А.Жұбанов атындағы РҚМММИ-ның ашылу тарихы

Жарияланған материалдың жеке номері: 86


А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты

А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты 1964 жылдың қараша айында Қазақ ССР министрлер кабинетінің қаулысымен қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық артисі, өнертану ғылымының докторы, профессор, академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың тынбай еңбек етуінің нәтижесінде ашылды.
Мектептің ашылудағы негізгі мақсаты – Қазақстанның шалғайда жатқан ауылдарынан дарынды балаларды жинап, қазақ тілінде кәсіби жоғары деңгейлі музыкалық білім беру болды.
Мектептің іргетасын қалап, оқу үрдісінің негізін салған алғашқы басшылары «Құрмет» орденінің кавалері, Қазақ ССР еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Түркістан Мақсұтұлы Өзбеков, профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты Пернебек Момынұлы Момынов, директордың орынбасарлары Валерия Ивановна Мавриди, Самархан Сегізбайұлы Егізбаев, Арнольд Винтерголлер, Ғазиз Лұқпанов, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен КСРО-ның халыққа білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің кавалері С.М.Жакеев, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор З.Б.Бейсембаева, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор К.Нарбеков, Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің үздігі Л.Дудник және т.б. белгілі ұстаздар болды.
Бүгінде мектебіміздің ғана емес, еліміздің мақтанышы болып саналатын түлектеріміздің қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері, өнертану докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт Министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, DBA, доцент, Қазақстан Республикасы Мәдениет Министрлігі, Мәдениет және өнер істері комитетінің төрайымы Ақтоты Райымқұлова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің кавалері, профессор, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры Мұхтар Өтеуов, Б.Байқадамов атындағы хор капелласының көркемдік жетекшісі және дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеу, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Бейбіт Дәлденбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану кандидаты Толқын Забирова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Бақтаева, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің профессоры Пернебек Шегебаев, ҚР «Мәдениет қайраткері», «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері, доцент Ерхат Нұрғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Арман Жүдебаев, «Steinway Artist» дүнежүзілік құрметті атағының иегері Хадиша Оңалбаева, белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт, композитор Әділ Бестібаев, Ресейдің «Новая Россия» оркестінің концертмейстері Ерік Шалабаев, композитор, тележүргізуші Арман Дүйсенов және т.б. бар.
Қазіргі таңда А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ – республикадағы орта буын музыкалық оқу орындарының арасында жетекші орынға ие.
Мектепте «Халық аспаптары», «Скрипка, альт», «Виолончель, контрабас», «Үрмелі және ұрмалы аспаптар», «Арнайы фортепиано», «Хорды дирижерлау», «Жалпы фортепиано», «Теория», «Концертмейстерлер», «Жалпы пәндер» бөлімдері жұмыс жасайды.
Алматы қаласы әкімі Ахметжан Смағұлұлы Есімовтің қолдауымен, белгілі қазақ өнерінің жанашыр-меценаты Болат Әбішұлы Назарбаевтың демеушілігімен 2009 жылдың 30 қазанында академик А.Қ.Жұбановтың мектеп ауласында қойылған бюсттің ашылуы – мектеп тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Бюсттің ашылудағы мақсаты – ұрпақ сабақтастығындағы жас музыканттардың А.Қ.Жұбановтың өскелең ұрпақ үшін жасаған ерен еңбектерін есте сақтау.
Мектеп үшін ерекше қуанышты сәттердің бірі - 2010 жылы 6 қыркүйекте ҚР Үкіметінің қаулысымен Республикалық мектеп мәртебесін қайтарып алуы.
Осы күнге дейін мектебімізді бітірген 800-ге жуық түлектер еліміздегі және шет елдердегі таңдаулы музыкалық жоғарғы оқу орындарында білімдерін ұштап келеді. Педагогтарымыздың қажырлы еңбектерінің арқасында 500-ден астам оқушыларымыз Республикалық және Халықаралық байқаулардың лауреаттары мен дипломанттары атанды.
Жыл сайын мектеп бітіруші түлектеріміз шетелдік музыкалық жоғарғы оқу орындарымен қатар, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы, ағайынды Гнесиндер атындағы Ресей өнер академиясы, Ресей әскери академиясы сынды Ресейдің алдыңғы қатырлы оқу орындарына, сондай-ақ, еліміздегі Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консервториясы, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы, Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түсіп, білімдерін жетілдіріп жатыр.
Қазіргі таңда мектебімізде 470 оқушы білім алуда. Жаңа талапқа сай жабдықталған материалдық-техникалық база жетілдірілген, компьютерлік сыныптар жұмыс жасайды, музыкалық аспаптармен толықтай қамтылған. Жалпы пәндермен қатар гармония, сольфеджио, музыка әдебиеті сабақтары инновациялық компьютерлік технологиямен оқытылады. Мектеп жанынан құрылған бастауыш пәндер, гуманитарлық пәндер, жаратылыстану пәндер, сынып жетекшілер, тәрбиешілер, музыка пәндерінің әдістемелік бірлестіктері, ғылыми-шығармашылық, көркемдік-шығармашылық бірлестік жұмыстарының арқасында мектептің оқу жүйесі бір жолға қойылған.
Оқушылардың білім алуы мен кәсіби шеберлігін ұштастыру мақсатында, сондай-ақ, олардың орындаушылық және сахна шеберліктерін арттыру үшін мектебімізде шығармашылық ұжымдар жоғары деңгейде жұмыс жасап келеді. Олар: симфониялық оркестр, халық аспаптары оркестрі, үрмелі және ұрмалы аспаптар оркестрі, эстрадалық-симфониялық оркестр, «Giovani talenti» камералық оркестрі, арнайы хор, «Ақ тілек» ұлдар хоры, «Ақжелең» этно-фольклорлық ансамблі, «Қоңыржай» қыл қобызшылар ансамблі, «Қарлығаш» кіші қобызшылар ансамблі, қобызшылар ансамблі, домбырашылар ансамблі, скрипкашылар ансамблі, виолончель ансамблі, т.б. Осындай ұжымдардың арқасында мектеп оқушылары кіші жастарынан бастап-ақ өздерінің қабілеттерін кәсіби музыкант ретінде шыңдайды. Қазіргі таңда елімізде өнер көрсетіп жүрген осындай кәсіби ұжымдарда көптеген мектебіміздің түлектері жұмыс жасайды.
Бүгінде мектеп-интернат өзінің 50 жылдық тарихын кезінде өз қабырғасынан түлеп ұшқан, қазір Қазақстанның ғана емес, дүние жүзі өнерінің дамуына үлес қосып жүрген дарынды түлектерінің жетістіктерімен қарсы алып отыр.

Жартаева Гульзира Жиеналиевна

Алматы облысы, Алматы қаласы, А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ

Ұстаздарға арналған сертификаттар
18
Декабрь
0
5331

Пікірлер: 0

avatar