Меню
Артқа » » » » Материал жариялау
Қамқор болып өсемін
  • 11.11.2016
  • 64 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 19985

Ересек топтарға арналған "Өзін-өзі тану" пәнінен өткен ашық ұйымдастырылған оқу қызметінің технологиялық қартасы

Білім саласы: Әлеумет
Білім бөлімі: "Өзін-өзі тану"
Тақырыбы: "Қамқор болып өсемін"
Мақсаты: «Қамқорлық» ұғымының адамгершілік құндылығы ретіндегі маңыздылығын ашу.
Міндеттері: - қамқорлық туралы түсінік беру;
- адамға, табиғатқа қамқорлық жасау іскерліктерін дамыту;
- қамқор, қайырымды, мейірімді болуға тәрбиелеу.
Көрнекі құрал: жүрекше, күн, су, ағаш суреттері.
Шаттық шеңбері:
Қайырымды жүрекпен,
Мейірімді тілекпен,
Ізгілікті ниетпен
Қамқор болып өсемін.
Балалар шеңбер болып тұрады. Әртүрлі суреттері бар карточкалар, (су, күн, ағаш, гүл т.б.) үлестіріліп беріліп, әркім өз суретіне сәйкес көршісіне жылы тілектер білдіреді.
Әдемі, күндей күліп жүр (күннің суреті),
Аружан, гүлдей әдемі боп өсе бер (гүлдің суреті),
Сәуле, судай таза бол (судың суреті)
Нұрдаулет, ағаштай мықты боп өсе бер (ағаштың суреті).
Тәрбиеші: Балалар қазір жылдың қай мезгілі?
Балалар: Күз.
Тәрбиеші: Бір жылда қанша мезгіл бар?
Балалар: Бір жылда төрт мезгіл бар. Жаз, күз, қыс, көктем. Орыс тілінде атайды.
Тәрбиеші: Бір жылда неше ай бар?
Балалар: Бір жылда он екі ай бар. Ай аттарын қазақша, орысша атайды.
Тәрбиеші: Бір аптада неше күн бар?
Балалар: Бір аптада жеті күн бар. Қазақша, орысша апта күндерін атайды.
Жарайсыңдар, балалар, біз бүгінгі ашық ұйымдастырылған іс-әрекетімізде қамқорлық туралы әңгімелесетін боламыз.
Жақсылық жасап, бір - біріне көмектесетін адамдарды қамқор адамдар дейміз. Бұл да халқымыздың ізгі қасиеттерінің бірі. Қазақтар «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» - деп, қайырымдылық, қамқорлық қасиеті жоқ адамның қадірі болмайтынын бірден кесіп айтқан. Қамқор адамдарды сөйлеген сөзінен емес, жасаған қайырымды ісінен танимыз. Ендеше мына көрініске назар аударайық.
Жай ғана әжей.
Жолда ұл мен қыз келе жатты. Олардың алдында бір әжей келе жатқан, оның қолындағы сөмкесі ауыр болғандықтан, әрең көтеріп келе жатқан еді. Менің кітаптарымды ұстай тұршы! - деп ұл қасындағы қызға сөмкесін берді де, өзі көмектесуге ұмтылды.
• Ол қайтып келгенде, қыз одан:
• Ол сенің әжең бе? - деп сұрады.
• Жок деп жауап берді бала.
• Анаң ба? деп таң қалды қыз
• Жоқ.
• Тәтең бе? Әлде танысын ба?
• Олай да емес! деп жауап қайтарды бала. Ол жай ғана әжей ғой!
Үлкен кісілерге көмек беріп, сый құрмет көрсеткен жөн емес пе?
Сұрақ жауап:
Әңгімедегі балалар туралы не айтар едіңдер?
Ұл баланы әдепті, тәрбиелі деп айта аламыз ба?
Осындай жағдайда сендер болсаңдар не істер едіңдер?
Балалардың жауаптары тыңдалады.
Суретпен жұмыс:
Балалар үстел үстіндегі суреттерді алып, оларға қандай қамқорлық жасау керектігін әңгімелейді. Ана, аға, ата сөздерін жазып көрсетеді.
Балалар қамқорлықты тек адамдарға жасамайды екенбіз. Табиғатқа, жан-жануарларға, өсімдікке, құстарға қамқорлық жасаумыз керек екен. Ал, балалар табиғат дегенімізі нешеге бөлінеді.
Балалар: Жанды және жансыз болып екіге бөлінеді. Жанды табиғатқа: Адам, құстар, талдар, өсімдіктер жатады. Ал, жансыз табиғатқа су, топырақ, от, ауа, т.б. жатады. Біз соның ішіндегі жанды табиғатқа қамқор болуымыз керек. Мен сендерге кішкентай ғана үзінді оқып берейін, Балалар тыныш отырып, тәрбиеші айтқан әңгімесін тыңдайды.
Балапан мен мысық.
Наурыз айы келді. Балалар қараторғайларға ұя жасады. Асан да құстарға ұя жасады. Бір күн ұяда үш балапан пайда болды. Аналары тамақ әкелуге кеткенде балапандардың біреуі жерге құлап кетті. Оны көрген ала мысық балапанға жақындай түсті. Қараторғайлар балапанын айнала шырылдай ұшып, Асаннан көмек сұрағандай болды. Асан балапанды құтқармақ болып мысыққа ұмтылғанда, мысық қаша жөнелді. Асан жерде жатқан балапанды апарып ұясына салды. Қараторғайлар мәз болып, әсем әуенге басты.
Асан құстарға қандай қамқорлық жасады?
Балалардың жауаптары тыңдалады.
Жарайсыңдар балалар! Көктемде құстарға ұя жасап көмектессек, ал қыста оларға жем беріп қамқорлық жасаймыз. Талдарға, гүлдерге су құйып, түбін қопсытып, оларға күтім жасаймыз яғни қамқорлық дегеніміз адамдарға ғана емес, табиғатқа, жануарларға көмектесу қамқорлық болып саналады.
Тәрбиеші: «Қандай үй жануарларына қамқорлық жасайсыңдар? Үй жануарларына нелер жатады, (күшік, мысық, қоян, лақ, қозы, сиыр т.б.) олардың астарын тазартып, жем, суларын беріп оларға қамқор болу арқылы, ата - анамызға, ата - апамызға да көмектеседі екенбіз , я балалар.
Сергіту сәті:
Көшелерден біз өткен,
Ата көрсем жақын кеп,
Сәлем берем ізетпен,
«Ассалаумағалейкум» - деп,
Алдан әже жолықса,
Бөгелем де әдейілеп,
Сәлемдесем сол тұста,
«Есенсіз бе , әжей?» - деп,
Кім кезіксе көшеде,
Таныс емес демеймін,
«Аға, тәте, көкеге,
Сәлеметсіз бе» деймін.
Ойын: Балалардың белсенділіктерін арттыру үшін «Ұядағы балапандар» ойыны өткізіледі.
Балалар «балапан», «қарлығаш», болып екі топқа бөлінеді. «Қарлығаш» тобы шеңбер жасап дөңгелене тұрады. Шеңбер ортасына «Балапан» тобы жайғасады. «Қарлығаш» тобы балапандарын қасына алу үшін «Қарлығаш»тобындағы әр бала тақпақ, жұмбақ, мақал мәтелдер, тыйым сөздер айту арқылы балапанд
арын қасына алады.
Мақал мәтелдер:
Балапан ұядан не көрсе,
Ұшқанда соны ілер. (Інжу)

