Мектепке дейінгі білім берудегі жаңа технологияның маңызы

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 603
  • Балабақшадағы ашық сабақтар
  • 18/Май/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 22825


Мектепке дейінгі білім берудегі жаңа технологияның
маңызы
Қазіргі заманда жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру әлеуметтік құрылымның ең маңызды міндеттерінің біріне айналды. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білімді дамыту тұжырымдамасында «Мектепке дейінгі тәрбие үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Ол баланың жеке бас ерекшелігін ескере отырып дамытатын орталық» делінген. Балабақша – үйрететін орта, оның жүрегі-тәрбиешілер мен мамандар. Ізденімпаз педагогтың шығармашылығындағы ерекше тұс-оның ұйымдастырылған оқу іс- әрекеттерін түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі.
Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация тәрбиешісі-педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға. Жаңа формация тәрбиеші табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дамиды. Нарық жағдайындағы тәрбиеші – педагогтарға қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі.
Осы айтылғандарды жинақтай келіп, жаңа формация тәрбиеші-педагогы – рефлексияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әдіснамалық, зерттеушілік, дидактикалық-әдістемелік тұлғалы, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құзыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани – адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға.
Елбасы Н.Назарбаев «Мен Сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер!» - деген қағидалы сөзі біздер тәрізді педагог тұлғаларға айтылғаны айқын. Сондықтан да, білім саласындағы міндеттерді жүзеге асыру үшін, болашақ тәрбиеші-педагогтар күнделікті ізденіс арқылы барлық жаңалықтар мен өзгерістерді өз оқу іс-әрекеттерінде енгізіп отырады. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше жан-жақты сауатты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру болашақ педагогтың интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік және көптеген адами қабілеттің қалыптасуына игі әсерін тигізеді. Кез- келген оқыту технологиясы маманнан терең теориялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік білімді, үлкен педагогикалық шеберлікті, балалардың жан дүниесіне терең үңіліп, оны ұғына білуді талап етеді .
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маңызын арттыру жалпы дүние жүзілік тенденциялар санына жатады. Балабақшаларға баратын балалар аз ауырады, білім берудің барлық деңгейлерінде білімді тез қабылдайды, жалпы өмірде табысты болып келеді. Қазіргі заман ағымы болашақ ұрпақтың ой-өрісінің шыңдалуын, жеке тұлға ретінде қалыптасуын талап етуде. Осы орайда ұлы педагог Ушинскийдің «Бала балқытылған алтын», -деген қанатты сөзді еске түсіреді.
Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі баланы оқыта отырып, оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Педагогикалық технология – педагогикалық іскерліктердің жетістігіне жеткізетін ғылыми жобалау жән нақты өндіру. Сонымен педагогикалық процесс белгілі жүйе принциптерінде құрылатын болғандықтан, педагогикалық технология сыртқы және ішкі болып бөлінеді. Осы принциптерді жалғастырмалы орындау оларға объективті қарым–қатынастарында және педагогтың тұлғасын толық көрсететін жинағы ретінде қалыптастырылады. Педагогикалық технологияны оны жақсы меңгеру дегеніміздің өзі – шеберлік.
Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде қолданылатын педагогикалық технологиялардың бірнеше түріне тоқталайық.
Ойын арқылы оқыту технологиясының мақсаты дидактикалық, тәрбиелік, дамытушылық, әлеуметтендірушілік мақсатқа жету. Ойын технологиясының ерекшелігі ойындық іс-әрекеттің психологиялық механизмі жеке бастың өзіндік талап-талғамдарына сүйенеді. Баланың бойындағы білімділік, танымдық, шығармашылық қасиеттерін аша түсуді көздейді. Ойын - балалар үшін оқу да, еңбек те. Ойын айналадағы дүниені танудың тәсілі.
Сонымен қатар, ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймайды, олардың ұйымдастырушылық қабілеттерін де
қалыптастырады.
Дамыта оқыту технологиясы - баланы оқыта отырып, дамыту. Бала
бойында еркіндік, мақсаткерлік, ар-намыс, мақтаныш сезім, дербестік, адамгершілік, еңбексүйгіштік, белсенділік т.б. қасиеттер дамыту.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелерде инновациялық білім беру құралдарын қолданудың да маңызы зор. Инновациялық білім беру құралдарына: аудио, видео, құралдар, компьютер, интерактивті тақта, интернет, мультимедиялық құрал, электрондық оқулықтармен оқу әдістемелік кешендер, инновациялық ақпараттық банк, инновациялық сайт және тағы басқалары жатады. Қазіргі таңда көптеген интерактивтік бағдарламалық бөлімдер, қозғалмалы объектілер құруға мүмкіндік беретін векторлық және графикалық жабдықтар көптеп шығып, қолданыс табуда. Осындай құралдардың бірі - мультимедиялық оқулықтарды балабақшаларда кеңінен пайдалану. Бұл жағдайда тәрбиеші әр оқу іс-әрекеттерін бастар алдында жиі көрнекіліктер ауыстырмаған болар еді. Ал, мультимедиялық оқулықтар арқылы тәрбиеші уақытты тиімді және ұтымды пайдаланар еді.
Балабақша баласына мультимедиялық оқулықтар біріншіден, балалардың қызығушылығын арттырады, екіншіден, зейін қойып көрумен қатар түсінбеген жерлерін қайта көруге мүмкіндік алады. Мультимедиялық оқулықтар балабақшада балаларға арналған таптырмас құрал болып табылады. Өйткені балалардың зейіні әр түрлі әдемі түстерге, ойыншықтарға, әдемі суреттерге, әсемдікке әуес болады. Мультимедиялық электронды оқулықтар бала үшін де, тәрбиеші үшін де күнде дамытылып отыратын анық түрдегі әдістемелік жүйе болып табылады. Мектепке дейінгі мекемелерде ақпараттық қатынастық технология құралдарын қолданудағы мақсаты - баланың танымдық қызығушылығын қалыптастыру. Балада танымдық қызығушылықтың болуы олардың оқу іс-әрекеттерге белсенді, білімінің сапалы болуына, жағымды мінез құлықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Заман талаптарына сай мектепке дейінгі мекемелерде АКТ оқыту процесінде кеңінен пайдаланады. Түрлі танымдық салаларына арнаулы компьютерлік бағдарламалар құрылуда. Баланың жас ерекшелігіне және пайдаланатын компьютерлік бағдарламаларға сай интерактивті тақта ойындағы баланың оппоненті, бағдарлаушы (әңгімелеуші), жаттықтырушы, емтихан қабылдаушы болуы мүмкін. Оқытуда балалардың түрлі психикалық функцияларын дамытуға арналған пайдаланатын компьютерлік құралдар бар: олар қөру, есту арқылы қабылдау, зейін, есте сақтау, логикалық ойлау, т.б.
Интерактивті тақтаның жетістіктерінің кіші жастағы балаларда оқуға, жаңа білім алуға деген құштарлық туғызады.
Интерактивті тақта ақпаратты кеңінен ұсыну құралы болып келеді және баланың мотивациясын күшейтеді. Мультимедиялық технологияларды пайдалану арқылы (түс, графика, дыбыс, замануи видеотехникалық құралдар) түрлі жағдайлар мен ортаны моделдеуге болады. Мультимедиялық бағдарламаларға еңгізілген ойын компоненттері үйренушінің таңымдық әрекетін белсендіреді және материалды ұғынуды күшейтеді. Оқытуда пайдаланатын интерактивті құралдар: тақта, компьютерлер балаларды диагностикалауда жақсы көмекші болып келеді:
• Зейінін дамытуда
• Есте сақтау қабілетін дамытуда
• Ойлау қабілетін дамытуда
• Тілін
• Жеке тұлғасын дамытуда
• Оқу әрекетінің дағдыларын қалыптастыруда.
Өздігінен даму технологиясы. (Монтессории мектебі) – бұл баланы жан-жақты дамыту, дербестікке тәрбиелеу, бала санасында нәрселер әлемі мен ойлау әрекетінің бірігуіне, мұнда оқыту бала дамуына сәйкес болуы керек, сонда ғана бала өзін дамыта алады. Итальян психологы М.Монтесори түсіндіруінше баланың туғаннан азамат болғанға дейін барлық өмірі – оның еркіндігі мен дербестігінің дамуы болып табылады. Бұл технологияның ерекшелігі оқытудың бірыңғай бағдарламасы болмайды, әркім табиғат берген даму жолымен жүреді. Балабақшада сабақ болмайды әр күн жалпы жиыннан басталады және жиыннан кейін әркім өз еркімен қалаған жұмысымен айналысады. Әр баланың іс-әрекеті өз еңбегіне қарай үлкендермен бағаланады. Мұндағы басты мәселе, бала өз-өзін бағалайды. Балалар, әртүрлі жастағы топ болып жұмыстанады, мысалы 2 жастағы баланың қасында 4 жасар бала жұмыстанады, олар бір-біріне кедергі келтірмейді, керісінше бір-біріне көмектеседі.
Мектепке дейінгі ұйымда тіл дамыту жұмыстарындағы заман талабына сай әдістер мен тәсілдер де бар.
Заман өзгерген сайын әдіс – тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Балалардың тілін дамытуды, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолдануға ізденеміз. Жаңа технологияны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану білім сапасын арттырады. Сонымен қатар тілін дамыту, байланыстырып сөйлеу барысында балалардың жас ерекшелігін ескеру әдіс-тәсілдерді таңдаумен сай келеді, сабақ өткізгенде бірінші орынға ойын және ойын түрлері қойылады. Ойын – оқу үдерісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық санат. Тіл дамытуда ойынды көрнекі құралдар, түрлі суреттер, кестелер, ойыншықтар, музыка және т.б. материалдар сабақты көркемдеп отырса, балалардың сөздік қоры біршама толығады, ауызша сөйлеу түрлері кеңейеді. Әрбір сабақта ойын түрлерін және өзара сөйлеу үлгілерін тақырыпқа сай қолданған жөн және тиімді. Тіл дамыту барысында ойын элементтерін дидактикалық материал ретінде пайдаланудың пайдасы бар.
Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндеттерді
шешеді.
Ойын сабақтың басында – өткен сабақты еске түсіру.
Сабақтың ортасында – көңіл-күйін сергіту, ерік-жігерін дамыту, сабаққа
ынтасын арттыру.
Сабақтың соңында – тақырыпты бекіту, сабақта алған білімді жинақтау
мақсатын көздейді.
Ойын арқылы балалардың тілдерін дамытып, сөздік қорын байытады, жаңа материалды жақсы қабылдайды, есте сақтайды, зейіні дамиды, қызығушылығы артады. Мектепке дейінгі ұйымдарда сөздік қорды дамыту жұмыстары түсіндіру, сұрақ- жауап, сөйлесу, әңгімелесу, әңгіме, көрнекілік әдіс – тәсілдер арқылы жүзеге асады. Сөздік қорды дамытуға бағытталған әдістердің жалпы міндеті - сөздің мағынасын дұрыс түсініп, оны өз сөзінде дұрыс қолдану.
Түсіндіру әдісі - жаңа сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді түсіндіруде қолданады. Сабақ сайын үйретілетін жаңа сөздер бойынша, яғни сөздік жұмысында іске асады. Көрнекілік әдісі – сабақ сайын жүргізілетін әдіс. Балаларға түрлі суреттер мен заттарды, ойыншықтарды көрсету арқылы сөздерді үйретуге болады. Көрнекілік тақырыпқа сай, көзге тартымды болуы керек. Қорыта келгенде оқу-тәрбие үрдісінде жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану сөзсіз білім сапасының артуына алып келеді. Сондықтан жаңа технологияны әрбір педагогтың пайдалануы – өмір талабы.

1. Н.А.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауы / Егемен Қазақстан 30.01. 2010/
2. Г.Кертаев.Оқытудың кейбір әдістері. Алматы,1991.
3.Б.Р.Айтмамбетова.Жаңашыл педагогтар идеялары мен тәжірибелері. Алматы,1991. 4. Беспалько В.П. Педагогика технологиясы.1998.

№33 «Күншуақ» бөбекжай балабақшасының КМҚК басшысы,
Темирбекова Жанат Акчикеновна, Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы. Тәрбие.орг сайтынан Мектепке дейінгі білім берудегі жаңа технологияның маңызы Балабақшадағы ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Темирбекова Жанат Акчикеновна

Пікірлер: 0

avatar