"Жанұя – тәрбие мектебі" тәрбие сағаты

Жарияланған материалдың жеке номері: 312


Жанұя – тәрбие мектебі.

Мақсаты: бала тәрбиесіндегі отбасының алатын орны ерекше екенін түсіндіру, Отанның бір бөлшегі екендігін ұғындыру; халқымыздың тәлім-тәрбиесі әкенің ақылымен, өнегесімен, ананың ақ сүтімен даритынын оқушы бойына сіңіру; отбасы мүшелерінің арасында бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқорлық жасауға, сыпайы да инабатты болуға тәрбиелеу.
Барысы.
Ұйымдастыру. Оқушылар мен ата-аналарды стикер арқылы топтастырып отырғызу.
Жүргізуші: Құрметті ата-аналар, оқушылар, «Жанұя – тәрбие мектебі» атты тәрбие сағатымызды ашуға рұқсат етіңіздер.
Баланы жастан бақпасаң,
Жамандықтан қақпасаң
Қадірден жұрдай қасқа боп,
Кешкенің өмір босқа тек.
Баланың ыстық-суығына күймейтін, жақсылығына сүйсініп қуанбайтын ата-ана жоқ шығар. Отбасы–адамзаттың алтын ұясы. Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап сол ортаға бейімделіп, ықпалына көніп ер жетеді. Бүгінгі ұл-ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз-ертеңгі ана, ол шешеге қарап өсіп бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші-ата-ана. Міне, бүгінгі отырысымыз осы жайлы болмақ.

1-оқушы: Төлеужан Ербұлан
Әке деген-биік шыңы адамның,
Әке деген-тірегі ғой ғаламның.
Әке деген-бойыңда аққан қаның да,
Шыққан тегің, ол негізің, жаның да.
Не десең де әке жолы бір бөлек,
Қайда жүрсең қолтығыңнан тұр демеп.
Нағыз әке ақылгөй де асқақ жан,
Барлық ұрпақ әкелерден басталған.
Қамқорсың, әке, өмірде,
Қуатым сенсің көңілге.
Ән: «Әке туралы» орындайтын Қарсыбек Әсет.

2-оқушы:Садық Ділназ
Ақ жаулығың қымбат маған,
Тілегімсің, сүйенішім, панамсың.
Шапағатың сәуле болып төгілген,
Ақылы мол, мейірімді данасың.
Өзгелерден мен үшін сен дарасың,
Береке отын шаңыраққа жағасың,
Ақ шашыңның әр талынан белгілі,
Асыл ана сан ойлаған баласын.
Мейіріміңнен алтын сәуле шашылған,
Жүрегіңнен жомарттық та табылған.
Көкірегің аппақ қардай тап-таза,
Парасатты сен данышпан, асыл жан.
Өрнек тапқан өмір сыры жүзіңнен,
Асыл ізет, өнеге боп төгілген.
Ақ сүтіңді ақтағаным болар ед,
Өз орнымды таба білсем өмірден.
Ән: «Асыл анам» орындайтын Тиштық Абылай.

Ата туралы өлең............

3-оқушы:Тиштық Абылай
Әжемнің саясында ер жетіп мен,
Аялы ақ бесікте тербетілгем.
Әжемдей ақ ниетті абзал жанды
Таппаспын айналсам да жер бетінен.
Жүрегімде әжемнің әжімі бар,
Жүрегімде достардың әзілі бар.
Жүрегімде өмірдің қызығы бар,
Жүрегімде жанымның азығы бар.
Ер жетіп есейгенде балапаны
Арайлап атады екен дала таңы.
Иіскеп маңдайымнан сипалайтын
Қымбат қой әжелердің алақаны.
Ән: «Асыл әжем» орындайтын Кеңесбаева Жансая.

«Ой қозғау».
О, ата-анам,
Таянышым, тірегім!
Бар бақытты бір басыңа тіледім.
Бізді жақсы болса екен деп қашанда
Лүпілдейді сенің қамқор жүрегің!

Ата-аналарға сұрақ:
Бала сіз үшін кім?
І топ: Балаңыздың қандай жағымсыз, жат қылықтан аулақ болғанын қалар едіңіз? Теріс қылықтары үшін қандай жаза қолданасыз?
ІІ топ: Балаңыздың қандай жақсы істері мен әрекеттерін басқаларға үлгі етер едіңіз? Игі істерін қалай мадақтайсыздар?
ІІІ топ: Бала тәрбиесі үшін отбасы жауапкершілігі басым ба, әлде мектептің жауапкершілігі басым ба?
Оқушыларға сұрақ:
Ата-анаң сен үшін кім?
І топ: Жанұя туралы қандай мақал-мәтел білесіңдер? Мағынасын ашып беріңдер.
ІІ топ: Ата-ананың қандай жағымсыз, жат қылықтан аулақ болғанын қалар едің?
ІІІ топ: Ата-аналарыңның қандай жақсы істерін мақтан тұтасыңдар және басқаларға үлгі етер едіңдер?
Ата-аналар мен оқушылардың пікірлері топ ішінде талданып, талқыланып хабарланады.

4-оқушы: «Ата-ананың арманы». Бейсенбай Елнұр
Қипақтайды қит етсе анаң, әкең,
Қайтсем ғана осыны адам етем?
Басқалардың осындай балалары
Тап осындай жаңғалақ, шала ма екен?
Ойым емес, оллаһи, біздікінің
Енжарлығы елде жоқ ала бөтен....
Туа сала тұлпардың жалын тартқан
Қырғиларға қызығып қарап өтем.
Жарық сыйлап, маңына жылу сыйлап,
Бұ да бір күн алаудай жанар ма екен?
Ел қатарлы ерінбей еңбек етсе-ау,
Болмаса да топжарған дара бөтен.
Мүше тістеп мықтылар той жасаса,
Жерге қарап мен сорлы қалар ме екен?...
Үміт пен күдіктің ортасында
Ата-ананың жүрегі талады екен.
Мұзафар Әлімбаев.
Би: «Қазақ биі» орындайтын 7-сынып қыздары.

Жүргізуші: Міне осылайша өз баласының болашағына алаңдайтын, «Қайтсем де баламды адам етем» деген ата-ананың арманы бітер ме екен....
Ендігі кезекте ортаға жұмбақ кейіпкерді шақырайық. Жұмбақ кейіпкер сөз кезегі өзіңізде.
Жұмбақ кейіпкер: Мен 11 жастамын. Мен өзімді мазалаған ойларымды сіздермен бөліскелі келіп отырмын. Менің ата-анам – жұмысбасты адамдар, жұмыс істеп жүріп маған көңіл бөлуге, менімен әңгімелесуге де уақыттары жоқ. Мені үнемі жалғызсырап жүремін. Сұраған ақшамды береді, барамын деген жеріме жібереді. Маған ақшаның,байлықтың еш қажеті жоқ. Маған тек ата-анамның аялы алақаны, мені еркелетіп бауырына басқаны керек. Ал менің ата-анам маған еш көңіл бөлмейді, өйткені олар жұмыстан басқа ештеңе ойламайды. Мен мұнда ата-анамды жамандайын деп келгенім жоқ. Ата-анасына кім жамандық ойласын?!
Құрметті қауым, мен ата-анамның маған деген жылы сезімдерін қалай оята аламын?
Ата-аналар бұл жағдайда не айтасыздар? «Баламның қарны тоқ, көйлегі көк болса болды, тәртібіне, оқуына қарайтын уақытым жоқ» дейтін ата-аналарға көзқарастарыңыз қандай?
Жүргізуші: Оқушылар, жұмбақ кейіпкердің орнында болсаңдар сендер не істер едіңіздер? Жұмбақ кейіпкерді шығарып салғаннан кейін әнге кезек беріледі.
Ән: «Сәбидің бәрі бақытты» видео ролик.
Қорытынды сөз.
Келесі бөліміміз ата-ана мен оқушы арасындағы қарым-қатынасқа арналған жағдайларға беріледі. Ортаға оқушыларды шақырамыз. Оқушылар өздерінің басынан өткен әр түрлі жағдайларды баяндайды. Ата-аналардың сол сәттегі әрекеті тыңдалады.
5-оқушы: Анашым, мен бүгін сабаққа бармай-ақ қояйыншы, үйге берілген өлеңді жаттаған жоқпын, текке «2» алып қалармын. Апайға телефон соғып «Аурып жатыр» деп айта салыңызшы.
6-оқушы: Әке, мен бүгін мектептің терезесін сындырып алдым.
7-оқушы: Әке, мен бүгін мектепте жарысқа қатысып мақтау қағазын алдым.
8-оқушы: Анашым, мен бүгін тарих сабағынан «2» алдым. Мұғалім сұрақтарына жауап бере алмадым.
9-оқушы: Әке, бүгін менің атымды линейкада атап ортаға шақырды, себебі сабаққа кешігіп келгенімді кезекшілер жазып алыпты.
10-оқушы: Анашым, мен бүгін құрбымды ренжітіп алдым, енді не істеймін?
11-оқушы: Әке, мен компьютер ойындары залына барып бүгін сабақтан қалып қойдым.
Көңіл – күй тренингі.
Осы кезде оқушылар «Менің отбасым» атты тақырыпта эссе жазып, өлең шығарып, бақытты отбасының моделін жасайды. Оқушылардың пікірлері тыңдалады.

Жүргізуші: Ал, құрметті оқушылар, егер ата-аналарын сендердің қызықтарыңа қуанып бақытты өмір сүрсін десеңдер қандай болуларың керек екен?
Құрметті ата-аналар, балаларыңыз елің, Отанын сүйетін азамат болып өсіп сіздерді бақытқа кенелтсін десеңіздер бала тәрбиелеудегі қателіктерге жол бермеңіздер.

12-оқушы:
Қатты тәртіп керек бала күнінде,
Өнерімен қуантады түбінде.
Бала нені білсе жастан, ұядан,
Өле-өлгенше соны таныр қиядан.
Өнер, білім берем десең басынан,
Бер оқуға балаларды жасынан.
Ата-анадан өсіп ұрпақ тараған,
Жақсы-жаман болса бала солардан.
Жүсіп Баласұғын.
Ән: «Ана туралы» орындайтын 7-сынып оқушылары.

Рефлексия: Кері байланыс (Ата-ана мен оқушылар).
Мен .................. білемін
Мен ................... үйрендім
Мен ................. білгім келеді
Жүргізуші: Ата-ананың бақыты баланың дұрыс адам болып өсуіне байланысты. Ал балалардың өздеріңізге бақыт сыйлайтын тұлға болып қалыптасуы, ата-аналар, сіздерге байланысты. Оқушылар, сізде болашақта ата-ананың үмітін ақтар, елін сүйер азамат болады деп сенемін. Әр отбасына шаттық, мейірімділік, құт-береке, қуаныш пен бақыт тілеймін.
Бүгінгі шараға қатысушы барлық ата-аналарға алғысымды білдіріп «Жанұя – тәрбие мектебі» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

Хасанова Кәмилә Елеусізқызы

Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Талды ауылы, ЖББ №19 орта мектеп КММ, ағылшын тілі пәні мұғалімі

Ұстаздарға арналған сертификаттар
18
Декабрь
0
54

Пікірлер: 0

avatar