Шаңырақ иесі дайын ба?

  • Жүктеулер: 3
  • Көрсетілім: 478
  • Баяндамалар
  • 12/Авг/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23045


Шаңырақ иесі дайын ба?
(Адамтану қазақ іліміңне кіріспе)
Қазақта: «Таңертең төрт аяқпен,түсте екі аяқпен,кешке үш аяқпен жүреді.Ол кім?»-деген жұмбақ бар. Мұнда адам ғұмырының үш кезеңі жасырылған.Осы тәрізді адам жан дүниесінің ішкі сырынан бастап,жас ерекшеліктерінің сипаттамасын өте айқын айтып кел-ген.Әрі сол негізде тәрбие құралдарын таңдап алып,әдіс-амал,тәсілдерін ұсынған. Қазаққа; тәрбиенің нәтижелі болуы үшін адамның жас ерекшелігін жете білу қажет болған.
Қазақ ұғымында адамның жасы: балалық,ересектік,қарттық болып үш кезеңге бөлінеді. Өмірге келген күннен бастап, қырқына шыққанға дейінгі бала-қызылшаха(кей өлкенде шарана, шақалақ) деп аталады.Ит көйлегін шешіп,қарын шашын алдырған соң, қаз-қаз басқанша-нәресте(кей өлкеде бөбек) делінеді. тұсауы қиылып, аяғын басқаннан жеті жасқа дейін-сәби(кей өлкеде балдырған)аталады.Жеті жастан он үш-он бес жасқа дейін-балалық шақ.Балалық шақтың тіршілік тұрағы,тұрмыс аясы-жанұя аталған.Қазақ қызы,қазақ жігіті аталмас бұрын :аралық жас: бойжеткен және бозбалалық деген өте сын кезең бар.Оның жауапкерлігі мен тәрбиесі тым ерекше болған.
Отау иесі болғаннан,немере (не жиен)сүйгенге дейінгі кезең-отағасы (отанасы) аталып, тіршілік тынысының шеңбері-отбасы делінген.Немерелі-шөберелі болғаннан бақи-ға аттанғанға дейінгі кезең-ата(әже)делініп-тұрмыс аясы-әулет атанған.Қазақтың кең өлке-сінде бұларды құлпыртып әр түрлі атайтыны бар. Мысалы: балалық шақтың бөбектік кезеңін кей аймақтарда: «мың сұрақ жасы»,біреулер: «қарт әже жасы» дейді.Қай-қай-сының да,дәлелі, өзіндік ерекшелігі бар.Ал,сәбилік кезеңнің басында,балалар: «мен, мен...»дегенді көп айтатын болса,орта шағында «сен,сен...» деп соңында «ол,ол..»деп сілтей сөйлеуге құмар келеді.Сол себепті бұл кезеңді «үш жақ жасы» атайтындар бар. Ал,баланың еңбекке қатысу,араласуына сай,ата-аналар. «ермегім,қолұшым, атқосшым, қолғанатым,асыраушым» деп атап, олардың қозы жас,қой жасындағы атқаратын міндетін ұқтырып,соған дайындайтын болған.
Бөбектің тілі шығысымен қоршаған ортадағы заттар мен денелерді,болмыс-құбылыстарды, өзгерістерді танып білуге талпынады,ол сөзбен өрнектеледі. Алайда тәжірибесі мен білімі жете бермейтіндіктен басқадан көп нәрсені әртүрлі жолмен сұрай береді.Мұны қазақ:«көп неге жасы,қадалған шеге жасы жабысқан кене жасы» деген ғой. Ал,өздерінен бір нәрсені басқа біреу сұрай қалса,білсін-білмесін тартымбай: «мен,мен айтамын» деседі.Осы кезеңде бала,білуге құштар,істеуге әзір,ойынға құмар болады. Уақыттың қалай өтіп кеткенін де білмей қалады Егер сол кезеңдегі баланың еңбегін төлеу қажет болса,есептей алсаңыз,ең көп «іс тындырған адам» сол бала болар еді.Сөйлей берген,істей берген,ақыры шаршап-шалдығып отырған орнында ұйқыға кеткен. Сондықтан осы жастағы бала қимылын, күйбеңдеген әже еңбегіне балап,, «қарт әже жасы» дейтіндер бар.Сәбилік жастың орта кезеңінде, оларға(бірнешеуі қатар тұрғанда) қандай бір сұрақ қойсаңыз, оның жауабын айтуды бір-біріне сілтеп,«сен айтшы,сен айтшы» деп сылтауыратуға бейім тұрады, баяғыдағы «мен,мен» дейтін қызбалық қалып қояды. Ал,сәбиліктің соңғы кезеңінде «мен де», «сен де» доғарылып, «ол айтадыға» көшеді.(Үшінші бала қатарларында болмаса да айтылады.) «Үш жақ» жасындапғы балалардың бір ерекшелігі осы болмақ. Қазақ қауымының қай кезеңін алып қарасаңыз да,еңбектің көбін балалар еңсерген. Олардың тіршілік те алар орыны, әулеттегі қолғабысы орасан зор болған.Қазақ атамыз: «баланың ісі білінбес,тайдың мінісі білінбес» деген ғой.Әсіресе бақташылар мен бағбандардың, балықшылар мен дихандар үшін балалардың көмегі шексіз еді. Әрі өмірге дайындау,осы еңбекке жас өспірімді тікелей қатыстыру жолымен жүргізілетін.Сондықтан,баланың жасына сай, игертуге тиісті еңбек дағдысын уақытты ұтымды пайдаланып үлгерту ата-ана үшін қасиетті борыш,әрі парыз болған.Ал,ата-әже және әке-шеше үшін бала жасы оның еңбекке араласуына сай төмен-дегідей аталатын. Ермегім, алданышым, қолұшым,қолғанатым, серігім, сүйенішім, асыраушым.Қолқанат бола бастаған шақта олардың жасы атқаратын міндетімен аталатын.Қозы жас;қой жас;жылқы жас;патша жас;аңдушы; қағушы ;суқұяр: атқосшы;көрікші;соғушы;аутартар;ескекші.Жыл бойында атқарылатын еңбек науқаны, балаларға олардың жасына сай еңбек мейрамын-(әулет мектебін) сыйлаған-ды.Төл аяқтандыру, қырқын,төл пішу,шөп шабу,егін ору,соғым сою сияқты еңбек науқандары бітісімен,қазақтар, салттық мейрам жасап, оны әулет мектебіне айналдырған. Мысалы:сірге жинар,төстік қаптар, соғым бас,көгентүп жасау, пішен той,сабан той т.б.
Қазақ ұғымында ең қызық,ең бақытты,ең жақсы дәурен сүретін жас-30-ға дейінгі жас.Алайда оның бір мүшел кезеңі балалық бал дәуренге тиесілі. Бірінші мүшелдің алғаш-қы бес жылы уайымсыз,риясыз өмір кешетін,күл шашатын,ойын қуатын,жерден таяқ жеп,мазақтамалар мен санамақтарға тілі әзер келіп, бал тілімен басқаларды мәз ететін жас. Зыр жүгіріп дедектеп,
Күлді әркімдер сөйлетіп,
Балалық кезде ешкімнен,
Именбедік көред деп,
Жалаң аяқ,жалаң бұт,
Тілі тәтті бөбек деп... Бұдабай Қабылов(1848-1911)
Ал,Тұрмағанбет Ізтілеуов(1882-1936) былай сипаттайды
Атаның әуелінде белінде еттің,
Екінші ана қарны теңінде еттің,
Тоғыз ай,тоғыз сағат,тоғыз күндей,
Қадірлеп құдыретіңмен шегінде еттің,
Бұрыннан қамқоршылық қылып бізге,
Ананы ақ сүт беріп желіндеттің.
Алты айда отбасына отырғызып,
Жан-жаққа күл шашатын төгінді еттің.
. Жүргізіп жыл толған соң апыл-тапыл, . Бойымды бұрыңғыдан жеңілдеттің
Сөйлетіп екі жаста оны-мұны,
Тірліктің тілін түрлі кебінде еттің!
Мәделі Жүсіпқожаұлы (1816-1888) :
Ал,енді тыңда келдік бір жасыңа,
Қосылып балалардың іңгәсіна.
Бір күні ә, дегенше екі келді,
Аяқта әл,шама жоқ бір басуға.
Торғайдай ұшып қонған үште келді,
Сөйлеткен қызық-қызық тілді ашуға.
Бір күні төрелердей төртің келді,
Күл шашып шарқ ұратын үй қасына.
Бір күні бәйге кердей бесің келді
Ойнадық балалармен қыр басында,-деп үш жаста-торғай,төрт жаста-төре,бесте бәйгекер сынды балалардың жас ерекшелігін дөп басып айтқан.Жалпысынан алғанда,адамның жас ерекшелігі туралы пікір білдірмеген қазақта ақын жырау,би шешен сал-сері,ойшыл-ғұлама болған емес
Балдырған бал-бөбектер кімге де ермек,әсіресе,ата-әже үшін тіпті орны бөлек. Сондықтан қазақтар: «Өз балаңды өскенше асырайсың,немереңді өлгенше асырайсың» деумен қатар, немерені бауырға басып,қолына алатын ғұрып қалыптастырған.Шөберенің өзін «ата баласы,осы шаңырақтың кенжесі»-деседі. Қарашаңырақты сол «кенжелер» басып қалатын-ды.Бұл өмір қажетінен туындаған ғұрып болғандықтан салтқа айналған.
Қарттарға қолұшын беріп,майда-шүйде шаруаға көмектесіп тұратын,әрі оларға ермек,алданыш болатын,көзі өткір,ойы ұшқыр,қозғалысы ширақ жас қажет.
Әжесі: -Ботам,қайдасың?Көзі құрғыр көрмейді,мына инені сабақтап жібер! Ой,айналайын,сабақтадың ба?Жарығым менің, сен менің көзімсің ғой!
Атасы:-Құлыным қайдасың?Тізе құрғыр тұрғызбайды.Демеп тұрғызып жібер,таяғымды алып берші!Ой,рахмет. Айналайын,атасының сүйеніші емес пе?Осылай кезі келгенде бір-
біріне демеу болу үшін,ата-әже немере-шөберені бауырына салып, шаңырағына ие болатын ұрпағын тәрбиелеп дайындаған.Қазақта шаңырақ иесін иесін,шаңырақ иесін дайындау тым терең ойластырып,зор мән беріліп,жүзеге асырылатын үрдіс.
Егер шаңырақ иесі дұрыс таңдалып,оңды дайындалған болса,қартайған шағында қарттар шалқып отырып балалрының бақытына бөленіп,қызығына батып,жасы келгенде бақиға армансыз,уайым-қайғысыз аттанатын болған.Қазақ үшін «бар игілікті жасап-жасап,кәдімгі адам болып өлгеннен»артық бақыт болмаған.Қазақбайдың інісі Зерделіге берген жауабын тыңдап көрелік.Зерделі:-Несиеңіз тие ме?-деп, сұрағанда,Қазақбай қарт:
- Жасымда несием,қартайғанда несібем екен.Үй тігіп,қымыз сапырып отырғаным соның арқасы-депті.Бұл сұрақ пен жауап-тың табиғи мәнісі мынау екен.Несиең тие ме дегені-балаларың күте ме,жасыңда сіз оларды бағып-қағып өсіріп едіңіз,енді сол еңбегіңізді өтей ме дегені екен.Қария:-Дұрыс тәрбиелеп,жақсы өсірген бала,немере қартайғанда бақыт екен. Балаларымның қызығын көріп отырмын-дегені екен ғой! Міне,қазақтың «балаларыңның қызығын көр» деген ақ тілегі осылай орындатын.
Шаруа отбасында тәрбие,үлгі-өнеге көрсету іс- әрекеті, әулет пен тайпаның, рудың шынайы өмір әрекеттерінен айырмашы-лығы аз еді.Тәрбие құралдарының аясы атам заманнан қалып-тасқан шаруа отбасының қатынастар жүйесіне,еңбек қимыл-дарының ауқымында жүзеге асырылатын.Өнегелер міндетті түрде өмір белестерінде өріліп,тәрбие еңбек қимылдарының ауқымында жүзеге асырылатын.Мәселен бала қозы жасында-қозы бағып,бұзау қайыруға тиісті болған.Тезек теріп, шөмшек отын дайындау да,осы жастағылар үлесіне тиген.Мал сауып,төл бөлу,қозы көгендеп, құлын тарту қозы жасындағы балалардың басты еңбегі еді. Қазақ ұлы онға толысымен қозы жасына келді деп есептейді. Қазақ ұғымында,азамат қалыптасу негізі 3-13 жаста қаланады.Қозы жасындағы бала онбеске толысымен отау иесі делініп,қозы бағудан қой бағуға ауысады. Ол,жәй ғана солай ауыстыра салу емес,үлкен оқу,мүқият баулудың нәтижесі. Қозы бағу оңай болмағанымен,қой бағу тіптен қиын. Бүл жастағылар, ата кәсібін-маман иемденуі қажет.Сондықтан,он бес пен жиырма бесжылқы жастағы міндетін атқаратын шаруасын ұқтырып, үйреткен, әрі соған дайындаған арасын қой жасы деген.Он беспен жиырма бестің арасын қой жасы деуі-бір қора қойды ит-құсқа жем қылмай,жоғалтпай бағу, жауын-шашында,боранда аман сақтау, азаннан қас қарайғанша жалықпай жанында болу,жалғыз жүру осы жастағы адамдардың ғана қолынан келеді. Бұл қой жасынан еті тірілер, шыныққандар, сенімділер ғана өтіп,жылқы жасына ауысады.Қашан да болма-сын,жиырма бес жас- белдің бекіп, бұғанасы қатайып,өсіп жетілген,тебіннің күшейген кемел шағы. Ат құлағы көрінбейтін боранда,түкірігі жерге түспейтін қаңтардың сары шұнақ аязында. тұмсығына оқтаудай мұз қатқан, кірпігіне ақсүңгі қырау тұрған атпен жүріп үйір-үйір жылқыға ие болу,күртік қарды белуардан ойып тігілген қоста жатып, жылқы отарлату,ұтылап тосатын,ұлып артыңнан қалмайтын қалың қасқырға шалдыр-май,екі күннің бірінде тебініп келетін сақадай сай жауға алдырмай жылқы бағатын, жиырма бес пен қырық жас арасындағы жігіттер ғана. Жылқы жасындағы қазақ,ата кәсіптің ең маңдайлысы-жылқышы мамандығына қол жеткізуі тиіс.Бірер дарындылары, осы жаста атбегілік өнерін игерген.Қырық пен алпыс арасын патша жасы деудің өзіндік мәні бар.Қырықты қазақтар әспеттеп, қынынан суырылған қылышқа теңейді. Себебі, осы жастағы өнер иелері өрге жүзіп баршаға танымал болады, таланттылар атағы әйгіленіп, халық алдында көзге түседі, шешендері билік жасап, бағалана бастайды, көсемдері көзге түсіп,хан, сұлтан,болыс болып,ел басқарады.Алпыстан асқан соң пайғамбар жасы басталады.Бұл шығыс мұсылмандарына ортақ жас.Осы жастағы қазақтардың, шынды-ғында, құлшылық жасау іс-әрекеті кемелденіп,нағыз мұсылмандық жолында қалтқысыз еңбек етеді.Аллаһ Таһалаға жақындау ниеті шын пейілмен,адал көңілмен жүріледі. Ал,жетпіс пен сексен арасы–қазына жасы.Қазақтар бұл жасты әр қырынан қарап, тым құлпыртып айтатыны да бар.Мысалы, ақылгөй, данагөй,ақылман,білгір ғұлама жас. АлБауыржан атамы: «жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты ақсақал деп, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған.» Тоқсаннан асқандарын, қазақтар, «бала жасындағылар»,«маймыл жасын-дағылар» деп теңей айтады. Бұл теңеудің де орны бар.Ол жастағылардан баланың да,маймылдың да мінезін,қимыл- әрекетін аңғаруға боладыКей өлкеде–абыз жас дейді. Қазақта мүшел жас ерекше жиі қолданады және оны есептеу үшін жыл қайыру амалы енгізілген.Көптеген халық жылды мүшелмен есептейді.Он екі жыл уақыт мүшел деп аталады.Мүшелдегі жылдар он екі түрлі жануардың атымен аталадыБұлардың алтауы-үй жануары, алтауы түз тағысы.Осы кезде,кәзіргі жыл санау мен ескі жыл айыруды кестелеп пайдалану жиі қолданылуда. Мүшелдегі жылдардың ретін еске сақтаудың оңай әдісі бар.Ол үшін мына бір шумақ тақпақты жаттау керек. Түйе сеніп бойына,
Қалған ұмыт жылдардан,
Жатпа қарап,мойыма,
Тайма именіп ділмәрдан./С.Мұқанов/
Осы шумақтағы әрбір сөз жыл санауда қолданылып жүрген жануарлар атының алғашқы әрпінен басталады.Түйе-тышқан, сеніп-сиыр,бойына-барыс, қалған-қоян, ұмыт-ұлу, жылдардан-жылан, жатпа-жылқы,қарап-қой, мойыма–мешін, тайма-тауық, именіп-ит,ділмардан-доңыз. Бірінші мүшел-13 жас(балалық шақ, азамат қалыптасудың ірге тасы қаланады Қазақ атамыз,сәбилік , балалық шақтан соң жастық шақты атайды.Ол-онбестен жиырма бес жасқа дейін Екінші мүшел-25 жас.(Ұлтжандылықтың ұшқыны қоздайды.) Бозбалалықтан өтіп, (бойжеткен,қалыңдық атанудан өтіп жар болған жас) жігіттік жетілу,азаматтық нығаю, адамгершілік толысу жасы.Қазақтың бәрінің шаттықпен еске алатын қайрат-күштің,талап жігердің алаулау жасы. Есею шақ жиырма бестен отыз үш жасқа дейін. Кемелдену шақ-отыз үш жастан,жетпіс төрт жасқа дейін. Үшінші мүшел-37жас. Алды-артына көз тастап,ой жүгіртетін,ақыл тоқтатқан, азамат атанған, «орда бұзуға да»- қайрат-күші жеткілікті,нағыз жас қазақ. Төртінші мүшел-49 жас. Елағасы болуға жараған,өнердің асқарына шыққан, орта жастағы толысқан қазақ .Бесінші мүшел-61 жас. Дәулет ырысы молайған,адамдық барлық қасиет толық қалыптасқан,ақыл-ойы кемелденген, «алпысқа келгеннен ақыл сұра» деуге тұрарлық асыл қазына жасы.Алда пайғампар жасы тұр. Дән-дәулет,ырыс-береке,мал-мүлкі молайған,тамыры тереңге кетіп, бұтағы төрт құбылаға тең тараған ата қазақ.Алтыншы мүшел-73 жас.Үрім бұтағының келешегіне үнемі көңіл бөліп, қайғы уайым ойлайтын,күш қуатына шек келтіре бастаған, қарттық жасы таянған,ақсақал қазақ Жетінші мүшел-85 жас. Қарттық жас. Қазақ дұрыс қартая білген.Бұл жаста қазақ ақ өңді киімдерді тұтынатын,қол-аяғын,үсті –басын мұнтазадай таза ұстайтын, бала-шағасы жас баладай мәпелеп, асырап-сақтап, күтіп-бағатын ақуыз балапан жасҚосағымен қоса қартайған нағыз бақыттылар жасы.Өткен шақта, қазақтардың орта жасы осы 75 жас сияқты.Себебі, қазақ азаматы үш ат қартайтуы тиіс екен,Нағыз сайгүлік 25 жасайды десек он жасынан ат мінген қазақ осы жетпіс беске келуге тиіс.Қазақтар арасында, ат қана емес, ер азаматқа әйел қартайтуы тиіс деген ұғым бар.