Балабақшада сазды эстетикалық тәрбие беру

  • Жүктеулер: 2
  • Көрсетілім: 139
  • Музыкадан ашық сабақтар
  • 29/Июл/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23025


Жан-жақты дамыған азамат тәрбиелеуде сазды эстетикалық тәрбиенің басты саласының бірі–музыка.
Музыка адамның жан дүниесін тебіренте отырып, оның өмірге деген көзқарасын, әдет, мінез-құлқын қоғам мүддесіне сәйкес қалыптастыруға, әдемілік заңымен өмір сүруге тәрбиелейді.

«Дені саудың – жаны сау» дегендей, тәні де, жаны да сау, рухани бай эстетикалық жағынан сезімтал азаматты тәрбиелеп өсіру – ата-ана парызы, қоғамдық мекемелердің міндеті. Осы міндетті іске асыру балабақшамыздан басталмақ.
Негізі отбасынан басталған тәлім-тәрбие білім беру мекемелерінде жалғасын тауып, белгілі бір жүйеде өрістеледі.
«Туғанда дүние есігін ашады өлең» - деп Абай атамыз жырлағандай шыр етіп дүние есігін ашқан нәрестеге өмірінің алғашқы күндерінен бастап - ақ музыка әсер етеді.

Бүлдіршіндерді әсемдік әлеміне неғұрлым кеңінен жақындатып өнерге баулитын кезең – балабаша кезеңі. Балабақшамызда ұйымдастырылған оқу қызметтерінде балаларды музыканы сезінуге, оны түсінуге ,есту және есте сақтау қабілеттерін дамыта отырып ,музыкалық ойындармен ұшастыра балалардың музыкалық қабілеттерін дамыту басты мақсатымыз.
Әсіресе музыка өнерімен шұғылдану баланың жеке басының жалпы дамуына жәрдемдеседі.
Дәлірек айтсақ: балаларды музыка тыңдай білуге үйрету, оны тұтастай қабылдау, сезіну, музыкалық мәнерлілікке баулу, дыбыстардың типін түсіну және музыкаға қызығушылығын арттыру. Ән айту, музыка тыңдау, музыкалық сауат және қозғалыс (ырғақ) – музыкаға тәрбиелеудің міндетті бөлімдері.
Балабақшада бағдарлама бойынша музыка оқу қызметі әр топта әр түрлі бөлімнен тұрады:
Ән бөлімінде балаларды ырғағына келтіре, әдемі ән салуға тәрбиелеймін. Ән салу арқылы өлеңнің мазмұнын, тәрбиелік мәнін саналы түрде меңгеруіне мүмкіндік беремін.

Балаларды хормен ән айтқызып жаттықтыру арқылы, оларды ортақ сезімге бөлендіріп, өздерінің әрекеттерін бір әуенге үйлестіруге төселдіреміз, жауапкершілікке, ұйымшылдыққа баулимыз. Бірлесіп жұмыс істеу дағдысын қалыптастырамыз. Жеке дауыста ән айта білуге, әндерді есте сақтай білуге, музыкалық шығармалардың құрылысын түсіне білуге тәрбиелейміз.
Ән айтып қана қоймай ,музыкалық аспаптарда ойнау арқыла да музыканы сезінуге жетелейміз.
Музыкалық аспаптарды танып білуге, аспаптарды ойнау әдіс-тәсілдерін үйренуге, олардың тембрлерінен ажырата білуге үйретемін. Жеңіл әндерді аспаптарда ойнап, ырғақтық бейнесін бере отырып, ойнап үйренуге ұмтылдырамыз.Ұйымдастырылған оқу қызметтерінде балалармен аспаптар туралы ойын технологиясын пайдалана отырып, көптеген ойындар ойнаймыз .
Мысалы: «Музыкалық аспаптарды ажырат», «Аспапатар үнін тап?» «Сылдырмақ пен бубен» т.б .
Музыкалық есту түйсігін, шығармашылық қиялын жетілдіре отырып, ырғақтық сезімін, динамикалық есту қабілетін дамытуға тырысамыз.
Музыка тыңдау бөлімінде жекелеген музыкалық үндерді және тұтастай музыкалық шығармаларды тыңдай білуге, ондағы музыкалық дыбыстарды ажырата білуге жаттықтырамын. Дыбыстардың биіктігін, ырғағын, музыкалық бояуын және дұрыс тыңдап, қабылдай білу қабілетін дамытамыз. Сонымен бірге тыңдау арқылы балалардың эстетикалық сезімдері, талғамдары дамып, эмоциялық сезімдері оянып ләззат алады. Музыкаға деген қызығушылықтары артып, тыңдау қабілеті дамиды.
Би бөлімінде музыканың әуен-ырғағымен орындалатын арнайы жаттығулар жасату арқылы музыкалық ырғақты сезінуін қалыптастырамын. Әуен сазын түсініп, сәнді қимылдар жасай білуге үйретемін. Дене жаттығуларын музыкалық әуен ырғағына қосылып, әдемі қозғалыс көріністерін жасауға ынталандырамын. Би қимылдарын жасатып, мүсін сымбаттылығын қалыптастыруды көздеймін.
Музыкалық – дидактикалық ойындар бөлімінде айтылған әннің сөздеріне, әуеніне зер салып, ұқыпты жүруге, әннің сөздеріне сәйкестіре қимыл-қозғалыстар жасауға баулимын. Балалардың музыканың екпіні мен ырғағына икемделуіне, дыбыс күшінің бірде қатты, бірде ақырын естілуін аңғара білулеріне мүмкіндік береміз. Музыка ырғағына ілесіп жүруге, әр жанрдағы (марш, вальс, полька) ырғақтың өзіндік ерекшелігін айыра білуге үйретеміз. Дыбыс биіктігін, дыбыс бояуын, музыканың басталуын және аяқталуын аңғаруға жаттықтырамыз. Балабақша балалары ойын арқылы кез –келген оқу қызметін меңгере алады ,сол себепті музыкада да ойын технологиясын кеңінен қолданамыз.
Ойын арқылы музыкалық қабілеттерін дамытамыз.

Ұйымдастырылған оқу қызметтерінде музыка бөлімде «Музыкалық лото», «Музыкалық үй», «Музыкалық жұмбақ»,«Жоғалған аспап» т.б. ойындар арқылы балалардың музыкаға деген қызығушылығын арттырамын. Қазақ халқының ұлттық ойындарының ойналу тәртібі мен өзіндік ерекшеліктері жөнінде қысқаша түсінік береміз. Музыкаға және биге деген шығармашылықтарын дамыта отырып, музыкалық білімдерін арттырамыз. Балабақша бүлдіршіндерінің жас ерекшеліктеріне байланысты музыкалық оқу қызметтеріде ерекше ұйымдастырылады.Балалар жас ерекшеліктеріне қарай әр топқа бөлінеді.
Олардың музыкалық қабілеттері де әртүрлі. Балабақшадағы балалар өздерін еркін сезініп, би қимылдарын жасқанбай жасап, өз ойларын ашық айта біледі. Музыкалық дидактикалық ойындарды ойнау барысында белсенділік танытады. Балабақшада бұрын болмаған, енді ғана балабақшаға келіп жатқан балалармен көбірек қарым-қатынас жасаймын. Сонымен бірге балабақшадағы балаларды жалықтырып алмау жағын да қарастырамын.
Мен өз тәжірибемде осы жағдайларды ескере отырып, жас ерекшеліктеріне қарай қандай музыкаларды ұнататынын білуге көңіл бөлемін.
Мысалы: Ересек топтағы балалар көбінесе ойнақы әндерді музыканы ұнатады.Сол әуендерге қимыл жасауды ұнатады.
Әрине, адам туа оқып болмайтын сияқты барлық балалардың музыка тыңдау және қабылдау қабілеттері де туа бітпейді. Ол жүйелі түрде істелетін жұмыстардың нәтижесінде, біртіндеп қалыптасатын процесс.

Ең алдымен балалардың барлығы қамтылатындай топпен жұмыс жүргізу керек. Музыка оқу қызметі айтуға ғана оңай, ал орындауда керісінше, қиыншылығы мол іс. Балабақшаға енді ғана келіп жатқан бала әлі көпшілікпен бірге қалыптаспаған, сөздік қоры аз балаға бірден ән үйрету қиын тиеді. Олар сөзін білмеген әнге қызықпайды. Алдымен балаларды қадағалай отырып әнге және оның ырғағына қызықтыруға тырысамын. Сол әннің мазмұнын ашатындай көрнекіліктер мен дидактикалық материалдар қолданамын. Осыдан кейін балалардың қызығушылығы артқанда сөзін жаттатқызамын. Жаттау оқу қызметінде барысында жүргізіледі.
Өз тәжірибемде өлеңнің әр жолын жеке-жеке тақпақтап, балаларға хормен қайталатамын. Әннің сөзін жаттап отырып қол шапалақтауды ұсынамын. Қол шапалақтау кезінде әннің ырғағы анықталып, әуеніне қосылып айтуда қиындық туғызбайды. Мәтінмен жұмыс кезеңінде балалардың музыкалық ырғақты сезіну қабілеті де анықтала бастайды. Бірі орынсыз қол шапалақтаса, енді бірі ырғаққа ілесе алмай жатады. Мұның бәрі жүйелі жұмыстың нәтижесінде бірте-бірте жаттығады.

Жалпы әндерді хормен орындатып, ойындарды топпен ойнатқан дұрыс. Сонда балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы да жақсарып, өздерін еркін сезіне бастайды. Ал әнді оқу қызметі сайын өзгерту дұрыс емес. Керісінше балаларға таныс әндерді үнемі қайталап айтқызып отыру керек. Бұл балалардың эмоциялық көңіл күйін көтереді, есте сақтау қабілетін дамытады және әнді хормен бірге бастап, бірге аяқтауға дағдыландырады.
Кіші топтардағы балалардың музыкалық дамуы әртүрлі екендігі толықтай байқалады. Бір бала өте жақсы өлең айтқанымен, әуенін дұрыс қабылдамай, би қимылдарын қате орындайды.

Ал екінші бала болса, керісінше, жақсы билейді, бірақ әнді таза интонациямен орындай алмайды. Үшінші бала тілі келмей сөздерін айта алмай жатады.Оқу қызметі барысында балалардың музыкалық қабілетін зерттеп, әр баламен жеке-жеке жұмыс істеймін. Балаларды дыбыстарды таза айтуға үйрету үшін дауыс жаттығуларын жасатудың пайдасы зор. Дауыс жаттығуларын шағын әуендер айтқызу арқылы жүзеге асыруға болады.
Музыкаға қабілеті бар балалар өзі ақ музыкалық дағдыларды меңгере бастайды, есту, есте сақтау, әуен ырғағын түсіну, дыбыс биіктігін ажырату сияқты музыкалық қабілеті дами түседі. Музыкалық жанрларды (ән, би, марш) , қатты немесе ақырын дыбыстарды, екпіндердің жай немесе тез екенін ажырата бастайды. Әр баланың өздері жақсы көретін әндері, билері, ойындары бар. Балалар берілген шығармашылық тапсырмаларды орындай алады. Мысалы, тыңдаған музыканың екпінін ажырату керек болса, екпін, ырғағына қарай түрлі қимылдар ойластырады..Ойын түрінде өткен материалдарды бекіту жұмыстары да, үйренген музыкалық шығармалары да қайталанады.
Ойынның тәрбиелік мәні зор. Бала ойын арқылы дамиды. Ойын білместі – білгірге, орашолақты – іскерге айналдырады.
Музыкалық – дидактикалық ойындар арқылы балалардың музыкаға, биге, ән әлеміне деген ынта-ықыласын жас кезінен арттырып қана қоймай, олардың сезімталдығын, кішіпейілділігін, ұйымшылдығын, эстетикалық құштарлығын тәрбиелеуге қызмет етеді. Нәтижесінде олар музыканы терең түсіне бастайды, ең бастысы – музыканы қабылдау, есте сақтау қабілеті артады, дене қозғалысы арқылы сымбаттылығы қалыптасады. Өсе келе олардың бойындағы табиғи дарын, қабілет, талант мүмкіндіктерінің сөзсіз әсері болатыны белгілі, өйткені бәрі де бала кездегі тәрбиеден басталады.
«Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей еліміздің болашақ дарынды ұл-қыздарын тәрбиелеу біздің басты міндетіміз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Алматы кітап «Музыка әдістемесі»
« Интернет желісі»
Тәрбие.орг сайтынан Балабақшада сазды эстетикалық тәрбие беру Музыкадан ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Музыка жетекшісі: Утемисова Назкен

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласы, «Достық»балабақшасы.

Пікірлер: 0

avatar