Меню
Артқа » » » Материал жариялау

Тарих тудырған талант

  • 1.0 Рейтинг
  • 452 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 171

"Тарих тудырған талант"
(Жазушы Қабдеш Жұмаділов туралы)
Әдетте, әдебиетте тыңнан жол тартқан жазушыны ғана талант деп танимыз. Бұл, әрине, әділ баға. Әйтпесе, әліне қарамай әлектенген, қолынан келмес шаруаның шаужайына жармасқан кез келген кісі қанша қалам тербесе де қаламгерлер қатарына қосылып, жалпақ елдің жадында қалмасы хақ. Шын жазушы - шынайы таланттың жемісі деуіміздің түп төркіні осында жатса керек.
Бүгінде Қабдеш Жұмаділов қандай жазушы дегенде ойымызға осындай ойлар оралар еді. Оның қалың оқырманға да , әдеби ортаға да кеңінен танылған жазушы екендігі ақиқат. Ол өзінің талантты тұстастарынан да дара көрініп тұратын дарын иесі. Қабдеш жазған шығармалардың еленіп-ескерілмей , тасада қалған кезі жоқ. Талғам-талабы биік жазушының әдеби туындылары алғашқы жарияланған әңгімесінен соңғы жазған романына дейін жұртшылықтың жүрегіне жол тауып, айтыс-талас тудырып , әйтеуір жайбарақат қалдырған жері жоқ. Міне, бұл жазушының бекер еңбектеніп жүрмегендігінің басты белгісі.
Қабдештің әдебиеттегі қолтаңбасының ерекше екендігін өзінше жазу мәнері, сөз қолданысы , кейіпкерлердің іс-әрекетін өмірмен байланыстыра алуы, мінез-құлқын сомдауы, оқшау образдар жасауы, тосын тұлғалар табуы тайға таңба басқандай дәлелдеп-ақ тұр.
Қабдеш Жұмаділов қос мемлекетте ғұмыр кешті,екеуін ой таразысынан өткізіп, өзара салыстыра отырып зерттеді. Өзі куә болған, көзбен көріп , бастан кешкен оқиға, құбылыстар оның адами болмысынан берік орын алды. Ол өзге ұлыстың тыныс-тіршілігіне қарап, қаламгер ретінде өз ұлтының мәрттігіне , өзгеге ұқсай бермейтін тектілігіне назар аударды. Сол тектілікті осы күнге дейін насихаттаудан, жазудан жалықпай келді.
Қабдештің әдеби кейіпкерлері арқылы өткен өміріміздің өкініші мен ғұмырымызға ғибрат болатындай ғибрат барын саралаймыз. Олардың қайсыбірі болмасын оқырманын бей-жай қалдырмайтын ой ағысымен жаныңды бірден баурап алады. Қаламгер сөзінің санаңа судай сіңіп, сезіміңді теңіздей тебірентсе ғана өмір шындығының өзі болғаны. Міне, оның туындыларына осы қасиет тән.
"Менің өмірбаянымды қайтесің,өлеңдерімді оқысаң, бәрі де сонда тұр" деген екен бір ақын. Өз туындылары арқылы қаламгер қара ормандай қалың қазағын биікке көтерді, халқы жазушысын өсірді.Тұлпар тұрпатты, сұңқар қанатты, тұғыры биік, замана желі қай жағынан соқса да иілмеген, сынбаған қазақ жұрты Қабдештің қаламынан "Дарабозды" туғызды, имандылық пен инабаттылықты келер ұрпақ санасына сіңірейін деп жанталасқан Ақтайлақ би тұлғасын сомдаған "Прометей алауын" дүниеге келтірді, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы тарихи оқиғалардың тарихи шежіресі "Соңғы көшті" өмірге әкелді. Жұмаділов - халық азабы мен кегін, қуанышы мен қайғысын тарихи тұрғыдан жырлай отырып, оны тұлға ретінде шабыттың шаңқай биігіне көтерген қаламгер. Ол халық болмысының күллі арналары мен тамырларын сәтті ұштастыра білді.
Жазушының "Сарыжайлау","Сәйгүліктер", "Бір түп тораңғы", "Қарауыл", "Бір қаланың тұрғындары" күні кешегі кеңестік дәуір шындығын бейнелеген туындыларға жатады. Ол өз хикаяттары арғылы адам өмірінің уақыт пен кеңістік ауқымындағы мән-маңызына, мазмұнына үңіледі.
Басқасын қайдам, өз басым жазушы Қабдеш Жұмаділовтың қазақ әдебиетінде орны бөлек, таланты биік, тамаша жазушы екендігіне толық сенімдімін. Бұған оның күні бүгінге дейін тереңнен толғап, өмірдің өзіндей көне шындықты шынайы көрсеткен, жүректен қозғап жазған шырайлы шығармалары толық дәлел.

Байсынова Ғазиза Балтабекқызы

Қызылорда қаласы №138 Абай атындағы орта мектеп

Логин:

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Пікірді ешкім жазбаған.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз, ойыңызбен бөлісіңіз.
avatar