"Матадан аппликация жасау"

  • Жүктеулер: 13
  • Көрсетілім: 960
  • Технологиядан ашық сабақтар
  • 14/Фев/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 21757


Сабақтың тақырыбы: Матадан аппликация жасау.

Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Оқушыларды аппликация ұғымымен таныстыру. Аппликацияны жасайтын қажетті әдіс-тәсілдермен таныстырып, бейнелеу іс-әрекеттерін меңгерту.
Дамытушылық: Шеберліктерін, іскерліктерін шыңдап дамыту. Ойлау қабілеттерін арттыру.
Тәрбиелік: Еңбексүйгіштікке, әдемілікке, тындырымды іс-істеуге тәрбиелеу. Эстетикалық талғамға сай жұмыс жасауға үйрету.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақты меңгерту.
Сабақтың әдіс-тәсілі: Сұрақ-жауап, ой-қозғау, түсіндіру.
Көрнекілігі: Түрлі қағаздан, матадан жасалған аппликациялық суреттер.
Пәнаралық байланыс: Дүниетану, бейнелеу өнері.
Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі.
а) Оқушыларды түгелдеу, зейінін сабаққа аудару.
ә) Оқу құралдарын дайындау.
в) Психологиялық дайындық.

Психологиялық дайындық.
Қосыл, қосыл шеңберге,
Арайлап атқан таң болып.
Қосыл, қосыл шеңберге,
Күлімдеген күн болып.
Қосыл, қосыл шеңберге,
Білім қуған кездерге.
Көп созбайық, тұрмайық,
Біз сабақты бастайық.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.
Өтілген тақырып бойынша сұрақ қою.
1. Қуыршақ қандай материалдан жасалады?
2. Қуыршақтың қандай түрлері бар?
3. Қуыршақтың балалар үшін қандай пайдасы бар?
4. Матаны не үшін пайдаланамыз?
5. Матаны неден жасайды?

ІІІ. Жаңа сабақты түсіндіру.
Аппликация тарихы өте ертеден басталады. Халық шеберлері өздерінің тұрмыстық бұйымдарын сәндеу үшін матадан қиылған бөлшектерді үйлестіріп жапсыру тәсілін қолданды. Аппликация - бұл көркем өнердің бір түрі. «Аппликация» атауы латынның «жабыстыру», «қиыстыру» деген сөзінен шыққан.
Аппликация қолданылатын материалына қарай үшке бөліп құрастыруға болады.
Біріншісі – түрлі қағаздармен орындалатын аппликация.
Екіншісі - әр түрлі мата, киіз, тері, шүберек т.б. қолданумен орындалатын аппликация.
Үшіншісі – табиғи материал (сабан, ши, қамыс т.б.) қолдану арқылы орындалатын аппликация.
Ал әртүрлі мата материалдарында орындалған аппликация түрі 16 ғасырда Италия мен Испанияда, 17 ғасырда Германия мен Францияда пайда болған. 18-19 ғасырда Россияда жақсы дамыды. Аппликация Қазақстанда да жақсы дамыған. Қазақ халқының ақ, қара киіз арқылы оюлап жасаған сырмағының өзі – аппликацияның бір түрі.
Сәндік аппликация түрлері қорап қағаздарды, открыткаларды безендіруде қолданылады. Біз бүгін сүйкімді балапан бейнесін қиып жапсыруды үйренеміз. Осындай бейнелерді қиып үйренсек, өз киімімізді өзіміз сәндеп алсақ та болады.
Қатырғы қағаздан балапанның қалып үлгісін дайындап аламыз. Денесін, қанатын, басын, тұмсығын, көзін, жеке-жеке қиып аламыз. Қиып алынған бөлшектерді матаға сызып, оны қиып аламыз. Балапанның тұмсығына қызыл түсті матаны пайдаланамыз. Ал денесіне сары түсті матаны пайдаланамыз.
IV. Қауіпсіздік ережесін қайталау.

V. Сергіту сәті.
Мынау – менің жүрегім,
Бәрін осы бастаған.
Мынау – басым ақылды,
Бәрін осы басқарған.
Мынау менің қос қолым
Барлық істі атқарған.
Бір,екі, үш деп санайық,
Көзімізді жұмайық,
Сәл тынығып алайық!

Жұмбақ шешу.
1. Танауында арқаны,
Бір батып,бір шығады.
Алға қарай тартады. (ине)

2. Қос таяқ, бастары дөңгелек,
Тұтасты кеседі бөлек-бөлек. (қайшы)

3. Саусаққа киіп ем тобатай,
Инені жүгірттім оп-оңай. (оймақ)

4. Жарқылдаған қос қылыш,
Қолға тисе жоқ тыныш. (қайшы)

Мақал-мәтелді жалғастыру.
1. Еңбек етсең ерінбей, .................. (тояды қарның тіленбей)
2. Еріншектің ...................(ертеңі бітпес)
3. Еңбегі аздың ..................(өнбегі аз)
4. Еңбек ерлікке жеткізер,
Ерлік ................ (елдікке жеткізер)

VI. Сабақты қорытындылау.
1. «Аппликация» сөзі қандай мағынаны береді?
2. Аппликацияның қандай түрлері бар?
3. Аппликация ең алғаш қайсы елде пайда болған?
4. Сәндік аппликация түрлері қайда қолданылады?
5. Қазақ халқы аппликацияны қайда қолданған?

VII. Оқушыларды бағалау.
Үйге тапсырма беру. Тәрбие.орг сайтынан "Матадан аппликация жасау" Технологиядан ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Турсынбаева Жибек Айтуовна

ОҚО Ордабасы ауданы "Ынтымақ" жалпы орта мектебі бастауыш сынып мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar