«Төлеген! Қайталанбас дара тұлға!» (Ақиық ақын Т.Айбергеновтың мерейтойына арналған әдеби кештің жобасы).

  • Жүктеулер: 2
  • Көрсетілім: 108
  • Авторлық бағдарлама
  • 01/Ноя/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23269


«Төлеген! Қайталанбас дара тұлға!»
(Ақиық ақын Т.Айбергеновтың мерейтойына арналған әдеби кештің жобасы).
Мақсаты: Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ірі тұлғалардың бірі Төлеген Айбергеновтың өмір жолы мен асыл мұраларын оқырман қауымға таныстыру.Осы арқылы жас ұрпақты өз Отанын сүюге тәрбиелеу, туған елге деген сүйіспеншілігін арттыру,патриоттық тәрбие негіздерін қалыптастыру.
Көрнекілігі: Залда Төлеген Айбергеновтың портреті қойылады, слайдтар,кітап көрмесі, ақын туралы қанатты сөздер, музыкалық орталық,түрлі-түсті шарлармен, гүлдермен безендіріледі.Ең алдымен кешті ұйымдастырушы оқытушы ортаға шығып Т.Айбергеновтің «Бір тойым бар өлеңін жатқа оқып,әдеби кештің мақсатын түсіндіреді де,кезекті жүргізушілерге ұсынады.
I Жүргізуші: «Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр кешкен» ақиық ақын Т.Айбергеновтің туғанына 80 жыл толып отыр.
«Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала.
Бірақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты,
Толғандырған Махамбет пен Сен ғана»-деп ақын ағамыз М.Шаханов айтқандай қамшы сабындай қысқа ғұмырында талайларды тандандырып өткені айнымас шындық. Небары отыз-ақ жыл өмір сүрсе де, поэзия көгіне өз жырларын,қолтаңбасын мәңгі өшпестей қалдырып кеткен.
ІІ Жүргізуші: Қазақ поэзиясына өзіндік жаңа ырғақ,тегеурінді екпін әкелген ақын Төлеген Айбергенов атамыздың 80 жылдығына арналған « Төлеген! Қайталанбас дара тұлға!» атты әдеби кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!
І Жүргізуші: Төлеген! Қайталанбас дара тұлға,
Жетсем деп, талай қыран қанат ұрған.
Кеудеңнен «Бір тойым бар» кернеп шығып,
От шашып жүректерге таратылған.
ІI Жүргізуші: Таратылған, нұр болып жаратылған.
Шыққан дерсің қақ жарып қара қылдан.
Жыр-оғың асауларды жалп еткізер,
Автоматтың оғындай боратылған.
I Жүргізуші: Ақынның туған жері сонау Қарақалпақ елінің Қоңырат ауданы.Бұл аудан Өзбекстанның батыс жағында,қазақ елінің Маңқыстау,Ақтөбе облыстарымен шектесіп жатқан,өте үлкен аудандардың бірі. Бұл туралы ақыннның өзі былай деген:
Жайғасып жеріңе отыз Люксембург,
Екі жарым Бельгия сыйып кеткен.
ІI Жүргізуші: Міне,осындай өлкеде дүниеге келген Төлегенді жас кезінен анасы Жібек әже өлең-жырларға баулып өсірген .Болашақ ақынның алғашқы туындылары мектеп қабырға газеталарында,аудандық газеталарда жарық көріп,оқырман қауымнан жақсы бағаларын алған.
І Жүргізуші: Жарайды,ары қарай кезекті тағы да ұстазымызға берсек.
ІІ Жүргізуші:Төлеген Айбергеновтың өмірі мен шығармашылығы жайлы айтып беру үшін сөз колледжіміздің қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушысы ....... беріледі.
І Жүргізуші: Ала таудың көк тасын домалаттың
Менмін деген ақынды тобалаттың.
Өлең деген тұлпардың тас табанын,
Ұлы жолдан тайма деп тағалаттың.
ІІ Жүргізуші: Жүрегіне жан беріп жамағаттың,
Табындырдың көкесін қанағаттың.
Өлең жырын қазақтың көкке өрлеткен,
Иегері Төлеген дара бақтың.
І Жүргізуші: Төлеген ақынның поэзиясындағы шоқтығы биік тұратын шығармаларының бірі «Қазақстан» дастаны.
ІІ Жүргізуші: Ақынның бұл туындысы көптеген жинақтарында «Менің республикам» деген атпен басылып жүр.
І Жүргізуші: Шығармада ақын бүкіл Қазақ елін біздің көз алдымызға жайып салады.
ІІ Жүргізуші: Олай болса,кезекті осы жырға берейік.....-топ студенттерінің орындауында
«Менің республикам».
І Жүргізуші: Жақындығын жаныңның аса маған,
Қайдан білсін жағаңда жасамаған.
Бұрымдарын тарқатқан ақ қайыңнан,
Жайық, Жайық айнасы босамаған!