Жақсыда кек болмайды,
Жаманда тек болмайды. (Қасиет).

Жақсы болсаң жердей бол,
Бәрін шыдап көтерген,
Таза болсаң судай бол,
Бәрін жуып кетірген (Альфия).

Дұшпаннан бір сақтан,
Жаман достан мың сақтан. (Жүсіп).
Тақпақтар:
Сыйла үлкен кісіні,
Қамқорлыққа ал кішіні,
Әдепсіз деп сөкпесін,
Анама айтып өкпесін. (А.Аружан)

Намысы бар жігіттің,
Нар күшіндей күші бар.
Намысы жоқ жігіттің,
Намыспен не ісі бар. (Нұрдәулет)
Мейірімділік - әр адамның жүрегінде өмір сүреді. Мейірімділікті адамның көзінен көруге, іс- қимылынан тануға болады. Мейірімді адамды барлығы жақсы көреді. Адамдар бір - біріне, табиғатқа, жануарларға мейірімді болу керек. (Т.Әмина).
Жарайсыңдар, «Қарлығаш» тобы балапандарыңды жандарыңа алсаңдар, бәріміз өнер орталығына барып, шығармашылық жұмыспен айналысайық.
Балаларды екі топқа бөлеміз:
«Қарлығаш» тобы: Қарлығаштың суретін бояса, ал балапан тобы дайын ұяға желім арқылы, ұяның астына балапанға қамқор болып, мамық болу үшін мақтаны жабыстырып, оның үстіне балапанды жабыстырады.
Қорытындылау
Тәрбиеші ұйымдастырылған іс- әрекетті қорытындылайды:
Қамқорлық адамның-адамға, адамның-табиғатқа, жан-жануарларға жақсылық жасауы. Біз бүгінгі іс-әрекетімізде қамқорлықты риясыз, яғни қайтарымсыз жасау керектігін түсіндік.
Жүректен жүрекке
Балалар тәрбиешімен бірге шеңберге жиналады. Балалар оң қолдарымен жүрек тұсын ұстап, тәрбиешімен бірге мына өлең жолдарын қайталайды:
Күн нұрындай көңілім,
Даламдай кең пейілім.
Жүрегім толы мейірім,
Бәріне ортақ шуағым,
Қайырымды боламын. Тәрбие.орг сайтынан Қамқор болып өсемін Балабақшадағы ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Омарбекова Ляззат Карамановна

ОҚО Шымкент қаласы №19 "Қызғалдақ" бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Бөлімі: Балабақшадағы ашық сабақтар
Көрсетілім: 64 | Жүктеулер: 0
Барлық пікірлер: 0
avatar