Шылау емлесі

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 825
  • Қазақ тілінен ашық сабақтар
  • 19/Янв/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 21096


Сабақтың тақырыбы: Шылаулардың емлесі
Сабақтың мақсаты:
1. Білімдік: шылау емлесін ұғындыру арқылы оқушының сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру;
2. Дамытушылық: өздік жұмысы арқылы, топпен ақылдаса отырып, шапшаң ойлау дағдыларын, есте сақтау қабілеттерін дамыту;
3. Тәрбиелік: оқушыларды ана тілін сүюге, қазақ халқының салт- дәстүрлері арқылы қонақжайлылыққа, кішіпейілділікке, еңбекқорлыққа баулу.
Сабақтың міндеттері:
1. Шылаулардың көпшілігі өздеріне қатысты сөзден бөлек жазылатындығын түсінеді.
2. Кейбір шылаулар өздері қатысты сөздеріне үндесіп, бірнеше тұлғада қолданылатындығын меңгереді.
3. Оқушылар бірлесіп топпен жұмыс жасайды, тыңдайды, бір- бірінің ой- пікірін сыйлайды.
Сабақтың әдісі: сұрақ- жауап, топтық, ұжымдық, салыстырмалы, талдау, іздену, тест, көрнекілік, еркін жазу, постер, әдебиет теориясы.
Сабақтың түрі: сайыс сабақ
Пәнаралық байланыс: әдебиет
Көрнекіліктер: постер, «Қазақ осы» әні,күй дискілері, кеспе қағаздар, қоржын, киіз үй, алма, қоспа, кесте, бағалау парағы, стикерлер, шылау туралы слайд.

Сабақтың барысы:
I. Ұйымдастыру кезеңі:
а) «Қазақ осы» әнінің бір шумағын компьютерден жүргізу.
ә) Мұғалім сөзі:
- Балалар, сәлеметсіздер ме?
Бүгінгі сабақ ерекше сабақ, себебі
Батыс беткей Қасқатау ол бір қорған,
Бал қарағай, көк терек, қалың орман.
Сылдыр қаққан сылаңдап ару бұлақ
Біреуге мұң, біреуге болған арман, -
деп ақын жырлаған Қасқатау Қарабұлағынан сіздерге қонаққа келдім. Қонаққа келгендегі мақсатым, сіздердің шылаулардың түрлері жайлы түсініктеріңізді пысықтай отырып, олардың жазылуы жайлы түсінік беру; сабақта қолданылатын түрлі тәсілдер арқылы сыни ойлай білуге баулу; «біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген ұғымды қалыптастыру, қазақ тілін сүюге, салт- дәстүріміздің қолданылу аясын кеңейтуге шақыру.
Қонақты жақсылап күту үшін өз қалауларыңыз бойынша үш ауылға бөлініңіздер.
1. Септеуліктер
2. Жалғаулықтар
3. Демеуліктер
Әр ауылдың басшыларын сайлаңыздар. Олар сіздердің сабақ барысындаңы жауаптарыңызды бағалап отырады.( Ауыл басшыларына
Бағалау парақтарын беру )

II. Үй жұмысын тексеру
Дәстүрлі қазақ қоғамында үйге келген қонаққа үй иелері ауылдың алты ауызын айтып, қонақтың көңілін көтеруге тырысқан. Мен өзім қонаққа келген әр ауыл жайлы көбірек мағлұмат білгім келеді, сондықтан әр ауылдан бір оқушыдан шығып, әңгімелеп бергенін қалаймын.

III. Қызығушылықты ояту
Мен сіздерге қонақкәде ретінде
Бойымызда толық та мағына жоқ,
Сонда да сөз табында көңіліміз тоқ.
Жалғаулық, демеулік ағайынды
Септеулікпен шылаумыз көп, - деген шылаулардың емлесі жайлы мәліметтер әкелдім. Бұл мәліметтер киіз үйдің ішіндегі домбырада, себебі қазақтың ойын- тойы домбырасыз өтпеген. Сіздер де қазір күй сазымен шылаулар емлесі жайлы оқып алып, алдарыңызда жатқан қағазбен постер құрастырасыздар.

«Жалғаулықтар» ауылы

Шылаулардың көпшілігі өздері қатысты сөзден бөлек жазылады және кейбірі дефис арқылы жазылады.
Және, мен, бен, пен шылаулары бірыңғай мүшелер мен ыңғайлас мәнді сөйлемдерді байланыстырып, қайталанбай қолданылады. Сондықтан бұл жалғаулықтар байланыстырған сөздер мен сөйлемдердің арасына үтір қойылмайды.
Мысалы: Жомарттың бүгін жүре қоярлық ниеті жоқ еді және оның ниетіне қарай даяр көлік те болмады.
Мен, бен, пен жалғаулығы сырт тұлғасы жағынан түбірге қосылып жазылатын көмектес септік жалғауымен ұқсас.Оларды бір бірінен ажыратудың жолы мынадай. Көмектес септік жалғауын сөйлемде түсіріп айтуға болмайды.
Мысалы: Қыз еркем кестесімен көркем,
Ұл еркем өнерімен көркем.
Ал мен, бен, пен жалғаулығын түсіріп айтуға да ( онда жалғаулықтың орнына үтір қойылады ) , басқа жалғаулықпен ( және, да, де, та, те )
ауыстырып айтуға да болады.
Мысалы: Жақсылық пен жамандық кейін алдыңнан қайтады деген сөйлемді Жақсылық , жамандық кейін алдыңнан қайтады деп айтуға болады.
Мен, бен, пен жалғаулығы байланыстырған бірыңғай сөздердің алдыңғысындағы септік жалғауы түсіріліп айтыла береді.
Мысалы: Әке мен шешенің еңбегін ұмытпа деген сөйлемде әке сөзі ілік септікте тұрғаны белгілі.
Және, мен, бен, пен жалғаулықтары бірнеше бірыңғай мүшенің соңғы екеуінің арасын байланыстырады немесе бірыңғай мүшелерді топтап барып байланыстырады.
Мысалы: Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Бірінің сөзі жамау, бірі құрау.

«Септеуліктер» ауылы

Да, де, та, те шылаулары өзі қатысты сөздің соңғы дыбысына қарай үндестік заңы бойынша бірде да, бірде де, бірде та, бірде те болып өзгеріп
отырады.
Да, де, та, те шылаулары бірде жалғаулық, бірде демеулік мәнінде қолданылады.
Егер өзі қатысты сөзге қосымша мән үстеп тұрса, демеулік болады.Ыңғайластық мәнді сөздерді не сөйлемдерді байланыстырып тұрса, жалғаулық болады.
Мысалы: Сен де бір кірпіш дүниеге , Кетігін тап та бар қалан.
Сөйлемдегі де- демеулік , сен деген сөзге ғана қатысты болып, оған күшейткіш мағына үстеп тұр, ал та- жалғаулық, ол тап , бар, қалан деген бірыңғай баяндауыштарды ыңғайластыра байланыстырып тұр.
Да, де, та, те шылаулары сырт тұлғасы жағынан жатыс септік жалғауымен ұқсас келеді. Жатыс септік жалғауы сөзге жалғанып, бірге жазылады.
Мысалы: Жылқыда өт жоқ,
Құста сүт жоқ.

«Демеуліктер» ауылы

Ма, ме, ба, бе, па, пе шылауы сөйлемге сұраулы мән үстеп, өзі тіркескен сөзден бөлек жазылады.
Мысалы: Сұратқан хан ақымақ па, сұраған сен ақымақ па?
Бұл шылаулар сыртқы тұлғасы жағынан –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе деген болымсыз етістік жасайтын жұрнақпен ұқсас келеді. Болымсыз етістік жұрнағы түбірге қосылып жазылады.
Мысалы: Жауға жалынба,
Досқа тарылма.
Ма, ме, ба, бе демеулігі кейде әр бірыңғай мүшеден кейін қайталанып та жюұмсала береді.Мысалы:Ерте ме, кеш пе, пайдаға ма, зиянға ма, сен де барыңды бересің.Көбінесе бұл шылау сөйлемнің баяндауышынан кейін келеді.Мысалы: Аңсаған шөлде су тапса, Бас қоймай ма бастауға?Кейде бұл шылау жіктік жалғауынан бұрын келеді. Ондайда оның тұлғасы
-ы, -мі, -бы, -бі, -пы, -пі болып өзгеріп , сөзбен қосылып бірге жазылады.
Одан кейін жіктік жалғауы жалғанады.Мысалы: Баласысың ба? Баласымысың?
Тіліміздегі –ақ, -ай, -ау, -мыс, -міс, -ды, -ді демеуліктері өзінен бұрын тұрған сөзге дефис арқылы ілесіп жазылады.
Мысалы: Ол бөгелсе де, сөзін бітірген жоқ-ты.

IV. Мағынаны тану
Шылаулардың емлесі жайлы білімімізді толықтыру мақсатында қонаққа ұсынылатын сыйлы тағамның бірі – қоспа жайлы мәтінмен танысайық. Мәтінді тақтада орындаймыз, сондықтан әр ауылдан бір –бір оқушыдан кезек – кезек шығып ,бір сөйлемнен жазып, шылаулардың емлесіне тоқталамыз.
Қоспа
Қоспа – аса кәделі дастарқан дәмі. Ол қыста қатпайтын және жазда бұзылмайтын өте дәмді тағам.
Алдымен сүтті қайнатады да, үстіне айран құяды. Сүт іріп, ірімшік пайда болады. Ірімшік қызарғанға дейін қайната береді. Қызарғаннан кейін оттан алады да суытады. Суыған соң ірімшікті еттартқыштан өткізеді де, құмшекер мен мейіз қосып араластырады. Әбден араластырғаннан кейін үстіне ерітілген сары майды құяды. Қоспа майды бойына сіңірген соң, ыдысқа салып, салқын жерге қояды.

V. Сергіту сәті
Мақал- мәтел – бабадан қалған мұрамыз,
Ықыласымызды мәйектей сөзге бұрамыз.
Мақалбай атай сұрағын алып келіпті,
Біз, балалар, көңілмен тыңдап тұрамыз.

1. Түкіріктен көл құрала ма?
(Көп түкірсе - көл)
2. Адамда арқау бола ма?
(Ас – адамның арқауы)
3. Қандай бас аяққа тыным бермейді?
(Ақылсыз бас аяққа тыным бермейді)
4. Тауық түс көре ме?
(Аш тауықтың түсіне тары кірер)
5. Жанды семіртетін не?
(Жақсы сөз жан семіртеді)
6. Ауырмайтын өлетін кім?
(Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі)

VI. Ой- толғау
Халық мәдениетінде дәстүр ретінде ежелден қалыптасқан «тоғыз» деп аталатын салт бар.
Бау – бақша өсіретін Қазақстанның оңтүстігіндегі ел өнімді жинап алғаннан кейін туған – туысқандарына, құда, жекжаттарына, сыйлас көршілеріне тоғыз жіберетін салт бар, яғни өздері қалаған адамдарына қоржынға салып қауын –қарбыз жібереді. Оның саны тоғыз не екі тоғыз, үш тоғыздан кем болмауы керек. Келген адам ол үйге «тоғыз» әкелгенін айтады. Бұл жай келіс емес, кәделі, сыйлы келіс. «Тоғыз» дегенің тарту, ескеру, құрмет белгісі. Сонымен бірге мұнда дәмету де бар. Демек «тоғыз» жіберген адамға соған лайық сый – сияпат жасау керек. Халық арасында бірін – бірі ескеру, елеу осы «тоғыз» арқылы білінеді.
Мен де сіздерге келерде көп ойланып, үш тоғыз алма әкелдім. Себебі қазір көктем мезгілі. Бәрімізге дәрумендер өте қажет.
Қоржынның ою жағында «Тоғыз» деген тапсырма бар, сол тапсырманы топ болып орындау арқылы маған деген сый – құрметтеріңізді білдіресіздер.
«Тоғыз» тапсырмасы
Көп нүктенің орнына тиісті шылауларды қойып жазыңыздар. Осы сөйлемнен кейін өздеріңіз бір сөйлем ойлап жазыңыздар, ол сөйлемнің алғашқы сөйлеммен мағыналық байланысы болсын.
«Жалғаулықтар» ауылы
Ал енді айтуға ... , естуге ... қолайсыз есімдер бар.
«Септеуліктер» ауылы
Өзен жағасы аздаған жарлау еді, ересек бала ақсақ баланы суға ... көтеріп әкелді.
«Демеуліктер» ауылы
Біздің кикілжіңіміз күзде ол осында мұғалім болып келген бетте – ... басталды.

VII. «Әдебиет теориясы» ойыны
(Әр топ өз ішінде ойласып, кеспе қағаздағы сұрақтарға жауап береді.)
«Жалғаулықтар» ауылы
Сонымен қазір Біржандар қайтатын шақ жеткен соң, Абай осы тұрған төрт үйді әдейі қонақтарды шығарып салу тойына арнап тіккізген.
1. Үзінді қай шығармадан алынған?
(Біржан сал Абай ауылында)
2. Шылауды табыңыз, шылаудың қай түрі?
3. Типтік образ дегенімізді қалай түсінесің?
(Жинақталған адам образын типтік образ дейміз. Мысалы: Жазушы Абай бейнесіне ұнамды қасиеттерді шоғырландырған)

«Септеуліктер» ауылы
... Барғанмен кезек келмес– ті,
Баланы көзге ілмес–ті.
Бағып жатқан құртқаны
Қырық бес кез Қызыл ер
Шырағым, теңдік бермес– ті.
1. Үзінді қай жырдан алынған?
(«Қобыланды батыр» жыры)
2. Шылауды табыңыз, шылаудың қай түрі?
3. Шендестіру дегенімізді қалай түсінесің?
(Шендестіру– кереғар екі затты немесе құбылысты қатар қоя отырып, келесі бір заттың, ұғымның, құбылыстың сипатын аңғартатын айшықтаудың бір түрі)

«Демеуліктер» ауылы
Мен де тұрдым ішінде ...
Жаратушы жалғыз–ақ
Деңгейіне ұнады.
Ұнағанын содан біл
Бір қыз қосып сыйлады.
1. Үзінді қай жырдан алынған?
(«Алпамыс батыр» жыры)
2. Шылауды табыңыз, шылаудың қай түрі?
3. Әсірелеу дегенімізді қалай түсінесің?
(Суреттелетін затты, құбылысты шамадан тыс асырып айту арқылы тілдің бейнелілігін, әсерлігін арттыратын көркемдік тәсіл әсірелеу деп аталады. Мысалы: Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған )

VIII. Оқулықпен жұмыс
Бір үйдің адамдары қолынан келмейтін жұмыстарды атқару үшін «Асар» жасайды. Мысалы, үй көтеру, егін салу сияқты ауыр жұмыстарға ауыл азаматтарын көмекке шақырады. «Асарға» келгендер еңбегі үшін ақша талап етпейді. Оның есесіне, шақырушы адам оларға мал сойып, қымыз құйып, жақсы ас әзірлеп, тойғызады. «Асар» қазақ елінің ұжымдық топта жұмыс істеуінің бір көрінісі деп қарауға болады.
«Жалғаулықтар» ауылына көмек керек болып тұр, сондықтан үш ауылдың балалары бірлесе отырып, оқулықтағы 247- жаттығуларды орындайсыздар.

IX. Тест
1. Шылаудың басқа сөз татарынан қандай айырмашылығы бар?
а) Шылау сөздің толық лексикалық мағынасы болмайды
ә) Заттың атын білдіреді
б) Заттың қимылын білдіреді
2. Шылаудың неше түрі бар?
а) бес
ә) үш
б) екі
3. Шылау тұрған қатарды тап
а) қырық, асты, жол
ә) үшін, болмаса, ғана
б) сөйледі, жазды, көрді
4. Берілген сөйлемнен шылауды тап «Менің олақтығымнан үш күннен кейін қолға түсіп қалдық»
а) түсіп қалдық
ә) кейін
б) олақтығымнан
5. Демеулік шылауды тап
а) бұрын, да, кейде
ә) әлде, немесе, тек
б) ғана, -мыс, ой
6. Сәйкестендір
септеуліктер түгіл, тұрсын, -мыс, ғана
жалғаулықтар арқылы, жайында, бұрын
демеуліктер да, де, болмаса
7. Шылау дұрыс жазылған қатарды белгіле
а) Апам даусын анық айырмай тұрып-ақ, жүрегім дүрсілдеп қоя берді.
ә) Шешесін көрген бала отыра алама?
б) Қалаға кірген соң, ол атта аяғын басудан қалды.

X. Рефлексия
Алдарыңызда жатқан стикерлерге сабақ туралы өз ойларыңызды жазып, бағанға жапсырыңыздар.
Не түсіндім? Не ұнады? Не қиындық тудырды?



XI. Бағалау
Ауыл басшылары ауылдың әр мүшесіне баға береді
Оқушының аты- жөні Үй тапсырмасы Постер Тақтамен жқмыс «Тоғыз» тапсырмасы Әдебиет теориясы Оқулықпен жұмыс Тест Қорытынды баға









XII. Үйге тапсырма
Сарқыт – қазақтың ежелден келе жатқан ырымы. Үлкен кісілер той- жиыннан үйдегі балалары мен келіндеріне кәмпит, құрт сияқты дәмнен сарқыт алып келеді. Тойдан алып қайтқан дәмді жақсылық дарысын деп ырымдап ауыз тигізеді. Әр ауылдың қоржынында сарқыт қалды. Соны қалаған адамдарыңызға беру үшін қоржынның келесі бетіндегі тапсырманы үйге аласыздар.
«Жалғаулықтар» ауылы
249- жаттығу (және, мен, бен, пен жалғаулықтарының қолданылу, сөздер мен сөйлемдерді байланыстыру ерекшеліктеріне бес сөйлем жазу)
«Септеуліктер» ауылы
251- жаттығу (да, де, та, те шылауының әрі жалғаулық, әрі демеулік мәнінде жұмсалуына және жатыс септік тұлғасымен келуіне үш- үштен сқйлем жазу)
«Демеуліктер» ауылы
253- жаттығу (Жақша ішінде берілген ма, ме, ба, бе, па, пе дегендер шылау немесе жұрнақ екенін ажыратып, дұрыс жазу)
Бүгін сөздерде қонақта бола отырып, сый- құрметтеріңізге риза болдым. Сол ризашылығым ретінде «Батаменен ер көгерер» демекші, қоштасарда сіздерге жақсы тілек айтқым келеді.
Шыбықтан өсіп шынар бол,
Білім жолын қуар бол.
Ата- бабаң шықпаған
Биікке шырқап шығар бол!
Аллаhуакбар! Тәрбие.орг сайтынан Шылау емлесі Қазақ тілінен ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Кусаинов Серик Жолдасович

Ақмола облысы Зеренді аудандық оқу бөлімінің кешкі орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar