гүлеп кетті салдыр-күлдір құлады, зып етіп, қалт тоқтады, жалт қарады, пыс-пыс етіп ұйықтады.

Еліктеуіштер: Бейнелеуіштер:

гүрс етіп атылды бүлк етті

сарт –сұрт болды дір-дір етті

тық-тық етіп жөтелді селк етті

гулеп кетті зып етіп

салдыр-күлдір құлады қалт тоқтады

пыс-пыс етіп үйықтады

жалт қарады

3-тапсырма «Ойлы болсаң, озып көр»: жұмбақтардағы еліктеу сөздерді атап, жауабын табу, аударма жасау.

 

1)Қалқиған ұзын құлағы,

Елеңдеп қорқып тұрады. (қоян)

2)Тарпаң-тарпаң тарбиған,

Түрі жаман жарбиған.(тасбақа)

3) Көк көйлекті жеңешем,

Көлбең-көлбең етеді.

Желмен ұшып кетеді,

Жер түбіне жетеді. (түтін)

4) Жылт-жылт еткен,

Жылғадан өткен. (су)

5)Аяғы біреу,қолы жоқ,

Шиыр-шиыр жолы көп. (қаламсап)

6) Қық-қық етеді,

Кезіп жүріп көшені.

Жата қалса орнына,

Ақ доп тастап кетеді. (тауық)

7) Тырылдап көкте инелік,

Инелік емес, үй делік. (вертолет)

8) Балпаң-балпаң басады,

Қыр жотадан асады.

Паналайды үңгірді,

Іздемейді тасаны. (Аю)

9)Иректеп еденді,

Иреңдеп келеді.

Шаң менен тозаңды

Қылғыта береді. (Шаңсорғыш)

10)Отқа құйсаң елпілдеп,

Быж-быж етіп тұншығар.

Тақиясы селкілдеп,

Танауынан бу шығар. (Шәйнек)

 

Оқулықпен жұмыс:

297 –жаттығу. Еліктеу сөздерді тауып, қандай сөздермен тіркесіп тұрғанын көрсетіңдер.

300-жаттығу. Еліктеуіш сөздердің қай сөзбен тіркесіп тұрғанын көрсетіп,мағынасын ажырату.Теріп үлгідегідей жазу, әр топтан бір оқушы кітаптан толық оқып, ауызша айту.

1.Қайыркеш басын изеді де, тық-тық басып жүріп кетті.

2.Ол ол ма, аздан соң жүрегі дүрс-дүрс соғып, басы айнала бастады.

3.Қым-қиғаш қиқу, сарт-сұрт төбелес болды да қалды,

4.Ол тарс-тұрс ете қалған дыбысқа жалт қарады.

5.Анда-санда гүрс етіп қалған бір дауыс әлденемеге еріксіз көндіргісі келетін сияқты.

302-жаттығу.Бейнелеуіш сөздерді тауып, олардың мағынасын және қай сөзбен тіркесіп тұрғанын көрсетіңдер.

1.Беті шып-шып терлеп, азғана бусанып, күнге шағылысып жатқан әппақ қарды бауырымен сызып, төрт-бес аттап омбылады да, тор ат тұрып қалды.

2.Абай селк етіп, жалт қарады.Төртеуі жалп-жалп құлады.

3.Қараңғылықтан қылаң етіп, аттылы адам шыға келді.

4.Бұны көргенде қыздың көзі жарқ ете түсті.

5.Түйе шөккенде, Қамқа серейіп, сұлқ түсті. Бөжейдің өлімін естігенде, үй іші тегіс аңтарылып селт етті.

4-тапсырма «Сөз ойла»
Бос орынға еліктеу сөздерді қой.
............ жаңбыр жауды.
Күн................ күркіреді
Олар................ күлді.
Уәлихан апасына ............ етеді. (жымың - жымың )
Ай сәулесіне шағылса .............. етеді. (жылт-жылт)
Тоғайдан ......... еткен дауыс естілді. (сатыр-сұтыр)

Ат ауыздықтарын ..... шайнайды. (қарш-қарш)

  • бүлдіршіндер ......... жүгіріп жүр. /Зыр-зыр/

Ауыл маңы ......... болып жатыр. /Абыр-сабыр/

Доп өзенге .... етті. /күмп/

Слайд :

Жылқы суреті – Жылқы ......(бүлк-бүлк) желеді.

Қой суреті – Қой шөпті .....(бырт-бырт) еткізіп жеді.

Түйе суреті - Түйе ... (маң-маң) басты.

Бұзау сүреті - Бұзаулар дыбысқа ... (жалт) қарады.

Ешкі суреті - Ешкілер дыбысқа ... (елең) етті.

5.Сабақты қорыту:
Әр топтан шығып бейнелеуішке және еліктеуішке мысал келтіру.
Рефлексия Не білдік, не үйрендік?

Оқушылар стикерлерді төмендегідей суреттерге жапсырады.
• Сандық – білімді ойыма тоқыдым;
• Ет турағыш -білімімді әрі қарай жетілдіруім керек;
6.Үйге тапсырма: 303-304 жаттығуларды шарты бойынша орындау, Еліктеу сөздер, оның мағыналық түрлерін оқу, ережелерін жаттау
7.Бағалау.

Тәрбие.орг сайтынан Еліктеуіш сөздер Қазақ тілінен ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Жаманова Жаныл Куанышевна

Ақтөбе қаласы №37 жалпы орта мектебі қазак тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar