«Киіз басу»

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 825
  • Технологиядан ашық сабақтар
  • 03/Май/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 22745


Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі.
Технология және бейнелеу өнері пәні мұғалімі: Иржанова Гулсим
Аскаровна
Тақырыбы: «Киіз басу»
Мақсаты:
1. Балаларды ұлттық бұйым киізбен, ұлттық қол өнері киіз басумен таныстыру;
2. киіз басуды көрсету, оюларды, жиектерін қалай жүргізуді үйрету;
3. әдемілікті, сұлулықты сезіне білуге тәрбиелеу.
Керекті бұйымдар: жүн, боялған жүн, ши, сабау, тулақ, кепсер, арқан.
Көрнекілігі: киіз, үй суреті.

Сабақ барысы:
І. Ұйымдастыру бөлімі
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру
ІІІ. Жаңа сабақты түсіндіру.
Қазақ халқы-кең байтақ елімізде қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді дамытушы, жаңғыртып байытушы, ұлттық қолөнердің үздік үлгілерін атадан балаға мұра етуші.
Қасиетті қазақ халқының, соның ішінде әйел адамдардың қолдарынан шыққан қолөнер туындыларының тарихы тым тереңде жатыр. Ол кең байтақ жерімізді мекендеген сақ, үйсін, қыпшақ, ғұн тәрізді көне түрік тайпаларының мәдениетінен арқау алады. Және де оған Оңтүстік-Сібір, Орта Азия мен Ресей халықтарының да мәдениеті өз әсерін тигізген. Осындай үнемі жаңғыру үстінде болған қазақ халқының дәстүрлі қолөнерінің даму биігіне көтерілген кезеңі ХІХ ғасырдың 2-жартысы мен ХХ ғасырдың басы.
Археологиялық қазбалар мен жазба ескерткіштерге арқа сүйенсек, Қазақстан аймағын мекендеген тайпалар жүздеген жылдар бойы металл, тас, сүйек, саз балшық, ағаш, жүн, тағы басқа да шикізаттарды шаруашылық кәсіптері мен күнделікті тұрмыс қажетіне жарап, қол өнердің өз ұлтына тән ерекше көркем түрлерін қалыптастырған. Қазақстан жеріндегі қолөнердің көне заманнан келе жатқанына Павлодар өңіріндегі Досыбай жартасынан табылған бейнелер, Өскемендегі жазбалар мен Ұлытау жартасындағы суреттер, өзіміздің облыс көлеміндегі Лебедевка, Қырықоба обаларында жүргізілген архелогиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған керамикалық қазындылардың беттеріне салынған геометриялық өрнектер нақты айғақ бола алады.
Өзге де ғылыми деректерде қазақ даласында болған саяхатшылар қазақ топырағын мекендеген сақтар мен массағаттардың барлық заттардың әшекейленіп, киімдердің өзіне тән үлгісі барын айтады.
Ал енді қазақтың ұлттық қолөнерінің таңғажайып туындысы – киіз үй орта ғасыр саяхатшылары Марко Полоны (1230), Плано Карпиниді (1246), қатты таң қалдырып, олардың тарихи жазбаларынан орын алғаны – біз үшін үлкен мақтаныш.
Ұлттық қолөнеріміздің баға жетпес байлығы-киіз үй-қолдануға ыңғайлы, тасымалдауға жеңіл, ұлан-байтақ даланың табиғаты мен тұрмысына бейімделген ерекше баспана. Киіз үйдің қаңқасы ағаштан жасалса, ал жабындысы, бау-басқұры, жасау-жабдығы мал шикізатынан, яғни жүннен дайындалған. Демек киіз үйдің ішкі сән-салтанатын келтіретін бұйымдардың барлығы дерлік әйелдердің қолынан шыққан туындылар болып табылады. Киіз үйдің киізіне қарай ақ үй, боз үй, қара үй деп бөлінген. Киіздер ақ, боз қойдың жүнінен басылып, ешкінің қылынан есілген жіппен жиектелген.
Киіз басу өнері өзінің шарықтау шегіне орта ғасырдан бұрын жеткен. Саяхатшы В.Рубрук қаңлы-қыпшақ жерінен өтіп бара жатып, олардың үйлерін тек ақ киізбен жабатынын, сондай-ақ киіздің жарқырап ағарып тұруы үшін әкті немесе сүйектің ұнтағын пайдаланатындығын айтады.
Мәселен, салтанатымен таңқалдырған қазақтың киіз үйлері 1861 жылы Парижде өткен халықаралық көрмеге қатысып, 1876 жылы Петербургте болған үшінші конгресстің Құрметіне ашылған көрмеге, 1890 жылы Қазанда өткен көрмеге қойылғаны тарихтан белгілі. Тіпті Кіші жүз ханы Жәңгірдің орыс патшасына сый ретінде тарту жасаған киіз үй мен оның жасау бұйымдарының Санкт-Петерборды тамсандырып, кейін оны неміс королінің қалап алғаны мәлім. Міне сондықтан бүгінгі көрмеге қазақ үйінің сәнін келтіретін түскиіз бен текемет, түкті кілем, қоржын, қап-тыстары мен басқұрмалар қойылып отыр. Бұл ескінің көзіндей көне дүниелер кезінде ел ішінен жиналып алынған, бүгінде олар музейдің қорында жауһар жәдігерлер ретінде сақталуда.
Жалпы киіз басу және киізден бұйымдар жасау көшпелі халықтарда сақталғаны тарихтан белгілі.. Қазақтар киізді тек жабу үшін ғана емес, үйдің ішін жасап-жабдықтауға да пайдаланған. Енді осы киізге басуға қатысты өнердің сырына кішкене үңілсек....
Әдетте киіз басуға кіріспестен бұрын бірқатар дайындық жұмыстары жүргізілген. Негізінен, күзем жүн-қойдың үстінде жүргенде жуылған, яғни қойлар 5-10-нан тоғыттан өткізіліп тоғытылған, жүні кепкен бойда қырқылған. Қырқылған жүн жиналып, іріктеліп, сабауға жіберілген. Ол үшін арнайы түзу талдан сабау құралын дайындап алған. Содан соң 5-6 адам 1 метрдей сабауды екі қолға ұстап, жүнді сабаған. Тек ұру сабау деп аталмайды. Сабаумен жүнді қопсыта ұру керек болған. Сабалған жүн бойындағы шаң, тозаңнан арылады, ұйысы жазылып, көпіріп, желкілдеп көтеріліп, жұмсақ күйге енетін болған. Сөйтіп жүн киіз басуға дайын болады.
Киіз басу үшін ұзындығы 5-5 құлаш ши қажет. Ши дегеніміз-қазақ жерінің түрлі аймағында түп-түп болып өсетін, сабағы жіңішке, қамыс тектес ши деп аталатын өсімдіктен тоқылатын бұйым. Ши тоқу өнері қазақтарға, қырғыздарға, түрікмендерге, қарақалпақтарға, т.б. халықтарға көне заманнан бері белгілі болған. Шиді жүнмен орап, оны өрнектеп тоқып, керегенің сыртына тұтуға, үй ішіндегі аяқ-табақ, ошақ басын қоршап, көлегейлеп қоюға, киіз үйдің есігіне ұстауға, құрт жайып кептіруге, киіз басу жұмыстарына, киізді ылғалдан сақтау үшін жерге төсеуге, тары сүзу үшін шыпта жасауға пайдаланған. Шидің түрлеріне байланысты мынадай атаулар кездеседі: ақ ши – қабығынан аршылған ақ шидің жүн оралмай, ою-өрнексіз тоқылған түрі, шым ши -шидің түрлі түсті жүн орау арқылы өрнектеп тоқылған түрі.
Міне, осындай шиге сабалған жүнді себе төсейді. Оны жүнді шиге салу деп атайды. Шабақталған шиге салынған жүннің біркелкі екенін байқау үшін алақанмен басып көреді. Жұқа жеріне жүн қосады, қалың жерін жұқартады. Содан кейін алдын ала қазанда қайнап тұрған суды жүннің үстіне себелейді. Су себелеп жатқан кезде екі әйел жүн салынған шиді домалатып орап отырады.
Жүн тегіс салынған ши түгел оралған соң, оны сыртынан үш жерден жіппен шандып байлап, шидің екі басына (шидің шетіне) сынып қалмасын деп дорба кигізген. Содан кейін шидің үстіне ақ тамызып, киіз басуға қатысып тұрған адамдардың барлығына ақтан ауыз тигізген. Бұл ата-баба аруағына сыйынуда білдірген.
Буулы шидің ортасынан екі арқанды өткізіп тоқтаусыз бір сағат тербетіп тартатын болған . Сөйтіп шидің ішіндегі жүн киізге айналғанша домалатқан. Бұдан соң домаланған киізді үш рет білектеп,одан кейін үш рет алақандаған. Сосын киізді ұзынынан екі бүктеп, екі шетін қосып, шуда жіппен көктейді де, бір сағат қарпиды. Қарпуға жас жігіттер қатысқан. Дайын болған киізден әр түрлі бұйымдар жасауға болады.
Көргендердің көзінің жауын алып, таңғалдырған, адам қолынан шыққан осынау ғажайып туындылар бүгінгі халқымыздың мақтанышы болса, ертеңгі болашақ үшін баға жетпес мұра екені анық. Бұйымдардың дайындалу тәсілі мен жасалу жолдары атадан балаға мирас болып қалып отырған. Қайсыбірінің аты-жөні белгісіз, бірақ ісі ерекше әсем талантты халық шеберінің жасаған затына таңдай қақпай қарай алмайсыз.
Оюлап киіз басу тек қазақтың ғана еншісіне тиетін өнер емес, мал шаруашылығымен айналысатын басқа да көшпелі елдерге тән, ортақ нәрсе. Киіз басумен Қазақстанның барлық бөлігінің тұрғындары айналысқан. Бір қызық жері, пайдаланылатын зат біреу, ол жүн, ал осыдан жасалған киіздің әр жүзге, әр руға тән өзіндік ерекшеліктерін анық байқауға болады.
Өзгешеліктері киіздің жасалуында емес, безендірілуінде, бірін-бірі қайталамас өрнектерінде болған. Киіздің бетіне ою-өрнек салу үшін түтілген жабағы жүндер әр түске боялған. Сонан соң қайнаған су себіліп, оралып, тек тарту әдісімен басылатын болған. Бұны талдырма деп атайды. Сосын осы талдырмадан кәдімгі қағаздан ою ойғандай үлгісімен өрнектер ойған. Оюлар дайын болған соң текеметке арналған шиге шабақталып жүн салынған. Міне,сонда тегіс жүннің үстіне өрнек салу оңайға түскен.
ІҮ. Сарамандық жұмыс
Балалар, бүгінгі сабақта сендермен киізді қалай басуды көреміз. Бұдан бұрынғы сабақтарда біз киізді басудың әзірлік сабақтарын өткенбіз.
Киізді басу үшін ең алдымен не керек?
- Жүн.
Жүннің қанша түрі бар?
- Төрт түрі бар: өлі жүн, күзем жүн, жабағы жүн, қозы жүн.
Киіз басу үшін қандай жүн керек?
- Күзем жүн не қозы жүн керек№
- Енді жүнді не істейміз?
- Жүнді майдалап сабаймыз.
Жүнді сабау үшін не керек?
- Сабау, тулак.
Олар неден жасалады:
- Сабау тобылғыдан, ал тулақ бұзаудың, өгіздің, кейде лақ терісінен де жасалады.
- Дұрыс, ал киіздің бетіне салатың жүндерді не істейміз?
-Оларды әр түрлі түске бояймыз?
- Дұрыс, балалар, сендер киіз басу үшін кішігірім мереке болған. Көрші үйлерді шақырып, қазан-қазан ет асып, тоқаш пісіріп дайындалған. Киіз басу үшін көп су керек, сендер сияқты балалар су тасып көмектескен. Ауылдың үлкен әжелері келіп киіз басу кезінде білген ақылдарын айтып, ақыл-кеңес берген.
Біз бүгін киіз басып көмектесуге әжелерімізді шақырдық. Ол кісілер сендерге осы істі көрсетеді. Ал әжелер, іске сәт.
Ү. Сабақты бекіту.
Оқушы түсінігін сұрақ беру арқылы байқау, бағалау.
ҮІ. Сабақты қорытындылау
Сабақ сөзжұмбақ арқылы қорытындыланады.
ҮІІ. Үйге тапсырма беру. Үйге: «мата бетіне ою- өрнек салу». «Киіз басу» тақырыбын оқып келу мен суреттерін аяқтап келуге тапсырылады. Тәрбие.орг сайтынан «Киіз басу» Технологиядан ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Иржанова Гулсим

Пікірлер: 0

avatar