Осыны еске алып есептесең де 75 қазақтың орта жасы болған. Кәрілік жетпіс төрт жастан басталады. Қарттар-тарих, қазына,ел қазығы.«Есік алды төбе болса,ерттеп қойған атпен тең. Ақылды қартың болса, жазып қойған хатпен тең»,«Ақылды қария-ағып жатқан дария», «Қариясы бар үй-құты бар үй» екені ақиқат. Аталарымыз:«Жас кезімде бейнет бер,қартайғанда дәулет бер» деп тілей. жүріп,қарттық келмей қоймайтын табиғи құбылыс екендігін түсінген.Асыл қарттарымыз-ұлы байтерек болса, біз соның бүршігіміз Қыңырды жөнге,қисықты тезге салған,осы қарттардың жолымен талай ұрпақ тәрбие алып ,өнер-білімнің жолын тауып,шыңдалып жетілді,тасты тесіп өскен шынардай заңғар да,айбынды қазақтар- бабалар сынығы, асылдар тұяғы
Халық өз ұрпағына қайрымдылықты ес біле бастағаннан үйретіп,тиісті талап қою,дағдыландыру арқылы, оның тұрмыстық салтына, адамгершілік дәстүріне енгізе білген.Адам өміріндегі ең ізгі істердің бірі-қарттарға қамқорлық көрсету болмақ.. Отбасындағы үлкеннің кішіге көрсеткен қамқорлығы, кішінің үлкенге көрсеткен ізеті,бір-бірімен үйлесіп, баланың ата-анаға, әке-шешеге,өз кезегінде,оның бала-шағасына мейір-шапағаты ұласып,ер азаматтың еліне қызмет ету қайрымдылығының қайнар көзіне айналады.Абыз ақсақалды, шежіре кеуделі анасы бар шаңыраққа бас сұқсаң,ашулы кітап, шашулы қазынаға тап боласың. Мұндай отбасылар саны азайғанмен,Аллаһқа тәубә, жұрнағы үзіле қоймаған,жалғасы жапырақ жайып келеді.
Ал,100-120 жасқа келген қазақтар бұрын да болған,кәзір де бар. Сегізінші, тоғызыншы,оныншы мүшелер 97,109,121 жасқа сәйкес келеді.Олар адамның ұрпақ сүю,немере шөбересінің қызығын көру,бақытқа кенелу жас,абыз жас.Абыз жасына жет-кен кез-келген қазақ –адамтанушы.Ол жасты келешекте кім болатынын жазбай танып, батасын бере алатын болған Қазақ танымында әр жылдың құт берекесі,игілік несібесі бар.
Тышқан жылы-тірлікті жыл.Құштарлықты-бірлікті біл.
Сиыр жылы-еңбекті жыл.Сыйлы жыл боп еңбек бұл жыл.
Барыс жылы сәтті құтты.Баян етер сәттілікті .
Қоян жылы құт қонады.Кейде малға жұт болады.
Ұлу жылы әрекетті.Ұлғайтады берекетті.
Жылан жылы құрғақ болар,жылға дымы құрғап қалар.
Жылқы жылы-мархаббатты.Жырғап өтер әр талапты.
Қой жылы мол өнім болар,қораларың төлге толар .
Мешін жылы бақ жарасым.Мереймен іс атқарасың.
Тауық жылы –арманды жыл.Тауып істі шаруаңды біл.
Ит жылы тым мазасыздау.игермесең азасың-ау!
Доңыз жылы-байсалдылық,Дос табады жайсаң құлық..
Аталарымыз жыл қайыруды ауызша өте жылдам жүргізетін. Олар жасын сұрағанға: жылы не екенін ғана айтатын. Басқаның туған жылын анықтағанда қай жылғы екенін білсе жеткілікті болатын,қалғанын өзі есептеп алатын. (жалғасы бар)


Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым-жазушы)
08.тамыз 2017 Тәрбие.орг сайтынан Шаңырақ иесі дайын ба? Баяндамалар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Қоблабай Қабдыразақұлы

Қарағанды облысы.Теміртау қаласы №8 мектеп Шет тілдерінің мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar