Менің Отаным - Қазақстан!

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 625
  • Балабақшадағы ашық сабақтар
  • 07/Окт/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23153


Ашық ұйымдастырылған оқу қызметінің технологиялық картасы


Қалымбетова Динара Жұбайқызы
Оңтүстік Қазақстан облысы
Шымкент қаласы
№53 "Ер-Асыл" бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі


Білім беру саласы: «Коммуникация»

Оқу қызметі: Сөйлеуді дамыту

Тақырыбы: «Менің Отаным» Е.Өтетілеу

Мақсаты: Қазақстанның кең- байтақ, бай мемлекет екенін түсіндіру. Мемлекет астанасы туралы түсінік беру. Балалардың қызығушылығын, ойлау, сөйлеу қабілеттерін дамыту. Отанды сүйе білуге тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар: Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті, рәміздер бейнесі, слайд, буклеттер, қанатты сөздер.

Сөздік жұмыс: атамекен, туған жер.

Билингвальды компонент: Отан-Родина, астана – столица

Әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, әңгімелеу, түсіндіру, көрсету.

Ұйымдастыру кезеңі

Сәлем сөздің анасы

Сәлем берер әр қазақтың баласы

Сәлеметсіздер ме апайлар?

Шаттық шеңбері

Көк аспанда күн күлсін,
Бірге күлсін бүлдіршін.
Ұл қолында ту жүрсін,
Қыз қолында гүл жүрсін.

Көп аузынан түспейтін
Отан деген немене?
Оның тұлға, түс-кейпін,
Досың білгің келе ме?

- Балалар, біздің бүгінгі әңгімеміз

Отан жайлы болмақ.

- «Отан» деген сөзді қалай түсінесіңдер?

Әр адамның өз Отаны болады.

- Отан ол біздің туған жеріміз, тұратын жеріміз, отбасымыз.

- Отан біздің атамекеніміз.

- Отан біздің табиғатымыз, айналамызды қоршаған орта.

- Біздің Отанымыз, еліміз өте бай, өте әдемі.

- Біздің Отанымыз- Қазақстан!

Әңгімелеу: Біздің Отанымыз - Қазақстан! Әлемде Қазақстан Республикасында дүниеге келген әрбір адам осы мемлекеттің азаматы болып саналады. Біздің еліміздің жері кең байтақ, пайдалы қазбаларға өте бай. Біздің бас қаламыз – Астана. Астана- жас қала. Онда түрлі әсем ғимараттар бой көтерген. «Бәйтерек» - Астананың символы. Әркімнің туып өскен жері - Отан деп аталады. Отан отбасынан басаталады. Біз Қазақстанда туып өстік. Ол біздің – Отанымыз! Ендеше, балалар «Отаншыл болу отбасынан басталады» деген Б. Момышұлының қанатты сөзін ұстана отырып, бүгінгі жаңа оқу қызметімізде Ермек Өтетілеудің «Менің Отаным» атты өлеңімін танысамыз.

Отан деген - атамекен,
Отан деген- туған жер.
Отан – ана,
Отан – үлкен
Қазақстан – туған ел!

Өлеңнің мазмұнын, мағынасын балаларға түсіндіру.

Сөздік жұмыс: атамекен, туған жер

Балалар қайталайды

Билингвальды компонент: Отан-Родина, астана - столица.

Тосын сый: Қазыбек би қонаққа келеді

Қазыбек би: Армысыздар балалар! Мен Қазыбек би боламын. Ерте кезде елімізді мен сияқты билер, хандар, сұлтандар басқарған. Мен сендерге бүгін Отанымыз туралы бірнеше тапсырмалар мен сұрақтар алып келдім.

Тәрбиеші: Қош келдіңіз Қазыбек би. Біз сіздің келгеніңізге өте қуаныштымыз. Балалар, Қазыбек бидің тапсырмаларын орындап, сұрақтарына жауап беруге дайынсыңдар ма?

Қазыбек би:

1. Балалар, бүгінгі көңіл күйлерің қалай?
2. Біз қандай Республикада өмір сүріп жатырмыз?
3. Қазақстан Республикасының президенті кім?
4. Қазақстан Республикасының астанасы қай қала?
5. Қазақстан Республикасының рәміздерін ата?
6. Туымыздың түсі қандай?
7. Біздің тұратын жеріміз қалай аталады?
8. Біздің балабақша қалай аталады?
9. Отан туралы кім қандай мақал-мәтелдер біледі?

Балалар сұрақтарға жауап береді

1. Отан – оттан да ыстық.
2. Отансыз адам - ормансыз бұлбұл.
3. Отан үшін отқа түс күймейсің.
4. Отан отбасынан басталады.
5. Отан елдің анасы, ел ердің анасы.

Қазыбек би: Балалар өркендерің өссін! Рахмет! Сендер өте тамаша, ақылды, білгір балалар екенсіңдер. Менің кететін уақытым болды. Қош сау болыңдар!

Сергіту Сәті:

Ал балалар тұрайық,
Алақанды ұрайық.
Бір отырып, бір тұрып,
Жоғары-төмен қарайық.
Бойымызға күш жинап,
Бір секіріп алайық,
Секіріп-секіріп алайық,
Орнымызды табайық.

Балалар бәріміз терезеге қарайықшы даладан нені көріп тұрсыңдар?

Күнді, күннің шуағын.

Ендеше, балалар қазір жылдың қай мезгілі?

Көктем мезгілі.

Д/О: «Қай мезгіл?»

Мақсаты: жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін атау, әңгімелеу.

Қорытындылау:

- Балалар, біз бүгін өзіміздің туған жеріміз, Отанымыз туралы әңгімеледік. Отанымыз- отбасымыз, өз ауылымыз, атамекеніміз екенін түсіндік.

- Біз отбасымызды, елімізді, жерімізді, Отанымызды мақтан тұтып, қадірлеп құрметтейміз. Біз осындай татулықты, бірлікті, бейбітшілікті сүйетін, Қазақстан елінде тұратынымызды мақтан етеміз.

Оқу қызметіне жақсы қатысқан балаларды мадақтау, мақтау.

Жүректен-жүрекке:

Балдай тәтті баламыз,
Ақылдымыз, данамыз.
Ойынменен өседі,
Ойымыз бен санамыз.
Қол ұстасып бәріміз,
Жарасады сәніміз.
Көріскенше күн жақсы,
Сау болыңдар апайлар! Тәрбие.орг сайтынан Менің Отаным - Қазақстан! Балабақшадағы ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Қалымбетова Динара Жұбайқызы

Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласы №53 "Ер-Асыл" бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі

Пікірлер: 0

avatar