Н. Орманбетовтың ХХ ғасыр поэзиясындағы алар орны және айтыстар мен толғауларының ерекшеліктері

Жарияланған материалдың жеке номері: 253


Н.Орманбетовтың ХХ ғасыр поэзиясындағы алар орны және айтыстар мен толғауларының ерекшеліктері

Нарманбет өз дәуірінің зор талантты ақыны, біртуар сыншысы. Осы
қырлары оның поэзиясының өн бойында өріліп, көрініп отырады. Бұл ақынның өзіндік қыр ерекшелігін танытады. Нарманбеттің толғаулары, айтыс – қағыстары , арнау өлеңдері оның поэзиясының ажырамас асыл бөлігі. Қазақ халқының тарихындағы күрделі бетбұрыстарға толы өмір сүрген Нарманбет қазақ ұлтына тән импровизацияны кең тұрғыда таныта білді. Тарихи ірі оқиғалар түйісінде өмір кешкен Нарманбет Абай үнінін жалғастырып, ұлтының болашағына бар жігерін жұмсай білген ақын, қоғам қайраткері.
Аталған дәуірдің әр сәтін айқын болжап, сын көзбен баға беріп, халық өмірінің ахуалын өз өлеңінің айнымас тақырыбы етті. Ол жаңа заман лебін де, болмысын да болжай отырып, оған өзінше лайықты бағаларын берді. Сыншылдық – дара қасиет. Бар ақынның маңдайына жазбаған бұл ақындық еншіні толықтай жүзеге асыра білген.
“Айтыс – сөз барымтасы” деп М. О. Әуезов айтқандай, сөз қағыстар, қысқа қайырымдар, айтыс сөздер Нарманбет шығармашылығының сүбелі тармағы. Оның Алдабердімен қағысы, апасы Қалиманмен қағысы, Бердібек шешенмен айтыс сөзі, Күмісай қызбен айтысы, Аққызбен айтысы бәрі – бәрі Нарманбеттің ұтқыр, тапқыр, орйлы ақын екенін танытады.
Табиғатынан іздемпаз болған ақын бала күнінен шешендік, тапқырлық қасиеттерге ерекше ден қойған. Оның ақындық, тапқырлық қасиеттеріне, алғырлығына ауылдың данагөй ақсақалдары болып танылған Тілеубай, Шалқар, Көлжан сынды елге қадірлі ақсақалдар батасын беріпті. Он үш жасынан аға – жеңге, ағайындарына шақпа тілімен, қағытпа қасиетімен көрінеді. “Апасы Қалиманды сөзбен қағытып, тапқырлығы мен ой –парасаты биігімен сөзден жеңіп айтқан екі – үш ауыз өлеңі бүгінгі оқырман қауымға тарады.
Апасы Қалиманды жас нәресте кезінде Қалмақ деген тұқымнан тарайтын бір жігіт айттырса керек. Кейін, партиягершілік қысылтаяңда Орманбет Қалмақтың басқа бір адамы Бәйеш дегеннен көп мал алып, қзын соған бермекші болады. Бәйеш келіп –кетіп жүргенде, Қалиманың аяғы ауырлап қалады. Апасының осы қылығын жақтырмаған Нарманбет:
Әпеке, құттты болсын қалмағыңыз,
Әйтеуір қалмақ екен бармағыңыз.
Қазақтан өз теңіңді таппадың ба,
Қалмаққа қалай ауды салмағыңыз?- дегенде апасы:
Бір барып алпыс қара айдап алдың,
Бір қызды мұнша неге пайдаландың,
Шынжыр балақ шұбар төс жігіт болсаң,
Қалмақтығын білгенде қайда қалдың, - дейді.
Сонда Нарманбет:
Орекемнен сұрап ем ойнас болдың,
Бермесіме сен сайтан қоймас болдың.
Әуелгі атаң Абылбай ода қалмақ,
Сен албасты қалмаққа тоймас болды, -деп жауаптасқан
екен”[ 18:45] Осы айтыста әрине, Нарманбеттің мысы басым.Өйткені оның ұстанған уәжі кімді де болса бұлтара алмайтын айғаққа құрылып отыр. Алайда айтыстың аяғы ұрыс, бейне айғаймен басып салған. Бұл айтыстан ақынның әлі де ашылмаған ақындық тәжірибесінің алды екенін ескерер болсақ, тәп –тәуір ұтымды уәж.
Нарманбет қазақ сөз өнерінің төресі шешендік өнерді ерекше қастерлеп пір тұтқаны белгілі жайт. Шешендік сөз Нарманбеттің творчетвосындағы бір алуан түр сипатты болып көрінеді. Оның Абайға ақын шәкірт болып қабылдануында да осы бір шешендік өнерге бейімдігін танығандықтан екендігін бүгінде деректер арқылы анық түйіп отырмыз. Шешендік сөзге барынша берле бала күнінен құмартқандықтан, ынта жігерін соған аударған.
Сонау қасиетті Қарқаралы өңіріне кемеңгер Абайдың келгенін естіп тілдесуді ниет етеді. Оның жатқан үйіне арнайы іздеп келіп, сәлем береді. “Танысудың есебін таппаған Нарманбет: “Тобықты Орманбеттің баласы едім, сізге сәлем бергелі келдім. Шахатым таусылып қалып еді” дейді жорта. Сонда Абай: “Баймын – қайыр – садақам жоқ, батырмын – мейір –шапағатым жақ, молдамын - тағат –ғибадатым жоқ” -депті. Сонда Нарманбет іле –шала: “Бар болып қайыр –сақауатыңыз жоқ болса, қарын ағаңыздан алған ғибратыңыз болар. Батыр болып мейір шапағатың жоқ болса, ғазірейілден алған ғибратіыңыз болар. Молда болып тағат – ғибадатыңыз жоқ болса, әзірейілден алған үлгіңіз болар” депті. [24:18] Міне, осындай аз ғана шешен тілдесуден кейін Абай оны ң тапқырлығына, шешендік қасиетіне сүйсініп, қасына алған екен деген аңыз бүгінде ел ауызында жырдай болып айтылып жүр.
Сөзге тоқтау нағыз айтулы ақындардың ғана қолынан келер шығармашылық ерлік.Мәселен Шөжемен айтысып жеңілген Жанақ т.б. ақындар өз қарсыласының мықтылығын, уәж табудағы ұтымдылығын ерекше бағалаған. Қазақта “ аталы сөзге арсыз тоқтамайды” деп сөз жүйесін түсінбегенді арсыз ақын деп танығаны мәлім. Нарманбетте сөзге тоқтаған, ақын. Бұл қасиеті оның суырып –салма ақындық қасиетінің бір қыры. “ Бірде ел аралап жүрген сері Тұрыш Ормамбет ауылына келіп түседі. Биге қайырлы болсын айтып, Нарманбенттің отауын барып жайғасады. Ертеңіне таңертең Нарманбеттің отауында сері Тұрыш жатыр дегенді естіген Алдаберлі сөз естімекке, ән тыңдамаққа ниет білдіріп осы ауылғакеледі. Есіктен “Ассалаумағалейкум” деп төрдегі Тұрышқа кіргенше Нарманбет:
Уағалейкумассалам, Маманшам,
Жоғары шығып, төрлете бер.
Бақытты өмір сүріп,ержете бер.
Қызға қолың жетпейді созғанменен,
Шал – шауқанға мінгесіп селбесе бер,- дейді
Тұра қалған Алдаберді:
Бір кезде сіздің де қол жетпеп еді,
Жеңешемнің бесігін тербете бер.
Қарыс қадам қасынан қарсы шықпай,
Ісегіңде қартайып кер кете бер, - деп жауап береді.
Осы жайлардың куәгері болып отырған Тұрыш: “Наржан, Алдаштан жеңіліп қалдың -ау” дегенде Нарманбет: “Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады” деп өздерің айтпаушы ма едіңдер. Жүйелі сөзге не айтуға болады екен деген.” [25:112] Ақынның жүйелі сөзге тоқтаған асыл қыры осыны танытса керек.
Өз дәуірінің перзенті болған Нарманбеттің Күмісаймен айтысы қыз бен жігіт айтысының көркем нұсқасы десек қателеспейміз. Қарапйым қыз бен жігіт айтысын әйел басындағы теңсіздік, ұлттық қазақы инабаттылық, құрдастық жарасмды қалжың бәрі –бәрі осы айтыстың бойында қамтылған. Сөз дәйектілігі үшін мысал келтіре кетейік.
Күмісай:
Мен тұрмын өз қойыма күрек аршып,
Жеңешем жүре алмай жүр көзін басып.
Жоқ болса асығысың ақырын жүр,
Кетпесін қой өлтңрңп, атың басып.
Нарманбет:
Мінгенім астымдағы қаржал сұр,
Қайырып қаршығама ілдірем құр.
Атымның қыз көргенде мінезі сол,
Бетіңнен омыраулап сүйгелі тұр.
Айтыстағы қолма –қол жауап қайырып, әрі құрдастық жеңіл де жарасымды әзілмен сүйеу енағыз қыз –жігіт айтысының көрігін қызыдырып тұр. Бұрнағы Біржан мен Сара, Сүйінбай мен Меңдібаланың айтысындай әсерлі сонмен қатар жаңа сапалық деңгейге көтерліген. Айтыстың өне бой мазмұнына әйел теңсіздігі, ғашықтық мәселесі қамтыла алға тартылады.
Ақын тек айтыс өнерінің дәстүрлі қалпын дамыты жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, жазба айтысқа тән сападағы түрлерді өзшығармашылық мұрасында қатар алып отырады. Ақындық шабыт шалқары кемеліне келгенде ұстаздық алдын көрген ұлы Абайдың мінсіз өлеңінеде сөз қағыстыра өзгерту, өзіндік түзету енгізіп, ақын ініге тән ерке де еркін қылық танытады. Біздің білуімізше, Абайға мың ақын еліктеп жазса да, Абайдың өлеңіне батылы жетіп түзету енгізген, сөз жарыстыруға барған бірден –бір ақын Нарманбет екені даусыз. Осыдан-ақ Нарманбеттің шығармашылық қыры мен ақындық сыры, суретткерлік сипаты дараланып, ашылып көрінері анық.
Абай:
Кемді күн, қызық дәурен бозбалалық,
Қартаймастай көрмелік ойланалық.
Жастықта бір күлгенің бір қаралық.
Күлкі баққан бір көрер бейшаралық.

Нарманбет:
Кемді күн қызық дәурен, бозбалалық,
Бозбалаға талап көп қозғаларлық.
Басында тағлым алсаң жақсыдан ал,
Әр сөзден тиер пайда бір қаралық. [14:173]
Абайдың өлеңінде пәлсапалық ой басым болса, Нарманбет үлгісінде ақындық өнегеге құрметпен, ұстазға деген тағзым, ізет білінеді.
Ақын мұраларының болмысы мен бітіміне үңілгенде, оның алуандық бояларын байқаймыз. Ақынның кез келген шығармаларында нақыл сөздер, сынау, шыншыл реалистік пікір сынды қасиеттер молынан ұшырасады. Оның өлеңдерінің табиғаты бірнеше бағытағы арналы ойлар жүйесін түйістіреді. Мысалы:
Дауысың қалай ашылды,
Сыңқылдап бүгін қоңырау.
Желі қаққан тоқпақтай,
Тоңқылдаушы ең бұрын-ау!
Бір ғана шумақпен талайлардың шымбайына шаншудай батқан. Сыңқылдау, тыңқылдау сынды экспресивті бояуы бар сөздерді ойната қолдану арқылы шумақтың ішкі мазмұнын ширатқан. Осындағы лирикалық қаһармандар 1917 жылдардағы патша өкімтенің жандайшаптары ретінде алынып, олардың әрекеттері де детальді түрде берілген. Бұл да Абайдың айқын дәстүрі. “Бірде тыртың етесің, бірде жыртың” болып келетін “ бас басына би болған өңкей қиқымның” әрекет үстіндегі мінездерін жақсы ашқан. Сол арқылы сатиралық образдың нәзік тұстарын сомдай білген.
Орыс – қазақ жиылдық,
Ой, батюшке, тамыр –ау!
Еңкейе басып, ентелеп,
Ақсақ, соқыр, таз келді.
Жалаң қабат киіммен,
Неге тоңсын жаз келді.
Сарып болған сиырдай,
Сандала басып, салбырап,
Сары түймелер аз келді.
Бұнда бір ғана әдеби штрихтар арқылы тұтас бір типтік бейнелер сраланып шыға келген. Шеберлігіне қарасаңызшы! “Сары түймелер аз келді” дей отырып, сары түймеден түйедей шенеунікті астар етуі табылған синегдоха. “Жалаң қабат киіммен” еніп жатқан орыс мұжықтары. Онсыз да аш –арық орыс мұжығына -қазақ жері жанат, жерұйық. Ендеше, “неге тоңсын, жаз келді?” Ақын риторикалық сұрақ қоя отырып, оның жауабын да өзі меңзеп тұр. Тіпті шенеуніктердің әректі де нақтылыққа құрылған. Еркінсіп, салбырап жүрген жүрістерінің өзі құтырған сиырдай бір тентек әрекет күткізгендей оқырманын елең еткізеді.[28:11]
Нарманбет поэзиясы ақынның айтар ойын, дәлде ұтымды жеткізеді. Оның шығармаларының бір мәнді саласы терме, толғау сынды ауыз әдебиетінің үлгісіндегі лирикалық туындылары болып келеді. Ақынның толғау, терме сынды мұралары мазмұн тереңдігі мен көркемдік сипаты оның рухани құндылығын арттырады.
Ақынның лексиконы көбіне образды сөзбен, нақыл – қанатты сөздермен өріліп отырады. Осы арқылы оның Абай тәлімін алғандығын және оның өмірге деген пәлсапалық көзқарасын көрсете білген. Ақын қай тақырыпты жырласада көпшілікке елеусіз тұстарына ерекше мән беріп, әлеуметтік –саяси астарына терең үңіледі.
Ол өз поэзиясында заман тынысының адамдар арасында орын алған қайшылықтарды, ұсақ құнсыздықтарды әшкерелейді, шебер мінейді. Оның әрбір өлеңдері қысқа суретті болып, образды сөзбен өріледі.Оның терме текті жырларында жыраулар метебінің үлгісі болған дәстүрлер жол болған. Бұл Бұқар, Шалкиіз, Жиембет сынды жыраулардың адам жасының әр сәтін көрсету арқылы адам өмірінің баянсыздығын ашуға ой бағыттайды. Нарманбет дәл солайша жыраулар жолымен жыр кестелейді.
Он жасқа келдім,
Асық ойнадым.
Қызығына тоймадым.
Өзім қатар баланың асығын қоймадым.
Жиырма жасқа келдім,
Бойға жеттім бойладым.
Сондадағы балалықты қоймадым.
Жиырма бес жасқа келдім,
Жақсылыққа сүйіндім,
Жамандыққа күйіндім. [14:199]
Әр жас ерекшелігінің өз қызғы, өз базары бар екенін ақын жырауларша түйеді.Алайда, өзіндік үнімен, өзіндік ой жотасымен шоқтықтана дараланады. Бұл қайталаудың калька жолы емес, өнер жарыстыру, сөз таластыру сынды өнер бәсекесінің түрі іспеттес.
Ел тақырыбы, жер тақырыбы Нарманбет поэзияснда көркемдігімен, ақындық ұстанымымен ерекшеленеді. Ақын ұғымында Сарыарқа бүкіл қазақ жерінің баламасы. Сарыарқаны жоқтау арқылы, ақын элеггияға батады, елдің ертеңгі күніне қабырғасы қайыса толғанады, қайғырады.
Сарыарқа, сарқыраған суың қайда?
Түнде шық, күндіз мұнар буың қайда?
Шажағай шарт –шұрт етіп, нөсер құйған,
Көк-жасыл кемпірқосақ туың қайда?
Көк майса, көкорай шалғын шөбің қайда?
Көк қасқа бетегең жоқ түбі майда.
Жанатын жарық сәуле, шырақ бар ма?
Ахуалын заманның аз сөйлейін,
Тыңдайтын құмарланып құлақ бар ма?
Көтерген ақ орда да ханың қайда? [14:89]
Ақын осы өлеңінде сұрай арнау арқылы фигура түрін орынды қолданып, өткен күнді, өткен қазақ қоғамын аңсайды, өзінен -өзі сол қоғамды зарлай сұрайды. Символдық белгілер арқыл туған жердің бұрынғы қасиеттерін дәріптейді. Еркіндікке, азаттыққа ұмтылады. Өлең саяси лирика тақырыбына арналған.
Жыраулық үлгіде жазылған толғауларды сомдауға нақылмен сөйлеуі шығарма құндылығын артырады. Тіпті кей толғаулары тұтас бір қанатты сөздерден тұрады десек артық айтқандық емес. Мәселен:
Ақыл деген бір іс бар,
Онда болса, жүзде жоқ.
Сабыр деген бір іс бар,
Бірде болса, бірде жоқ.
Қанағат деген бір іс бар,
Қанағат қалған пенде жоқ.
Адамдық ізгі қасиеттерді тергеп, санамалап олардың көпте емес жалқыда, тобырда емес, тұлғада болатын асыл дүние екенін жақсы ұқтырады.
Қасқыр деген бір аң бар,
Қыра берер, жеуге жоқ.
Бұған ұқсас бір жан бар,
Қанағат қылам деуге жоқ.
Ақынның дидактикалық мотивке құрылған жыр қуатындағы паралелдерді қою қыры мейлінше көркем де төтен танылған. Ұлт мінезінің ұсақталған кейпін күйінген ақын олардың жаман қылқтарын, қоғамдық мерезді санамалап теріп, одан жас ұрпақты сақтандырады, жирендіреді, жирендіре отырып арсыз қылықтан бездіреді. Көркем сөздің түпкі көксегені осы мүдде болса керек.
Қысқасы, Нарманбеттің айтыс үлгілері, шешендік сөздері, толғау –термелері оның мәнді мұраларының асыл бөлігін құрайды. Осынау терме –толғауларындағы көркемдік кестені ашу арқылы жырдың идеялық мұратын, рухани қуатын анықтай түспекпіз.
Ауыз әдебиетнің бай мұрасымен сусындап, Абайдың өлең ғибратын бойына жинаған Нарманбет шығармалары толықтай жиналып, зерттеліп, өз бағасын алып, өз биігінен танылып болған жоқ. Нарманбет туындылары сол заманның объективті шындығын, сол қоғамның болмысы мен бітімі. Абайдың ақын шәкірті ретінде танылған Нарманбет поэзиясы өзінің көркемдік –тақырыптық аяларында Абай дәстүрін берік ұстанады.
Осындай шығармашылық ерекшеліктерімен танылатын Нарманбет Орманбетовтың әдеби мұрасы қазақ әдебиетінің қазынасын толықтыратын, қазақ сөз өнерін байыта түсетін асыл мұралардың бірі болып табылады, олай болса, Нарманбет Орманбетұлы қазақ әдебиеті тарихынан лайықты орын алатын тұлға.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Нарманбет Орманбетұлы. Шығармалары. Қарағанды: Болашақ.1998
2. “Абай” энциклопедия Алматы 1995 ж.
3. Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы. 1986.
4. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы “Мектеп” 1973 ж.
5. Алдажаров Н. Тобықты тарихы. “Жұлдыз” журналы. 1996 – 8.
6. Ақылдың кені. Алматы “Қазақстан” 1991 ж.
7. Әуезов М. Абайтанудан жарияланбаған материалдар Алматы “Ғылым” 1986 ж.
8. Әуезов М: Абай ақындығының айналасы. “Әдебиет майданы” 1934 №11, 12.
9. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Алматы “Қазақ университеті” 1992 ж.
10. Әбдіғазиев Б. Нарманбет ақын. “Егемен Қазақстан” 1990 29 шілде.
11. Әбдіғазиев Б.Жақсылар істі түзеттер. “Егемен Қазақстан” 191 27 шілде.
12. Әбікенов М. Нарманбет жөнінде аздаған ой – толғау “Үш анық” 1993 ж.
13. Әдеби мұра және оны зерттеу. Алматы 1961 ж.
14. Әдебиет пен өнер мәселесі бойынша 30- 40 жылдар басында қабылданған қаулыларды зерттеу жөніндегі Қазақстан компартиясы Орталық Комитеті қорытындысы. “Социолистік Қазақстан” 1989 9- желтоқсан.
15. Байтұрсынов А. Жоқтау Алматы “Байтұрсынов атындағы қор” 1993 ж.
16. Бекенұлы Е. Ұлт қозғалысы және ұлтшылдық әдебиет Қызылорда. 1935 ж.
17. Майтанов Б. “Абай жолы айшықтары” Шымкент “Қасиет” 1995 ж.
18. Кенжебаев Б. Қазақ тарихының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары “Қазмембас” 1958 ж.
19. Ергөбеков Қ. ХХ ғасыр басындағы әдебиет Алматы “Білім” 1994 ж.
20. Қалиев С. Ұлы билердің ұстазы. Абай журналы 1996 №4.
21. Қабдолов З. Сөз өнері Алматы 1989 ж.
22. Қазақ ССР энциклопедиясы Алматы 1961
23. Қазақ ССР тарихы Алматы “Ғылым” 1982 3- том.
24. Қазақ әдебиетінің тарихы Алматы “Ғылым” 1965 2- том, 2- кітап
25. Мұқанов С: Абайдың шәкірттері туралы “Әдебиет және искусство” 1951 ж.
26. Мұхаметқанов Қ. Нарманбет ақын Абай журналы. 1997.
27. Әуезов М. Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі. “Шолпан” журналы, 1922 ж.№ 1,2 сандары.
28. Сағымбекұлы Р. “Қайта жанған жұлдыз”, “Қарқаралы” журналы, 1992 жыл, №1 33 – бет.
29. Қаза КСР Ғылым академиясының Орталық кітапханасы, “Нарамнбет папкасы”, 293 бет.
30. “Нарманбеттің қолтаңбасы” Жезқазған облыстық “Сарыарқа” газеті. 1990 жыл, №178
31.Бабашов А. Нарманбет ақын және “зар заман” ағымы. Қаз МУ
хабаршысы. Филология сериясы. №41.)

Ақаш Азат

"Дарынды ер балаларға арналған"Білім-Инновация" лицей-интернаты КММ

Ұстаздарға арналған сертификаттар
18
Декабрь
0
322

Пікірлер: 0

avatar