Өрт сөндіруші

  • Жүктеулер: 8
  • Көрсетілім: 621
  • Балабақшадағы ашық сабақтар
  • 10/Янв/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 20915


Мақсаты: Балалардың өрт қауіпсіздігі ережелері туралы
білімдерін қалыптастыру,қауіп төнген кезде өздерін қорғай білуге машықтандыру,өз өмірлері үшін жауапты екенін ұқтыру. Өрт сөндірушілердің қалай жұмыс жасайтындарын көрсете отырып,осы мамандыққа деген құрмет сезімдерін күшейту. Балаларды өзара жарыстыра отырып,ұйымшылдыққа,жауапкешілікке тәрбиелеу.

Сахнада үй.Көңілді музыка ырғағымен сайқымазақ үйдің қасына келеді.

Сайқымазақ: Көңілім түсіп тұрғаны....... Көңілім көтерілетіндей не бұзықтық жасасам екен?(қолындағы сөмкесін сілкілейді де,сіріңкенің дауысын құлағы шалып қалады)
О,о! Менің сөмкемде сіріңке бар екен ғой,қалай байқамағанмын? (Сөйтіп сіріңкені бір-бірден алып жаға бастайды)

Осы кезде шуды естіп,үйден ... Қоян шығады.

Қоян: Ой,сайқымазақ сен мұнда не істеп жүрсің?
Сайқымазақ:(Артынан шыққан дауыстан қорқып кетіп,селт ете қалады) Ой,қорқытып жібердің ғой,Не болды сонша айқайлап?Мен бар болғаны сіріңкені жағып ойнадым ғой.Ал сен болсаң мен үлкен өрт шығарғандай айқайлайсың?
Қоян: Қайдан білесің,мен сені тоқтатпағанда бұл ойының үлкен өртке ұласар ма еді? «Ойын түбінен от шығар» деген мақалды естіп пе едің?
Сайқымазақ: Қойшы сен де,бір сіріңкеден қандай өрт шығар дейсің?
Қоян: (сіріңке макетін қолына ұстап)
Балалар-ау,балалар
Сіріңкеге қараңдар.
Өзі кішкентай болса да
Бойында алып бір күш бар.
Сіріңкемен ойнасаң,
Абайсызда өрт шығар,
Соны есте сақтаңдар.
Сайқымазақ:О,мен енді түсіндім.Сіріңкенің мұндай тентек екенін бұрын білмеппін.
Қауіпті екен сіріңке,
Оны бәрі біледі.
Дос болудың сіріңкемен
Жоқ-ау, сірә керегі.

Сайқымазақ: Мен бұрын сен туралы көп естігенмін.Сенің үйіңді бұрын өрт шалмап па еді?Cөйте тұра сен маған сіріңке жайлы ақыл үйретіп тұрсың?
Қоян: (мұңая) Иә,сондай оқиға болған.Ал қазір мен өрттің алдын-алу ережелерін жақсы білемін.
Тәрбиеші: Сәлеметсіңдер ме,Сайқымазақ,Қоян. Сіріңкемен ойнауға болмайды,қоян өте дұрыс айтады,біздің әрқайсысымыз өрт қауіпсіздігі ережелерін жақсы білуіміз керек.Егер өрт қатты жанып тұрса ,онда біздің негізгі мақсатымыз тез үйден кету.
Сайқымазақ,кенеттен сенің үйіңнен өрт шықса несітер едің?
Өрт сөндірушілерге шұғыл хабарлау.

Сайқымазақ: Мен төсектің астына тығылып қалар едм.

Тәрбиеші:Сайқымазақ олай істеуге болмайды.
Өрт кезінде балалар қорқып кетіп,керуеттің астына,шкафтың ішіне тығылып қалу мүмкін.Олай жасауға болмайды.Егер өрт қатты жанып тұрмаса да,бірақ үйдің іші түтін болса,үйден тез кету керек Себебі түтін өрттен де қауіпті болады.Сондықтан да түтінмен демалмауға тырысып,ауыз бен мұрынды сулы шүберекпен жауып алу керек.Өрт көбінесе адамдардың ұқыпсыздығынан шығады.Өртті болдырмаудың ең басты тәсілі-қарапайым ұқыптылық.Өрттің болуына себеп болатын жағдайлар мыналар: -үйде сіріңкемен ойнауға болмайды және кішкентайлардың қолына сіріңкенің түсуіне жол бермеу керек Қосылған электроқұрылғыларды,мысалы үтікті,телевизорларды қараусыз қалдыруға болмайды;-ток көздерімен ойнамаңыз Жүз рет әңгімелегенше,бір рет көзбен көрген артық. Қазір өрт қауіпсіздігі ережелерін жақсы білетін балалар ортамызға қосылады.Сайқымазақ,сен бізбен бірге қалып, балалардан көп нәрсе үйренуіңе болады.
Сайқымазақ: Мені қалуға көндірдіңдер.Өрт қауіпсіздігі туралы ережелер маған да артық болмас.Қайда сенің әлгі қонақтарың?
Тәрбиеші: Сайқымазақ,Қоян балалар келмей тұрып әділқазы алқаларымен таныссақ қалай қарайсыңдар?
Әділқазы бағалар,
Балалардың сайысын.
Ешкімі жоқ алалар,
Жеңімпаз болу үлкен сын,-дей отырып,әділқазы алқаларымен таныс болайық.
(Әділқазы мүшелерімен таныстырып өту)
Балалар,өрт бола қалған жағдайда жалынмен қорықпай арпалысып,өрттің көзін жоятын ержүрек,батыр адамдар кімдер?
Балалар:Өрт сөндірушілер
Тәрбиеші:Дұрыс айтасыңдар,балалар.
Олай болса ортамызға ортамызға өрт сөндіруші ағайымызды және кішкентай өрт сөндірушілерімізді шақырайық:
Сайқымазақ: Мынау өрт сөндірушілердің киімі ме ?
Қоян: Өрт сөдірушілердің формасына сипаттама беріп өту.
Тәрбиеші: Өрт сөндіруші ағай, сіз жайғасып отырып балалар өрт сөндіру жұмыстарын дұрыс немесе бұрыстығын бақылап отырыңыз.Ал,біз кезекті балалардың таныстыруына берсек.
«Қыран»тобы: Қыран құстай самғаймыз.
Жарыстардан қалмаймыз.
Алға қарай ұмтылған
Топтың аты- «Қыран»

«Ақ көгершін» тобы: Көгершінбіз самғаған,
Қанатымыз талмаған.
Жайма шуақ әніміз,
Күштілерміз бәріміз

«Қарлығаш»тобы: Елдің жас ұланымыз,
Қарлығаш боп ұшамыз.
Күн нұрынан нәр алып,
Шамшырақ боп жанамыз.

Топ ұраны: Қорғап өрттен даламды,
Қорғап өрттен қаламды
Аман сақтап қаламын,
Өрт сөндіруші мен болам.

Әділқазыларды топ ұрандарына бағасы.

Тәрбиеші: Сайқымазақ,мен сайысымызды бастамас бұрын сізге бір сұрақ қойғым келіп тұр.Көз алдыңызға елестетіңізші.Сіз көшеде келе жатып,бір үйдің терезесінен будақтап түтін шығып,отқа оранып жатқанын көріп қалдыңыз.Сіз не істер едіңіз?
Сайқымазақ: Кім? Мен бе? Мен қашып кетер едім.Әйтпесе басқалар үйді өртеген мен деп ойлап қалар.
Тәрбиеші:Сайқымазақ,қашып кеткенің қалай? Көмектесу керек емес пе?

Сайқымазақ: Көмектесу керек дейсің бе?Мен әрине көмектесемін.Үйден бағалы заттарды:теледидарды,кілемдерді,киімдерді алып шығамын.
Тәрбиеші:Сіздің айтып тұрғаныңыз мүлдем дұрыс емес.Балалар,Сайқымазақ білмейді екен.Өрт шыққан кезде ең алдымен не істеуіміз керек?
Балалар хормен: 101 номеріне хабарлауымыз керек.
Тәрбиеші:Өте дұрыс,балалар.Өрт шыға қалған жағдайда,біз өрт сөндірушілер бөліміне 101 номерін теріп,телефон соғуымыз қажет.
Қоян: Асықпа,аптықпа
Кенеттен өрт көрсең.
Бәрі де реттелер,
«101» номерін терсең.

«101»номері есте тез сақталатын өте қарапайым әрі оңай номер.

Тәрбиеші: Өте дұрыс айтасың Қоян.Өрт шыққан кезде әрбір минут,әрбір секунд маңызды.Сондықтан өрт сөндіру бөлімінің номері де өте қысқа,үш саннан тұрады:1,0және 1.Бұл телефондағы ең бірінші және ең соңғы орналасқан сандар.Олай болса балаларымыздың ептіліктерін сынайық.Өрт бола қалған жағдайда балаларымыз «101» номерін дұрыс тере алар ма екен?

1-тапсырма

Сендер бір-бірден телефон аппаратына дейіе жылдам жүгіріп барып,101 номерін тересіңдер және кері жүгіріп келесі тұрған баланың қолынан ұстау керек.Бұл бала эстафетаны жалғастырады.Осылайша топтың соңғы баласына дейін ойын осылай жалғаса береді.

Тәрбиеші: Есіңде сақтап жүр,
Өрт сөндіру бөлімінің номері-101-дей отырып,сөзкезегін әділқазы алқаларына береміз.

Әділқазы алқасына сөз беру.

2-тапсырма

Ал,балалар,жарайсыңдар,сендер тапсырманы жақсы орындадыңдар.Өрт шыққан кезде 101 номеріне хабарлау қажеттігін білдік,ал енді телефон соққаннан кейін өрт болып жатқан жердің нақты мекен-жайын,өзіміздің аты-жөнімізді және не өртеніп жатқанын жылдам айтуымыз керек.Мұнда уақыт есепке алынады.Әр топтың балалары телефонға неғұрлым жылдам жүгіріп келіп,тұтқаны көтеріп,қатты дауыстап өрт болып жатқан жердің мекен-жайын,өзінің аты-жөнін және не өртеніп жатқанын үш рет қайталап айтуы керек.Осыдан кейін уақыт тоқтатылады.
Сонымен,дайынбыз ба?Ұмытпаңдар,сендер неғұрлым неғұрлым жылдам әрі дәл мәліметті айтсаңдар,өрт сөндірушілер оқиға орнына соғұрлым тез жетеді.

Әділқазы алқасына сөз беру.

Қоян: Егер кенет өрт шықса,
Егер кенет от шықса,
Зыр жүгір,тек тұрма
101-ге хабарла.
Ұмытпа сен айтуды,
Мекен-жайды атыңды.

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар сендер екі тапсырманы да өте жақсы орындадыңдар.Ал өрт туралы мақал-мәтел білеміз бе?

Балалар: Өрт-тілсіз жау.

Отпен ойнама,күйерсің.

Оттың қолы ұзын.

3-тапсырма.
Тәрбиеші: Үшінші тапсырма «Ойлан тап» деп аталады.Алдарыңдағы тақтада түрлі-түсті ноталар бейнеленген. Әрбір нотада өртке байланысты жұмбақтар жасырылған.Сендер әрқайсысың шығып нотаның түсін таңдайсыңдар. Таңдалған нотаның жұмбағы жасырылады Жұмбақтың шешуі нотаның келесі бетінде бейнеленген.

Жұмбақтар:
Қызыл нота: Жуылған киімдеріміздің қыртысын кетіріп,ретке келтіретін зат.(Үтік)
Көк нота:Күнді жіпке байладым
Күндіз ұйықтап,түнде тұрар
Айналаны жап-жарық қылар (электр шамы)
Жасыл нота:
Бір үйде елу батыр,
Тізіліп жатыр (сіріңке)
Сары нота: Жалынменен алысқан,
Өрт сөндіріп жарысқан.
Жалыннан еш қорықпай,
Бәріне де көмек берер,
Дер кезінде көмекке келер,
Бұл ержүрек кімдер?
( өрт сөндірушілер)

Қоңыр нота: Жердің әрін жейді,
Жолда кезіккеннің бәрін жейді (өрт)


Қара нота: Өзінің түсі қызыл,дауысы шықса,жаңғырар
Өрт шықса көмекке дайын тұрар.
(өрт сөндіру машинасы)

Әділқазы алқасына сөз беру.

Тәрбиеші: сайқымазақ,сен білесің бе,өртті немен өшіруге болады?
Сайқымазақ:Иә,мен өте жақсы білемін,Отты жемістермен,көкеніспен,тамақтармен өшіруге болады.

Тәрбиеші: Сен оны қайдан шығарып жүрсің?Міне тыңда:

Лап етті де сіріңке,
Құлап түсті еденге.
Ағаш еден түтіндеп,
Отқа айналды лезде.
Не істеу керек мұндайда?
Көзін жой, өрттің су құй да.
Сонымен Сайқымазақ,өртті немен өшіруге болады екен?

Сайқымазақ: Енді білдім,сумен.

Тәрбиеші: Балалар,өртті судан басқа тағы немен өшіруге болады?
Балалар: Құммен,өртсөндіргішпен.
Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар,балалар.Олай болса,біз өрт сөндірушілердің пайдаланатын құрал-жабдықтарына назар аударайықшы: шелек,құм,күрек,балта,өрт сөндіргіш.

4-тапсырма:
Өрт-тілсіз жау.Ал өрттің жауы-су екен.Олай болса,кезекті суқұйғыштар эстафетасына береміз.(3 м қашықтықта үлкен шелекте су толтырылған.Әр топ екінші бос шелекке кружкамен су құю керек.)

Тәрбиеші: Балалар,қазір сендер мына жанып жатқан үйдің отын сөндіруіміз керек.Ол үшін әр топ қатысушысы кезекпен қолындағы үлкен шелектен су алады да,жанып жатқан үйдің жанындағы бос шелекке құяды.Кімнің шелегіне су көп құйылса,сол топ жеңіске жетеді.


Әділқазы алқасына сөз беру.

Тәрбиеші: Балалар,жарайсыңдар,өрт сөндіруші болу оңай емес екенін өздерің байқаған боларсыңдар.Өрт сөндіруші болу үшін өте ержүрек,епті,мықты болуларың қажет.Бүгінгі жарыс барысында сендер өздеріңніңбатыр екендеріңді дәлелдедіңдер.Шаршаған боларсыңдар,қане бойымызды сергітейік.

Кел,балалар ойнайық,
Ойнайық та,ойлайық,
Қызық ойын бастайық,
Сіріңкені жағайық.
Жоқ,жоқ,жоқ,жоқ,жоқ,жоқ
Сіріңке жақсы дос болмас.
Сіріңкеден аулақ қаш.

Тәрбиеші:Балалар,біз бойымызды бір сергітіп алдық,енді ойымызды да сергітіп алайық.Қалай қарайсыңдар?
Олай болса кезекті 5-тапсырмаға берейік.Бұл тапсырмамыз «Отпен ойнама» деп аталады.Алдарыңда суреттердің бөліктері берілген. Осы бөліктерді дұрыс құрастырып,құрастырылға сурет бойынша «өрт қауіпсіздігі» ережесін айтып өту керек.
Ережелер:Сіріңкемен ойнама
Ток көзімен ойнама
Отты жанулы күйінде қалдырма.

Әділқазы алқасына сөз беру

6-тапсырма.

Залда 4 орындыққа теріс қаратылып қойған өрт сөндірушінің киімі ілінген.Балалар осы орындыққа жүгіріп келіп,киімді оң қаратып,ілгектерін іліп,бас киімін киіп,болғасын қатты дауыстап, «мен дайынмын» деп айту керек.Бұл сайыс уақытпен есептеледі.


Әділқазы алқасына сөз беру

7-тапсырма
Бұл –топ басшыларының арсында өтетеін жарыс.
Алдарыңда сурет берілген.Онда өрт сөндіруші машина жанып жатқан үйге асығып бара жатыр.Үйге барудың бірнеше жолы бейнеленген.Топ басшылары өрт сөндіру машинасына жолды дұрыс табуына көмектесу керек.

Сайқымазақ: От деген өте зиянды нәрсе екен.Оттың кесірінен әбден әбігерге түстік- ау.

Тәрбиеші: Сайқымазақ, біз бүгін оттың тек зиянды жақтарын айттық.Бірақ оттың жақсы жақтары да өте көп.Отпен біз үйімізді жылытамыз,тамақ пісіреміз т.б.Тек отпен ұқыпты жұмыс жасу қажет.Сонда бәрі жақсы болады.Солай емес пе балалар,қоян?

Қоян:Иә,солай.От болмаса біз тамақ пісіре алмаймыз,қыста үйімізді жылыта алмаймыз.

Тәрбиеші: Балалар,өрт сөндіруші болу оңай емес екенін өздерің байқаған боларсыңдар. Ал біздің балалар өздерінің нағыз кішкентай өрт сөндірушілер екенін дәлелдеді. өрт сөндіруші болу үшін өте батыр,ержүрек,епті болу керек. . Ал біздің балалар өздерінің
нағыз кішкентай өрт сөндірушілер екенін дәлелдеді.Ал ең бастысы өрт қауіпсіздігі ережесін жақсы біледі екенсіңдер.
Ал Сайқымазақ ойына не түйіпті?
Сайқымазақ:Балалар,бүгін мен сендерден өрт қауіпсіздігі жайлы ережелерді білдім,көп нәрсені көріп үйрендім.Енді мен сіріңкемен ойнамаймын,жанған отты сөндірусіз тастамаймын,тоқ көздерін дұрыс пайдаланамын.Балалар,сендерге көп рахметімді айтамын.Сендер нағыз өрт сөндірушілер екенсіңдер!
Тәрбиеші:Мен сенің біліміңді тексеріп көргім келіп тұр Ол үшінмен саған сұрақтар қоямын.Ол сұрақтар дұрыс болса,сен «Мен және менің достарым» деп жауап беруің керек.Келістік пе?
Түтін иісі кенет,
Мұрнымызға келсе
Өрт боларын сезіп,
Кім хабарлар бізге? (мен және менің достарым)
Үлкендерді тыңдамай
Күндіз де,түнде де
Қой десе де қоймайды
Кім отпенен ойнайды?

Ток көзімен ойнатпай,
Сіріңкеге жолатпай
Бөбектерді үйретіп,
Кім қауіптен сақтайды?
Сайқымазаққа мадақтау қағазын тапсыру

Әділқазы алқасы жарысты қорытындылап,бағаларын береді.

1-орын-.........................
2-орын........................
3-орын....................................

Мадақтау:

Ал қанекей,балалар
Түп-түзу боп тұрайық.
Көріскенше күн жақсы
Сау-саламат болайық!

«Мөлдір» балабақшасыМКҚК




Өткізген:Калиева.К.С

20104ж Тәрбие.орг сайтынан Өрт сөндіруші Балабақшадағы ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Калиева Камшат Садыковна

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Саға ауылы "Мөлдір" балабақшасы МКҚК тәрбиеші

Пікірлер: 0

avatar