ІІ Жүргізуші: Дөңбекшиді өрт болып жүзің маған,
Жүрегімде жүр әлі сызылған ән.
Көкірегімнің қақ төрін жарып аққан,
Жайық, Жайық қаймағы бұзылмаған.
І Жүргізуші: 1965 жылы желтоқсан айында белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергенов екеуі шығармашылық сапарға шығып, Атырау, Маңқыстау облыстарын аралап,оқырмандармен кездеседі. Төлеген «Құмдағы мұнаралар» жинағына енген жырларының басым көпшілігін осы сапарында шығарған. Әйгілі «Ақ ерке,Ақ Жайық» әні де осы кезде дүниеге келген.
ІІ Жүргізуші: Бұл әннің шығу тарихы жөнінде белгілі жазушы-драма¬тург Берік Қорқытов өз естелігінде былай жазған: «Көңілді өткен жыр-ән кешінен соң, атыраулық жас қаламгерлер Алма¬тыдан ат арытып келген қос талант¬ты Жайық бойымен серуендетеді. Толқындары ай сәулесімен ойнаған түнгі Жайықтың керілген көркем келбеті ақынның да, композитордың да шабытын оятқандай. Кенет, жанындағы дабырлай сөйлегендерге Шәмші қолын көтеріп «тоқта» деген¬дей белгі береді. Ешкім ештеңе түсінбей үнсіз қалады. Жүзінде қан ойнап, ойлы көздері ұшқын атқан Шәмші құлағын Жайыққа тосып, «Естідіңдер ме, Жайық ән салып жатыр» дейді. Композитордың бұл қылығына түсінбегендер күлерін не күлмесін білмей тұрып қалады: Жайық та ән сала ма екен?! Со-дан шабыттың шаңқан бозына мінген Шәмші әннің музыкасын, Төлеген әннің сөзін бір түн ішінде, сол кездегі « Атырау» газетінің қызметкері, белгілі ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтың үйінде жазып, атақты « Ақ ерке, Ақ Жайық» Жайық жағасында өмірге келеді».
І Жүргізуші: Енді осы Жайық жағасында дүниеге келген «Ақ ерке, Ақ Жайық» әнін сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.
ІІ Жүргізуші:Шәмші Қалдаяқовтың әні «Ақ ерке, Ақ Жайық»,сөзін жазған Т.Айбергенов.

І Жүргізуші: Бірімізді біріміз қуат көріп,
Бірімізден біріміз шуақ көріп,
Бірімізге біріміз пана болып,
Мен іні боп,сен қимас аға болып,
Дарқан көңілің шалқитын дала болып,
Кәусарынан достықтың қанып ішіп,
Бір тілектің бойынан табылысып,
Сәл көрмесек сабылып,сағынысып,
Жолығуға асықтық алып-ұшып.
ІІ Жүргізуші: Тамаша,........Бұл жыр Т.Айбергеновтікі ме?
І Жүргізуші: Жоқ,......Сен білесің бе? Т.Айбергенов әрқашан талантты жастарды қолдап, көмектесіп,бауырмалдық жасап жүреді екен.Міне,осындай қамқорлық жасап қолдау көрсеткен інісі М.Шахановтың жыры бұл.
ІІ Жүргізуші: Ал,Төлеген ағамыз інісіне «Сағыныш» жырын арнаған. Келесі тыңдайтындарыңыз, Төлеген ағамыздың М.Шахановқа арнаған «Сағыныш» атты жыры және М.Шахановтың жауап хаты.
І Жүргізуші:102-топ студеттері........... сонымен қатар «Сағыныш» жырының орыс тіліндегі аудармасын .....топ студенті ..... оқып береді.
ІІ Жүргізуші: Қазағымның екеуінің бірі ақын,
Бұл Төлеген ел ішінде тірі ақын.
Мұқағали, Мұқтарменен бір жүрген,
Айбергенов бәрінен де ірі ақын.
І Жүргізуші: Ақын еді Айбергенов Төлеген,
Қазақ елін жыр бесікке бөлеген.
Бесқалада туса дағы қазақ боп,
Жазып кеткен отты өлеңдер не деген!
ІІ Жүргізуші: Біз жоғарыда қазақ тілі ағайдың сөзінен Төлеген ақынның сонау, ел арасында Бесқала атанып кеткен Қарақалпақ жерінде дүниеге келгендігін біліп алған едік.Сондықтан да ақын бірсыпыра жырын Қарақалпақ жеріне арнаған.
І Жүргізуші: Ендеше,кезекті Қарақалпақ жырларына берейік.
ІІ Жүргізуші:.....-топ студенттері ..........
І Жүргізуші: Әрине, біз Т.Айбергеновты мықты ақын ретінде білеміз.Бірақ ол біраз прозалық шығармалар да жазған. Әсіресе оның «Күй атасы» атанған Құрманғазы Сағырбайұлы туралы жазған, кішігірім хикаяттың жүгін көтеретіндей көлемді прозалық шығармасы ерекше орын алады.
ІІ Жүргізуші: Шығармада ол атақты күйші Құрманғазының бар өмірін оқырман қауымға толығымен жайып салған десек қателеспеген болар едік. Шығарманы оқып отырсақ, күй атасының өткен өмірі біздің көз алдымыздан кинолентадай болып, тізбектеліп өтеді.
І Жүргізуші: Ол кез келген күйдің шығарылу тарихын асқан шеберлікпен баяндап, кәнігі өнертанушылардай талдау жасайды. Мұның өзі Төлегеннің тек-қана дарынды ақын ғана емес, өнерді де шын сүйетін жан-жақты азамат екендігін аңғарта түседі.
ІІ Жүргізуші: Енді оның күй атасының бүкіл қазақ арасына кең тараған әйгілі «Адай» күйі туралы айтқандарына тоқтала кетсек. «Адайда ат шабыстың программалы бейнелеу ырғағы бар. Күйдің басталуында Түркменнің қарабайыр аттарындай жүзіктің көзінен өтетін ақ сүңгі жүйріктің «шу» дегенде аққан жұлдыздай зымырап ала жөнелісі бар. Күйге тақырып болып тұрған осы бір қос дауыстылы, төрт әріпті сөздің кіші жүз ішіндегі жауынгер ру аты екендігін білеміз. Күйдегі көз ілеспес шапшаңдықпен зымырай ағу, кескілескен айқас, ашулы жігермен сілтелген қылыш, ұлы дүрбелең осыған меңзейді. Күйді программалы ат шабыс ырғағында беру терең идеялы, ішкі мазмұнның сырттай көрінісі ғана. Жалғыз домбыраның мүмкіндігінде бұдан алыс самғайтын күйшінің құрал-сайманы да болған жоқ. Еркіндік күресінің елді елеуреткен ен күшін дүрілдеген ат шабыс ырғағында бір рудың аты арқылы заманның сазына сай келеді. Жеке жан толқуынан асып кетуі «Адайдың» үлкен планда қоғамдық ой-пікірге бағышталғанын дәлелдейтін сияқты».
І Жүргізуші: Олай болса кезекті «Адай» күйіне берейік....-топ студенті ...... орындайды.
ІІ Жүргізуші: Ойы-өзен, арманы-шың, қиялы-құм,
Әлемге сан ұшқынын құяды күн.
Төлеген-шашыраған бір ұшқыны,
Тұлпардың тасқа тиген тұяғының.
І Жүргізуші: Сыңсыған сағыныштың пернелерін,
Тап басқан күйші-ғұмыр,зергер-ерім.
Қайтадан тәңір мені жаратса егер,
Төлеген сағынышын бер дер едім...
ІІ Жүргізуші: Әрине кез келген ақынға өлең арнала бермейді. Арналса да ол әдеби құбылысқа айнала бермеуі мүмкін. Қазақ әдебиетінде Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали сияқты ақындарға арналған өлеңдер ұшан-теңіз.
І Жүргізуші: Өйткені, олар- әдеби қауымның жалпы халықтың құрметіне бөленген ақындар. Осылардың қатарына Т.Айбергеновтың қосылуы- заңды құбылыс. Оны дәлелдеп жатудың өзі қажетсіз. Одан да кезекті Төлегенге арналған жырларға берейік.
ІІ Жүргізуші: ......-топ студенттері .
І Жүргізуші: Домбыра қандай әсем,сенің сазың,
Сені тартып бір уақыт демаламын.
Болсаң да кейде керек мұңды адамға,
Көбінесе құралы сұлу саздың.
ІІ Жүргізуші: Ендеше, күй тыңдап бір серпіліп алайық.
І Жүргізуші: Аты аңызға айналған сазгер Н.Тілендиевтің күйі «Әлқисса».
ІІ Жүргізуші: Орындайтын: ..- топ студенті ...............
ІІ Жүргізуші: Сәлделі Алатаумен сәлемдесіп,
Өттің сен өн-бойыңнан өлең көшіп.
Төгілте жыр оқысаң қарады жұрт,
«Төлеген, Төлеген!»-деп елеңдесіп.
І Жүргізуші: Дәл солай тәтті арманын іздеді кім?
Сұм тағдыр сол ақынның үзді өмірін.
Жырыңды оқимыз да табынамыз,
«Төлеген, Төлеген!»-деп біз де бүгін.
ІІ Жүргізуші: Тағы да Төлеген жырларына кезек берейік.
І Жүргізуші: ......-топ студенттері .........

