Ұлы Дала Елі - Тәуелсіздік негізі

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 475
  • Тарихтан ашық сабақтар
  • 20/Дек/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23551


«Қазақстан Ұлы Дала Елі» сандық қосымшасы
бойынша одан әрі танымал ету үшін
«Ұлы Дала Елі - Тәуелсіздік негізі»
атты ашық сабақ

Сабақтың мақсаты: Отан, Қазақстан, туған жер туралы түсініктерін кеңейту.
1. Білімділік: Қазақстан мемлекеті туралы алған білімдерін тиянақтау, оқушылардың интелектуалдық ой-өрісін, білімдерін кеңейту.
2. Дамытушылық: Оқушылардың танымдық деңгейін өсіру, тіл байлығын жетілдіру. Өз ойын жеткізіп,еркін сөйлеу қабілетін дамыту. Колледждегі басқа пәндерден де алған білімдерін еске түсіру, толықтыру – ой-санасын кеңейту, ойлау қабілетін дамыту.
3. Тәрбиелік: Оқушыларды Қазақстандық патриотизм идеясында тәрбиеллеу. Аталардың аталы сөздерін, батырлардың ерлік істерін үлгі тұтып, мақтаныш сезімдерін ояту арқылы, ерлікке, адалдыққа тәрбиелеу.
Пәнаралық байланыс: дүние жүзілік тарих, әдебиет, география, саясаттану.
Көрнекілігі: Интербелсенді тақта, интернет ресустары, слайдтар, үнтаспа, видео, көрме.
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, әңгімелесу, баяндау.
Сабақтың түрі: ашық-семинар сабақ, кіріктірілген сабақ.
Сабақ барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі: (2 мин)
Бүгінгі сабақтың басқа сабақтан өзгеше екендігін, сабақтың колледждің актовый залында, бір топ емес,бірнеше топ, тіпті бүкіл колледж оқушыларымен ұстаздарымен өтетінін айту.
1. (видео «Қазақстан туралы қызықты деректер 1.57 мин)
ІІ. Тарих пәні мұғалімінің кіріспе сөзі:
Құрметті ұстаздар, оқушылар, міне 2017 жыл да аяқталуға жақын. Қазақстан үшін де, әлем үшін де жаңалыққа толы болған жылдың қорытындысын жасайық.
Еліміздің экономикалық даму көрсеткіштері өсіп, мемлекеттік және салалық бағдарламалар одан әрі іске асып келеді.

Қазақстан биыл өз тәуелсіздігінің 26 жылдығын тойлайды. Ширек ғасырдан астам уақыт, әлемдік тарих үшін қас-қағым сәт! Десек те тұрақты даму жолына түсіп, өркениеттің көшіндегі 30 мемлекеттің қатарына ұмтылған қазақ елі үшін бұл тұтас ғасырға татитын кезең!
Әр жылдың өз мерейтойлары және атаулы оқиғалары болады. Міне, 2017 жыл да тарих қойнауына кетуіне санаулы күндер қалды. Жаңа 2018 жылға қадам басамыз. Өтіп бара жатқан тауық жылы еліміздің қоғамдық-саяси, рухани-әлеуметтік өмірімізде елеулі оқиғалармен, ел есінде қалатын көлемді іс шаралармен ерекшеленеді.
2017 жылы еліміз үшін ерекше мерейлі болған басты оқиғаларды еске алып өтейік...
ІІІ. Жаңа сабақты баяндау.
(Әнұран орындалады)

1. Ту, Елтаңба, Әнұран – тірегіміз,
Туған ел деп соғады жүрегіміз
2017 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: Ту, Елтаңба және Әнұранның 25 жылдығы. (Слайд көрсету)

2. 28-ші қысқы Универсиада ойындары Алматы қаласында 28 қаңтар – 8-ші ақпан аралығында өтті. Бүкіләлемдік студенттер ойынына 2 мыңға жуық спортшы қатысты және 3 мыңға жуық ерікті жұмыс істеді. Еріктілер арасында шетелдіктер де бар. Универсиада бағдарламасына мəнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, шайбалы хоккей (ерлер, əйелдер), сноуборд, биатлон, шаңғы жарысы, керлинг, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жүгіру, фристайл секілді 12 спорт түрі енді. Қазақстан атынан Денис Тен, Абзал Рақымғалиев, Айза Иманбек, Галина Вишневская сынды белгілі спортшылар сынға түсті. Универсиадаға 30 мың отандық жəне шетелдік турист келді. Әлемнің 80 елінен 1 млрд көрермен телетрансляция арқылы көре алды.
(видео: қысқы универсиада 0.42 мин)

3. ЭКСПО-2017 көрмесі «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өткен Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі 2017 жылдың 10 маусым - 10 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтті. Көрмеге 5 миллион турист келді. Көрме билеттерінің құны 2 мың теңгеден басталды. Барлық Қазақстан бойынша оффлайн-кассалар 2016 жылы 1 қыркүйекте ашылды. Көрме арқылы елімізге ірі инвестициялар тарту және республикамыздың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын қосымша ынталандыру мүмкіндігі артты. ЭКСПО қалашығы мен түрлі жоба нысандары көрме аяқталғаннан кейін де, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қызмет ететін болды. Жоба барысында қонақ үй ретінде соғылған көпқабатты ғимараттар қала әкімдігіне өтіп, тұрғын үйлердің қатарын толықтырды. Сол арқылы қалалық әкімдік тұрғын үй мәселесін оңтайландыруды көздеді. Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес Қазақстан Президентін Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің табысты өтуімен құттықтап, ЭКСПО-2017 – көрмелер тарихындағы ең жарқын әрі жемісті көрме болғандығын айтып, осы көрмеге қатысқан барлық елдердің ыстық ықыласын жеткізді.
(видео ЭКСПО-2017 2.40. - мин)

4. 2016 жылдың 24 маусымнан 2017 жылдың 8-9 маусымына дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан төрағалық етті және маусым айында ШЫҰ-ның кезекті саммиті Астана қаласында өтті. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық қарым-қатынасты нығайту, көліктік-транзиттік әлеуетті кеңейту және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты алға жылжыту мәселелерін Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының басымдықтары ретінде атап өтті. Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы алты мемлекеттің бастамасымен құрылды. 2017 жылы Астанада өткен саммитте Үндістан мен Пәкістанды ұйым мүшелігіне қабылдау мәселесі талқыланды.
(сурет, слайд)

5. БҰҰ кеңесі. Қазақстан Азия тобы мемлекеттерінің атынан 2017-2018 жылдарға Б.Ұ.Ұ. Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.
Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Ал қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі - Таиланд Корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берген еді. ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы аймақтың шиеленісті жағдайларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға, мемлекеттің халықаралық бастамаларын іске асыруға, Астананың жаһандық мәселелерде маңызды рөл атқарып, «Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық факторы» ретінде Қазақстанның имиджін көтеруге себеп болды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 15 мемлекет мүше болады. Олардың бесеуі тұрақты: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Ал қалған он тұрақты емес мүшесі БҰҰ Бас ассамблеясы арқылы екі жылдық мерзімге сайланып отырады. Қазақстан бұған дейін Азия елдері тобынан сайланған Малайзияны алмастыратын болады.
(слайд)
6. 2017 ж 10-11 қыркүйекте елордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті өтті.
Екі күнге созылған алқалы жиынға 15 мемлекеттің басшылары мен үкімет басшылары, 37 елдің делегациясы, 30 халықаралық ұйымның жетекшілері мен өкілдері қатысты.
(видео: 2.56 мин)

7. Ал 7-22 шілде күндері «Жібек жолы» халықаралық ралли-рейді қазақ даласынан өтті.
(видео: 2.07 мин)

8. Қазан төңкерісіне 100 жыл. Биыл әлемдік тарих үшін тағдыршешті оқиға ретіндегі қасіретті Қазан төңкерісіне тура бір ғасыр толып отыр. Осыдан жүз жыл бұрын жер жаһанды дүр сілкіндірген бұл оқиға алып Еуразия құрлығын мекендеген елдердің тарихи тағдырын түбірімен өзгертіп жіберді. Ол ескі мемлекеттік машинаның быт-шытын шығарып, фабрика, зауыт, банктерді меншікке алып, ірі жер иелерін тәркілеп, таптық жүйені аяусыз жойып, тарих сахнасында тұрпаты мүлде бөлек жаңа мемлекет орнатты. Жалпы, Қазан төңкерісі туралы айтысушы екі тараптың біріншісі оның тарихи мәнін дәріптеп, құндылықтарын деректер бойынша дәлелдеуге тырысса, екінші жақ бұл оқиғаны «адамзат баласының қасіреті» ретінде бағалайды. Қалай болған күнде де, 1917 жылғы Қазан төңкерісінің тарихта әлемдік ауқымдағы оқиға ретінде қала беретіні сөзсіз. Өйткені мұндай деңгейдегі оқиғаны тарих жадынан, адамдар санасынан сылып алып тастау әсте мүмкін емес.


Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» атты бөлiмiнде «Еуразия құрлығының ұланғайыр аумағын астаң-кестең еткен 1917 жылдың қазан айындағы оқиғаға 100 жыл толады... Әрине, тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайды. ХХ ғасыр Қазақстанға бiрқатар игiлiктерiн де бердi. Индустрияландыруды, әлеуметтiк және өндiрiстiк инфрақұрылымдардың құрылуын, жаңа интеллигенцияның қалыптасуын осыған жатқызуға болады...» деп дәл тарихи баға бердi. Иә, Қазақстанға зор қасiрет пен қайғы әкелсе де, кейбiр игiлiктерiн де берген кеңестiк билiктi бiржақты сынамақ ойымыз жоқ. Таптық күрестiң нәтижесiнде кеңестердi билiкке әкелген «Ұлы Қазан төңкерiсiне (революциясына)» биыл ғасыр толды.
(видео: Қазан төңкерісі 3.35 мин)


9. 1917 жылы Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары құрған Алашорда үкіметінің 100 жылдығы болды.

(видео: Азаттыққа ұмтылу 3 мин 20сек)

10. Қазақтың тұңғыш ұлттық-бейресми басылымдары «Серке» және «Қазақ» газеттеріне биыл 110 жыл толды.
(слайд, сурет)

11. 1997 ж Қ.Р. Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Міне сол күннен бастап үкімет жыл сайын осы күні қуғын-сүргін құрбандарына арналған іс-шаралар әзірлеп, өткізу тапсырылған еді.
ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді. Қазақ халқының көрнекті перзенттері қуғын-сүргін құрбандары болды. Қатал тоталитарлық жүйенің барлық ауыртпалығын қазақ халқымен бірге жер аударылған 1,5 миллион неміс, поляк, корей, шешен, түрік, грек, және басқа да халықтар өкілдері көтерді. Айта кетейік, елімізде 103 мың адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді.
2017 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алудың 20 жылдығы.

(видео: 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.
2.13 мин)

12. Қазақ Елі Тәуелсіздігінің 26 жылдық мерейтойы. 2017 жылдың 16 желтоқсанында - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдық мерейтойы. Бұл мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке болмақ. Тәуелсіз еліміз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қаржы дағдарыстарының қиындықтарына қарсы тұра білді, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, толағай жетістіктерге қол жеткізді, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енді. Мемлекет басшысының елді дамытудағы стратегиялық бағдарламалары мерзімінен бұрын жүзеге асып келеді. Осы кезең ішінде не тындырдық? 26 жылда жеткен жетістіктеріміз қандай? Биыл осы сұрақтарға жауап беретін, өткен жылдарға қорытынды жасап, Мәңгілік Ел болуға бекінген мемлекетіміздің бүгіні мен келешегі туралы ой толғайтын еліміздің есепті жылы десек, қателеспейміз. Осы орайда, 2017 жылы 12 сәуірде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласының тарихи мәні саяси реформа мен экономикалық жаңғыру бағдарламасын қазақстандық қоғамды және әр қазақстандықты рухани жаңғырту арқылы жалғастырады. Тек жоғары білімді және рухани бай халық қана сыртқы әсерлерді дұрыс қабылдап, оған жауап бере алады. Сондықтанда мақала қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық жобалар ретінде бірқатар шаралардан тұратыны өте маңызды. Ұлт көшбасшысы атап көрсеткен бұл шаралар еліміздің дамудың жаңа деңгейіне көтерілуіне өз септігін тигізетініне сенімдімін. 2015 жылғы 30 қарашадағы халыққа арнаған Жолдауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басқалы тұрғанымызды айта келіп: «Бұл - тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай күрделі, көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді.»,- деп алдағы кезеңде кездесетін сын-қатерлерден мүдірмей өтуге шақырды. Ал 2015 жылғы 15 желтоқсан күні Тәуелсіздік күні қарсаңында сөйлеген құттықтау сөзінде Елбасы: «Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» атты жаңа жұлдыз жарқырай туды», - дей келіп, халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрғанын атап өтті.
(слайд)

13. (видео: Астана идеясына 20 жыл. 1.53 мин.)
Тәуелсіздігімізді нығайту, еліміздің тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету бағытында атқарылған ауқымды шараларды сөз еткенде бірінші кезекте мемлекетіміздің ресми орталығын Арқа төсіне көшіру ісі санамызда жаңғырады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, жасампаздықпен жүзеге асырылған бұл игілікті істің нәтижесінде жаңа елорда – Астана ел тәуелсіздігінің басты нышанына, жалпыұлттық құндылыққа және халықты ынтымаққа, ортақ мүддеге жұмылдыра білген халықаралық деңгейдегі саяси-экономикалық, рухани-мәдени орталыққа айналды.
Ел орталығын Алматы қаласынан Ақмолаға ресми түрде көшіру 1997 жылдың 10 желтоқсанында жүзеге асырылды. Ал Президенттің 1998 жыл ғы 6 мамырдағы Жарлығы негізінде Ақмоланың атауы Астана болып өзгертіліп, оның халықаралық тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өтті. Бұл көрсетілген айтулы күндердің барлығы Астана тарихында алтын əріп- пен жазылып қалды. Астана келбетіне ой жүгіртсеңіз елорда бойтұмары аталып кеткен «Бәйтерек» кешені, бірегей нысандар – «Тәуелсіздік» сарайы, «Бейбітшілік және келісім» сарайын, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы, «Думан» орталығы, «Астана опера» театры, «Әзірет Сұлтан» мешіті, «Қазақстан» орталық концерт залы, «Қазақ Елі» монументі, Ұлттық музей және тағы басқа да әсем де еңселі, халық игілігіне бағытталған ғимараттар көз алдыңызға келеді. Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, Астана ұрпаққа тәрбие, білім беру ісінде, жастарға қолдау білдіруде көптеген табыстарға қол жеткізді. Мұндағы Назарбаев Университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті жастардың замана талабына сай білім алуларына мүмкіндік беруде. Астана беделді халықаралық ұйымдардың саммиттері, әлемдік маңызы зор түрлі форумдар мен түрлі ауқымды шаралар өтетін тиімді үнқатысу алаңына айнала білді. Бүгінде халық арасында «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» деген тіркес жиі айтылады. Бұл негізінде дұрыс қалыптасқан ұғым. Өйткені Астана бүкіл Қазақстанның келбетін айшықтайды. Әлем жұртшылығы Қазақстанды Астанаға қарап бағалайды.

(Астана туралы слайд)
14. Желтоқсан көтерілісіне 31 жыл.
Желтоқсан көтерілісі — 1986 жылы 17 — 18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары, бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болып табылады. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің 1-хатшысы Г.В. Колбинді ҚКОК-нің 1-хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды.
Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Желтоқсан көтерілісі туралы шындық қалпына келтіріліп, бұл жөнінде “Желтоқсан. 1986. Алматы.” (құрастырылған Т.Өтегенов, Т.Зейнәбілов), “Желтоқсан құрбандарын жоқтау”, “Ер намысы — ел намысы” жинақтары, К.Тәбейдің “Мұзда жанған алау”, Т.Бейісқұловтың “Желтоқсан ызғары” кітаптары мен “Желтоқсан” (бас редакторы Х.Қожа-Ахмет) газеті жарық көрді, “Аллажар” (1991, реж. Т.Теменов), “Қызғыш құс” кинофильмдері түсірілді.
Оқиғаға қатысқандарды саяси тұрғыдан қуғындау басталды. 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды. 1987 ж. жазда КОКП ОК қаулысы шығып, желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтшылдығының көрінісі ретінде бағаланды. Желтоқсан оқиғасы қоғамның саяси өмірін демократияландыруға серпін берді.
Осы күнге дейін мемлекет желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызын жоғарлатуға зор үлес қосып келеді. Көтерілісінің құпиялары толығымен ашылған жоқ.

(видео: Казахские потери в желтоқсан 1986 г. 3.07 мин)

15. Биыл 2017 жылы Назипа Құлжанованың 130 жылдығы.
Нәзипа Құлжанова - Алаш қозғалысы кезінде қайраткерлігімен көзге түскен қазақ қыздарының бірі, 1887 жылы Торғай қаласында туған. Қазақ қыздарынан шыққан ұстаз, этнограф, аудармашы, журналист. Нәзипа Сағызбайқызы 1902 жылы Қостанайдағы орыс-қазақ гимназиясын, 1903-1904 жылдары Торғайдағы қыздар училищесін бітіреді. Оқып жүрген кезінен бастап өзін ұлт үшін күресуге даярлаған. Оқуын аяқтаған соң, 1905 жылы Семей қаласындағы оқытушылар семинариясында ұстаз болған. Ұстаздық жұмысты атқара жүріп, этнография тақырыбын зерттеп, мақалалар жазып, талантын танытқан. Ол 1913 жылы Орыс география қоғамының Семей бөлімшесіне, «Азамат серіктестігі» ұйымдарына мүше болады. 1914 жылы 26 қаңтарда Абайдың қайтыс болуына он жыл толуына орай әдеби кеш ұйымдастырады. 1915 жылы 13 ақпанда Пертроградтағы мұсылман ауруханасы мен мұқтаж қазақ шәкірттеріне көмек көрсету мақсатында әдеби кеш ұйымдастырады. «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттерінде әйел мәселелеріне байланысты мақалалар жазады.
1917 жылы Семей облысы қазақ съезінің төралқа құрамына енеді. 1920 жылы Қырғыз (қазақ) АКСР Халық ағарту комиссариатының қазақ тілінде оқулықтар, кітаптар шығару, баспасөз істері жөніндегі арнаулы комиссияның құрамында жұмыс істеген. Осы жұмыста жүріп, жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөніндегі комитеттің құрамына енеді. Н.Құлжанова - қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналистердің бірі. 1922 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің редакция алқасының мұшесі, 1923-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан», 1925-1929 жылы «Әйел теңдігі» журналдарында жауапты қызметтер атқарады. «Айқап», «Қазақ», «Бірлік туы», «Алаш» басылымдарында оқу-ағарту мәселелері туралы мақалалар жариялаған.
Ұзақ жыл окытушы болып жұмыс істеген Нәзипа қазақ мектептері үшін оқулықтар жазған. 1923 жылы Орынборда «Мектептен бұрынғы тәрбие», 1927 жылы Қызылордада «Ана мен бала тәрбиесі» атты әдістемелік кітаптары басылып шығады. Н.Құлжанова әнші болмаса да, қазақ әндерін нақышына келтіре орындайтын өнері болған. Ең маңыздысы - ол кісінің әншілігі емес, қазақ әндерінің нотаға түсуіне көмек көрсетуі. Ол кісі Затаевичке «Ғайни-ау, сәулем», «Қадыр зары» әндерін жаздырған. 1934 жылы қайтыс болған.
(слайд)

16. Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының академигі (1946), филология ғылымдарының докторы, профессор (1946), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1957).
Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте туған. Мұхтардың атасы Әуез ескіше сауаты бар, араб, парсы, ортазиялық түркі әдебиетімен таныс болған. Мұхтар бала кезінде атасының үйретуімен арабша хат таниды. Мұхтардың әкесі Омархан да, атасы Әуез де Абай аулымен іргелес отыратын, құдалы, дос-жар адамдар еді. 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс училищесіне оқуға түсіп, соңғы класында оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.
Училищені 1915 жылы аяқтап, Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түседі. Семинарияда оқып жүріп Шәкәрім Құдайбердіұлының«Жолсыз жаза» дастанының негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде сахнаға шығарады.
Ресейдегі саяси төңкерістер Әуезов өміріне үлкен өзгерістер әкеледі. Ол Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп жазған «Қазақтың өзгеше мінездері» аталатын алғашқы мақаласы 1917 жылы 10 наурызда «Алаш» газетінде басылды. 1918 жылы 5-13 мамырда Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Әуезов жазушы Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп, Семейде «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға қатысады. 1919 жылы семинарияны бітіріп, қоғамдық-саяси жұмысқа араласады. 1919 жылы желтоқсанның төртінде Семейде большевиктер билігі орнап, Әуезов Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі»газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады. 1921 жылы қараша айында Қазақ АКСР-і Орталық атқару комитетінің (ОАК) төралқа мүшелігіне сайланып, онда кадр мәселесімен айналысады. Сол жылы «Қорғансыздың күні» әңгімесі «Қызыл Қазақстан» журналының №3 – 4 сандарында жарияланды. 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне тыңдаушы болып оқуға түседі әрі «Шолпан» және «Сана» журналдарына жұмысқа орналасады. Осы басылымдарда «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Заман еркесі» («Сөніп-жану») әңгімелері жарияланады. 1923 жылы маусым айында Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөліміне оқуға ауысады. 1924-1925 жылы Семейдегі мұғалімдер техникумына оқытушылыққа қалдырылды. Сонда жүріп «Таң» журналын шығарады. Онда «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық» әңгімелері жарияланды. 1925 жылы Ленинградқа қайтып барып, оқуын жалғастырады. 1926 жылы жаз айында Семейге арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, оның материалдары негізінде жазылған «Әдебиет тарихы» монографиясы 1927 жылы кітап болып шығады. 1927 жылы жазда Жетісу өңіріне сапармен келіп, Ілияс Жансүгіровпен бірге болашақ шығармаларына материал жинайды. Ленинградқа қайтып оралысымен, осы материалдар негізінде «Қараш-Қараш оқиғасы» повесін, «Қилы заман» романын, «Хан Кене» пьесасын жазады. 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды әрі Қазақ ағарту институтында сабақ берді.
«Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі роман-эпопеясы. Бұл роман-эпопея қазақ халқын, қала берді бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танылды. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), онан кейін мұның жалғасы болып табылатын «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын; 1952, 1956) романын жазды. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО мемлекеттік сыйлығы (1949) беріліп, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін ол Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959) атанды. Эпопея дүние жүзі халықтарының бір жүз он алты тіліне аударылған. Ол екі жүз томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» топтамасында екі том болып басылды.
(слайд)

17. Сол сияқты 2017 жылы біртуар қазақ тұлғалары мерейлі жасқа толды:

- Асанәлі Әшімов (80 жас),
- Нұрғали Нүсіпжанов (80 жас),
- Смағұл Елубаев (70 жас),
- Лаки Кесоглу (70 жас),
- Роза Рымбаева (60 жас).
(слайд)
ІV. Жаңа сабақты бекіту.
Ғылымның сырына ұғына,
Шығыңдар білім шыңына.
Ұқыптылық пен зеректік,
Жеткізер сіздердей өренді,
Жеңістің мынау шыңына.
Залды 2 топқа
бөліп сұрақ береміз:



І топ:
1. Геральдика ғылымы нені зерттейді?
(Елтаңбаларды)
2. Астана қаласының символы?
(Бәйтерек)
3. Мұсылман дінінің заңдары?
(Шариғат)
4. Н.Ә.Назарбаев қай жылы дүниеге келді?
(1940 жыл. 6 шілде)
5. Жарты әлемді жаулап алған хан?
(Шыңғыс хан)
6. «Ұлы Жұт» болған жылдар?
(1931-1933 ж)
7. Тұңғыш қазақ ғалымы?
(Шоқан Уалиханов)
8. Елбасымыздың мамандығы?
(Инжинер-металлург)
9. «Балбырауын» күйінің авторы?
(Тәттімбет)
10. Қанша мұхит бар?
(5 мухит)
11. «Тіл туралы» заң қай жылы қабылданды?
(1989 ж)
12. «Қасым ханның қасқа жолы» қанша тараудан тұрады?
(5 тараудан)
13. Қазақтың қанша ханын білесіз?
(21 хан)

ІІ топ:
1. Жер-су, елді мекен атауларын зерттейтін ғылым?
(Топономика)
2. ЭКСПО-2017 көрмесінің символы?
(Нұр Әлем)
3. Ислам дінінің негізін салушы?
(Мұхаммед)
4. Н.Ә. Назарбаев қай жылы Президент болып сайланды?
(1 желтоқсан, 1991 жыл)
5. Жеке басқа табыну үстемдігін құрған адам?
(Сталин)
6. «Ақтабан-Шұбырынды» болған жылдар?
(1723-1728)
7. Тұңғыш қазақ академигі?
(Қаныш Сәтбаев)
8. Елбасының ғылыми атағы?
(Экономика ғылымдарының докторы)
9. «Қазақ солдаты» кімнің еңбегі?
(Ғабит Мүсірепов)
10. Ең үлкен шөл?
(Сахара)
11. Қ.Р. Конституциясы қай жылы қабылданды?
(1995 ж)
12. Қ.Р. Конституциясы қанша бөлімнен және баптан тұрады?
(9 бөлім, 98 бап)
13. Қазақтың батырларын айтып береміз бе?
(Қабанбай, Райымбек т.б.)


V.Қорытынды:
Мұғалімнің сөзі:
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының
550-жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде осы сәттен бастап және мәңгіге Қазақстан – Ұлы дала елі екенін жариялады.
«Біз тарихымыздың жаңа шамын жақтық, сондықтан бүгін және мәңгілік Қазақстанымыз – Ұлы дала елі, бұл Ұлы жаңғырған дала елі, біздің Отанымыздың көп этникалық халқының бесігі. Сүйікті Отанымыздың халықтық атауы осы - Ұлы дала елі», - деді Н.Назарбаев.
Президент баса айтып өткендей, бұл атау «біздің Отанымыздың өткені мен бүгінгісін, болашағын айшықтап тұр. Біздің қазақстандық мінезіміз бен оның негізгі ерекшеліктері - ашықтық, рухани байлық, жүректеріміздің жылуы, қонақжайлылық, бейбітшілікті сүю, даналық пен еңбексүйгіштік сынды қасиеттері көрініс тапқан».
«Біздің жаңа Қазақстанның осындай сипаты әр қазақстандықтың ой-санасында өз орнын тауып, бүкіл әлемде мойындалатынына сенімдімін», - деп атап өтті Елбасы.
ХХІ ғасырда далалық Еуразияның құшақ жетпес кеңістігі қайтадан түлеп, өркендеуде. Біз өз Тарихымыздың жаңа Шамшырағын жақтық. Сондықтан да бүгінде және әр кезде де біздің Қазақстан – ол Ұлы Дала Елі! Ол – түлеген Ұлы Дала Елі. Біздің сүйікті Отанымыздың халықтық аты да дәл осы. Ол біздің Отанымыздың өткенін де, қазіргісін де, болашағын да бейнелейді. Онда қазақ¬стандық мінез бен оның негізгі сипаттары көрініс тапқан. Олар – біздің жан-дүниеміздің ашықтығы мен кеңдігі, біздің жүректеріміздің жылуы, қонақжайлылық пен бейбітсүйгіштік, кемеңгерлік пен ойшылдық, еңбек¬сүйгіштік пен іскерлік. Ол – сүйікті жеріміздің өркендеуіне осы уақытқа дейін болмаған қол жеткізудегі өзіміздің күшіміз бен мүмкіндіктерімізге деген сенім. Мен біздің жаңа Қазақстанның осындай бейнесінің әрбір қазақстан¬дықтың ой-санасы мен жан дүниесінен орын табатынына, бүкіл әлемде мойындалатынына сенімдімін. Тағы да қайталап айтайын, біздің қасиетті жерімізді ықылым заман¬дардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең-байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстаны¬мыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі! Бұл – біздің тағдырымыз! Бұл – біздің таңдауымыз! Мәңгілік Елімізде бейбітшілік пен береке болсын! Тәрбие.орг сайтынан Ұлы Дала Елі - Тәуелсіздік негізі Тарихтан ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Шампиева Гульнар Айдаровна

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Атакент кенті Мақтарал Аграрлық колледжі тарих пәнінің оқытушысы

Пікірлер: 0

avatar