Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваторияның дәстүрлі ән кафедрасының меңгерушісі, ғылым кандидаты, ұлағатты ұстаз Ұлжан Байбосыновамен сұхбат

Жарияланған материалдың жеке номері: 292


1. Сіз Сыр бойы Қармақшы дәстүрінің аса көрнекті өкілісіз. Жалпы өзіңіз өнер жолына қалай келдіңіз, бала кезіңізден ән айттыңыз ба? Ата-бабаларыңызда атақты жыраулар болды ма?
- Жыраулық дәстүр – тек қуалайтын өнер. Атадан балаға ауыздан ауызға жететіндігі баршаға мәлім. Жыраулық өнер туғаннан яғни жаратылысыңнан бойға дарып қонады деп айтуға болады. Сондықтан болар әуелі Алланың сонан соң ата бабаларымыздың аруағы қолдап аузыма салып, бойыма дарыса керек. Жалпы туған тегімде яғни ата бабаларымыздан ақын-жыраулар көп шыққан. Сырдың бойында атақты Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Жиенбай, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Рүстембек, Мұзарап т.б.
көптеген ақын шайырлары мен сүлейлері,дүлдүл жыраулары өткені белгілі. Атақты сырдың сүлейі Әлиакпар Жұматаев деген аталарымыз «Кетенің жүз жүйрігі» деген ұзақ толғау жазып қалдырған. Сол толғауда кете руынан шыққан жоғарыда аттары аталған ақын-жыраулармен қоса сөз саңлақтары мен жыр жампоздарын мадақтап жүзін тізіп өткен. Аты аталмай кеткені де бар. Мен осындай жыраулардың ұрпағымын деп мақтанышпен айта аламын.
Әрине, өлеңді бала кезімнен айта бастадым. Алғаш рет 7 жасымда мектептің сахнасында терме айтқаным көз алдымда. Жастайымнан жырауларды естіп өстім. Талай даңғайыр жыраулар от басымда жырлаған кездері көп болды. Ата – анам арнайы шақыртып алып күн-түн демей жырлатып тыңдайтын. Жыраулық өнерге баулыған да ата-анам болды. Бойымда сол өнердің барын көре білген ата-анам мені сол жолға салып тәрбиелеудің барлық мүмкүндігін жасай білді. Сол үшін ата-анама шексіз ризамын және мәңгілік қарыздармын.

2. Сыр бойындағы басқа дәстүрлер Арал дәстүрі, Нартай мектебімен салыстырғанда Қармақшы жыраулық өнерінің орындаушылығында қандай ерекшеліктер бар? Мұндай өнердің тембрлік бояуы қандай болуға тиісті. Осыған байланысты сіздің өзіңіздің үлгі тұтар тікелей дәріс алған немесе дыбыс таспаларынан естіген тұлғаларыңыз
- Сыр бойында орындаущылық және мақам саздық ерекшелігі тұрғысынан үш мектепке бөлініп жатады. Арал – Қазалы, Шиелі-Жаңақорған және Қармақшы-Жалағаш өңірлері бойынша қалыптасқан жыраулық мектептер. Бұл мектептер жоғарыда айтылғандай әсіресе мақамдық-саздық және орындаушылық мәнері бірін-бірі қайталамайды. Менің ұстанған мектебім – Қармақшы ауданында туын тіккен жыраулық өнер. Қармақшыда қалыптасқан жыраулық дәстүрдің басқа мектептерден ерекшеленетін тұсы дауыс бояуында. Мақам-саздар көбіне бас буын және ортаңғы буында жүреді. Яғни төменгі және ортаңғы регистрде деп айтуға болады. Осыдан ақ байқауға болады яғни дауыстың бояуы қою әрі терең көмейді қажет етеді. Сонымен бірге дауыстан бөлек міндетті түрде күрделі мақам-саздарды игеруде көп ұстаздық тәрбие қажет. Жоғарыда айтып кеткендей жырауларды көп тыңдадым. «Құлақтан кіріп, бойды алмай» болмайды. Әсіресе жыраулықта көп тыңдау аса маңызды. Өткені ұзақ жырларды есте сақтауға, келешекте жаттауға да көп септігін тигізеді. Әрине ең басты жыр тыңдау күрделі мақам-саздарды меңгеруде аса маңызы зор. Бала күнімде өзімнің нағашым атақты жырау Әбдірасыл Жұбатқановты көп тыңдап өстім. Сонан соң жоғары оқу орнында ұстаздық еткен Алмас Алматов болды. Ал мақам-саздарды түбегейлі меңгеруіме және кәсіби орындаушылық өнерімді қалыптастыруда ұстаздық еткен – Бидас Рүстембеков болды. Бидас Рүстембеков әулетті жырау екендігін жақсы білесіздер. Әкесі Рүстембек жырау болса, атасы үш жүзге аты мәлім Жиенбай жырау. Қармақшы мектебін яғни жыраулық өнерді жасаушы және қалыптастырушы, қазіргі біз айтып жүрген мақам-саздардың иесі – Жиенбай жырау. Сол себепті мақам-саздарды тікелей жалғастырып жеткізуші Бидас Рүстембековтен тәлім алып, шәкірт болғаным мен үшін үлкен мәртебе деп есептеймін.

3. Сіздің репертуарыңызда қанша жыр толғаулар бар?
- Ұстазым Бидас Рүстембековтен атақты «Көрұғлы» жырын түгел өз аузынан үйрендім. «Көрұғлы» жырын қазақ жырауларының жырлауында бірнеше нұсқасы сақталғандығы белгілі. Соның бір нұсқасын сыр бойында Жиенбай жырау жырлап қалдырған. Жыр сюжеттік даму желісі бойынша мақам-саздары да мазмұнына сай сөзімен біте қайнасып өріліп отырады. Жырдың бұл нұсқасы әсіресе ерекше тұсы қазақ менталитетіне сай жасалған. Ішкі мазмұнында ат сейістік, тұлпар баптау, ат сынау сынды қасиеттерге көп мән берілген. Сол себепті жырды кез келген қазақ қызығып әрі құмартып тыңдайтындай деңгейде деп айтқан болар едім. Бұл жырды Жиенбай өз баласы Рүстембекке, ал Рүстембек жырау баласы Бидасқа ауызекі үйретіп қалдырған. Бидас ұстазымнан бұл жырды үйреніп, қазіргі таңда өз шәкірттеріме үйретіп келемін. Сонымен қатар жыр қорымда дін тақырыбында жазылған толғаулар, мысал-хикаялар мен қисса – дастандар бар. Кандидаттық диссертациялық тақырыбым «Сыр бойы ақын-жырауларының шығармашылығындағы ислам тақырыбы» деп аталады. Осыған орай консерваторияның аспирантурасында оқып жүргенімде зерттеу нәтижесінде көптеген ел аузынан, жыраулардың орындауында және қолжазба түрінде сақталған дін тақырыбындағы шығармаларды жинадым. Заманында орындауға шектеу қойылған жыр-толғауларды өз репертуарыма енгіздім. Солардың ішінде Әлиакпар Жұматаевтың «Жүз сауал», Шораятың Омарының «Сәдуақас сахи», «Дариха қыз» қисса дастандары мен терме толғаулар және мысал – хикаялар бар. Сонымен қатар ақын-шайырлардың шығармалары яғни өсиет, нақыл сөздері де репертуарымнан кеңінен орын алған.

1. Біз сізді жыршы, орындаушы, ұлағатты ұстаз ретінде жақсы танимыз. Ал, өзіңіздің ақындық қасиетіңізді сынап көрдіңізбе?
- Жалпы өсиет, нақыл сөздер орындап жүргеннен кейін көбіне сөздің мазмұнына мән береміз. Ойға дана, ақылгөйлердің сөздерінен кейін өлең жазуға бата аламай қалатын тұстарым көп болады. Дегенмен өлең жазатындай аздаған қабілетім бар.

5. Речитациялық дәстүрде поэзиялық мәтіндер ұзақ, көлемді болатыны белгілі. Осыншама көлемді шығармаларды есіңізде қалай сақтайсыз?
- Ең әуелі тумысыңдағы берілген қасиет пен ішкі қабілетіңе көп байланысты. Екіншіден есте сақтау, жадында сақтау, жаттау бұлда адамның дағдысымен келеді. Оны да дағдыға айналдырып, әрдайым жұмыс жасатып отыру қажет. Не нәрсеге еңбек керек. Еңбекпен жасамай ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Әсіресе өнерде аса маңызды. Өйткені оны жасыру мүмкін емес.

6. Әрбір жыраулық мектептің музыкалық ерекшелігін айтқанда жыраудың айтатын әуені домбыраның сүйемелдеуімен бірге жүретіні белгілі. Атақты жыраулар сол бір-бірімен біте қайнасқан екі саланы бірдей дәрежеде меңгеріп келді. Ал сіздің ұстаздық тәжірибеңізде жыр үйреткенде домбыра сүйемелдеуінде студенттер арасында кемістіктер бола ма?
- Әрине алғаш келгенде студенттерде көптеген кемшіліктерді байқайсың. Студенттің қабілетіне және ішкі ой-талғамына қарай жұмыс жасайсың. Ұстазым Бидас Рүстембеков айтып отыратын «домбыраны жетік меңгеру қажет. Өткені домбыра жыр орындауда сені жетелеп отырады» - дейтін. Расында домбыра мақам-саздың өн бойын аралап отыруы қажет. Мақам-сазды сұлулайтын да домбыраның қостауы. Сондықтан студенттің домбыраны ұстауы, сол қол мен оң қолдың позициясы барлығы міндетті түрде ескеріледі.
7. Музыкалық аспаптың жыраудың дауыс диапазонына сәйкес келуіне қандай мән бересіз?
- Жоғарыда айтып өткеніміздей музыкалық аспап жырауға аса маңызды. Аспаптың дыбыс бояуы да орындаушыға көп әсерін тигізеді. Жыраудың дыбыс бояуына лайық болғаны әбден дұрыс. Қазіргі таңда аспап жасайтын шеберлер өте көп. Сондықтан қазіргі орындаушылар үшін өзінің дауыс бояуына лайық аспап табу қиын емес деп ойлаймын. Дегенмен домбыраның қоңыр әрі қазақы дыбысын іздеп жатамыз. Өткені жыраудың дауысы, тембрі яғни дыбыс бояуы да қоңыр, қою, терең көмейден шығады. Домбырадан да сол дыбысты іздеуге тырысамыз.

8. Сіз Қармақшы жыраулық дәстүрін алыс-жақын шет елдерде насихаттап жүрсіз. Сол жол сапарларыңызда өнеріңізге қатысты ерекше есте қалар оқиғалар болды ма?
- Он бес жылға жуық шет мемлекеттерде концерттер беріп келемін. Бір есте қалған жәйтті айтып өтейін. Американың Бостон қаласында бір жарым ай бойы дүниежүзілік жобаға қатысып концерт бердім. Ол жобаның аты «Гераклдың балалары» деп аталады. Ол музыкалық-драмалық спектакль болатын. Мен Афина құдайының рөлін сомдадым. Яғни спектакльдің өн бойын жырмен көмкеріп отырдым, Сахнаның декорациясы Афина құдайына орнатылған алтын тақтан ғана тұрады. Екі жарым сағат бойы сол тақтың үстінде қозғалмасы отырамын. Спектакльде он екі толғау орындаймын. Арасында актерлердің көрінісі жүреді. Спектакль күнде жүреді. Бір күні қатты ауырып қалдым. Денемнің қызуы көтеріліп кетті. Сөйтіп спектакль менсіз өтті. Спектакльге жиналған халық орындарынан ду көтеріліп спектакльді тоқтатып тастапты. Афина ролін сомдайтын кейіпкер шықпаса спектакльді көрмейміз депті. Ертеңіне сол спектакльге келген халық менімен пресс-конференция өткізуін талап етіпті. Мен сол ауырған қалпы пресс-конференцияға келдім. СНН мен Би-би-си радиосының журналистері де бар. Сонда алғашқы сұрақты былай қойды: «Спектакльде орындаған шығармалараңызды өзіңіз шығардыңыз ба?»- деді. Мен: «Бұл өсиет сөздерді менің ата-бабаларым маған мұраға қалдырған. Бұл қазақ халқының моральдік кодексі» - дедім. Журналистің жауабы: «Қазақ – ұлы халық болды ғой» - деді. Мен жылап жібердім.

9. Ғылым кондидатысыз, жырау, ұстазсыз. Осы үш саланы бір-бірімен ұштастырып нәтижелі жүргізуіңіздің сыры неде?
- Мұнда тұнып жатқан сыр бар деп айта алмаймын. Барлығы бірімен – бірі тығыз байланысты. Жыраулық өнердің өзі ой-өрені талап етеді. Сол себепті көбірек іздендім. Барынша дәстүр жайлы тереңірек білуге талпындым. Қыр-сырына әлі де бара алмадым. Екіншіден орындаушылықтың озық деңгейіне жету мақсатында әлі де тоқтаған емеспін. Үшіншіден осы білгенімді болашақ жыраулық өнерді жалғастырып келер ұрпаққа жеткізушілерді дайындау борышым деп білемін. Өткені жыраулық өнердің бүгінге жетуіне біздің ұстаздарымыз зор үлесін қосты, ал біздің міндетіміз келешекке қалдыру. Бұл үлкен жауапкершілікті іс деп есептеймін.
10. Көкіл мектебінде жұмыс атқарғаныңызда А.С.Райымбергенов секілді білікті мамандармен бірге орта мектеп оқушыларына арналған бағдарламалармен оқулық жаздыңыздар. Сол жұмыстың консерваториядағы педагогикалық жұмысыңызға әсері болды ма? Жалпы шығармашылығыңыздың сол кезеңі туралы айта кетсеңіз?

Мектептетегі педагогикалық қызметім Қызылорда университетінің «Халық әні» кафедрасына оқуға түскеннен басталып кетті. Дарынды балаларға арналған гимназияда жыраулық өнер үйірмесін аштым. Сол үйірмеде бес жыл бойы жұмыс атқарғанымда түйгенім жыраулық өнерге баланы жастайынан тәрбиелеу керек екенін түсіндім. Балаларға өзімнің бала күнімнен қариялардан, жыраулар аузынан естіген ескі әңгімелерді айта отыра жырдың мазмұны мен мағынасын түсіндіруге талпынатынмын. Сол үйірмеде сабақ алған шәкіртім Ләйлә Құндақбаева бұл күнде филология ғылымдарының кандидаты. Атақты сыр бойының шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. Сол шәкіртім ақындық қабілеті ұшталып бұл күнде бірнеше өлеңдер жинағының авторы. Оқу бітіргеннен кейін 1996 жылы Алматыға ғылым іздеп аттандым. Алматы консерваториясына келгенімде ғылыми жетекшім бүгінгі таңда өнертану ғылымдарының докторы Әсия Мұхамбетова болды. Әсия апайдан алған тәрбием ұшан-теңіз. Мен алғаш Әсия апайға жолыққанымда ғылымның түпсіз терең екендігіне көз жеткіздім. Әсия апай мені алғаш рет ірге тасы енді ғана қаланған «Көкіл» мектебіне алып келді. Сөйтіп, «Мұрагер» бағдарламасымен таныстудың да реті келді. Мен үшін жат бағдарлама болмады. Өзімнің іздегенім алдымнан шыққандай қуандым. Өйткені балалармен жұмыс жасау, ұлттық өнерге баулу да алға қойған мақсаттарымның бірі болатын. Аспирантурада оқи жүріп мектепте қызмет атқардым. «Мұрагер» бағдарламасы ол кезде төрт жылдық бастауыш сыныптарға арналған бағдарлама болатын. Кейін келе бағдарлама жеті жылдық болып ұлғайды. Бағдарламаға айтыс, жыраулық өнер кейін келе түркі және шығыс халықтарының музыкасымен толықты. Балаларға сабақ бере жүріп әрбір өткен тақырыпты сынақтан өткізіп сараптай бастадым. Жылдар өте келе сынақтан өткен әрбір сабақ өз нәтижесін бере түсті. 2002 жылы жоғарыда айтып кеткен Америкалық жобаға шақыртылдым. Сол жобаның дайындығы барысында бір кісі менің келгенімді естіп арнайы іздеп келеді. Таныса келе ол адамның музыкатанушы, ғалым Теодор Левин екенін білдім. Теодор Левиннің келгендегі мақсаты халықаралық АГА ХАН қорының барын айтты. Халықаралық қор дәстүрлі өнер, мәдениет және білім саласында қолдау көрсете алатын мүмкүндіктерінің барын түсіндірді. Мен де іздегенім алдымнан шыққандай қуана кетіп «Мұрагер» бағдарламасы жайлы айтып өттім. Бағдарламаның тек бір мектеп аясында ғана емес, қазақ балаларының осы бағдарламамен оқуы керек екендігін яғни ұлттық өнерге баулу арқылы тәрбиелеу біздер үшін аса маңызды екендігін барынша дәлелдей түстім. Сөйтіп, 2003 жыдан бастап халықаралық қордың қолдауымен сабақ жоспары арқылы жинақтаған мол тәжірибеміз әдістемелік нұсқау, кейін келе оқулықтарға айналды. Бүгінгі таңда сол мақсатымызға жетіп халықаралық АГА ХАН қорының қолдауымен «Мұрагер» бағдарламасымен Республикамыздың 80-нен аса мектептері жұмыс жасап келеді. Жалпы «Мұрагер» бағдарламасы – ұлттық өнер арқылы баланың ұлттық санасын қалыптастырушы құрал деп айтар едім.
11. Дәстүрлі ән жырлардың қазіргі кезде эстрадалық нұсқада айтылуына қалай қарайсыз? Мұндай нұсқалар дәстүрлі шығармалардың мазмұнын, ой мақсатын тыңдаушыға қаншалықты терең жеткізе алады деп ойлайсыз?
Ән – жырларымыздың эстрадалық нұсқада айтылуына түбегейлі қарсымын деп айту да қазіргі таңда қиынға соғады. Қазақта бір жақсы сөз бар «Су ағады, тас қалады» деген. Дәстүрлі ән – жырымыз саф алтындай салмағы ауыр. Бұл өнер қандай да бір тарихи қиын кезеңдерді бастан өткерді. Ешқайсысына мойымады да жойылмады. Ештеңенің зияны да тимеді. Сол қалпында ғасырлар бойы жалғасын таба білді. Бұл ән-жырымыздың тектілігінде деп есептеймін. Сондықтан қазіргі таңдағы эстрадалық нұсқаларының пайда болуы сондай бір өтпелі кезеңнің бірі деп қараймын. «Ат айналып қазығын табады» демей ме? Халық өзі тазасын танып алады. Бұлақтың көзінен су ішкендей мөлдірін іздейді. Ал бұлақтың көзі тазайын өнерде. Рухани дем, жанына азық, санасын серпілтіп, жүрегіне от беретін шынайы өнер деп білемін.
12. Болашақта алға қойған шығармашылық жоспарларыңыз қандай?
-Бұл сұрағыңыздың жауабын рұқсат етсеңіз келешекке қалдырайық. Келесі сұхбатта атқарған жоспарларыммен шығармашылық жаңалықтарымды айтып беремін деп ойлаймын.

Сұхбатыңызға рахмет!

Әділбаева Дария

П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің «музыка-теориясы» бөлімінің оқытушысы

Ұстаздарға арналған сертификаттар
18
Декабрь
0
47

Пікірлер: 0

avatar