Рухани – адамгершілік құндылықтарды білім мазмұнына енгізу тәсілдері

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 885
  • Өзін-өзі тану пәнінен ашық сабақтар
  • 07/Апр/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 18509


Рухани – адамгершілік құндылықтарды білім мазмұнына енгізу тәсілдері
Мукажанова Кунзипа Абушаевна, Қарағанды қаласының №53 ЖББ ОМЛ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Білім өзінің шынайы міндетіне жауап беру үшін балаларда жас кезінен бастап, ең маңызды адамдық саналарды - адамгершілікті: сүюді, аяушылықты, төзімділікті, имандылықты, әдептілікті, мейірбандықты, шыншылдықты, отаншылдықты, жанашырлықты, әділдікті және басқа асыл қасиеттерді дамыту керек.
Қазіргі жағдайларда бұл талаптарды жүзеге асырудың мынандай мүмкіндіктері бар:
1) рухани - адамгершілік құндылықтарды кез келген пәнді оқытудың мазмұнына енгізу;
2) сыныптан тыс сабақтарды баланың адамдық асыл қасиеттерді игеруіне ықпал ететіндей бағытта ұйымдастыру;
3) жеке пән ретінде жүргізілетін сабақтардың бағдарламасына енгізу.
Рухани тәрбие өзінің қуатын әлемнің әрбір құбылысынан алуы мүмкін. Олай болса, кез келген оқу пәні балалардың адамгершілігін, жақсы мінез - құлқын қалыптастыру құралы бола алады. Мұғалім әрбір сабақты жан - тәнімен беріле оқытуды, бала жанына әсер ететін құндылықтарды қалыптастыруды өзі үшін заң санауы қажет. Үлкен адам қай жерде болмасын өзі рухани белсенділік танытатын болса, сол арқылы тәрбие бере алады.
Шын мәнінде жалпыадамзаттық құндылықтар ұғымына енетін өмір құбылыстарының бәрін сабақтардың кез келгенінде көрсетуге болады.
Мәселен, математика сабағында балаларды жай ғана қосуға, көбейтуге және бөлуге үйретудің орнына мұғалім адамгершілік қасиеттерді шешуге арналған есептерді ойлап таба алады. Мысалы:
1) Болат 10 кг салмақты оп - оңай көтере алады, Ермек те көтере алады, ал кішкентай Сәкен тек 3 кг көтере алады. Ал егер олар бірлесіп, бір - біріне көмектесетін болса, онда олар үлкен жүкті көтере алар еді. Сонда үш дос қандай салмақтағы жүкті көтереді?
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген осы.
2) Бір әже дүкеннен үйіне қарай баяу жүріп келе жатты. Оның қолында салмағы 9 кг болатын екі сөмкесі болды. Болат екіншісіне қарағанда ауырлау келетін бір сөмкені алып, үйіне жеткізуге көмектесті. Егер көмекшінің арқасында әженің жүгі 3 есе жеңілдесе, бұл сөмкенің салмағы қанша болғаны?
Георгафия, тарих, химия, биология, әдебиет, астрономия пәндері сабақтарында балалардың рухани - адамгершілік тәрбиесіне деген мүмкіндік шексіз.
Мысалы, а) Ауылшаруашылық дақылдарының алуан түрін өсіретін елдер туралы айту барысында мұғалім бұл әлемде біздің бәріміздің өзара байланыста екенімізді түсіндіре алады.
ә) Қазақстанда лимон мен банандар өспейді. Бірақ біз оларды өзіміз достасқан елдерден алып тұрамыз. Оның орнына біз оларда жоқтарды оларға жөнелтеміз.
б) Біздің республикамыздың егістіктерінде бидай өсіріледі. Егер егін шықпай қалса немесе нан болмай қалса, не болады? Оны шетелдерден сатып алуға тура келеді.
Осындай әңгілемелер үстінде балалардың бойында бізді тамақ өнімдерімен, тұрмыстық тауарлармен қамтамасыз етуге немесе түрліше қызметтер көрсетуге адал еңбек ететіндерге алғыс сезімін дарытуға болады.
Мектептен тыс кездегі сабақтарды ұйымдастыруда мұғалім барынша тапқырлық танытқаны жөн. Мұндай шараларды бала оларға қатысуға құмартып тұратындай және оның жалғасын асыға күтетіндей дәрежеде тартымды етіп өткізу керек. Спорт, табиғатқа серуен, мектептен тыс кездесулер кезіндегі пікірталас, әсерлі әңгімелер, мұражайға, театрға немесе классикалық музыка концертіне бірге бару, үйірмелердегі сахналанған сабақтар - осының бәрі рухани - адамгершілік тәрбие үшін тамаша құралдар.
Олар баланың шығармашылығын оятып, жан дүниесімен сезінетін тамаша ойларға жетелейді. Ал одан тек жағымды қасиеттер туындайды.
Мысалы, 9 мамыр - Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлерімен кездесу өткізілсе, кездесу барысында оқушылар осы өмірге жетіп отырғандары сол кісілердің арқасында екендігін түсінсе, олардың бойында ардагерлерге деген құрмет, сүйіспеншілік сезімі одан да арта түсер еді. Немесе оқушылармен өртке қарсы күрес бөлімшесіне саяхат ұйымдастырылса, олар өрт зардаптары туралы бейнетүсірілімдерден өрт сөндірушілердің жұмысының барша қиындығын, күрделілігін, адам жаны үшін күресін көре отырып, адам еңбегін бағалауға, отпен ойнамауға, өмірін қадірлеуге тәрбиеленер еді.
Мұғалім сабақ оқытуға кіріскен кезде ол сабақта балалар қандай құндылық туралы білуі керектігін нақты айқындап алып, әдістер мен тәсілдердің бәрін оны жан - жақты ашып көрсетуге пайдаланғаны жөн. Әрбір құндылық өз бойында бірқатар адамгершілік ұғымдарды сақтайды. Мысалы «сүйіспеншілік» деп аталатын адамгершілік құндылық қайырымдылықты, берілгендікті, жан аямай еңбек етушілікті, шыншылдықты, тірі нәрсенің бәріне аяушылық білдіруді және адамның көптеген басқа да сапаларын білдіреді.
Мысалы, 9 - сынып бағдарламасында «Қымыз - емдік сусын» тақырыбына екі сағат берілген. Осы тақырыпты оқу барысында оқушыларды өз денсаулығын күтуге, салауатты өмір салтын ұстануға, зиянды әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеуге болады.
Мұғалімнің сабақтарға дайындалуына қажетті қайнар көздер де көп. Ол үшін өз елінің рухани және мәдени мұраларының, сондай - ақ бүкіл адамзаттың игілігіне айналған классиктердің (ұлы суретшілердің, композиторлардың, жазушылардың және т.б.) шығармаларының маңызы зор.
Бұл әрекет шын мәнінде білімнің мұғалімнен оқушыға берілуі емес, қандай болмасын бір адамгершілік міндеттерді өз ой елегінен өткізу болады. Мәселен, бұл сабақтарды баланың сезіміне әсер етіп, оның ішкі дүниесін оятудың және дамытудың тәсілі ретінде түсіну керек.
Олар:
1. Тыныштықта отыру.
Балаларға күн сайын бірнеше минут «тыныштыққа бой алдыра» білу өте маңызды. Мұны тіпті жай ғана «үнсіз отыру» деп те атауға болады. Мұндай жаттығулар байсалдылыққа, өзін - өзі басқаруға, балалардың есін жақсартуға, ойын жинақтауға, сезімін дамытуға көмектеседі. Осындай сабақтардан соң балалар өздерін жақсы ұстап қана қоймай, білімді де оңай меңгереді.
Оқушыларды тыныштықта отыруға қалай дайындау керек? Олардың ыңғайлы отыруларын ескерту керек. Арқаны тік ұстап, еркін отырады. Бүкіл денені босаңсытып, қолды тізеге қояды. Жан - жаққа алаңдамау үшін көзді жұму қажет. Келешекте тыныштықта отыра білу әр оқушының дағдылы ісіне айналуы керек.
Балалардан тыныштықта отыру кезінде нені көргенін қағаз бетіне түсіруді сұрасаңыз, баланың ішкі дүниесінің қаншалықты бай екеніне көз жеткізуге болады.
Мысалы, орта буын оқушылары негізінен көз алдыларына орманға саяхатты, табиғатта демалуды елестетеді, ал жоғары буын оқушылары театр, кино, саябақ, түрлі кездесулер, жағымды кештерді елестетеді.
2. Жағымды ойларға бейімдеу.
Ойды ізгілік күйге бейімдеу өзіне және жақындарына игі тілек білдіру болып табылады. Балаларды жас кезінен бастап көтеріңкі ойлардың мәнін түсіне білуге үйрету керек. Мұндай білім олардың бүкіл өмірінде баға жетпес қолдау көрсетіп, жеке жұбаныш әкелетін болады. Біздің ойларымыз қандай болса, өміріміздің де сондай болатынын түсіне білу керек. Біз өзіміздің қалауымыздың бәріне, егер біздің тілегіміз ізгі және шынайы болса ғана, қол жеткіземіз. Бала үшін ізгі тілектің үлгісі мынадай: «Мен өзіме және өзімнің туыстарыма - анама, әкеме, әжеме, атама, ағама және кішкентай қарындасыма денсаулық тілеймін! Менің отбасымда тыныштық пен сүйіспеншілік болсын! Өзімнің көршілеріме, таныстарыма, достарыма бақыт тілеймін! Біздің елімізде, бүкіл Жер шарында бейбітшілік болсын!».
Сабақтарға келсек, бұл жерде ең қолайлысы қарапайым тілектер болып табылады. Мысалы: «Өмір, мені жалғандықтан Шындыққа, қараңғыдан Жарыққа жетеле!» немесе «Бүгінгі күнім сәтті басталып, сәтті аяқталсын!», «Бүгінгі күн, мені білмегенімді білуге, көрмегенімді көруге, жамандықтан жақсылыққа жетеле!».
Дұрыс көңіл - күйге келтіретін басқа да сөздерді пайдалануға болады.
3. Үлгі аларлық оқиғаларды, нақыл сөздерді, жырларды, ертегілерді тыңдау және талқылау.
6 - 9 жастағы балалардың қиялы әдеттегіден тыс болады. Олар ағаштардың да, хайуанаттардың да сөйлейтініне сенеді. Бұл жастағы балалар естіген әңгіме - ертегіні өзі де құрастыруға бейім болады. Сондықтан мұғалім ертегіні бастап беріп, оны аяқтауды тапсыруына болады. Олардың қиялын дамыта отырып, адамның құндылықтарын игеруге бағытталған ертегілерді құрастыруға бағыт беруге болады.
Мысалы, «Қызыл телпек» ертегісін алып, қасқыр әжесі мен немересін жеп қоятындай етіп емес, ертегіні осы заманғы жағдайларға бейімдеп, мазмұнын өзгертіп баяндауды тапсыруға болады. Атап айтқанда, ертегіні барынша жағымды оқиғалармен толықтыру.
10-14 жаста қиялдың атқаратын рөлі кеми түседі. Бұл жаста балалар әлем туралы көбірек білгісі келеді. Сондықтан тарихи және күнделікті тұрмыстық әңгімелер барынша қызықты бола бастайды.
Мысалы, 9 - сынып оқулығында «Өкініш» мәтіні берілген. Өмірден алынған үлгілік оқиға. Мәтіннің жалпы мазмұны: әкесі баласына, ол мектепке кетерде, қозыларға шөп беріп, суаруды тапсырады, бірақ мектептен келген баласы оны ұмытып, тамағын ішіп, доп ойнауға кетеді. Әжесі қозыларға шөп беріп, суарады. Кешке әкесі мен анасы жұмыстан келгенде, әжесі немересінің әкесі тапсырған жұмысты істемегенін, жалқаулығын жасырып, бәрін орындағанын айтады. Ата - анасы баласына риза болып, оны мақтайды. Ыңғайсызданған бала таңның атуын күтеді, себебі ол ертең әжесіне жалған айтқызбайтынына, әке - шешесін шын қуантатынына сенімді еді.
