Қазақ ұлттық ою-өрнектер

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 358
  • Балабақшадағы ашық сабақтар
  • 09/Апр/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 22556


Г.А . Утепбергенова
Технология пәнінің мұғалімі
Сырым ауданы, Қосарал ауылы
Жалпы білім беретін Сырым орта мектеп – балабақша кешені

Өткендерді еске алып ойға толам,
Сұрыптап тезге салып, көп ойланам.
Ой түбіне жете алмай титықтасам,
Қолыма қайшы алып ою оям.
(Бауыржан Момышұлы)
Сыныбы:5-сынып
Сабақтың тақырыбы: Қазақ ұлттық ою-өрнектері.
Мақсаты: Оқушыларға ою-өрнек жасауды үйрету.
1. Оқушыларға ою-өрнек, оның түрлері, жасалу жолдары туралы мағлұмат беру. Оюдың мағынасын түсініп, жаңа үлгілерін өз шығармашылығында орындау, оюды оя білуге үйрету;
2. Оқушыларға қағазды қию, бүктеу, жапсыру тәсілдерін меңгерту, шығармашылық ізденісін дамыту, икемділігін, сабаққа қызығушылығын арттыру;
3. Ою-өрнек оя отырып, оқушыларды сұлулыққа, әсемдікке тәрбиелеу, эстетикалық талғамын арттыру, қолөнерге, еңбекке баулу.
Әдісі: түсіндірмелі, сұрақ-жауап,баяндау.
Көрнекілігі: «Ою-өрнек түрлері» буклеті, сөзжұмбақ, эскиздер, жекелеген өрнектер, оюмен әшекейленген ұлттық бұйымдар.
Пәнаралық байланыс: сызу, бейнелеу, математика, биология.
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушыларды түгендеу.
Сабаққа дайындау.
Жұмыс орнын ұйымдастыру.
Құрал-жабдықтарын түгендеу.
Жаңа тақырып бойынша білімдерін бекіту.
Сарамандық жұмыс.
Қорытындылау.
Көрме шығару.
Жұмыс орнын жинау.
2. Жаңа сабақ.
Сабақтың тақырыбын хабарлап, ою-өрнек туралы баяндау. Қазақтың «ою» және «өрнек» деген сөзі бірге келіп, латынша «орнамент» деген ұғымды білдіреді. Орнаменттің мағынасы - сәндеу, әсемдеу. Ою - өрнек бір затты ою, кесу, тілу, қию тәсілдері арқылы жүзеге асады. Ойылған, кесілген, қиылған оюды екінші бір затқа кіріктіріп, жапсырып, желімдеп әшекелейді, әсемдейді, түрлендіреді. Әрбір жануар мен заттың өз бойындағы қасиеттеріне қарай тақырыптық мағынасы, композициясы, симметриясы мен ассиметриясы, колориты мен ритмі, сондай-ақ оған арналған философиялық мәні де байқалады.
Симметрия-ою-өрнектің екі жағының тең болуы. Ритм-ою-өрнекте бір элементтің қайталанып келуі. Композиция дегеніміз латынның ою-өрнекті бір заттың бетіне реттеп орналастыру.
Ою – өрнек қазақ халқының тұрмысында жиі қолданылатын өру, тігу, тоқу, құрау, қию, балқыту, еру арқылы үй жиһаздарын-сырмақ, текемет, көрпеше, кілем, сандық, кебеже, жүкаяқ беттерін, киім-кешектерді, ыдыс-аяқтарды, қару-жарақ, зергерлік бұйымдарды безендіруде қолданылады. Оюдың қайсыбір түсінің болмасын өзіндік символдық мәні бар. Мысалы: көк түс аспанды бейнелесе, ақ түс-қуаныштың, бақыттың белгісі, сары түс-білімнің, даналықтың, қызыл түс-оттың, күннің белгісі, жасыл түс-жастық пен көктемнің, қара түс- жердің, берекенің нысаны.
Әр ою-өрнектің астарында мағына болады. Мысалы: «қошқар мүйіз» оюы молшылықты меңзейді, «ағаш» оюы ынтымақ бірлікті, «ирек» оюы адамның өмір жолы, судың белгісі, «шеңбер» оюы жарық өмір жолы дегенді білдіреді.
Ғылымда ою-өрнектерді 4 топқа бөлінеді. Олар: жануар тектес, өсімдік тектес, геометриялық және ғарыштық деп бөлінеді. «Құс», «түйе табан», «итқұйрық» ою-өрнектері кебеже, жүкаяқ, әбдіре, асадал сынды бұйымдарда, ал өсімдік пішіндес оюлар «гүл», «жапырақ», «қырмызы гүл», т.б. ағаш бұйымдарда шебердің талғамына қарай топтастырып беріліп отырған. Геометриялық өрнектер кілемде, шым шиде, ағаш пен тастан өңделген бұйымдарда сондай-ақ барлық дерлік бұйымдарда композиция құру барысында пайдаланады. Космогониялық өрнектер көбіне кілемде, жүзіктерде кездеседі.



№ Түрлері Атаулары
1 Көк әлеміне байланысты өрнектер. Ай, айшық, жарты ай, жұлдыз, кемпірқосақ, күн, шұғыла, айбалта.
2 Малға, малдыңденесіне, ізіне байланысты өрнектер. Айыртұяқ, арқар мүйіз, атерін, қошқар мүйіз, тайтүлік, түйетабан, омыртқа,сыңармүйіз, тұяқ.
3 Аңға, аңның денесіне, ізіне байланысты өрнектер. Бөрікөз, бөріқұлақ, итемшек, иттабан, иттіс.
4 Құрт-құмырсқаларға байланысты өрнектер. Алақұрт, жұлдызқұрт, көбелек, құмырсқа із, жыланбас, бунақ.
5 Құстарға байланысты өрнектер. Қазмойын, қазтабан, құсжолы, құсқанат, құсмұрын, тырна.
6 Жер, су, өсімдік, гүл, жапырақ, бұтақ бейнелі өрнектер. Ағаш, бітпес, гүл, жапырақ, жауқазынгүл, ирек, ирексу, өткізбе, райхангүл, су, үзілмес,үшжапырақ, шиыршық.
7 Қару-құралдарға байланысты өрнектер. Айбалта, айыр, балдақ, балта, қармақ, шынжыр.
8 Геометриялық фигуралар тектес өрнектер. Қосдөңгелек, қостұмарша, төртқұлақ, тұмарша, сүйір.

Қабырғаға ілінген тұскиіз, кілем, сырмақтағы кестелерге, өрнектерге зер салып қарасақ, әрбір ою-өрнектің мағынасы бар екенін байқаймыз. Ертеде әйгілі қолбасшы Александр Македонский тау баурайынан қазақтың 12 қанат ақбоз киіз үйін көріп, әрі-бері қызыға тамашалапты.
-Апыр-ай, мына үй қандай керемет. Іші-сырты, жиһаздары тұнған ою. Бұл оюларды осы жұрттың тарихы жатыр-ау,-деп басын таңдана шайқапты.
Ата-бабаларымыздың өмір салты көшпелі болғанымен, рухани болмысы көшпелі емес. Бабаларымыздың ұрпаққа деген өсиет үлгісі өнер арқылы жеткен.
Ою-өрнек ерте кезден-ақ жазу, сызу болмаған кезде дамыған. Адамдар алғаш рет ағашқа, тасқа, сүйекке сала бастаған.

Сергіту:Жұмбақ шешу
Кигізіп ап ұзын жіпті көзіне
Киім тігіп береді ол өзіңе.(Ине)
Ине серігі.(Жіп)
Жарқылдаған қос қылыш
Қолға тисе жоқ тыныш.(Қайшы)
Саусақ басына киетін темір қалпақ.(оймақ)

3. Сарамандық жұмыс. Қауіпсіздік ережені еске түсірейік.
1.Қайшыны дұрыс ұстау!
2.Желімді ұқыпты пайдалану!
3.Қағазды үнемдеп қиып, пайдалану!
-Қыздар, бұл оюды әр түрлі жолмен жасауға болады, мысалы жапсырмалау арқылы, матаны қиып жапсыру әдісі арқылы.
Ою-өрнектің жасалу жолы.

Қайшымен қию бағыты.

Бүктеу бағдарын көрсететін жебе.

Ою-өрнек ойып үйрену үшін түрлі-түсті қағаз, қайшы, қарындаш,желім сияқты құралдарымызды дайындаймыз. Қағазды дұрыс сызу, сызылған оюды дұрыс қию тәсілдерін көрсету. Қағазды бір бүктеу тәсілін көрсету. Жұмыс барысында қағазды үнемдеп пайдалануды ескерту. Оқушыларға бірнеше үлгілерін көрсету.

4. Сабақты бекіту.
Тест сұрақтары:
1. Ою-өрнектің қанша түрі бар?
а) 160; ә) 200; б) 180.
2. Көк әлеміне байланысты ою-өрнекті тап:
а) төртқұлақ; ә) арқар мүйіз; б) айшық.
2. Малдың дене мүшелеріне байланысты ою-өрнекті тап:
а) қошқармүйіз; ә) жұлдыз; б) бұғы мүйіз.
3. Құстарға, жәндіктерге байланысты ою-өрнекті тап:
а) көбелек; ә) түйетабан; б) балта.
4. Қазақтың ою-өрнегі неше түрлі болып келеді?
а) 4; ә) 5; б) 3.
5. Геометриялық денелерге байланысты ою-өрнекті тап:
а) көбелек; ә) жұлдыз; б) тұмар.
6. Аңға, аңның дене мүшелеріне байланысты ою-өрнекті тап:
а) тұмар; ә) түйетабан; б) бұғы мүйіз.
7. Жер, су, өсімдік тектес ою-өрнекті тап:
а) жұлдыз; ә) жапырақ; б) айшық.

5. Сабақты қорытындылау, бағалау. «Ыстық орындық» . Оқушыларға төмендегі сұрақтар қорын пайдалана отырып «Ыстық орындық» сөзі кімге түссе соған сұрақ қою арқылы жаңа тақырыпты қаншалықты түсінгенін анықтау.

-Ою - өрнек дегеніміз латынның қай сөзіне келеді ?
-Оюдың пайдасы бар ма?
-Симметрия дегеніміз не?
-Ритм дегеніміз не?
-Ою дегеніміз не?
-Ою-өрнектің неше түрі бар?
-Ою-өрнекпен нелерді әшекелейді?

Бүгінгі сабақта ою-өрнек туралы мағлұмат алып, оны қиып үйрендік. Ою-өрнек өнері қазақ халқында ертеден-ақ қолөнердің барлық түріне арқау болып, ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып, мәдени асыл қазынаның өзекті бір саласына арналған.

6. Үй тапсырмасы: Қағазды екі бүктеп, ою үлгілерін қию, түсті қағаздарға жапсыру.

Әр түрлі әдіспен орындалған мектепшілік жұмыстың нәтижесінен сабақ соңында тақырыпқа сай көрме ұйымдастыру.

Қолданылған әдебиеттер:
1. «Технология» 5-сынып оқулығы.
2. «Қазақтың қолданбалы өнері» Д.Шоқпарұлы. Д.Дәркембайұлы
.Алматыкітап 2007ж.
3.Қазақтың ою-өрнектерінің жасалу жолдары. С.Төленбаев. М.Өмірбекова.
4. Мектептегі технология. 2013ж Тәрбие.орг сайтынан Қазақ ұлттық ою-өрнектер Балабақшадағы ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Г.А . Утепбергенова

Пікірлер: 0

avatar