Меню
Артқа » » » Материал жариялау
Қазақтың ұлттық аспаптары
  • 14.03.2016
  • 656 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 17876

Маңғыстау облысы,Қарақия ауданы
Жетібай селосы
№3 орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Шонтыбаева Гүлшара Оспанқызы
Сабақтың тақырыбы: Қазақтың ұлттық аспаптары
Мақсаты: оқушыларды қазақтың ұлттық аспаптарымен таныстыру, аспаптық музыкаға деген қызығушылығын ояту; әр аспаптың шығу тарихы жайлы түсінік беру, жасалу ерекшелігі, ұлттық аспап туралы білімдерін жетілдіру;қазақтың ұлттық аспаптарын мақтаныш тұтуға тәрбиелеу, ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру және оны құрметтеуге баулу.
Көрнекілігі: музыкалық аспаптар суреті, күйшілер суреті, нақыл сөздер, жұмбақтар, слайд.
Кіріспе:
Сәлеметсіздер ме балалар! Біз бүгінгі тәрбие сағатында қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен танысып, олардың түрлерімен, ойнау әдісі мен жасалу жолымен танысамыз.
- Оқушылар қазақ халқының қандай музыкалық аспаптарын білесіңдер?
- Домбыра аспабының құрылысын кім айтып бере алады?
- Күй дегеніміз не?
- Күйші дегеніміз кім?
- Күйшілерді айтып беріңдерші?
Ендеше оқушылар бүгінгі тәрбие сағатымыздың негізгі бөліміне көшейік.
Негізгі бөлім.
Өткен ғасырлар үніне құлақ түрсек, біздің ата – бабаларымыз тастан, ағаштан, өсімдіктен, малдың терісінен, сүйегінен, мүйізден, ішектен, қылдан т. б. алуан түрлі заттардан дыбыс шығаруға болатынын аңғарып, қарапайым музыкалық аспаптар жасап алды.
«Қос ішек» күйінің аңызы.
Ертеде бір аңшы жігіт болыпты. Сол аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы - маралды аулап, кәсіп етсе керек. Бірде жолы болып, биік таудың қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек – қарынын алып тастайды. Содан арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса, құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі дейді. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішек - қарынын қарға - құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтақтарына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап, жанға жайлы дыбыс шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге бөлейді. Сол жерде аңшы жігіт «қой мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын» - деп, ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Бұл үн аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша домбыра көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналады.
Күй тыңдату Құрманғазы «Адай»
Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары дыбыс ерекшеліктеріне қарай төрт топқа бөлінеді
1. Үрмелі аспаптар
2. Ұрмалы аспаптар,сылдырлы аспаптар
3. Ыспалы аспаптар
4.Шертпелі және көп ішекті аспаптар
Үрмелі аспаптар
САЗ СЫРНАЙ, ҮСКІРІК, ЖЕЛБУАЗ, МҮЙІЗ СЫРНАЙ, ҰРАН, СЫБЫЗҒЫ, ШАҢҚОБЫЗ.

Бекслан.Сазсырнай
• Үрмелі аспаптар тобына жатады. Саздан жасалып, отқа күйдіріледі. Бұл аспаптың көлемі де, түрі де әр түрлі болып келеді. Аспаптың іші қуыс, қарама-қарсы жақтан тесілген бірнеше кішкене ойығы бар.
Мөлдір.Үскірік
Саздан жасалынады. Үскіріктің үні құстың даусына ұқсас.Бұл аспапта халық әндері орындалады.
Дәулет.Желбуаз-үрлемелі аспаптар тобына жататын, ерте заманнан келе жатқан, ел көзіне еленбеген көне музыкалық аспабының бірі. Аспап иленген мал терісінен жасалады. Сырт көрінісі меске ұқсас. Аузын бекітіп тұратын тығыны болады.Әуен шығаратын екі сырнай түтікше бекітеді. Мойынға асып алып жүруге ыңғайлап, қайыстан арнайы бау тағылады. Ұстап жүруге өте жеңіл.
Есбол.Мүйіз сырнай -мүштік арқылы үрлеп айналатын аспаптардың ескі түрі. Мүйізден жасалады. Бармақпен басқанда дыбыс шығаратын үш тесігі бар.
Сара.Ұран -үрлеп ойналатын музыкалық аспап.Оны бұрын жауынгерлерлер көп пайдаланатын болған. Ұзындықтары әр түрлі екі түтіктің әрқайсысында үш-үштен тесігі бар.
Перизат.Сыбызғы -қурайдан, ағаштан, кейде жезден жасалатын көне үрмелі музыкалық аспап. Ол ертеректе – бақташылардың ең сүйікті аспабы болған.
Мөлдір.Шаңқобыз -бітімі бөлек, ойналуы ерекше қазақ халқының көне музыкалық аспабы. Үні құлаққа жағымды, адам даусына жақын. Аспапта ойнау ерін мен тістің арасындағы қуысқа тікелей байланысты. Ойнау кезінде орындаушы оң қолымен тілшенің ұшын шалып отырады.
Хор:Ана туралы жыр
Ұрмалы ,сылдырлы аспаптар
Ақжүніс.Дабыл -шанағы дөңгелек шеңбер етіліп екі жағына жас мөлшері екі айдан алты айға дейінгі бұзау, түйе терісі қапталып жасалады. Дабылды саусақпен немесе таяқшамен ұрып ойнайды.
• Дария.Жорық дабылы -үлкен етіп жасалады 3 м. 40 см биіктігі - 1 метр болып келеді. Оның екі жағын қаптауға екі түйенің терісі жұмсалады. Даусы 3-4 шақырым жерге дейін естіледі. Бұл аспап ел арасында “аттамыс дабылы” деп аталады.
Жандос.Дауылпаз-бірнеше түрі бар: қан жығалы, қол дауылпаз, қазан дауылпаз, нар дауылпаз. Қазан дауылпаз қазан тәрізді шұңғыл, шанақты, үш бұтты. Оның қабын қағып, белгі беру үшін пайдаланған, аспапты таяқпен ұрып ойнайды. Көбінесе халықтық мерекелерде және үлкен оркестр құрамында ойналады.
Бекзат. Даңғыра -бір жағы қапталып, ішіне сылдырмақ, қоңырау ілінген ұрмалы-сілкімелі, жарғақты,сырғалы аспап. Бақсылардың қолданатын аспабы болған.
Ақжүніс.Асатаяқ -сілку арқылы үн шығаратын көне музыкалық аспап. Ұзындығы 110- 130 см. Тұтас ағаштан арнайы қалыпта жасалады. Басы күрек тектес. Бас жағына түрлі темір сақиналардан сылдырмақтар тағылып, өрнектермен әшекейленеді. Аса таяқ өзіндік үнімен ерекшеленеді. Аспапты ырғап, шайқап ойнайды. Аса таяқ аспабын ертеде көбінесе бақсылар қолданған.
Қоңырау.Жандос.Қоңырау-бұрынғы кезде қоңырауды бесікке байлаған. Үні таза шығу үшін таза жез немесе мыстан құйып жасаған. Қалыңдығын өзгерту арқылы дыбыстың ауқымын түрлендіріп отыруға болады.
Ақжүніс.Шыңдауыл-металдан жасалынған шанақтың ішіне шулы үн беретін сылдырмақ – қоңыраулар тағылған, бетін терімен қаптаған. Арнайы таяқшамен ұрып ойнаған.
• Ақжүніс.Тұяқ тас-қазақ тұрмыс салтында ежелден бар музыкалық аспап. Жаңа сойылған жылқының тұяғын кесіп алып суға қайнатады. Тұяқтың ішкі сүйегі босап ,сыртқы қабығы бөліктенеді, оны әбден ішін тазартып, күнге кептіреді. Қолға ұстауға ыңғайлы болу үшін белдеуше бау тағады.
Хор:Әке туралы жыр
Ыспалы аспаптар
Аймира.Сазген -үш ішекті, шанағы қатты жынысты ағаштан тұтас ойып жасалады. Беті тұтастай шыңылтыр терімен жабылады.
• Темірлан.Қылқобыз.Өзіндік жасырын сыры мол, адамның еркіне көне қоймайтын, күрделі аспап. Шанағы емен, үйеңкі, қарағай, долана секілді қатты жынысты ағаштан тұтас ойып жасалады, беті жартылай ашық. Ішегі жылқының қылынан жасалады.
• Сұлыухан.Қобыз -аспабының екі ішектісімен бірге – үш, төрт ішектілер және «нар қобыз», «жез қобыз» деп аталатын түрлері де бар.Қобызды ағаштан шауып немесе құрап жасайды. Беті жартылай терімен қапталады. Ол дыбыстың жаңғырып шығуы үшін керек. Ерте заманда қобызды тек бақсы – балгерлер ғана ұстаған.
• БалжанНарқобыз.Ыспалы аспаптардың ішінде ішегі тарамыстан жуан етіп ызып жасалынған, арғы шығу тегі қылқобыз, сазген, егек аспаптарынан тарайды. Аспаптың дауысы боздаған нар түйенің даусына ұқсас.
• Ақ көгершін әні
• Шертпелі, көп ішекті аспаптар
• Гүлмайса. Адырна .Қазақ халқының өте ерте заманнан келе жатқан көп ішекті музыка аспабының бірі. Ежелгі заманда бұл аспапты аңшылар ұстаған. Садақ атып, жебе тартып, аң- құстарды аулаған. Әуелде адырна садақ пішінді болды. Кейін бұл аспапты бұғы, марал, арқар тұрпатты аңдардың тұлғасына ұқсастырып жасады. Мүйізге жағалай құлақтар бекітіліп, ішіктер байланады. Сөйтіп, аспапты екі тізенің үстіне қойып, оң қол, сол қол саусақтарымен іліп тартып ойнайды.
Дәурен.Шертер.Шанағы терімен қапталған, қазақ халқының ең көне музыкалық аспаптарының бірі. Шертіп ойнау тәсіліне байланысты шертер деп аталған. Ол екі немесе үш ішікті болып келеді. Құрылысы жөнінен домбыра,қобыз аспаптарына ұқсас келеді. Шертерде көбінесе шертпе күйлер орындалады
Мөдина.Жетіген .Қазақ халқының өте ерте заманнан келе жатқан жеті ішекті шертпелі музыка аспабы. Аспап ағаштан құрастырылып жасалады. Құрылысы өте қарапайым. Аспаптың үні өте нәзік, құлаққа жағымды. Ел арасында аспаптың шығуы жайында көптеген аңыздар айтылады. Сол бір аңыздың бірінде : өткен заманда өмір сүрген бір қарияның жеті баласынан айрылған қасіретті қайғысынан туындаған әуен. Бізге жетіген деген атау осылай жеткен.
– көп ішекті аспап . « Жетіген » - « Жеті қазына », « Жеті хан », « Жеті және ән » сөздерінің бірігуінен құралған деген пікірлер бар . Аспап тұтас ағаштан ойылып жасалып , шанағы көн терімен қапталады . Тиек орнына асық қойылады .
Жетіген туралы аңыз. Ерте кезде ауылда бір қария тұрады. Оның жеті ұлы болыпты. Бір жылы қатты жұт болып, адамдар тамақсыз қалады, сөйтіп қарияның үйіне қайғы орнайды. Аштықтан үлкен ұлы Қания өлгеннен кейін қария кепкен ағаштың бөлігін алып, оған ішек салып, тиек қойып, «Қарағым» күйін орындайды, Төралым деген екінші ұлы өлгеннен кейін екінші ішек тартып, «Қанат сынар» деген күй шығарады, үшінші ұлы Жанкелдіге ол «Құмарым» күйін, төртінші ұлы Бекенге «От сөнер», бесінші ұлы Хауасқа «Бақыт көшті», Жұлзарға «Күн тұтылуы» атты күй шығарады. Ең кіші ұлы Қиястан айрылған қария жетінші ішекті тартып, «Жеті баламнан айрылып құса болдым» атты күй орындайды. Аспаптан қайғыға толы көп дыбысты ала отырып, орындаушы әртүрлі әуен арқылы өзінің балаларының бейнелерін көрсетеді. Бұл шығарылған әуендер одан әрі дамытылып, аспапты орындаудағы күй - пьеса түрінде бізге «Жетігеннің жетеуі» деген жалпы атпен жеткен. «Жетіген» деген атау екі сөзден тұрады: жеті және ән» - «жетіген» деген ұғымды береді.
Альбина.Домбыра — қазақ халқының кең тараған аспаптарының бірі. Қазақстанның аймақтарына байланысты күйлер «төкпе» және «шертпе» дәстүріне бөлінеді. Домбыра аспабының пішіні де осы орындаушылық мектептерге байланысты жасалынады. Домбыра күйлері — қазақ хақының ішкі жан дүниесін суреттейтін туынды.
- Қағып , шертіп ойналатын ішекті музыкалық аспап. Ән – күй орындау дәстүрінде пайдаланады. 2 ішекті, 3 ішекті , пішіні әртүрлі түрлері кездеседі.
Ұстазым әні
Келесі бөлімімізде музыка аспаптарын жинау,зерттеу жұмыстарымен айналысқан фольклор зерттеушілері, сазгер, күйші, домбырашылармен танысамыз.
Дәулет.Шәмші Қалдаяқов.Қазақстанның халық артисі Шәмші Қалдаяқов-ән жанрында аты шыққан әйгілі композитор.Оның әндері республиканың барлық өңіріне кең тараған.Шәмші Қалдаяқовтың “Ақмаңдайлым”, “Ақ сұңқарым”, “Менің Қазақстаным”, “Қайықта”, “Ақ бантик”, “Арыс жағасында” , “Әнім сен едің”, “Кешікпей келем деп ең”, “Қайдасың”, “Сыр сұлуы” және т.б. Көптеген әндері әсем саздылығымен халық жанрына етене жақын.
Мөлдір.Еділ Құсайынов
Қазақтың музыкалық көне аспаптарын шебер меңгерген сазгер, фольклор зерттушісі. Ол жетіген, сыбызғы, сазсырнай, қамыс сырнай, шаңқобыз аспаптарымен қатар көмеймен ән айтудың әзірше теңдесі жоқ жалғыз шебері. Көмеймен ән айтушы бір уақытта екі дыбыс шығарады. Бұ тәсіл түркі халықтарының өнерінде дамыған. Таспада көмеймен ән айтудың екі түрі кездеседі — қарғыра (төменгі регистрде) және сығыт (жоғарғы регистрде). Еділ сақтар мен ғұндар дәуірінің мәңгілік әуенін бүгінгі жаңа ғасыр музыкасымен жалғастырып, қазақ ұлттық мәдениетін әлемдік сахнада жаңғыртып жүрген талант иесі.
Есбол.Өскенбай Қалманбетұлы (1860, Маңғыстау түбегі, Жетібай – 1925, Жетібай кенті, «Қырғын» әулие қорымы) – халық күйшісі, ақын-жыршы. Мергендік, аңшы-саятшылық және атбегілік өнерлерімен де айналысқан. Маңғыстау, Хиуа аймағына әйгілі Абыл, Есір, Мылқайдар, Ілекер мен Жоламан күйшіден, Нұрым мен Қашаған ақыннан тәлім-тәрбие алған. Түрікмен дутаршысы Ілбай бахшымен күй сайысына түсіп, үздік өнерімен елге танылады. Сапармәмбет Өтеулі сияқты түрікмен күйшілерімен, Тәңірберген, Жолды, Арал, Сәулебай, Жәкен, Көпеш сияқты қазақ күйшілерімен бір жүріп өнер қуады. Өскенбай – «Адайдың жеті қайқысы» атанған сал-серілердің бірі. Ол қазақ, түрікмен күйлерін шебер орындайтын арқалы ақпа-төкпе домбырашы және қолма-қол күй шығаратын ерекше талант иесі. Репертуарында 300-ден аса күйі болған. Өскенбайдың өзі шығарған күйлерінен біздің дәуірімізге 50-ге жуығы («Жастық дәурен», «Шалыс өре», «Шоқай күйі», «Шөлмек сынған», «Ыңғай төкпе», т.б.) жетті. Ақынның «Балқасым биді жеңуі», «Ырзабек», «Бурабек байларды әшкерелеуі», «Әлмағанбет байды тілдеуі», «Қоштасу», «Жирен жорға», «Жеті бұлбұл», «Ақерке», «Қаракөз», «Кербез Айша», т.б. өлең-толғаулары да бар. Ө. шығармаларының негізгі идеясы – өнерді ардақ тұту, елдік, ерлікті, кісілік пен адамгершілікті насихаттау. Өскенбай мұрасын кезінде баласы М.Өскенбаев Қазақстан ҒА-ның қорына және күйші мұрасын жинаушыларға табыс еткен.
Ақжүніс. Сарыбаев Болат (1927-1984) – музыкатанушы, өнертану кандидаты. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын қобыз класы бойынша бітірген, мұнан соң халық аспаптар кафедрасында дәріс берген, бір мезгілде қазақтың халықтық музыкалық аспаптарын жинау мен зерттеу жөніндегі қызметтермен айналысты. Зерттеушінің дербес жинамасы әртүрлі халықтардың төрт жүзге таман музыкалық аспабын қамтиды, ол сондай-ақ сыбызғы, сырнай, жетіген, шертер, шаңқобыз, дабыл және басқа халықтық қазақ музыкалық аспаптары жинамасының иесі. Ол бұл аспаптарда Ықылас атындағы қазақтың музыкалық аспаптар Музейіне тапсырған. Б.Сарыбаев “Қазақтың халық аспаптары” монографиясында табылған аспаптардың түрін, қатарын, дыбыстық берілімін, ойнау тәсіліне ғылыми сипаттама бере отырып, жіктейді. Бұл зерттеуге бағалы қосымша ретінде Сарыбаевтың көмегімен “Қазақтың музыкалық аспаптары” әдемі альбомы жарық көрді.
Нұрдәулет.Күләш Байсейітова-қазақ өнерінде өшпестей із қалдырған аса дарынды артист, “қазақтың бұлбұл ы” атанған ғажайып әнші.Ол небәрі 24 жасында Кеңес Одағындағы алғашқылардың бірі болып КСРО халық артисі құрметті атағына ие болды.
Күләш Байсейітова-өзінің қысқа ғұмырында , әсіресе опера жанрында, актерлік, әншілік-орындаушылық өнерде өзіндік дәстүр қалыптастырып кеткен әйгілі өнер шебері.
Аймира.Қазақстанның халық артисі Шара Жиенқұлова-қазақтың кәсіби өнеріндегі дара дарындардың бірі.Ол драма театрында актер, одан соң опера театрында биші болды.
Шара Жиенқұлова әсіресе ұлттық және кәсіби би өнеріне қосқан үлесі өлшеусіз.Ол бұл салада көптеген ұрпақтар легін тәрбиелеп шығарды.Сонымен бірге Шара Жиенқұлова-кино өнеріне де еңбек сіңірген дарынды актер.
Балжан.Құрманғазы Сағырбайұлы — қазақтың ұлы күйші-композиторы.Қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі.
Құрманғазы өмірге ғашық күйші. Тіршіліктің нұрлы сәттеріне ол балаша қуанып, қалтқысыз сезімге бөлене алады. Оның «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш» сияқты күйлері өмірге іңкәр жанның жүрек лүпілі сияқты.
Гүлмайса.Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев-дарынды композитор, дирижер және домбы рашы.
Нұрғиса Тілендиев-Халыққа кеңінен танымал “Алатау”, “Құстар қайтып барады”, “Әже туралы жыр”, “Өз елім”, “Әке туралы жыр”, “Саржайлау”, әндері, “Ата толғауы”, “Көш керуен” сияқты көптеген күйлердің авторы.Оның оркестрге арналған “Махамбет”, “Арнау”, “Жеңіс салтанаты” сияқты көлемді поэмалары бар.
Альбина.Дина Нұрпейісова – қазақтың әйгілі күйші композиторы.Динаның әсем сазды күйлері «Қарақасқа ат» , және өзі пір тұтатын күйшілері Дәулеткерей мен Түркешке еліктеп шығарған «Бұлбұл», «Жігер», «Байжұма» сияқты күйлері бар. Дина Кеңес заманында да өзінің арман аңсарын, үміт тілегін халқының жолына бағыштап өтті. Жасының ұлғайғанына қарамастан Қазақстанның 20 жылдығына орай «Тойбастар», Отан соғысы жылдарында «Ана бұйрығы», «Жеңіс» сияқты күйлер шығарды
Сыныбымыздың биші қызы Тұрлан Перизатты үнді биі Хатубамен қарсы аламыз.
Қызығушылығын ояту. (жұмбақтар жасыру)

Тартылған екі арқаны ұзын бойға,
Сөйлеуге сондай шебер тапсаң ойла.
Әр жерде аршындалған балдағы бар,
Ойнайды он бармағың білсе қайла. (домбыра)

Созылған үні,
Сүйкімді тілі.
Үрлесең ойнайтын,
Аспаптың бірі. (сыбызғы)

Тиіп кетсе жылаған,
Даусы көпке ұнаған. (домбыра)

Бір нәрсе қараңғыда қаймалайды,
Азынаса көмейінде мал жылайды.
Құйрығын қара жерге тіреп алып,
Келеді баяғының әнін салып. (қобыз)

Жылқыда ерен жүйрік қара арғымақ,
Мойыны жануардың бунақ - бунақ.
Айылын екі жерден мықтап тартып,
Кетеді қамшы бассаң зулап - зулап. (домбыра)

Ел қорғайтын ерлікке,
Батылдыққа ерлікке.
Әуенімен шақырған,
Қандай аспап балалар. (дабыл)

Қос қазақ екі жерден шынжыр арқан,
Сылдырап әр буыны үнін қосқан.
Он адам жолдас болып еңбек етсе,
Аралап он екі үйге қонақ болған. (домбыра)

Жеті шектен жеті түрлі үн шығар,
Әуезінен жеті тарау мұң шығар.
Ойнап кетсең, түрлі - түрлі жыр шығар,
Бұл қандай аспап? (жетіген)

Қос желі, үш жерінен қазығы бар,
Құбылған қоңыр желден азығы бар.
Желіні сабалайды дыңылдатып,
Байғұстың соншама не жазығы бар. (домбыра)
Бекіту.
1. Қандай аспаптармен таныстыңдар?
2. Б. Сарыбаев кім?
3. Көне музыкалық аспаптарды қай жылдан бастап зерттеді?
4. Ойнау тәсіліне байланысты аспаптар қандай түрге бөлінеді?
5. Ертеде ішектерді неден жасаған?
6. Бүгінгі тәрбие сағаты ұнады ма?
7. Көңіл - күйлерін қандай?

ҚАРАҚАТ» МЕКТЕП-СТУДИЯСЫ БІР ЖАСҚА ТОЛДЫ
Біз бір жасқа толдық. «Қарақат» мектеп-студиясы осындай атаумен жеке концертін қойып, алғашқы мерейтойын атап өтті. Бір жыл бұрын ашылған мектепте қазір қырыққа жуық жеткіншек тәрбие алуда. Олар домбыра, жетіген сияқты ұлттық аспапта ойнап, эстрадалық ән шырқауды үйренуде. Студияның жетекшісі Қарақат Әбілдина бір жылға қойылған мақсат-міндет толығымен орындалғанын айтады.
Қарақат Әбілдина - «Қарақат» мектеп-студиясының жетекшісі
«Біздің міндетіміз, ұстаз ретінде, жалпы бұл мектепті ашқан мақсатымыз - ұлттық өнерімізге кішкентай, жас бүлдіршіндерді баулу. Жастайынан домбыраны болсын, жетігенге болсын, басқа да ұлттық аспаптарда ойнап, ұлттық өнерге деген махабатын ашу».
Концертте 6 жастан 22 жасқа дейінгі, «Қарақат» студиясының барлық шәкірті өнер көрсетті. Кішкентай бүлдіршіндер домбыраның құлағында ойнап, жұртшылықты өнерлерімен тәнті етті. Сондай-ақ жас дарындар ұмытылып бара жатқан көне аспап - жетігенге де жан бітіріп, көрерменді бір марқайтты. Енді тәй-тәй басқан студия бұл кешпен ғана шектеліп қоймайтынын алға тартады. Келешекте жоспарлар көп. Солардың бірі - жас ұрпаққа басқа ұлттық аспаптарда ойнауды үйрету.

Қорытынды.
Ұлы жазушы М. Әуезов «әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі» деген екен. Ендеше ән мен күйге құмар болып, қызығушылықтарың арта түссін деп бүгінгі тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Тәрбие.орг сайтынан Қазақтың ұлттық аспаптары Қосымша сабақ жоспары материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы:

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Бөлімі: Қосымша сабақ жоспары | Логин: lmnopg
Көрсетілім: 656 | Жүктеулер: 0
Барлық пікірлер: 0
avatar