Мәтін оқушыны қандай адамгершілік қасиеттерге тәрбиелейді: тапсырған жұмысты орындау, жауапкершілік сезімі, ата - ананы құрметтеу, сөзін екі етпеу, өзі үшін біреуді жалған айтуға жетелемеу, өз қатесін уақытымен мойындау, қатесін түзете білу, үлкенді сыйлау.
Оқушыларға жалпы ой толғауға келесі сұрақтарды беруге болады: Малқар қандай бала? Әжесі қандай адам? Әжесі немересінің жалқаулығын неге жасырды деп ойлайсыңдар? Сендер Малқардың орнында болсаңдар, не істер едіңдер? Осы оқиғаға қатысты қандай мақал- мәтел білесіңдер? Малқар өз қателігін сезінді ме? Ол неге өкінді? Сен осындай қателік істедің бе? Өз қателігіңді мойындадың ба? Қателегіңді қалай түзеттің?
4. Ән және музыка тыңдау.
Ән балаларды топта жұмыс істеуге, басқалармен бірлікті сезініп, хормен айтуға үйретеді. Олар бірі - бірін тыңдай білуге, түсіне білуге үйренеді, әнді орындау барысында олардың ішкі сезімдерінде үйлесімділік қалыптасады. Мысалы, тақта алдында ұялып, ойын жинап айта алмайтын ұялшақ бала хорда рахаттана ән салады. Ол қасындағылармен өзін тең сезінеді, олардан ұжымдық бірлікті сезінеді, өзін еркін ұстайды. Сондай - ақ жауапкершілікті сезінеді, өйткені басқалардан қалмай, әнді қосыла айту керек.
5. Топтық жұмыс.
Адам - ұжымдық жанды ағза. Ол қоғамда өзі үшін және қоғам үшін өмір сүреді. Балаларды жас кезінен дұрыс қарым - қатынас жасай білуге үйретудің ерекше маңызы бар. Сабақтарда оқушыларды топтап оқыту осы мақсатқа қызмет етеді. Балаларға кіші мектеп жасынан бастап, бірлесе ойлауға, көпшілік пікірімен санасуға, бірін - бірі тыңдауға, шағын топтарда айналасындағылармен келісе отырып, шешім қабылдауға бағыт берген жөн.
Осындай қызмет ретінде мыналарды ұсынуға болады:
- сахнада ойнау
- тестілеу
- бірлескен жұмыс түрлері.
Мысалы, 5 - сыныпта «Мақта қыз бен мысық» ертегісін оқып, сахналадық. Осы жұмыс барысында оқушылар топтық қызметке, бірін - бірі тыңдауға, бір - бірінің жақсы қасиеттеріне еліктеуге, жауапкершілікке үйренді. Ертегіні оқу, талдау барысында әр нәрсенің еңбекпен табылатындығына көз жеткізді. 6 - сыныпта «Алтын сақа» ертегісін оқимыз. Ертегіні талдау барысында балаларға «Жағымсыз кейіпкерлердің іс – әрекетін қалай жағымды етуге болады?» деген тапсырма беріп, оларды жақсы қасиеттерге жетелей отырып, ертегіні барынша жағымды етіп құрастыруға тапсырма беруге болады немесе «Жалмауыз кемпірден байдың баласын құтқару үшін қандай әрекет жасар едіңдер?» деп оларды оң әрекетке, топтық жұмысқа, көмекке жетелеуге болады.
5-6- сыныптарда оқушылардан жаңа ғана айтылған ертегі мазмұны бойынша сурет салуды тапсыруға болады. Мұндай жұмыс кезінде бала өзін суретші ретінде сезінеді және ертегінің мазмұнын ішкі сезімімен жеткізуге тырысады.
Осы әрекеттердің кез келгенін сабақтарды өткізудің алғашқы тәсілі ретінде пайдалануға болады. Тәрбие.орг сайтынан Рухани – адамгершілік құндылықтарды білім мазмұнына енгізу тәсілдері Өзін-өзі тану пәнінен ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Мукажанова Кунзипа Абушаевна

Қарағанды облысы, №53 жалпы білім беретін орта мектеп-лицей қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar