Коучинк –сабақ: Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханов

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 777
  • Тарихтан ашық сабақтар
  • 11/Июн/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 19201


Коучинк –сабақ: Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханов
Пәні: Қазақстан тарихы
Сынып: 9 «Б», «В»
Коучинк негізделген оқу мақсаты:
1. Ә.Бөкейхановтың қазақ тарихында алатын орны туралы білу;
2. Өмірбаянын, қоғамдық қызметін, шығармашылығын зерделеу;
3. Ә.Бөкейхановтың көшбасшылық қайраткерлігін тану.
Коучинк мақсаттары:
Барлық оқушылар: Ә.Бөкейхановтың қазақ тарихында алатын орны туралы біледі;
Оқушылардың басым бөлігі: Өмірбаяны, қоғамдық қызметі, шығармашылығы туралы мәліметтерді оқып, зерделей алады;
Кейбір оқушылар: Ә. Бөкейхановтың көшбасшылық қайраткерлігін танытатын дәлелдемелерді көрсете алады
Тілдік мақсат:
Оқушылар: Өз беттерінше тақырыптың мазмұнын түсініп ой қорыта алады, тақырып бойынша өзіндік жұмыстар жасай алады
Негізгі сөздер мен тіркестер: Шыңғысхан әулеті, баспасөз, басылым, «Қазақ» газеті, Ұлт көсемі, Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметі, Алаш партиясы, зиялы топ, публицистикалық мақалалар, Мәскеу, т.б.
Талқылауға арналған тармақтар:
1.Әлихан Бөкейханов – тұлға
2.Әлихан Бөкейханов – қайраткер
3. Әлихан Бөкейханов – ғалым, публицист
4.Әлихан Бөкейханов - азамат
Сіз неліктен.......екенін айта аласыз ба? (Дамыту сұрақтары)
а). Әлихан Бөкейхан кім?
ә). Әлихан Бөкейхан қазақ тарихында қандай орын алатынын айта аласызба?
б). Әлихан Бөкейханның көшбасшылық қайраткерлігін қандай іс-әрекетінен көруге болады?
в). Әлихан Бөкейхан қазақ жастарының білім алып, халыққа қызмет етуіне қандай үлес қосты?
Жазылым бойынша ұсыныстар:
1. Постерге жазу.
2. «Детальдарды біріктіру» әдісі
Жоспарланған жаттығулар және ескертпелер:
Сабақ ұйымдастыру кезеңімен басталды. 9 «Б» және 9 «В» сыныптың 24 оқушысы қатысты. Ынтымақтақтастық ахуалды қалыптастыру кезеңін «Біздің күшіміз ... » әдісімен жүргіздім. Оқушылар бір- бірлеп «Біздің күшіміз ... достықта, ...сыйластықта, ...ынтымақта, ... бірлікте, ...білімділікте, ...татулықта, ...елдігімізде, ...берекеде, ... бір-бірімізді құрметтеуде, ... » деп айтып шықты. Оқушыларды «Тұлға», «Қайраткер», «Зияткер», «Азамат» деп төрт топқа бөліп, орындарына орналастырдым. Интерактивті тақтада слайдпен көрсетіп, коучинк - сабақтың тақырыбын, мақсат-міндетін хабарладым. Менің мақсатым 2016 жылы «бүкіләлемдік дара тұлға» деп танылған Әлихан Бөкейхановтың (1866-1937жж.) 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында аталып өтілуі және осы Халықаралық ұйымның 38-сессиясында (2015 жылы 2-18 қараша) қабылданған қаулыда «Бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп танылғанын айта отырып, өмірдеректері, саяси қызметі, ғылыми шығармашылығы туралы мәліметтермен таныстыру. Әлихан Бөкейхановтың қазақ тарихында алатын орнын зерделеу. Қызығушылықты ояту кезеңінде тақырыптан мәлімет жинақтау үшін «Ой қозғау» - әдісі бойынша «Алаштың Әлиханы» -бейнебаянын көрсетіп, топтық талқылау жүргізілді. Әр топтан бір-екі оқушы бейнебаяннан көргендерін, түсінгендерін айтты. Топта пікір айтқан оқушыларды өзге топтар «жұлдызша»-өте жақсы, «смайлик»-жақсы белгілерін беру арқылы бағалады.
Келесі «мағынаны тану» кезеңінде топтарға тапсырма бердім:
«Тұлға» тобының тапсырмасы: Әлихан Бөкейханов – тұлға
«Қайраткер» тобының тапсырмасы: Әлихан Бөкейханов – қайраткер
«Зияткер» тобының тапсырмасы: Әлихан Бөкейханов – ғалым, публицист
«Азамат» тобының тапсырмасы: Әлихан Бөкейханов – азамат
Топтар өздеріне берілген тапсырма бойынша дәлелдемелерін, мәліметтерін постерге түсірді. Оқушылардың іс-әрекеттерінен тапсырмаға дайындалып келгендері байқалып тұрды. Коучинк –сабақтың көрнекілігі әрі нұсқаулық ретінде интерактивті тақтаға Әлихан Бөкейхановтың әр кезеңде түскен суреттері мен өзінің, замандастарының, зерттеушілердің пікірлерінен топтама жасап, слайд-шоу көрсетіп қойдым.
Екінші кезеңде: Тақырыпты «журналистік сұхбат» әдісімен қорғады. АКТ құралы ретінде микрофон пайдала отырып, екі оқушыға журналистік тапсырма берілді. Бірі «кезбе журналист» ролінде өзінің тобынан басқа екі топқа тақырыптарына байланысты сұрақтар қойып, оқушылардың өз жұмыстарын қорғап шығуына мүмкіндік берді. Екінші журналист те өз тобынан басқа екі топтың баяндамашыларымен (спикер) телебағдарлама жүргізушісі ретінде сұхбат жүргізді. Соңында екі журналист-оқушы қорытынды ойларын айтып, постерлік жұмыстарға бағаларын берді. Ал топтар бір-бірінің жұмысын «бағдаршам» әдісімен бағалады.
Үшінші кезеңде: Оқушыларға ой сергіту үшін ақын С.Торайғыровтың мына бір шумақ өлеңі жазылған қағаз қиындыларын топтарға таратып бердім. Ондағы тапсырма өлеңді мәнерлеп оқу стилін таңдау және оқу.
Заманда басқан аяқ кейін кеткен,
Жасымай Алашына қызмет еткен;
Болса да қалың тұман, қараңғы түн,
Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен;
Түймеге жарқылдаған алданбаған,
Басқадай бір басы үшін жалданбаған,
«Қайткенде Алаш көркейер» деген ойдан,
Басқа ойды өмірінде малданбаған..
Әр топ өз араларынан мәнерлеп оқуға бір оқушы шығарды. Әр топ оқушының жұмысын «жұлдызша»-өте жақсы, «смайлик»-жақсы белгілерін беру арқылы бағалады.
Төртінші кезең: Төрт топқа жекеленген «конвертті тапсырма» әдісімен дамыту сұрақтары берілді. Конверт сыртына топтарға арналған белгі қойылған жоқ.
1- топтың тапсырмасы: Әлихан Бөкейхан қазақ жастарының білім алып, халыққа қызмет етуіне қандай үлес қосты?
2- топтың тапсырмасы: Әлихан Бөкейхан қазақ тарихында қандай орын алатынын айта аласызба?
3- топтың тапсырмасы: Әлихан Бөкейханның көшбасшылық қайраткерлігін қандай іс-әрекетінен көруге болады?
4- топтың тапсырмасы: Әлихан Бөкейхан кім?
Оқушылар сұрақты топта талқылап, одан кейін А4 форматты қағазға жазып, жауап бере бастады. Әр топтың бір-екі оқушысы шығып, бірінің жауабын бірі толықтырды. Оқушы жауабы «жұлдызша»-өте жақсы, «смайлик»-жақсы белгілерін беру арқылы бағалады.
Қорытындылау кезеңінде «Детальдарды біріктіру» әдісімен «Әлихан Бөкейханов - ұлт көсемі» жай сөйлемін күрделі сөйлемге айналдыруға жұптық тапсырма берілді. Тапсырманы жұптар орындады. Өз топтарында салыстырды, толықтырды. Сыныпқа жариялауға таңдалған жұмыстар:
1.«Әлихан Бөкейханов -ұлт көсемі, ол бар өмірін қазақ халқының ілім-ғылым үйреніп, Еуропа елдерімен тең жеке мемлекет болуы үшін күреске арнады»;
2.«Әлихан Бөкейхан- ұлт көсемі, бұл атақты өзінің замандастары берген, өйткені оның қазақ ұлты үшін жасаған еңбегін солардың жазған пікірлерінен білуге болады»;
3.«Әлихан Бөкейхан –ұлт көсемі, себебі ХХ ғасырдың бас кезінде алты алашқа танылған бірегей тұлға, оның жазған ғылыми еңбектері орыс оқымыстыларына ғана емес, ағылшын, француз ғалымдарына да белгілі болған»;
4. «Әлихан Бөкейхан –ұлт көсемі, ол өз заманында қазақ қоғамын толық зерделей алған, Ресей империясы құрамында болсада бір тудың астына біріккен бүкілқазақтық автономия құру үшін күрескен саяси зиялы топтың жетекшісі болды»
Сабақтың соңы кері байланыс жасау кезеңінде әр топқа берілген «жұлдызша», «смайлик» белгілерін санап, қай топқа көп жиналғанын анықтадық, бір-бірімізге алғыс айттық. Бүгінгі сабақ туралы ойларын стикерге жазып, «білім ағашына» ілді.
Коучинк –сабақтан кейінгі рефлексияда айтарым, оқушылар өз беттерінше ізденіп, жақсы дайындалып келген. Мен сабақ барысында нұсқаулық ретінде бейнебаянды, слайд –шоуды, Ә. Бөкейханның пікірлерін, замандастары мен зерттеушілердің жазған пікірлері бар қағаздар ұсындым. Қолданған әдістерім сәтті болды, оқушылардың ой-өрісін дамытуға ықпал ете алды деп ойлаймын. Ал оқушылар жазған кері байланыстарында сабақтың қызық өткенін, Әлихан Бөкейхан туралы көп мәліметтер білгенін, әліде білгісі келетіндерін жазыпты.
Ресурстар: Интерактивті тақта, бейнебаян, флепчарт, микрофон, А4 форматы, конвертті тапсырма, стикерлер
Бағалау әдісі:
1.«жұлдызша» әдісімен жеке оқушыларды бағалау.
2.«бағдаршам» әдісімен топтық бағалау.
3.«смайлик» әдісімен жеке оқушыларды бағалау
Қосымша ақпарат:
Саралау - Сіз қосымша көмек көрсетуді қалай жоспарлайсыз? Сіз қабілеті жоғары оқушыларға тапсырманы күрделендіруді қалай жоспарлайсыз?
-Қосымша көмек ретінде нұсқаулықтар, қосымша материлдар беру. Қабілеті жоғары оқушылар тапсырмасын күрделендіру үшін дамыту сұрақтарын қою арқылы түсіну дәрежесін бақылау.

Дереккөздер:
1. Бейсен Сұлтан: «Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын». 2015 ж. қараша
2. Сұлтанхан Аққұлұлы: «Әлихан Бөкейханов» 2015 ж. қараша «Егемен Қазақстан» газеті
3. Бейбіт Қойшыбаев: «Қазақ ұлттық мемлекетінің тұңғыш басшысы». 2016 ж. қаңтар
4. Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. Алматы, «Жалын баспасы», 2004 Тәрбие.орг сайтынан Коучинк –сабақ: Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханов Тарихтан ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Максутова Алтынай Бектасовна

ОҚО, Шымкент қаласы, №72 жалпы орта мектебі тарих пәні мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar