Музейде өткізілетін шаралардың тәрбиелік мәні мен ерекшеліктері

  • Жүктеулер: 3
  • Көрсетілім: 102
  • Авторлық бағдарлама
  • 29/Авг/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23069


Музей өткен уақытпен жүздесе отырып, бүгінгі өмірге тарих парасатымен қарайтын орын. Бұл ғасырлар таңбасы мен табы қалған жәдігерлер мен тарихи заттарға ой көзімен қараудың, заманалар айнасына қарап ел мен елдік жолын пайымдаудың айрықша мүмкіндігі. Адамзат баласы өзінің даму барысында көптеген тарихи-мәдени құнды мұраларды жасап, ұрпақтан-ұрпаққа беріп келеді. Өркениетті елдердің даму тарихы сол елдің музейлерінің қорларында сақталып, қорғалып, экспозициясында көрсетіліп, насихатталады. Қазақ елінің тарихы да көнеден келе жатқан құнды жәдігерлерге толық. Тарихи, рухани құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде беріліп, насихатталып, тәрбие, білім, мәдени-ағарту көздеріне айналып отырғаны белгілі.

Қазіргі кезеңде әлем музейлерінде этнография, өнер, тарих ескерткіштерінің бірегей үлгілері жинақталған. Олардың негізгі дені халықтық мұра, ұлттық рухани мәдениеттің және өзіндік қалыптасудың ажырамас бөлігі, өмір айнасы, әртүрлі халықтардың этикалық және эстетикалық идеалы болып табылады. Бүгінде музейлер мен галереялар тек қана мәдени құндылықтарды сақтап қана қоймай және оларды насихаттайды, мәдени-ағартушылық, тәрбиелік қызметті жүзеге асырады.

Қазақстанның білім беру және ғылым саласында жүйелі бірнеше ғылыми мекемелер еңбек етуде. Солардың қатарында музейлердің өзіндік атқарар ролі ерекше. Мәдениеттегі өткен мен бүгіннің, тарих пен келешектің арасын байланыстырып тұрған қасиетті жер – музей. Қазіргі кезде елімізде музей – ғылымның, білімінің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми-танымдық бағытта қызмет атқаратын өз алдына дербес мекеме. Музей, (грек тілінде museіon – муза сарайы) – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, тарихи, мәдени құндылықтарды, т.б. мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқарады. Музей заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Ол ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді. Қазақ халқының болмыс-бітімін, асыл мұраларын, ұмыт болған тарихын қазіргі ұрпақтың жадында жаңғыртатын, санасына сіңіретін, сонымен қатар, ел тарихын барша әлемге паш ететін, шет елден келген қонақтарды өзінің әсемдігі мен жүйелілігі арқылы таңқалдыратын механизмнің бірі-музей болып табылады.

Музей қызметінің негізгі бағыттарына: мұражай қорындағы құнды жәдігерлерді жинау, есепке алу, сақтау, қорларды жүйелеу, қайта қалпына келтіру (реставрация), зерттеу нәтижелерін ақпарат жүйелерінде тарату, мұражайдың кадрлық жүйесін жетілдіру, мұражай жұмыстарын ұйымдастыру түрлеріне көрмелер, экспозициялар ұйымдастыру, ғылыми-практикалық конференциялар өткізу, тақырыптық дәрістер, танымдық сабақтар өткізу, мұражайлық басылымдар шығару және т.б. сан-салалы қызметтер жатады. Осыған орай жыл сайын Қазақстан музейлерінде түрлі тақырыптарда көрмелер ұйымдастырылып, семинарлар мен форумдар, шолу және тақырыптық, экскурсиялар, интерактивті сабақтар өткізіліп жатыр. Белгілі мамандар бүгінгі музейлердің белсенді жұмысы мен үзіліссіз дамуын алға тарта отырып, оның адамзатқа пайдасы мен әсерін, жалпыға ортақ құндылықтарды бұдан да кеңінен насихаттауды, көпшіліктің таным көкжиегін кеңейтуді мақсат тұтады.

Сонымен қатар музей жалпы адамзат баласының өмірінде және рухани мәдениетті танытуда, зерттеу мен насихаттауда үлкен рөл атқарады. Әсіресе, ұлттық, мәдени, азаматтық, әскери, еңбек жетістіктерін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің ерекшеліктерін оқып үйренуге оның көмегі зор.

Қазіргі кезеңде музейлер алдында болашақ үшін мәдени мұраны сақтау және тарихи мәнді құндылықтарды көрсету, насихаттау мәселелері тұр. Мәдени құнды көне заттарды көрсету, жалпыадамзаттық мәнін ашу арқылы музейге келушілердің адамгершілік, рухани өсуіне әсер ету, ағарту мақсаттарын әрбір музей өз саласына сай музейлік орта жағдайында іске асыруда. Мысалы, Қазақстан музейлері көптеген мерекелерге, мерейтойларға орай ғылыми-тәжірибелік конференциялар, тақырыптық көрмелер, семинар, дөңгелек үстелдер мен экскурсиялар ұйымдастырады. Олар Тәуелсіздік күні, Отан қорғауші күні, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу , Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні, Білім күні, Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні, Тұңғыш Президент күні, Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының бірлігі күні, Халықаралық музей күні және т.б. көптеген мерекелер мен мерейтойлар. Ұйымдастырылған шаралар барысында музейде көрсетілген мәліметтер мен заттар - тарих куәсі, оқу-тәрбие орталығы екендігін дәлелдейді. Қазіргі заманғы кез-келген түрдегі және бағыттағы музейлердің басым аудиториясы болып, ЖОО, колледж студенттері, оқушылар, мектеп жасына дейінгілерді қосқандағы барлық жастағы балалар болып табылады. Мұражай қорында жинақталған мұралармен танысу, тәрбие, білім беру үрдісінде оқушыларға нағыз ұлттық білім негіздерін беруге мүмкіндік тудырады деп санаймыз. Ол мүмкіндікті, біз, мектеп, колледж, ЖОО мен мұражайлар арасындағы тығыз байланысты қамтамасыз ету жұмыстарының нәтижесінде пайдалана аламыз. Болашақ ұрпақты ұлттық-идеялық бағытта тәрбиелеуге музейдің ғылыми жұмысы музей коммуникациясының маңызды элементі, оның идеясы, өнегелілігі, эстетикалық тәрбиенің біліми хабарлауда тереңдетілген қоғамдық активті тұлғаның үйлесімді бағытта дамуын қалыптастырады.

Музейдің спецификалық мақсаты - музей мәдениетіне келушілердің тәрбиесі болып табылады. Музей тарихы және мәдени ескеркіштерді, зерттеушінің еңбегінің қоғамдық мәнін, эстетикалық байлығын жеткізу бұл келешек ұрпақ үшін сақтау қажеттілігін туғызады. Адамзат үшін қай заманда, қандай қоғамда болсын алдында тұрған зор міндеттердің бірі – болашақ ұрпағын тәрбиелеу. Жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мен мәдениеті мол, саналы ұрпақ тәрбиелеуде әр халықтың салт – дәстүрінен дамуындағы бағалы байлықтың нәрін біртіндеп сіңіру арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Басқа халықтар сияқты қазақ елінің де ұрпақ тәрбиелеуде мол тәжірибесі, жиған – тергені, озық ойлары мен өзіндік ерекшеліктері бар. Осындай мол мұраның «дәнегін мәпелеп екпейінше» жастарды ізгілік пен парасаттылықты тәрбиелеу мүмкін емес. Халықтың жазбаша жазылмаған, бірақ ұрпақ есінде мәңгілікке сақталып, бір ұрпақтан бір ұрпаққа ауызша жалғасып келген нақыл – өсиет, өнеге қағида болып таралып келген тәлім – тәрбие тағылымының бай мұрасы бар. Музей қорындағы жәдігерлер, тарихи құжаттар мен фотосуреттер, архив деректерін көрермен назарына ұсыну арқылы жас ұрпақты қазақ халқының тарихы мен мәдениетін танып, қастерлеуге шақырады.

Бүгінде мұражайда білім беру процесінің мәні сәл өзгеше: мұражайға келуші енді тәрбие құралы емес, тең дәрежедегі пікірлесуші, яғни аудиториямен әңгімелесу диалог формасына ауысты. Мұражай мен оған келушілердің өзара қарым-қатынасының жаңа әдістеріне байланысты «мәдени-білім беру қызметі» термині пайда болды. Мұндағы «білім беру» ұғымы кең ауқымды, адамның интеллектісі мен ой-өрісін дамыту, оның жан дүниесі мен жеке қасиеттерін, қарым-қатынастарын дамыту. Музей экспозициялары арқылы көрерменге Отанының тарихына толық қызығушылығы тарихи білімін, ғылыми дүниетанымын, саяси, эстетикалық тәрбиенің өнегелілігін түсіндіруге мүмкіндік туғызады

Музейлер дүниежүзілік стандарттарға сәйкес жабдықтармен жарақтандырылған. Экспозициялар заманауи көрме технологияларымен, LED-экран, медиа еден, медиаэкрандар, голограммалар, диодты жарық LED-техника, сенсорлық дүңгіршектер, үш тілде ақпарат беретін мультимедиялық жолсеріктермен жабдықталған. Музейдің үздіксіз дамуына, оның жұмысының жемісті болуына жаңа технологияларды пайдалана отырып, музей заттарын зерттеу және оларды жинау маңызды роль атқарады. Музей өзінің білім беру, тәрбиелеу міндетін жүзеге асыру барысында жас ұрпақтың тарихқа, мәдениетке деген ғылыми көзқарасын қалыптастырып, музейлік мәдениетке тәрбиелейді.

Мәселен, ұйымдастырылған жылжымалы көрмелер, музей қорындағы суреттер, фотоальбомдар, буклеттер, бейнефильмдер, слайдтар, белгілі бір тақырыпқа қатысты бар жәдігерлер, көрермендерді мұражай мұралары арқылы ізденушілік, зерттеушілікке баулиды. Нәтижесінде мұражай мұралары арқылы көрерменнің мұражайға деген көзқарастары өзгеріп, қызығушылықтары артып, тарихи орындарға саяхат жасап, музей экспозицияларын өз көзімен көруге ынталары арта түседі деп сеніммен айта аламыз.

Музей ісінің жан-жақты дамуы үшін бір ғана музей қызметкерлері ғана емес, сол жердің барлық халқы сол музейдің қажеттілігін сезініп рухани байлық көзі ретінде мақтанышпен дәріптеп жүрсе нұр үстіне нұр болары анық. Бүгінгі таңда музей ісінің ғылыми бағытта дамуы, оған тарихи маңызы бар жәдігерлерді көру үшін ғана емес, зерттеу жұмыстарын жүргізіп ел-жер, өлке тарихының көне көздері арқылы сараптама жасай аламын деп келетін ұстаздар, студенттер, оқушылар, зерттеушілер мен ғалымдар көптеп саналады. Өткеніңді білмейінше, бүгінгі күннің мәнін және келешектің мақсатын түсіну мүмкін емес. Олай болса, мұражай ісінің жан-жақты дамуы мен өз өлкеміздегі тарихи және мәдени құндылықтарымызды көзінің қарашығындай сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мұражай қызметкерлерінің басты мақсаты болып табылады.

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. Мәдени мұра / №5 (26) 2009ж.

2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: «Аруна», 2005 ж.

3. Абай мұражайының хабаршысы. №3-4 (04) 2011.

4. Какабаев Б. Формы экспозиционно-выставочных работ в современнных условиях // Труды Центрального музея. Алматы: Ғылым, 2004.

5. Қазақ тілі мен әдебиеті. Республикалық ғылыми-педагогикалық, әдістемелік журналы. №12, 2004.

6. Ноль Л.Я. Информационные технологии в деятельности музея. Спб., 2007. 5 Свободное программное обеспечение. Приложения для образования, культуры и доступа к информации: Учебное пособие. Автор/создатель: К.Туенбаева, Ж.Куленов, Ш.Когабай. Кластерное бюро ЮНЕСКО в Алматы/Казахстан. Алматы, 2009

7. Қазақ тілі мен әдебиеті. Республикалық ғылыми-педагогикалық, әдістемелік журналы. №3, 11, 2007 ж.

8. Мусаханова М.З. Развитие музеев Казахстана (1991-2001 гг.): Автореф. канд. дис. истор. наук. А., 2007. 32 с.

3. Қазақ тілі мен әдебиеті. Республикалық ғылыми-педагогикалық, әдістемелік журналы. №3, 11, 2008 ж.

Тәрбие.орг сайтынан Музейде өткізілетін шаралардың тәрбиелік мәні мен ерекшеліктері Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: ҚАЖЫМҰРАТ АЛМАГҮЛ

Бейбітшілік және келісім музейінің Экспозициялық-көрме қызметінің басшысы, Филология магистрі. Астана қаласы.

Пікірлер: 0

avatar