ІІ Жүргізуші: Көзден ұшты-ау тіршіліктің оттары,
Жол тауысып, күнге ұқсап батпадым.
Ажал мені сұлулықпен тұншықтыр,
Сұлулық қой менің қимай жатқаным.
І Жүргізуші: .............. Қатал тағдыр, ақ арманға қойдың өрт,
Бір ажалға беріспей тұр бір шыдам.
Шөлдедім ғой, сусын болшы соңғы рет,
Айлы түнгі сынап сәуле сусыған.
ІІ Жүргізуші: ............. Әсем жырды кімдер тыңдап сүймейді,
Шын ақынға кімдер басын имейді.
Кәне достар тынышталып қараңдар,
Сіздерге арнап Айбергенов сөйлейді.
(Экраннан Төлеген өмірінің әр кезеңін суреттейтін суреттер көрсетіліп,сахна сыртында өлең оқылады.)
І Жүргізуші: Қымбатты достар, сіздердің тыңдағаныңыз Төлеген ағамыздың жерлесі, белгілі ақын Мұсағали Бижановтың «Төлеген Айбергеновтың монологы» өлеңі.
ІІ Жүргізуші: Өлеңді оқыған ......-топ студенті .......
Тағы да әсем әнге кезек берсек.......топ студенті........Ән «Марфуға»
І Жүргізуші:Сөзі Т.Айбергеновтікі,әнін жазған Ж.Естілеуов.
ІІ Жүргізуші:Құрметті ұстаздар мен студент жастар!Әдеби кешіміздің аяқталар кезі де келіп қалды.
І Жүргізуші: Қымбатты достар,қадірлі қонақтар,ұстаздар мен студент жастар!
Кешіміздің соңында біз Төлеген поэзиясында ерекше орын алатын «Бір тойым бар» жырын сіздердің назарыңызға ұсынамыз.
ІІ Жүргізуші: Өлеңді орыс тілінде оқитын ...-топ студенті ......
І Жүргізуші: Демеңдер бізді өнерін аяп қалды,
Уақыт та біраз жерге таяп қалды.
Келесі кездескенше сау тұрыңдар,
Осымен мерекеміз аяқталды.
(Әдеби кеш бағдарламасында Т.Айбергеновтың және қазақ ақындарының Төлегенге арнаған өлең-жырлары пайдаланылды). Тәрбие.орг сайтынан «Төлеген! Қайталанбас дара тұлға!» (Ақиық ақын Т.Айбергеновтың мерейтойына арналған әдеби кештің жобасы). Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Сейтжанов Ерполат Олжабаевич

Алматы облысы,Талғар қаласы. «Талғар медицина колледжі» мекемесі Қазақ тілі және әдебиеті оқытушысы.

Пікірлер: 0

avatar