Қазақ елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік ел

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 1652
  • Открытие уроки по русскому языку
  • 06/Апр/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 18492


Қазақ елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік ел

Қорабаева Эгира Қармақшы аграрлы-техникалық
колледжінің орыс тілі пән оқытушысы

...біз – бабаларымыздың ұлы істерінінің
жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің
еліміз барлық таяу мемлекеттермен
көпғасырлық достық және тату
көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр.
Осы қарым-қатынасты әрдайым
сақтағанымыз жөн.
Н.Ә.Назарбаев

Бүгінде қазақ елінде сан ұлттың өкілдері тату – тәтті өмір сүріп келеді. Олар бір – бірімен тығыз қарым – қатынаста болып, бірлікті биік ұстауда. Қазақ елінде қай ұлттың тілі мен дінін, мәдениетін дамытуға жол ашық.Бұл достықтың бесігі саналған елдегі басты құндылықтардың бірі.
Қазақстан - демократиялық жолды таңдаған, зайырлы, құқықтық мемлекет. Тәуелсіздік туы астында бейбіт өмір сүруде. Татулық, бірлік, келісім - ең асыл іс кез келген ел үшін. Қазақстан азаттық алғалы бері осы ұранды ту етіп келеді. Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл идея елімізге не берді? Президент Жарлығымен 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды. Бүтіндей бір жылды Ассамблеяға арнаудың себебі не?
1995 жылдың 1 наурызында тәуелсіз еліміздің тарихында «Қазақстан халқының Ассамблеясы» атты жаңа институт пайда болды. Тоқсаныншы жылдар егемендігін енді алған ел үшін оңай кезең емес еді. Мемлекетімізді аяғынан тік тұрғызу үшін қыруар күш қажет болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мемлекеттің алдымен экономикасын көтеруді басты мақсат еткені де белгілі. Бірақ бұл мақсатқа бірліксіз, ынтымақсыз қол жеткізу мүмкін еместігін әу баста айқындап алды. Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ассамблеяның әрбір сессиясында егеменді елімізде татулық пен қоғамдық келісімді сақтау қажеттілігі жайлы ойлары көңілімізден шықты.
Елбасымыз 1997 жылдан бері қарай жыл сайын дәстүрлі Жолдауын қазақстандықтарға жолдап келеді.Әрбір Жолдау жүрекке жол тартып, үлкен қолдауға ие болып келе жатқандығы да жасырын емес.Президент мемлекет алдына Стратегиялық жоспарлар қойып, оның нақты бағыт-бағдарын айқындап берді. Өркениетті елу елдің қатарына ендік. Енді әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына ену мақсаты тұр. Сонымен қоса Бүкіләлемдегі Сауда ұйымының құрамына еніп, 2017 жылы Астанада өтетін халықаралық «Экспо-2017» көрмесіне тыңғылықты дайындықтар жасау - ел мұраты болып отыр. Төрт миллионға жуық шетелдік қонақтарды қабылдау әрине, оңай шаруа емес, дегенмен де ел абыройын асқақтатып, жер бетіндегі Қазақстан атты жас та тәуелсіз мемлекеттің күш-қуаты мен айбатын төрткүл дүниеге көрсету біздің биікке самғар қыран құс екендігімізді, шапшаң қозғалатын серпінді барыс екендігімізді дәлелдейді емес пе?
Ғасырлар бойы көксеп, көкірегі қарс айырылған ата-бабамыздың басты арманы - Тәуелсіздік. Қазақ елінің бүгінгі таңда іргелі, мәдениетті, өркениетті елдер қатарына қосылып, ізгі ниетті адамдар назарына ілігуі оңайлықпен келген жоқ. Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқы ертеден-ақ үш нәрсені бойтұмардай қасиет тұтып, қадірлеп өтті. Олар: туған елі, жері, ана тілі. Сондай-ақ еліміз озды, жеріміз жаңғырды, ана тіліміз өз мәртебесін алды. Осының бәрі – тәуелсіздігіміздің нәтижесі. Қол жеткен жемісі. Осы тәуелсіздікке батыр бабаларымыздың арқасында қол жеткіздік. Қазақ халқы өнерлі қонақжай, қарапайым халық. Олар да басқа халықтардай Отанын, ұлтын сүйген қасиет тұтқан ел. Батырларымыз бастаған қазақ халқы Отанын, дархан жерін, ұлтын жаудан қорғаған. Ол сөзіме дәлел Қазыбек би атамыз: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз...» дей отырып, қазақ халқының өз елін, қорғаудағы қажырлығын, жанын аямайтын патриоттығын, тәкаппарлығын сипаттаған. Біз келешек ұрпақ- аманатты арқалаған баһдүр бабалардың ұрпағымыз. Бабалар салған сара жолдың иесіміз. Қолына найза алып, толарсақтан саз кешіп ереуіл атқа қонған қайсар да қазақтың жалынды ұрпағы болғанымды мақтан етемін.
Бүгінде елімізде барлық ұлттарға жағдай жасалған. Сондай-ақ , олардың өзгелермен құқықтары толығымен қорғалған. Елбасы Н.Назарбаев өзінің кезекті Жолдауының бірінде «Біз тұрақтылықты бағалай білгендігіміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік.
Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңірте білуге тиіспіз» деген болатын. Шынында, еліміздің жеткен жетістіктері, еңсерген белестері жетерлік. Мұның барлығы елдің, халықтың ауызбірлігінің арқасы деп білемін. Міне, бүгінде еліміз қарқынды дамып, экономикамыз өрлеу үстінде. Ең бастысы бізге берген сый – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Осындай бейбіт күнде сақталған ел татулығын әрбір қазақстандық білуі тиіс.
Иә, мен Қазақстан Республикасының шын мәніндегі азаматымын. Мен үшін өз Отанымнан, өз ата-анамнан, өз елімнен, өз жерімнен асқан жұмақ жоқ. Менің бар байлығым, бар мақтанышым, бар сүйенішім - Қазақстан. Оның болашағы - менің болашағым, оның гүлденіп, көркеюі - менің гүлденіп, көркеюім. Мен оның ажырамас бір бөлшегімін. Мен Қазақстандай өлкеде туғаныма, сонда алаңсыз білім алғаныма, бейбіт аспан астында өмір сүргеніме, жолдастарым мен достарыма көмек қолын соза алатыныма шексіз бақыттымын. Сенің болашағың білімді жастардың қолында.
«Ісің оңсын десеңіз - сол істің адамы болыңыз, Даңқым шексіз болсын десеңіз - көпшіліктің адамы болыңыз» деген бабалар сөзі көкірегімізде жаттаулы.
Ақиқатында да кешегі күн - тарих, бүгінгі күн - сыйлық, ертеңгі күн құпия дегендей, осы шағын эссемде тарихтан сыр шертіп, қазіргі кезеңнің бізге сыйлаған ізгі мұраттарын сөз еттім. Ал, құпия деп отырғаным - ол жастар. Келешектің кілті де, берік ұстар тұтқасы да осы жастар.Қазақ халқының арда ұлы,алты алаштың ардақтысы М.Жұмабаев: «Мен жастарға сенемін!» деп жыр жазып, жастарға сенім артса, халық қаһарманы, генерал-мойор Бақытжан Ертаев: «Ер де, ел де қиындықта сыналады. Қазақ жайшылықта момындау көрінгенімен, қиындықта сілкініп, ерекше қайсар батыл боп кетеді», - деп бағасын берген.
Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ - мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, «Қазақ елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік ел», - деді Президент. «Мәңгілік ел - ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық.
Әлемде тарих сахнасынан өзінің соғысқұмарлығының арқасында бірнеше мемлекеттер жойылып тынды. Шүкір дейін, сары даланың ежелгі тұрғындары - түйесін бұйдалап, керуенін алға оздырған көшпенді қазақ атам өзінің ауызбірлігі мен ынтымақтығының арқасында жолында кездескен қиындықтар мен кедергілерге төтеп беріп, болашақ ұрпақ жолында ұлы мақсаттарға ұмтылды. Cол ұлы мақсаттар қазіргі таңда шындыққа айналып, егеменді ел болдық. Құшағына жүзден аса ұлт пен ұлыс өкілдерін сыйдыртып, тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір азаматтар мен азаматшаларды бауырына басып, төрінен ойып тұрып орын алды.Тағдыр талайын бастан өткізген ағайындарымыздың тәуелсіз Қазақстанның - қасиетті мекеніне айналып, онда бірнеше буын өкілдері өсіп-өркендеп келеді.
