Дуалдық оқыту – кәсіптік білім беру сапасы

Жарияланған материалдың жеке номері: 130


Дуалдық оқыту – кәсіптік білім беру сапасы
Ұрпақ болашағы – тәрбие мен білімде. Қазіргі заманғы білім беру жүйесі ізденуді талап етеді. Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасақталып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл оқу – тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр. Себебі, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым – қатынас пайда болуда. Қазіргі ғылыми – техникалық үрдістің үздіксіз, қарқынды дамуына байланысты білім беру жүйесінің алдына жаңа талаптар қойылып отыр. Осыған орай, ең бірінші, әлемдегі алдыңғы қатарлы өркениетті, бәсекеге қабілетті елдермен терезе теңестірудегі тұлға – жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру. Кәсіби мамандарды дайындауда Қазақстан Республикасының жалпыға бірдей міндетті мемлекеттік стандартын жүзеге асырудың негізгі міндеті – ғылым мен білімді тәжірибемен ұштастыру. Тәжірибе барысында болашақ маман өзінің кәсіби мамандығы бойынша алғашқы тәжірибесін жинақтай бастайды.
Дуалдық оқыту жүйесі жөнінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» болуды мақсат еткен «Қазақстан -2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты саяси маңызы зор тарихи жолдауында «Дуалды кәсіпте білім беруді дамытудың маңыздылығын» атап өткен болатын. Дуалдық жүйенің негізі – оқу орны мен өндірісте қатар оқыту болып табылады. Бұл кәсіптік – техникалық білім берудегі басты мәселе – оқу орындағы теория мен заманауи өндіріс тәжірибесі арасындағы алшақтықты жоюға мүмкіндік береді. Дуалды оқытуда теория мен тәжірибенің өзара байланыс принципін жүзеге асырады. Мұның өзі болашақ маманға кәсіпорында жұмыс істеу барысында қажетті біліктілікке, мамандыққа деген қызығушылыққа ие болуға көмектеседі. Мұндай оқыту өндірістің нақты сұраныстарына барынша жақындатады, нәтижесінде жұмыс берушілер кәсіби мамандарға ие болады.
Біздің колледж 2012-2013 оқу жылында дуалдық оқыту жүйесімен 1 мамандық бойынша бойынша эксперименттік алаң болып табылды. Ол - 0101000 « Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша қазіргі 3МДТ тобы. Енгізу кезеңдері:
1. Дайындық : 2012-2013 оқу жылы;
2. Тәжірибелік: 2013-2015 оқу жылдары;
3. Қорыту: 2015-2016 оқу жылы;
Мамандық бейіні бойынша технологиялық тәжірибе колледж және Жаңаөзен қалалық білім бөлімі мекемесі арасында жасалған тікелей келісім – шарт негізінде әртүрлі ұжымдық-құқықтық нысандағы ұйымдарда кәсіптік іс-әрекетті толық меңгерту үшін, арнайы пәндерден алған білімдерін тереңдетуге, кеңейтуге, жүйелеуге, бекітуге бағытталған студенттердің тәжірибеден өту кестесі құрылды. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау білім мен ғылымның және өндірістің тығыз байланысымен негізделеді. Осы үштік одақтың бірлігі ғана нарық талабына жауап беретін маман дайындау механизмдерін жүзеге асыра алады. Оқу жұмыс бағдарламасы бойынша арнайы пәндердің және тәжірибе сағаттарының 60-65 пайызын мекемеде өту жоспарланды.
Дуалдық оқыту барысында білім алушылар теория мен тәжірибені ұштастыру арқылы қазіргі заманғы талаптарға технологияларды меңгеріп, танымдық белсенділіктері артып, кәсіптік іскерлігі мен дағдылары оқу үрдісі кезінде және сабақтан тыс уақытта қалыптастыру мақсатында колледж жанынан 75 орындық «Каспий» шағын орталығы ашылды. «Каспий» шағын орталығындағы ойын бөлмелері, жататын бөлмесі, өзін-өзі тану бөлмесі, музыка бөлмесі, балалардың киініп-шешінетін бөлмелері талапқа сай жасалған. Сыртта ойын алаңы бар. Балабақшада 3 топ бар: сәбилер тобы, естиярлар тобы және ересектер тобы.



Тәжірибе полигондары білім беруге қажетті аудио-визуальды, техникалық оқыту құралдарымен (интерактивті тақта, телевизор, виртуальды зертхана, мультимедиапроектор, аудио, бейнетаспалар, бейнемагнитофондар және компьютерлер) жабдықталған. ИНТЕРНЕТ желісіне талапқа сай 31 компьютер қосылған. Сондай –ақ, оқытушылар өз сабақтарында оқытудың белсенді әдістерін, жаңа технологияларды тиімді пайдалануда. Педагогикалық ұжымның осындай толассыз шығармашылық жұмыстарының нәтижесінде жылма – жыл оқушылардың толық үлгерімі қамтамасыз етіліп келеді.

2013-2014 оқу жылында 2МДТ-12 тобы студенттерінен «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Денсаулық» және «Әлеуметтік орта» білім беру салалары бойынша шағын топтардың ғылыми-әдістемелік зерттеу жұмыстары жоспарланды. Эксперименттік топ білім алушылары өндіріс стандартындағы білім беру салалары бойынша қажетті білік, дағдыларды балабақшада ұйымдастырылған практикалық оқу әрекеттері барысында меңгеріп, тәжірибе жинақтау күндерінде бекітіп отырады. Сол жоспар барысында оқушылар өздерінің тәрбиешілерімен біріге отырып дидактикалық әдістемелік кешендер мен құралдар әзірлеп, өз тәжірибелерінде қолданып келеді. Күнделікті сабақ кестесі бойынша студенттер аптаның 3 күнінде колледжде теориялық білім алады, қалған 3 күнін тәжірибе алаңында, яғни балабақшада жалғастырады. Тәжірибе алаңы ретінде Жаңаөзен қалалық білім бөліміне қарасты «Сәуле», «Балапан», «Балдырған», «Айгөлек» және колледжге қарасты «Каспий» шағын орталығы бекітілді. Теориялық оқу 90 минутты қамтиды: оның 45 мин. оқу аудиториясында және 45 мин. колледжде құрылған тәжірибе алаңында өтеді. Арнайы пән оқытушылары тәжірибелік бөлімде білім алушылардың неғұрлым сапалы және терең білім алуына бағытталып, таңдаған мамандықтары бойынша кәсіптік тәжірибелік құзіреттіліктерді, біліктіліктерді және дағдыларды меңгертеді.


Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2008 жылдың 6 ақпанындағы халыққа Жолдауында «Кішкентай бүлдіршіндердің дамуына ықпал ететін үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы ретіндегі мектепке дейінгі білім беруге баса назар аударған жөн. Және бұл сатыны олардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға арналған тиімді бағдарламалармен қамтамасыз ету қажет. Әрбір балалардың білім алуға, еңбекке және қоршаған ортаға бейімі, қарым - қатынасы нақ осы кезеңде қаланатынын естен шығармауымыз керек» - деп айтылған. Жас ұрпақ тәрбиесі сияқты үлкен міндетті шешуге мектепке дейінгі қоғамдық тәрбиенің орны ерекше. Олар өмір есігін жаңа ғана ашқан жас буындар денесінің, ақыл - ойының, сана - сезімінің дамуына, адамгершілік қасиеттері мен эстетикалық талғамның қалыптасуына жағдай жасайды. Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мақсатты қоғам талабынан туады. Өйткені елімізге Отанын сүйетін, білімді, моральдық бейнесі жоғары, шығармашылық еңбекке бейім, рухани дүниесі бай, жетілген адамдар қажет. Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің алғашқы буыны болып табылатын мектепке дейінгі кезеңде балалардың ақыл - ой қабілетін жан - жақты дамыту және тәрбиелеу мәселесіне ерекше мән берілуде, себебі осы кезеңде балалардың ақыл - ой қабілетін дамыту мүмкіндіктері мол. Ғалымдардың пікірінше табиғи жаратылысында ақыл - ой қабілетінің алғашқы шарттары 50 – 60% байқалған. Баланың ақыл - ой ерекшеліктері жаратылысынан шығармашылық, ізденімпаздық сипаттарға ие, алайда оны дұрыс бағытта дамыту жағдайлары әртүрлі, сондықтан баланың ақыл - ой қабілетін дамыту, оның нақты бағыттарын айқындау ең алдымен оның жас және дара ерекшеліктерін ескеріп тәрбиелеуге байланысты.
Дәстүрлі оқыту мен дуалды оқытудың арасында біраз айырмашылық бар. 3МДТ тобын жай топтармен салыстырмалы түрде қарағанда байқағанымыз – топтың оқу сапасының көрсеткіші анағұрлым жоғары, әрбір сабақ барысында студенттер өз ойларын еркін білдіріп, шығармашылық іс-әрекетпен айналысып отырады. Студенттердің сабаққа қызығушылығы жай топтарға қарағанда басымырақ. Кәсіптік білім берудің сапасын одан әрі жақсарту және олардың кәсіби даярлығын жетілдіру ХХІ ғасыр деңгейінде білім беру мен кәсіптік даярлаудың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін кадрлар қорын жасақтауымыз керек. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымды ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз инновациялық экономика құра алмаймыз. Демек, барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт».
Сондықтан мамандарды даярлау барысында оқытудың дуалды жүйесі маңызды роль атқарады, кәсіптік – техникалық кадр даярлаудың ең тиімді жолы. Оның ерекшелігі сол – кәсіптік оқу үрдісінің басым бөлігі оқу орында емес, мекемеде өтеді. Оқу үрдісінің барлық деңгейлерінде сапалы, тиімді әлеуметтік дайындықтар жоғарылатылады. Осы арқылы жаһандық білім бәсекелестігіндегі кәсіби маман даярлауда кәсіби шеберлікке, іскерлікке қол жеткізуге болады. Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласында барлығы 41 балабақша бар: оның 22 – мемлекеттік балабақша, 3 – мемлекеттік шағын орталық, 12 – жекеменшік шағын орталық. Алдағы уақытта балабақша ашу ісі әлі де жалғасын табады деп күтілуде. Сондықтан да, біздің түлектеріміздің толықтай жұмыспен қамтылуына сеніміміз мол.

Осы орайда төмендегідей ұсыныстар айтар едім:
1. Дуалдық оқыту жүйесі бойынша әр колледж өз бетінше жұмыстанып жатуына байланысты мамандықтарға белгілі бір жүйемен бағдарламалық үлгілер жасақталып, бекітілсе;
2. Келісім-шарт жасақтаған кезде өндірістік мекемелер тарапынан қолдау көрсетіліп, дуалдық оқытудың маңыздылығын айқындайтын құжат қабылданса;
3. Арнайы пән оқытушыларының мекемеден тағылымдамадан өтуі дұрыс жолға қойылса;

Касанова Қаламқас Демегенқызы

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы. "Каспий" педагогика және салалық технологиялар колледжі

Ұстаздарға арналған сертификаттар
18
Декабрь
0
1490

Пікірлер: 0

avatar