Мұғалімнің шығармашылық шеберханасы.

Жарияланған материалдың жеке номері: 186


Мұғалімнің шығармашылық лабораториясы
1. Сабаққа дайындық
Мұғалімнің сабаққа дайындалу проблемасы педагогика ғылымында аз зерттелген проблема. Сабаққа дайындық мәселесін творчестволық жұмыс ретінде қарамай, жалпы схема бойынша дайындап үстірт, ойланбай, формальді түрде қарау көп қателіктерге апарады. Сабаққа дайындық әрбір мұғалімнің өз бетімен ойластыратын жұмысы болу керек. Ең алдымен назар аударатын мына сұрақтар төңірегінде болғаны дұрыс: - Сабаққа дайындалғанда неге ориентир жасау керек ?. – Сабаққа қажетті барлық жабдықтарды сабаққа қалай сиғызуға болады ?. - Сабақ жабдықтары арсеналдары ішінен ең қажеттісін қалай іріктеуге болады ? - Сабақ жоспары мен конспектісін жасаудың технологиясы қандай ?.
Педагог еңбегі - таза творчестволық еңбек. Сондықтан барлық нұсқаулар мен ережелерді нақтылы жағдайда ескере отырып, таңдап талғап ала білген дұрыс. Педагог творчествосы - жан-жақты зерттеліп болмаған күрделі динамикалық құбылыс. Мұғалімнің педагогикалық шығармашылығының көрінетін плацдармы – сабақ. Оқыту, сабақ беру кәсіп емес, мұғалімнің шығармашылық өнері. Мұғалім еңбегінің тап басылмай жүрген тамыры осында. Мұғалім ондаған методтарды байқап көреді де, өз методын таңдайды. Ондаған кітаптарды оқиды да өз сөзін айтады. Міне, тірі оқыту деген осы. Көшірме метод, бөтеннің сөзі мен ойы бойынша оқыту мүлде мүмкін емес. Үнемі байқап көру, үнемі жетілдіру, - мұғалім жұмысының басты көрсеткіші. Профессор М.Н. Скаткиннің « сабақ – педагогикалық шығарма» деуі тегіннен тегін айтылмаған. Әрбір мұғалімнің ондаған, жүздеген жоспар – конспектісі , сабақ жазбалары - баға жетпес сметаға түспеген байлық деп қарастырылғаны дүрыс. Мұғалімнің творчестволық лабораториясы осы тұрғыда құнды болуға тиіс.

2. Дайындық талаптары.
Біздің ендігі әңгімеміз мұғалімнің сабаққа дейінгі жұмысы туралы. Әлі берілмеген, ертең берілетін сабақтың , педагогикалық шығарма түріндегі сабақтың, туу сатылары, оны іске асыру жоспары, конспектісі, ойлары. Мұғалім лабораториясының материалдық базасына қоса, ең маңызды байлығы - мұғалімнің өзі, білімі мен эрудициясы, көзқарасы, мәдениеті мен еңбек сүйгіштігі, денсаулығы мен көңіл-күйін билей білу қасиеті.
Сабаққа дайындалудағы мұғалімнің шығармашылдығы 3 кезеңдік бөліктен тұрады. : - творчестволық ойдың пайда болуы; - Ойын іске асыруды жоспарлау ; - сабақтың нақты жоспарын моделдеу. Мұғалімнің творчестволық ойы - сабақ конструкциясын жасаудан басталады. Сабақ конструкциясында программалық талаптар, негізгі ұғымдар мен идеялар, оқушылардың міндетті меңгеруге тиіс максимум білім көлемі ескеріледі
Дайындық талаптарын былайша топтауға болады :
1. Оқушының программа талабына сәйкес білім алуына әкелетін жолдар мен тәсілдерді ойластыру, зерттеу, салыстыру.
2. Бұдан бұрынғы жылдары жасалған жоспармен жаңа сабақ беруге болмайды. Алдыңғы жылғы бала биылғы бала емес. Жыл ішінде өзгермейтін білім, тәжірибе бұрынғы күйде емес, уақыт та бұрынғы емес. Өмір күн сайын жаңалықтар туғызып жатады.
3. Сабақ үлгісінде әр кластың, әрбір оқушының ерекшелігі ескеріледі. Мұғалім ойша кластағы бір оқушыны көз алдына елестетіп, сабақ материалын түсіндіруді соған лайықтайды.
4. Сабақта қолданылатын методикалық тәсілдерді дұрыс таңдай білу. Методика таңдауда мода қуу , стандартталмаған әдістемелерді талғамсыз таңдау жалған шығармашылдық.
5. Қазіргі заманғы оқытудың технологиялық жүйелердің өзі нақты жағдайға бейімдеп қолдануды қалайды.
6. Методистер мен мектеп басшылары нұсқауымен жасалған схемалар үлгісіндегі ашық «оригиналды» сабақтарда өтілгелі отырған материалдың класс ерекшелігімен үйлесім таба бермейтінін ескеру керек. Мұғалім сабақта орындаушы емес, жасаушы болғаны дұрыс. Әр сабақ мұғалімнің педагогикалық шығармасы, диктант емес.
7. Кез келген ең жетілген методтардың өзі әрқашан тиімді бола бермейтінін, ең жақсы сабақ конструкциясы әрқашан нәтижелі бола бермейтінін білген дұрыс. Бастысы ең алдымен сабақтың әдіс-тәсілдерін дұрыс таңдау.

8. Сабақ методикасын таңдауда мұғалімдерге толық еркіндік берілу керек. Бұл педагогикалық мақсаттар мен дидактика ұстанымдарын орындауға мектеп басшылары бақылауы мен талаптарынан босату деген емес. Сабақ әдіс-тәсілдерін таңдаудағы еркіндік - оқу-тәрбие процесін іске асыруда мұғалімге берілген қоғамдық сенім деп түсінген жөн.

9. Сабақты дайндаудың тағы бір шарты - мұғалімнің сабақ үстіндегі өз қызметін моделдеуі. Оған сөйлейтін сөзі, әрекет-қимылы, өзін-өзі ұстай білуі, көңіл-күйі, киім киісі т.б. жатады. Мұғалімнің негізгі құралы – сөз. Оның орнын ешқандайда ТСО – лар ауыстыра алмайды. Сөздің мазмұндылығы, жүйелілігі, түсініктілігі, айқындылығы, дәлелділігі, образдылығы – мұғалімнің нағыз шығармашылығы. Мұғалім сабақта айтылатын сөзін дайындағанда неден бастап, неден аяқтау, оқу материалын қалай жүйелеу, алғашқыдан келесі мәселеге қалай көшу, материалдың басты идеясын қандай сөзбен жинақы етіп айтып беруді айқындайды. Бұл жерде ұлы жазушылар сияқты « бір сөзді табу үшін мыңдаған тонна сөз рудасын қотарғаны сияқты» ізденіс керек. Сөздерді ойда сақтау үшін жазып дайындайды. Барлық сөзді жазу не жазбау - сөйлей білу, есте сақтай білу сияқты қабілетке байланысты.

10. Әр сабақтың жоспар-конспектісі болуы керек. Ол мұғалімнің дербес «кухнясы». Жоспар конспект сабаққа керек емес, сабаққа дейін керек. Демек, ол алдын ала жоспарлағандай болып өтуі үшін керек, сабақта оқып беру үшін емес. Бұндай жоспар-конспектілер мұғалімнің жеке творчестволық көрсеткіші. Оны жазып қалдыру, дамыта түсіп жетілдіру үшін қажет.

3. Дайындық ережесі.
1. Сабақта өтілетін тақырыпқа программа бойынша қандай талап қойылатынын анықтап ал.
2.Осы тақырыпқа байланысты керекті ғылми- методикалық материалдардан керекті жерін іріктеп ал.
3. Сабақ өтетін класты, ондағы әрбір оқушыны ойша көз алдыңа елестет.
4. Сабақтың мақсаты мен жететін нәтижеңді анықта, жобасын жаса.
5.Өзің көздеген нәтижеге жетудің жолдарын көз алдыңа елестет.
6. Осы сабақты өткізу үшін методикалық тәсілдер базасынан ең тиімдісін таңда.
7. Таңдаған тәсіліңді өз мүмкіндігіңмен салыстыр. Сабақтағы өз әрекеттеріңнің моделін жаса.
8. Ойша және жазбаша сабақтың жалпы конструкциясын құрастыр.
9. Барлық ойыңды жоспар – конспектіге түсір.
10. Өзіңе – өзің сабақ материалын түсіндіру сөзіңді сөйлеп қайтала. Содан соң өзіңе – өзің « сабаққа дайынсың ба ?» деп сұрақ қой.

4. Сабақ үстінде ұстанар ұстаным.
1. Оқушының кемшілігін көргіш болсаң ықыласын жоясың. Кісі екеніне күмәнмен қарасаң баладан кісі шықпайды.
2. Баланы таңдандыруды ұмытпа. Даналыққа ұмтылу таңқалудан басталады.
3. Бала тағдырына ойланып қара. Сабаққа келмесе себебіне үңіл, сабаққа қызықпаса себебіне үңіл, бұзықтық жасаса себебіне үңіл. Себебін өзіңнен де іздеп көр.
4. Мұғалімнің білімді болуы да жеткіліксіз. Баланың жан дүниесін түсінбейтін мұғалім – мұғалім бола алмайды.
5. Баға құнды емес, бала құнды. Әр бала өз мүмкіндігінің жоғары-төмендігіне қарамастан, өзінше ғажайып жаратылыс.
6. Мұғалім қызметінің мақсаты өз пәнін жақсы оқытудан гөрі тереңіректе. Ол – адам жасаушы адам.
7. Сабақ дегеніміз – мұғалім мен оқушының қарым-қатынасы. Баланың мүмкіндігіне сенген мұғалім мен сенбеген мұғалімнің әрекеті әртүрлі.
8. Көптің көзінше баланың кемшілігін бетіне баспа, сеніп айтқан сырын шашпа.
9. Сабақтың мақсаты – баланың басқаға ұқсамайтын қасиетін ашу.
10. Мұғалімнің сөзі мен ісі жасанды емес, шынайы болуы аса қажетті шарт.
11. Баланың ықыласын оята біл, қолынан іс келетініне сендіре біл.
12. Балаға сыйлы боламын десең, өзің де баланы сыйла. Сабақтың қонымдылығы мен сабақ үстіндегі тыныштыққа көп ізденіспен, тапқыр шеберлікпен ғана жетуге болады.
13. Мұғалім мен бала қарым-қатынасы сыйластыққа ғана құрылады.
14. Жақсы мұғалімнің жетегі елеусіз. Бала қалай ергенін өзі де байқамай қалады.
15. Айтайын дегенің, үйретейін дегенің өзіңнен байқалмаса, бала сенбейді.

Сәкен Бозаев . КСРО , ҚР – сы Білім беру үздігі. Атырау облысы .

Сәкен Бозаев

Атырау облысы , Құлсары қаласы.

Ұстаздарға арналған сертификаттар
18
Декабрь
0
1452

Пікірлер: 0

avatar