Скрипка аспабы қалай пайда болды?

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 416
  • Музыкадан ашық сабақтар
  • 24/Янв/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 21286


Ә. Әлімжанов атындағы орта мектебі мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
Музыка пәнінің мұғалімі
Абилгапарова Кулаш
Каблакатовна
Алматы облысы, Алакөл ауданы,
Үшқайың ауыл
Музыка пәні 4 сынып.
Сабақтың тақырыбы: Скрипка аспабы қалай пайда болды?
Сабақтың мақсаты: скрипка аспабының пайда болу тарихымен танысу. Ішекті аспаптар туыстастығын көрсету.
Білімділігі: көне музыкалық аспаптармен танысу.
Тәрбиелілігі: музыканы түсінуге баулу, өнерді қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиелеу.
Дамыту: оқушылардың танымдық қабілетін арттыру, өз ойын еркін жеткізуге жетелеу, шығармашылық қабілетін дамыту.
Cабақтың түрі: Жаңа сабақ
Әдіс - тәсілдері: баяндау, сұрақ - жауап, ой бөлісу.
Жұмыс түрлері: музыка тыңдау.
Сабақтың көрнекіліктері: интербелсенді тақта, үнтаспа, қобыз,скрипка, көне музыкалық аспаптардың суреттері
І. Алғашқы ұйымдастыру.
Оқушыларды түгендеу, жинақтау.
(Оқушыларды қобыз бен скрипка аспабын таңдатып, сол арқылы екі топқа отырғызу).
Психологиялық дайындық.
Ойға толып санамыз,
Бестік болып бағамыз.
Баласындай бір үйдің,
Тату болсын арамыз.
ІІ. Үй тапсырмасын қайталауға сұрақтар беру.
Алдыңғы тоқсандағы өткен тақырыптар бойынша тақтадағы ноталарда жазылған сұрақтарға екі топ алма - кезек жауап береді.
1. – Манарбек кімдердің әндерін бізге жеткізді? Жаяу Мұса, Ақан сері, Біржан сал әндерін нақышын бұзбай бізге жеткізген әнші.
2. - Жаппас неше жасынан домбыра тартып үйренеді? 7-8 жасынан бастап әкесі Қасымбектен домбыра тартуды үйренді.
3. - Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірттерін ата? Ғарифолланың шәкірттері -бүгінде елге танымал ұстаз-орындаушылар Қапаш Құлышева, Сәуле Жанпейісова, Әскербек Еңкебаев, Қажыбек Бекбосынов.
4. - Дәулет Мықтыбаев кім?
Қазақтың қобыз дәстүрін жалғастырушы.
5. - Төлегенннің ұстаздары кім, ол кімнің күйлерін шебер орындаған?
Төлегенге ұстаздық еткен атақты күйші -Бапыш. Ал кейін күйші-композитор Сүгірдің өзіне шәкірт болған. Сүгірдің "Телқоңыр, " "Шалқыма", тағыда
басқа күйлерін шебер орындаған. 6. - Арқа өңірінің әншілік дәстүрін жалғастырушыларды ата? Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков,
7. - Батыс өңіріндегі әншілік және күйшілік дәстүрін жалғастырушыларды айтып бер?
Күйші Қали Жантілеуов, Әнші Ғарифолла Құрманғалиев,
Жаңа тақырыпты меңгерту.
Сабақты қобыз және скрипка аспаптарының үнін тыңдаудан бастау.
Ысқышты екі аспаптың үнін тыңдай отырып, олардың құрылысы мен шығу тегі туралы баяндау.
Қобыз бен скрипка аспабы –бір-біріне ұқсас аспаптар. Олар-ағаштан жасалған және ысқышпен орындалады. Қобыз аспабы алғаш қазақ даласында пайда болады. Қобызды тұтас ағаштан ойып жасап, бетін түйенің терісімен жауып, ішегіне аттың қылын таққан. Ал ысқышын садаққа ұқсатып жасаған. Ерте замандарда қобызды бақсылар құдіретті күш ретінде пайдаланған. Қазақтың көне аңыздарында қобыздың атасын Қорқыт деп атайды.
Ал Еуропада қобыз аспабынан кейін скрипка дүниеге келеді. Бұл аспап Еуропада кеңінен таралған әрі аса танымал. Скрипка өте әдемі әрі нәзік, әсем сазымен ерекше болып келеді. Скрипка- ішекті-аспалы, ағаштан жасалған музыкалық аспап.Басқа ешбір аспап дыбыс бояуымен, техникалық шеберлігімен скрипкаға жете алмайды. Оның дыбысы
сызылта шыққан әсем үн береді.
Скрипканың дыбысының тазалығы соншалық, оны
«Музыкалық аспаптардың патшайымы» деп атап кеткен.
Еуропа халықтарына ғана тән ең таңдаулы деген музыкалық аспаптар симфониялық оркестр құрамына топтастырылды.
Симфониялық оркестр - ішекті, үрлемелі, ұрып ойнайтын аспаптардан тұратын оркестрдің жетілдірілген түрі.
Симфониялық оркестр құрамындағы аспаптар 4 топты құрайды.
Олар: ішекті-аспалы, үрлемелі ағаш, үрлемелі
жез және ұрмалы аспаптар.
Көптеген аспаптардың ішінде скрипка оркестрде жетекші орын алады. Скрипканың шығу тарихы Еуропада X ғасырдан басталады.Ал бүгінгі түрі
XVI -XVII –ғасырларда Италия мен Францияда пайда болған. Скрипканың көне түрлері қазіргі скрипкаға мүлдем ұқсамайды.
Олар жуан мойынды,қысқа келген, қампиған қарынды бір-біріне өте ұқсас. Ол аспаптарды фидель және ребек деп атаған.


Фидель Ребек
Бұл аспаптарды аттың қылынан жасаған доға тәрізді ысқышпен ойнаған. Аспапты сол жақ тізеге тіреп, ал ысқышты алақанын жоғары қаратып,оң қолмен тартатын болған. Ал қазақ халқы ерте заманнан бүгінге дейін қылқобыз аспабын дәл осылай тартып келеді. Кейінірек Еуропада бұл аспаптарды иыққа немесе кеудеге тіреп ойнаған. Кейін келе аспапты иықтың үстіне шығарып, оны иекпен қысып ұстауды ойлап тапқан.
Біліп ал!
Оркестрдің түрі көп: үрмелі және ұрмалы жез аспаптардан тұратын әскери
оркестр, халық аспаптар оркестрі, ішекті-ыспалы аспаптардан тұратын оркестр және джаз оркестрі. Бұл оркестрлердің ішінде құрамы және мүмкіндігі жағынан бәрінен биік тұратын симфониялық оркестр.
Музыка тыңдайық!
Никколо Паганинидің скрипкаға арналған шығармалары өте күрделі. Әсіресе оның «24 каприсін»көптеген музыканттардың орындауына қиынға соғады. Паганинидің скрипкасын «сайтанның аспабы» деп те атайды.Өйткені Паганини өзінің аспабының үнімен бірде адамдарды жылатса, бірде қуантып, кейде онымен билетіп немесе адамдарды шыр көбелек айналдыра да алатын. Оған дейін скрипка аспабында бұлай ойнаған адам болған емес. Қазіргі кезде скрипкашылар өздерінің шеберліктерін дәлелдеу үшін міндетті түрде Паганинидің шығармасын орындауға тырысады.
Ал енді скрипка аспабының орындауында Никколо Паганинидің "24 каприсін" тыңдап көрейік.
Ән орындау: "Қазақы дастарқаным" әнін үйренеміз. Әнін жазған М. Ілиясов, өлеңін жазған Ж. Боранбаев.
Қорытынды сұрақтар:
- Никколо Паганини кім, қай жердікі?
-Симфониялық оркестрдің негізін қандай аспаптар құрайды?
-Не себепті Еуропада скрипка “Музыка патшайымы” атағына ие болды?
-Скрипканың классикалық түрі қай ғасырда, қай жерде пайда болған?
-Скрипканың шығу тарихы қай ғасырдан басталады?
-Скрипканың көне түрлері қалай аталады?
Үйге тапсырма: Скрипка аспабы қалай пайда болды? тақырыбын оқу, "Қазақы дастарқаным" әнін жаттау. Тәрбие.орг сайтынан Скрипка аспабы қалай пайда болды? Музыкадан ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Абилгапарова Кулаш Каблакатовна

Пікірлер: 0

avatar