Меню
Артқа » » » Материал жариялау

Мұражай – өткен мен болашақты жалғастырушы

  • 0.0 Рейтинг
  • 741 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 160

«Мұражай – өткен мен болашақты жалғастырушы»

Алгазиева Айдана Руслановна
Теректі аудандық балалар-жасөспірімдер
туризмі және экология орталығының
педагог ұйымдастырушы

«Адамзат тарихының күретамыры – мәдениет, ал мәдениеттің күретамыры – адамзаттың ақыл-ойы мен іс-әрекетін дүниеге әкелген материалдық құндылықтар болып табылады. Бұл бәрімізге белгілі ақиқат. Қай халықтың болмасын, өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениеті.
Мәдениет - ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады»
Елбасы Н. НАЗАРБАЕВ

Еліміз тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болғанынан бергі жылдар ішінде бұған дейін бұрмаланып келген Отанымыздың тарихы жаңа тұрғыдан зерттеліп, оған тиісті оң бағасын беру жүзеге асуда. Бүгінгі таңда біздің еліміз қол жеткізген табыстар бізге жан-жағымызға зер тастауға, өткен жолымызды таразылауға әрі болашаққа батылырақ көз салуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Еліміздің тәуелсіз мемлекет болып әлемнің өркениетті елдері қатарынан көрініп, ғасырлар бойғы арманына жетті. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2030» жолдауында: «Бүгінгі таңда біз тұрақтану кезеңіне өтудеміз. Ең өзекті және маңызды міндеттерімізді шешуге қол жеткен табысымыз бізге жан-жағымызға түңіле зер тастауға, өткен жолымызды таразылауға, әрі болашаққа сенімді көз салуға, алдағы дамуымыз туралы ойлауға, өз жоспарларымызды түзетуге мүмкіндік береді.»
Басшымыздың Халыққа Жолдауы жалпы елдің дамуымен қатар мәдениет, руханият салаларында түпкілікті бағыттарымызды айқындауға бетбұрыс болады. Президент Жолдауындағы «... Өткенді пайымдау арқылы қазіргі заман мәдениетін жан-жақты дамыту қажет» деген жолдар музей мен қоғамның, мұражай мен өркениеттің, болашақтың біртұтас жағдайда ғана дамитындығын көрсетеді.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы тарихи мұраларымыз бен ескерткіштерімізді зерттеу, насихаттауға бүтіндей қоғамның бетбұрысын қалыптастырады.
Адамзат ұрпағы басынан кешкен замандарды көз алдыңызға елестетіп, оны көңілге түйгіңіз келсе, жарқын болашаққа нық сеніммен ой жүгірткіңіз келсе, әрине, ең алдымен, мұражайға кіріп, ондағы жәдігерлердің сырына үңілудің маңызы зор. Ата-бабалардың өмірлерінде ұстап-тұтынған бұйымдарын таңдай қағып тамашалап, өткенге салауат айтып, қасиеті дарыған бабалар мұрасынан тағылым мен тәрбие нәрін алып шығатыныңыз анық.
Мұражай – табиғат пен адамзат қоғамының дамуы туралы білімнің алғашқы деректемесі материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін табиғат коллекциялары мен тарихи нұсқаларды жинақтау, сақтау, зерттеу, жәдігерлерін халыққа көрсетіп, насихаттау қызметін атқаратын ғылыми мекен. Мұражай жәдігерлері ғылым мен өндірістің алуан түрлі салаларын қамтиды.
«Мұражай – тарих, мұражай – шежіре. Мұражай – білім-ғылым. Сан-салалы өнер мен ғылым қоспасы – мұражай. Мәдениетті елдерде әрбір мұражайдың тарихы жазылып қатталады. Тіпті әрбір мұражайдың кезеңімен алмасып, жаңарып тұрар – экспозициясының тарихы шежіреленеді» деген көрнекті әдебиетші ғалым Құлбек Ергөбек «Түркістан жинағы» атты кітабында.
Өркениетті мемлекеттердің көбісі өз мұражайларының сән-салтанатын арттыру арқылы әлемге есіктерін айқара ашып отыр. Расында да, мұражай ұлттық мәдениеттің кірер есігі, қара шаңырағы іспетті. Көне жәдігерлер мекенінің босағасынан аттаған қарапайым адамнан бастап, лауазымды тұлғалар болсын, мемлекет басшылары немесе шетелдік қонақтар елдің, халықтың бай құнарлы мәдениеті жөнінде түсінік алады. Мұражай тек құндылықтар сақтайтын қойма немесе сол құндылықтарды көрсететін көрме ғана емес. Ең алдымен, ол – ұлттық ғылыми-зерттеу мекемесі.
Себебі мұнда атқарылатын жұмыстардың дені – ғылыми-зерттеу еңбектерінің түрлі көріністері. Мысалы, мұражайға бір зат келді делік, оны есепке алу қажет, камералық өңдеуден өткізіп, тегін анықтап, этникалық парқын айғақтаймыз, осының бәрі «атрибуция» деп аталады. Одан кейін жәдігердің төлқұжаты жасалып, тақырыптық каталогтаудан өтеді. Міне, нағыз ғылым – осы. Зерттеп, зерделенген жұмыстар кітап түрінде көпшілікке ұсынылады. Тарих, этнография, мәдениеттану, әлеуметтану, әлеуметтік антропология ғылымдары бойынша ең танымал әлемдік деңгейдегі көрнекті ғалымдар Роман Мариновский, Виктор Тернер, Клод Ливестроз – бұлардың барлығы мұражай қызметкерлері. Әлемдік мәдениетте сүбелі еңбектері мен мәңгі өлмес ғылыми туындыларын қалдырған ғалымдар мұражайда қызмет ете жүріп, ойларын дамытқан. Өркениетті елдерде мұражайға, мәдениетке деген жалпыхалықтық махаббат айрықша. Сондықтан біз қазақ мәдениетін әлемге таныту үшін, алдымен, өз елімізде мәдениетке, рухани құндылықтарға деген құрмет пен білімді жоғарылатып, ғылыми негіздерге сүйеніп, жетік зерттегеніміз жөн. Егер барымызды бағалай білсек, бізде басқаға танытарлық байлығымыз жетерлік. Рухани байлыққа баға жетпейді.
Мұражайлық зат деген ұғымды Ресей ғалымы Н.М.Дружинин 1930 жылдары отандық ғылыми айналымға енгізген болатын. Шетел зерттеушілері З.Странский, Й.Бенеша, К.Шрайнер, В.В.Кондратьева сынды зерттеушілер өз еңбектерінде мұражайлық заттар адамның ой өрісінің кеңеюінің негізі болып табылатындықтарын айтқан.
Қандай да бір зат мұражайлық жәдігерге айналу үшін біраз сатыдан өтуі керек. Мұражайлық маңызы бар заттарды ұзақ мерзімге сақтау үшін немесе жоспарланған есептерге пайдалану үшін біршама жұмыстар жүргізілуі керек. Ең бірінші, зат туралы деректер, яғни не үшін пайдаланғаны, табиғаттағы немесе қоғамдағы ортасы, адамдармен, не болмаса басқа заттармен байланыстары толтырылып, есепке алынады. Алғашқы нақты ғылыми жұмыстар жүргізілгеннен кейін барып, мұражайлық зат ретінде танылады. Мұражайға жәдігер ретінде қабылданғаннан кейін, ол заттың қабылданғанға дейінгі атқарған қызметі мен маңызы айтылмайды. Мысалы, тас шапқы еңбек құралы ретінде пайдаланған болса, мұражайлық жәдігер ретінде сақталған соң, белгілі кезеңнің куәсі ретінде есептеледі.
«Сіздің артыңызда қалдырған мұраңыз – жинаған байлығыңыз, жай ғана құндылықтар емес, жақсы өткізген өміріңіз. Құндылықтар – адамдардың не үшін өмір сүретінінің белгісі» деген екен Т.Джефферсон.
Олай болса, мұражай қорын толықтыру мен ондағы жинақталған құндылықтарды зерттеп-зерделеу барлығымыздың міндетіміз.
Өзге де мұражайлармен қатар мектеп музейлерін көбейту кезек күттірмес міндет деп есептеймін. Себебі, мектеп музейі балаға туған өлке тарихын үйретеді, табиғатымен таныстырады, халықтың салт-дәстүрін санасына сіңіреді.
Біздің Теректі ауданында зерделі жанға тарих тағылымын ұқтырарлық толымды істер баршылық. Соның бір айғағы ретінде Шалқар ауылдық округіндегі Сары Өмір ауылындағы Хамза Есенжанов атындағы жалпы орта білім беретін мектебіндегі қазақтың танымал ағартушысы, ойшыл, жазушы Хамза Есенжановтың мұражайы .
Білім беру жүйесінде қазақстандық патриоттық рухты қалыптастыруда Хамза Есенжанов атындағы тарихи-өлкетану мұражайының атқаратын орны ерекше. Мұражай 1978 жылы Х.Есенжанов мұражайы болып ашылды. Жалпы мұражайдың жұмысы, мәдени-тарихи құндылықтарды сақтап, бағалы экспонаттар арқылы жинақталған. Көрмелерге қойылған әр экспонаттар кез-келген көрерменнің санасын оятып, өрісін кеңейтуге көмектеседі. Мұражай экспонаттар арқылы бүгінгі жас ұрпақ өз елінің өткен тарихын білуге, туған жерінің табиғатын аялауға, Отанын сүюге, соғыс ардагерлерін құрметтеуге жақсы әдеттерді бойларына қалыптастырады.
Мұражайды жаңа заманға сай қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, оған кеңес құрылылды. Мұнда біздің тарихымыздың бөлшегі жинақталаған, бұлар – жансыз нәрсе сияқты тек жатқан жоқ, бала жүрегіне ізгілік ұялататын, тәрбиелейтін, сезімін оятып, зеректігін арттыратын үлкен тәрбие құралы.
Музей бұрынғы мен қазіргі материалдық және рухани мәдениетті сақтап, насихаттайтын киелі орын. «Өткеніңді білмейінше, болашағыңды болжай алмайсың»- деген өткен тарихымызды ақтара қарап, бүгінгі күннің көкейкесті сауалдарына жауап іздейді, қоғамның бұдан былайғы заңдылықтарын түсінгісі келеді. Таным дүниесіне осылайша қарасақ, музей өткен мен болашақты жалғастырушы түйін болып табылады.

АЛГАЗИЕВА АЙДАНА РУСЛАНОВНА

БҚО ТЕРЕКТІ АУДАНЫ БАЛАЛАР-ЖАСӨСПІРІМДЕР ТУРИЗМІ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫ

Логин:

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Пікірді ешкім жазбаған.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз, ойыңызбен бөлісіңіз.
avatar