Қазақ елінде бүгінде сан ұлт өкілдері тату – тәтті өмір сүруде. Барлығымыздың мақсатымыз бір, ол достық пен ынтымақтастықты ұстана отырып, еліміздің дамуына өзіндік үлес қосу болып табылады. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаев «Көпұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз. Тату елге тыныштық орнайды, бейбіт елде ғана береке болады» деген болатын.
Жалпы, біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, дамыған елдер қатарына қосылды. Ең алдымен түрлі ұлт өкілдерінің ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік орнатқан осы шақта ұлттар татулығы одан әрі нығая түсетініне сенімім мол.
Менің жастық жүрегім - «Қазақстан сен маған не бересің деп емес, мен саған не беремін» деп соғады. Мен жаспын, қайраттымын, қажырлымын. Сондықтан да менің саған бергенімнен, әлі берерім көп. Себебі мен Қазақстан Республикасының азаматымын! Мәңгілік Ел атану жолында мен сияқты жастар бәсекеге қабілетті деңгейде сапалы білім алып, өз ісінің шебері болуға ұмтылуы тиіс деп есептеймін. «Бүгінгі дәуір өркениетке бастар жолдың озық технологияда екендігін дәлелдеді. Ендеше, жас ұрпақтың ғылым мен білімге ден қоюы маңызды». Осы мақсатта біздің оқу орнында «Игілік-басы-ынтымақ!», "Біз -Елбасымен біргеміз!" тақырыбында ашық тәрбие сағаттары, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты дөңгелек үстел өткізіліп, студенттер пікірі тыңдалды.
Қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің қалыптасуының басты шарты. Елдің экономикалық өсуі, әлеуметтік прогресс пен демократиялық дамуы қоғам бірлігінің шоғырлануы мен сақталуы жағдайында ғана мүмкін.
Қазақстан бір мақсат, ортақ құндылықтар, «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық идеясы айналасында бірыңғай азаматттық қоғамдастықты нығайтатын көпэтносты және көпконфессиялы ел болып табылады. Сондықтан дәл осы Ассамблея жылының басты идеясы – «МЕНІҢ ЕЛІМ – МӘҢГІЛІК ЕЛ» болуы тарихи заңдылық. Ол біздің елдің халқын біріктіретін және болашақ іргетасын құрайтын мемлекет Басшысының «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» және «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауларында көрсетілген басты құндылыққа негізделген.
Тағы бір айта кетерлігі, біздің қазақ халқы өзге ұлт өкілдерімен болмыс – бітіміміз біте қайнасып, тұрмыс тіршілігіміз ортақ болып кеткен. Өзімнің туған елім қазақ елінде тұрып жатқанымды мақтан етемін. Мызғымас достығы бар елдің алар асуы, бағындырар белесі зор деп ойлаймын. Біздің осы қасиетіміз көпке үлгі боларлық.
Достық, татулық, бірлік - бұл елдің байлығы. Осы құндылықтарды сақтап, әрі қарай күшейте түсу - біздің ең басты мақсатымыз. Олай болса, барлық жастарды «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға шақырамын. Еліміз тыныш, халқымыз аман, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! - дегім келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы
2. Ассамблея сайты
3.Қазақтан мектебі журналы, 2014 жыл Тәрбие.орг сайтынан Қазақ елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік ел Открытие уроки по русскому языку материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Корабаева Эгира Ермеккалиевна

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі Орыс тілі пәні мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar